АУРУМЕН КҮРЕСУДІҢ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМЫ — ИММУНДАУ

Соңғы уақытта елімізде қызылша ауруы кең таралып, әлеуметті біраз әбігерге салды. Вирустық инфекцияның өршуіне орай, ақ халаттылар дабыл қағып, вакцина салдыру керегін айтып жатыр. Міне, сондықтан да еліміздің барлық өңірінде вирусқа қарсы қосымша иммундау жұмыстары қолға алынды. Қазіргі уақытта Шымкент қаласындағы медициналық және мектепке дейінгі ұйымдарда қызылшаға қарсы екпе жұмыстары жүріп жатыр.

Тез жұғатын жұқпалы ауру бала ағзасына кері әсер етеді. Бұл туралы Шымкент қаласының СЭБД басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова былай дейді «Қалада қызылша инфекциясының таралуына байланысты эпидемиологиялық ахуал қолайсыз болып тұр. Жыл басынан бері қызылшаның алғашқы диагнозы бойынша 6465 жағдай тіркеліп, оның ішінде 3021 адамның диагнозы зертханалық талдаулар негізінде расталды. Жұқпалы дертке шалдыққандардың 80-85 пайызы — 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер. Оның басым көпшілігін 6 жасқа дейінгі балалар құрады. Қызылша – адамдарға тез жұғатын жұқпалы аурудың бірі. Ертеректе вакциналар қолжетімді болғанға дейін қызылшаның таралуын тежеу мүмкін болмаған. Керісінше, бұрын ауырмаған адамдарға да жұғып, салдарынан науқастардың көпшілігі соқырлық, ларингит (көмейдің қабынуы), круп (көмейдің стенозы), отит (құлақтың қабынуы), кереңдік, пневмония (өкпенің қабынуы), қызылша энцефалиті (мидың қабынуы) сияқты және өзге де ауыр асқынуларға душар болған. Сондықтан қызылшаға қарсы екпе осындай асқынулдардың алдын алып, вирустық кезеңді жеңіл өткізуге мүмкіндік береді».
Инфекция таралуының алдын алудың бірден-бір жолы – қызылшаға қарсы иммундау. Сондықтан да медицина мамандары жаппай вакцина алудың маңыздылығын айтып, ата-аналарды балаларына екпе салдыруға шақырып отыр. Екпе үшін қаладағы медициналық және мектепке дейінгі ұйымдарда 187 егу бекеті ұйымдастырылған. Қаладағы мемлекеттік емханалардағы егу бекеттері күнделікті таңғы сағат 08:00-ден мен 20:00 аралығында үзіліссіз және демалыссыз жұмыс істейді.
Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Инна Глазебнаяның айтуынша, қосымша иммундау жұмысын жүргізу мақсатында Шымкентке 34 050 доза вакцина әкелінді. Жыл басынан бері жұқпалы дертке шалдыққандардың 2565-і балалар екені анықталып отыр. Қазіргі таңда диагнозы анықталмаған 1147 пациенттің талдау нәтижелері нақтылануда. Қызылшаға қарсы иммундау мен ревакцинация 2-5 жас аралығында балаларға және медицина саласының қызметкерлеріне жүргізіледі. Сонымен қатар профилактикалық егуді өткізіп алған 18 жастағы жасөспірімдер өзі тіркелген жергілікті емханаларға жүгініп, екпе ала алады. Ал 6 айдан 11 айға дейінгі бөбектер қызылшаға қарсы жоспарлы екпені салдыруы қажет.
Үшінші мегаполисте аталған аурудың таралуының алдын алу бойынша іс-шаралар жоспары түзіліп, арнайы штаб та құрылған. Күні бүгінге дейін бұл штабтың 9 отырысы өтті. Қалыптасқан ахуалға орай, қаладағы жұқпалы аурулар ауруханасының төсек қоры 120-дан 260 төсекке дейін ұлғайтылып отыр. Қажет болған жағдайда, гипербариялық оттегімен қанықтыру орталығының базасында карантиндік емес инфекциялармен ауыратын науқастарды қабылдау үшін 60 төсек қосу мәселесі қосымша пысықталған. Айрықша айта кетерлігі, қызылша анықталған науқастардың арасында балалардың 88,8 пайызы екпе алмағаны анықталып отыр. Оның 43 пайызы вакцинациядан бас тартса, 10,2 пайызы медициналық шегерімге байланысты алмаған. Ал 14,9 пайызы – жоспарлы екпе алу жасына жетпегендер. Осы орайда, газетіміздің оқырмандарына саулықтың сақтықта екенін еске саламыз. Дансаулыққа бей-жай қарауға болмайтынын ұмытпаған абзал.