«ЖАСТАР ЖӘНЕ РУХАНИЯТ» ФОРУМЫ ӨТТІ

Бүгінгі жастар – ертеңгі елдің тізгінұстары. Сондықтан өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуы үшін елімізде қыруар іс атқарылып келе жатыр. Мәселен, жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту, бітіруші түлектерге түрлі мамандықтар бойынша кеңінен ақпарат беру сынды бағыттар сәтті жүзеге асуда. Сонымен қатар бүгінде жастар арасында орын алып жататын түрлі келесіздіктердің алдын алу бойынша да бірқатар игі бастамалар қолға алынып жатыр. Мәселен, жуырда Шымкент қаласында маңызы зор жиын өтті. Тарқатайық…

Үшінші мегаполистегі Жастар ресурстық орталығында Қазақстан діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі мен Шымкент қаласы Дін істері басқармасының ұйымдастыруымен, Шымкент қаласының және ҚМДБ Шымкент өкілдігінің бес жылдық мерейтойы мен «Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында «Жастар және руханият» аймақтық танымдық жастар форумы өтті. Шараның мақсаты – жастарды толыққанды, сапалы, бәсекеге қабілетті білім алып, ел игілігі үшін қызмет етуге және деструктивті діни ағымдардың идеологиясынан сақтануға шақыру.
Форумға ҚМДБ-ның Шымкент қаласының бас имамы Б.Абдрахманов және Шымкент қаласының бас орынбасары, дінтанушы-магист М.Естеміров, «Қаратау дәстүрлі өнер» мектебінің ұлағатты ұстазы, термеші К.Шал ақын мен қала жастары қатысты. Аймақтық танымдық жастар форумы барысында жастарға білім алу, үлкенді құрметтеу, отансүйгіштікке, салт-дәстүрімізді сақтауға шақыру жөнінде сөз қозғалды. Сонымен қатар әлеуметтік желінің зияны мен оны дұрыс пайдалу жолдары түсіндірілді. Жиын соңында дін өкілдері жастармен кері байланыс орнатып, сұрақтарына жауап берді.
Жалпы соңғы уақытта үшінші мегаполисте жастар арасындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған көптеген шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, өскелең ұрпақтың құқықтық сауатын арттыру мен түрлі қылмыстардың алдын алу мақсатын көздейтін бастамалар қолға алынып, қаладағы орта арнаулы оқу орындары мен жоғары оқу орындарында өткізіліп келеді.