144 ОТБАСЫ ҚУАНЫШҚА БӨЛЕНДІ

Бүгінде әлеумет арасындағы ең өзекті мәселенің бірі – баспанамен қамту. Жасыратыны жоқ, пәтер жалдау ақысының қымбаттығы басында баспанасы жоқ бұқараның қалтасына ауқымды салмақ салып келеді. Десе де мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар жоқ емес. Мәселен, жуырда Шымкент қаласында мемлекеттік бағдарлама аясында тұрғын үй кезегіндегі 144 отбасы арендалық баспанамен қамтылды.

Оның ішінде 56 пәтер көпбалалы отбасыларға, 41 пәтер халықтың әлеуметтік әлсіз топтағы азаматтарға, 47 пәтер жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға табысталып, бүгінде келісімшарт жасау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңа баспаналар Тұран шағынауданында орналасқан.
Айта кетейік, жыл басынан бері қалада мемлекеттік бағдарлама аясында 324 пәтер арендалық бағытта кезегі келген әртүрлі санаттағы азаматтарға берілген болатын. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін жұмыс істейтін жастарға арналған «Жастар» бағдарламасы бойынша 888 азаматқа пәтер кілтін табыстау жоспарланып отыр.

Н.НАМАЗ.