ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ШАРАЛАРЫ ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСЫП ЖАТЫР?
Әлеуметтің әлеуетін көтеру бағытында елімізде қолға алынып жатқан шаралар қыруар. Бүгінде кәсіп ашып, нәсібін көрем деушілерге арналған мемлекеттік бағдарламалар жеткілікті. Жастарды жұмыспен қамту мақсатында да бірқатар игі бастамалар көтеріліп келе жатыр. Осы орайда, жуырда Ақпараттық-коммуникациялық орталығы алаңында Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жолдасбеков баспасөз брифингін өткізіп, БАҚ өкілдерінің бірқатар сауалдарына жауап берді.
Қазіргі таңда халықтың әл-ауқатын жақсартуда жұмыспен қамту шараларының маңызы айрықша. Осы орайда, үшінші мегаполисте биыл 57 мыңнан аса адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланып отыр. Оның ішінде «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы шеңберінде 33 500 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланып, нақты 22 489 адам қатысты немесе жоспар 67,1%-ға орындалды. Кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы шеңберінде кәсіби білім беру, кәсіпкерлікті дамыту, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерге оқыту, субсидияланатын жұмыс орындарымен қамту кіреді. Субсидияланатын жұмыс орындары бойынша биыл 6 065 адамға жұмыспен қамту шараларын көрсету жоспарланған. Қазіргі таңда нақты 5 780 адам қамтыдып отыр.
Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары бойынша 2023 жылға 23 мыңнан астам жұмыс орнының құрылатыны жоспарлануда. Оның ішінде ұлттық жобалар бойынша 2 377 жұмыс орны, жеке бастамамен 21 043 жұмыс орны құрылады деп күтілуде.
Спикердің айтуынша, 2023 жылы Шымкентте 261 азаматқа жастарға арналған жеңілдетілген несие беру жоспарланған. Сенімді өкіл ретінде «Агронесие корпорациясы» АҚ белгіленіп, 2023 жылдың 17 наурызында Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы және «Агронесие корпорациясы» АҚ арасында тапсырма шарты түзілген. Негізінен жеңілдетілген несиені жаңадан кәсіп ашқысы келетін немесе кәсіпкерлікпен айналысатын 21 жастан 35 жасқа дейінгі азаматтар ала алады. Бүгінгі таңда 278 құжат қаралып, 129 адам оң қорытындысын алған. Оның ішінде 52 азаматқа шағын несие беріліп, басым көпшілігі өз кәсіптерін бастап кетті. Өз сөзінде «Халықтың әл-ауқатын жақсартуда мемлекеттік қайтарымсыз гранттың да үлесі орасан. Соңғы үш жылда атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатары азайып, керісінше жұмыспен қамтылғандар мен өз кәсібін дөңгелеткен шымкенттіктердің қатары артуда. Биыл Шымкентте әлеуметтік осал топты азаматтарға арналған грантты жалпы саны 447 адамға беру жоспарланған. Жыл басынан бері өткізілген бірінші және екінші лектің өзінде 6000-ға жуық азаматтан өтінім түсіп, 227-не оң шешім қабылданған. Қайтарымсыз қаражат үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі тәуелсіз комиссиялардың шешімі негізінде беріледі. Комиссия құрамына қоғам белсенділері, БАҚ өкілдері, кәсіпкерлер мен қоғамдықтық бірлестіктердің өкілдері кіреді» деп атап өтті Мақсат Жанұзақұлы.
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке келсек, 2023 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша аз қамтамасыз етілген 10 800 отбасыға тағайындалып, көмек көрсетілген. Атаулы әлеуметтік көмек табысы аз азаматтарға кешенді әлеуметтік көмек көрсетуді көздейді. Оларға ақшалай төлемнен бөлек, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша шаралар, яғни оқытуға, жастар практикасына, қоғамдық жұмыстарға, әлеуметтік жұмыс орындарына, грант беруге және тұрақты жұмыс орындарына жолдама беру жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, жыл басынан бері табысы аз отбасылардың 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларына берілетін кепілдендірілген әлеуметтік топтама монетизацияланды. Яғни ақшалай түрде әр балаға 5 175 теңге түрінде әр алушының жеке есеп шоттарына жіберіледі.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ахуалы да басқарма бақылауында. Жалпы жыл басынан мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қызметтер порталы арқылы қажетті құралдар мен қызметтерге тапсырыс беру іске қосылды. Яғни мүгедектігі бар азаматтар қажетті құралдар мен қызметтерді өзінің электрондық қолтаңбасын (ЭЦҚ) пайдалана отырып, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы тапсырыс беруге қол жеткізді. Осының арқасында протездік-ортопедиялық көмек құралдарына мүмкіндігі шектеулі азаматтардан 4370 өтініш қабылданып, 2 795 құрал қамтылды. Сурдотехникалық, тифлотехникалық, гигиеналық құралдарға 12 313 өтініш қабылданып, 10 150 құралдар тапсырылды. Мүгедектерге арналған қоларба құралдарына 777 өтініш қабылданып, 680 құрал берілді. Сонымен қатар 9 713 азаматтан шипажай орындарына емделу үшін жолдамаға өтініштер қабылданып, 2 727 азамат қамтылды. Бұдан бөлек, мүгедектерге арнайы жабдықталған «Инватакси» 28 көлікке 483 өтінім қабылданып, қызмет көрсетілуде. Жалпы әлеуметтік портал және ЭЦҚ-мен жұмыс істеу үшін мүгедектігі бар азаматтарға Басқарма ғиматарында өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы ұйымдастырылған. Онда әрбір қызмет алушыға мамандар көмектесіп отырады.
Оңалту шараларына ойыссақ, арнаулы әлеуметтік қызметтер әлеуметтік салада психоневрологиялық ауытқуы бар, тірек-қимыл аппараты функциялары бұзылған мүгедек балаларға, 18 жастан асқан психоневрологиялық ауруы бар азаматтарға, өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын жалғызілікті І-ІІ топтағы мүгедектер мен қарттарға стационар, жартылай стационар, үйде қызмет көрсету жағдайында мемлекеттік мекемелерге альтернатив ретінде үкіметтік емес ұйымдар арқылы жүзеге асырылады. Бұл бағытта бүгінгі таңда басқармаға қарасты 11 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтары бар. Орталықтарда 1 116 қызметкерлер қызмет көрсетеді.
Қорыта айтқанда, әлеуметті жұмыспен қамту арқылы тұрмысын түзеуді мақсат еткен шаралар белсенді жүргізіліп келе жатыр. Бүгінде оның игілігін көріп отырғандардың да қатары қалың. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да қарқынды түрде жалғаса бермек…