ӨСКЕЛЕҢ ҰРПАҚТЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІМЕН КҮРЕС ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ
Елімізде балалардың жан-жақты дамуына барынша жағдайлар жасалып келе жатыр. Мәселен, өткен жылдың қыркүйегінде Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс» деп атап өтті. Өз кезегінде, өскелең ұрпақтың білімге ден қойып, жан-жақты дамуына ықпал ету үшін өзекті мәселелердің шешімін жуық арада табудың маңызы зор.
Бүгінде жастар арасындағы құқықбұзушылық өршіп барады. Ал мұның алдын алу үшін Шымкент қаласында кешенді жұмыстар атқарылып жатыр. Тарқатар болсақ, өткен аптада Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева БАҚ өкілдерімен баспасөз брифингін өткізген болатын. Міне, сонда бірқатар өзекті де өткір мәселелермен күрес жолдары баяндалды. Тарқатар болсақ, бүгінде кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алуда кешенді іс-шаралар жоспарына сәйкес, 7 бағыт бойынша жұмыстар бекітіліп, жүргізілуде. Одан бөлек, Шымкент қалалық прокуратурасы Шымкент қалалық білім басқармасымен бірлесе отырып, қалалық білім беру ұйымдарында өтетін «Мейірім-жүректен» атты айлық жоспары бекітілген. Шара мақсаты – жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың, жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстардың профилактикасы, сондай-ақ өзіне-өзі қол жұмсау фактілерін болдырмау және өмір қауіпсіздігін сақтау.
Жалпы үшінші мегаполисте бала құқықтарын қорғау және зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері бойынша атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды. Қазірде кәмелетке толмағандардың істері және құқығын қорғау комиссиясында 56 мүше бар. Олар ата-ана құқығынан айыру, бейімдеу немесе девиантты балалар орталығына жіберу, кешкі мектепке орналастыру және білім беру ұйымдарының есебін тыңдау негізінде жұмыс істеп келеді. Одан бөлек, білім беру ұйымдарында 320-дан астам тәрбие жөніндегі орынбасар, 170-ке жуық әлеуметтік педагог және 270-тей педагог-психолог қызмет атқаруда. Барлық білім беру ұйымында медиация кабинеттері ашылып, тәрбие жұмысын дамыту бойынша «Ата-аналар академиясы» бекітілген. Ал басқарма жанынан психологиялық-педагогикалық қызмет, тәрбие беру орталықтары құрылып, жұмыс істеп келеді.
Сонымен қатар шаһарда «Әкелер мектебі», «Аналар/әжелер мектебі», «Ұлдар клубы» мен «Қыздар клубы» саланың түйткілдерін шешуге ықпал етуде. «Үштік одақ», «Оқуға құштар мектеп», Мектеп Парламенті, «Өзін-өзі басқару», «Дебат қозғалысы» сынды тәрбиелік мәні бар жобалар іске асырылуда. Бірі сыни ойлау дағдыларын қалыптастырса, енді бірі көркем әдебиетке қызығушылықты оятады. Сондай-ақ ата-ана, оқушы-мектеп байланысын арттыруға үлес қосады. Ал «Adal urpaq» және «Sanaly urpaq» еріктілер клубтары білім алушыларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетке тәрбиелеуге бағыттайды.
Басқарма басшысының сөзіне сенсек, үшінші мегаполисте 2023 жылға арналған кешенді іс-шаралар жоспарының аясында түрлі кездесулер, семинар-конференциялар, дебаттар, форумдар, олимпиадалар мен турнирлер, экскурсиялар, акциялар ұйымдастыру көзделуде. Мұнымен қоса, психологиялық көмектер өткізу, үнқағаздар тарату, сауалнама мен ақпараттық қауіпсіздік жүргізу жоспарға алынған. Бұл әдістемелік және ақпараттық қамтамасыз етуге, кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтың профилактикасы мен олардың қадалағаусыз және панасыз қалуының алдын алуға, жасөспірімдер арасындағы аутодеструктивтік мінез-құлықтың алдын алуға, балалар мен жасөспірімдерді есірткі, психотроптық, күшті әсер ететін немесе улы заттардан қорғауға, кәмелетке толмағандар арасында жыныстық тәрбие, ерте жүктіліктің алдын алуға мүмкіндік берді. Бұған қоса, кибербуллинг бағыттары негізінде жыл бойы 100-ден астам іс-шара өткізілмек.
Атқарылар жұмыстарға ойыссақ, ағымдағы жылдың 25 сәуір – 25 мамыр аралығында 22 іс-шара өткеді. Басқарма басшысының айтуынша, тиісті шаралар тұрақты жүргізілгеніне қарамай, өзекті мәселелер жоқ емес. Мәселен, аз қамтылған отбасы балалары, жайсыз отбасы, қалалық ювеналды полиция есебінде тұрған және мектепішілік есептегі балалар саны көңіл көншітпейді. Проблемалармен күресу мақсатында есептегі оқушыларға тәлімгер бекіту, түрлі үйірмелер мен спорттық секцияларға қатыстыру — негізгі міндеттердің бірі болып отыр. Қылмыстық оқиғалар жиі қайталанатын криминогенді аймақтар бақылуға алынса, 103 учаскелік полиция инспекторы бекітілген.
Құмар ойындарға тәуелділікті анықтауға арналған «Такер» тестіне 9-11 сынып аралығындағы жалпы 18 мыңнан астам оқушы қатысса, оның 13 мыңнан астамы жасыл аймақты көрсетті. Бұл дегеніміз компьютерлік ойындарға жағымсыз әрекет танытқан. Сары аймақ 19,6 пайызды құраса, қызыл аймақ 2,8 пайызға тең. Биыл 3 айдың ішінде Call-орталыққа 320 сұрақ келіп түсіп, 100% жауап беріліп, 6585 қатысушыға түсіндірме жүргізілген. Telegram желісіндегі чат пен сенім телефондары тұрақты режимде жұмыс істеп жатыр. Ақпараттық баннерлер мен билбордтар қаланың әр бұрышында орнатылған. Бұл жұмыстардың баршасы қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, білім басқармасы Полиция, Төтенше жағдайлар департаменттері, Денсаулық сақтау басқармасы, аудан әкімдіктері және психологиялық орталықтармен бірлесе жүзеге асырылып жатқанын айрықша айта кету керек.
Айта кетейік, үшінші мегаполисте оқушылардың ең өзекті мәселелерінің бірі – орын тапшылығын шешу бойынша да қыруар іс атқарылып жатыр. Мәселен, 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 25 мектептің құрылысы жүргізілмек. Аталған пилоттық білім нысандары жалпы 37 700 орынға арналады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ұлттық жобаның алғашқы кезеңі биыл жүзеге асырылады. Яғни Шымкентте 2023 жылы 17 300 орынға арналған 12 мектептің, ал келесі жылы 20 400 орындық 13 мектептің құрылысы басталады. «Жайлы мектеп» аясында бой көтеретін білім нысандарының басты ерекшелігі — оның жабдықталуында. Мамандардың айтуынша, бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктар, трансформер-мобильді парталар, трансформациялау мүмкіндігі бар әмбебап акт залы, балаларға арналған жеке шкафтар, оқу-зертханалық құрылғылар, ауыз су бұрқақтары орнатылып, Wi-Fi және жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылмақ. Сонымен қатар, компьютермен жабдықталған физика, химия, биология дәрісханалары мен оқу зертханалары, робототехника кабинеттері, STEM-зертханалар болады.