АТА-АНАЛАРДЫ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҚТАРЫ ҚҰРЫЛДЫ

Биыл 1 қыркүйектен бастап барлық білім беру ұйымдарында ата-аналарға педагогикалық қолдау көрсету орталықтары жұмыс істей бастады. Олардың ең бірінші басымдығы – балаларды оқыту мен тәрбиелеуде отбасы мен мектептің өзара қызметін күшейту, бала тәрбиесінде оң мәдениетті дамыту.

Осы орайда, Шымкент қаласында 265 білім беру мекемесінде ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары құрылды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық коммуникациялық орталығы алаңында Білім басқармасының басшысы Шәмшиева Нұргүл Ақылбекқызы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ҚР Оқу ағарту министрлігі бекіткен «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында Шымкент қаласында атқарылған жұмыстар туралы баспасөз конференциясында баяндады. Өз сөзінде «Ұлттық, адами құндылықтарға негізделген бағдарлама аясында 7 жоба жүзеге асырылуда. Тәрбие бағытындағы «Ұрпаққа аманат», «Ұлттық мектеп лигасы», «Төрт тоқсан – төрт өнер», «Тоғыз ай, тоғыз іс-шара», «Жеткіншектің жеті жарғысы», «Еңбегі адал жас өркен», «Оқуға құштар мектеп» атты жобалар өз нәтижелерін беруде» деді спикер.
Басқармаға қарасты білім беру мекемелерінде 159 спорт зал, 154 спорттық алаң оның ішіндегі 105 қазіргі заманауи алаңшаларында бір күнде 11550 оқушы спортпен айналысуда. Дене шынықтыру пәнінің 1600-ден астам мұғалімінің жұмылдырылуымен қосымша үйірме жұмыс есебінде волейбол, баскетбол, футбол, баскетбол, гандбол, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ, таеквандо, каратэ-до, қазақша күрес, асық ату, бес асық, футзал, жеңіл атлетика гимнастика және өзге де спорт түрлері бойынша үйірме жұмыстары жүргізіледі.
Бағдарлама аясында ұлттық мұраны қастерлеуге, қазақ тілін, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, татулық, келісім, ынтымақ, отаншылдық пен мемлекетшілдікке, табиғи мұраға ұқыптылықпен қарауға тәрбиелеуге аса мән берілген. Бала тәрбиесіндегі отбасы институты рөлін нығайту мақсатында білім беру ұйымдарында «Ата-аналар мектебі», «Әкелер мектебі», «Аналар мектебі», «Әжелер мектебі» жобалары іске асырылуда. Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты 265 білім беру мекемесінде ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары құрылды. Білім беру ұйымдарында отбасы құндылықтарын насихаттау, ата-ана мен бала және мектеп пен ата-ана арасындағы қарым-қатынасты нығайту мақсатында ата-аналармен бірлескен 2869 іс-шара өткізілді.
«Жеткіншектің жеті жарғысы» жобасы аясында құқықтық мәдениетті қалыптастыру қолға алынған. Атап айтқанда, «Жеке қауіпсіздік», «Буллингке қарсы тұру мәдениеті» іс-шаралары атқарылуда. Білім беру ұйымдарындағы педагог-психологтардың 85 пайызы кәмелетке толмағандар арасындағы зорлық-зомбылықтың, оның ішінде жәбірлеудің және суицидтің алдын алу бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Жалпы «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында білім беру мекемелеріндегі 210 301 оқушы шығармашылық, спорттық үйірмелермен, қамтылуда.