ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІК МӘДЕНИЕТІН АРТТЫРУ ШАРАЛАРЫ ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР

Жылу беру кезеңінде тұрғын үй секторында өрт профилактикасын жүргізу бойынша іс-шаралар жоспары бекітіліп, мүдделі органдармен тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен баспасөз конференциясында Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Еркін Отарғалымұлы айтты.

Нақтырағы «Қала әкімімен «2023-2024 жылдардағы жылу беру кезеңінде тұрғын үй секторында өрт профилактикасын жүргізу» іс-шаралар жоспары бекітіліп, жоспарға сәйкес мүдделі органдармен тиісті жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда, жоспарда көрсетілген 25 тармақтың 5-еуі толықтай орындалып, 20-сы бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Өрт оқиғасы ретінде тіркелген 180 өрттің басым бөлігі электр сымдарының қысқа тұйықталуынан, отты абайсыз қолдану салдарынан және қасақана өрт қою нәтижесінде орын алған. Оқиға салдарынан адамдардың қайтыс болуы мен жарақаттануларының негізгі себептері – адамдардың өрт қауіпсіздігі ережелерін жиі елемеуінен, жылыту пештері мен газ қондырғыларының саңылауларынан газ шығып кетуінен, түтін құбырларын тазаламауынан туындап отыр» деді Еркін Отарғалымұлы.
Жыл басынан бері төтенше жағдайлар Депаратменті бөлімшелері дабыл бойынша 2 656 рет шақыруға шығып, нәтижесінде 290 адам құтқарылса, оның ішінде 155 бала бар. Қауіпсіз жерге эвакуацияланған адамдар саны 32 болса, оның 3-еуі — бала. Сонымен қатар өрт ошағынан жалпы құны 1 млрд 898 млн 130 мың теңгеден асатын материалдық құндылықтар құтқарылған. Жалпы жылу маусымындағы ең өзекті мәселенің бірі – қауіпсіздік. Бүгінде төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті үгіт-насихат материалдарын таратумен қатар, нұсқаулар беру бойынша жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Шымкент қаласы әкімдігінде Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырысы өткізіліп, мүдделі мекемелерге тапсырмалар берілген.
Қауіпсіздік мәдениетін арттыру үшін департамент мамандары қыркүйек-қараша айларының аралығында жалпы 39560 адамды қамтыған 8053 үй аралап, 2850 адамды қамтыған 73 жиын ұйымдастырылды. Білім беру мекемелерінде 2385 оқушы қамтылған 63 интерактивті сабақ өткізілді. 112 номері арқылы қала тұрғындарының ұялы телефондарына улы газдан уланудың алдын алу тақырыбында ескерту хабарламалары 18 рет жолданды. 24 цифрлық телеарнада тәулігіне екі рет тақ күндері улы газбен уланудың алдын алу бойынша аудио-роликтер арналарға шығарылды. Бұқаралық ақпарат құралдарында 292 үгіт-насихат жұмыстары жарияланды.
Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметіне сәйкес, 2005 әлеуметтік жағдайы төмен отбасы есепке алынды. Бүгінгі күні профилактикалық іс-шаралар барысында 8374 адамнан тұратын барлық әлеуметтік осал отбасылар түсіндіру жұмыстарымен толық қамтылды. Улы газдан уланудың алдын алу мақсатында аталған азаматтардың үйлеріне 80 газдабылқаққыштар орнатылды. Департамент тарапынан жылыту маусымының өту кезеңінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және улы газдың алдын алу жүйесін жетілдіруге, халықты және экономика объектілерін өртке қарсы қорғау деңгейін арттыруға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыру жұмыстары алдағы уақытта өз жалғасын таппақ.