ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БІРНЕШЕ НЫСАН ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
25 қазан – Республика күні қарсаңында еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі шаралар өтті. Бұдан бөлек, ұлттық мереке қарсаңында Түркістан облысының аудандарында бірнеше нысан пайдалануға берілді. Мәселен, Түлкібас ауданына қарасты Жабағылы ауылында жаңа әкімдік ғимараты пайдалануға берілді.
Айтулы шараға аудан әкімі Нұрлан Байғұт арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа ғимараттарымен құттықтады. Үш мыңнан астам тұрғыны бар Жабағылы ауылдық округіне үш елді мекен қарайды. Сонау егемендік алған жылы әкімдік құрылымдары құрыла бастаған шақта округ әкімдігі ескі үйдің ғимаратында орналасқан болатын. Сол уақыттан бүгінгі күнге дейін бұл мәселенің түйіні шешілмей келген. Жылына 4 мыңнан астам турист ат басын тірейтін аймақта аталған мәселе тұрғындар тарапынан соңғы есептік кездесулерде жиі көтеріліп келген еді. Аталған мәселе өзекті мәселелердің қатарына алынып, облыс және аудан әкімдігі тарапынан қолдау тауып, шешіліп отыр. Мерекелік шарада ауыл ақсақалдары жаңа ғимараттың лентасын қиып, шалғай ауылға көңіл бөліп, жағдай жасап жатқан билік өкілдеріне алғыстарын жеткізді. Өткен жылдан өтпелі болып бой көтерген заманауи ғимаратта халыққа қызмет көрсететін мамандарға 8 бөлме мен туристерге арналған арнайы бұрыш бар. Интернет және қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған.
Ұлттық мереке қарсаңында қазығұрттықтар да қуанышқа бөленді. Нақтырағы, ауданда Орал Нарбаев атындағы 150 орындық бастауыш мектебі мен «Ай-Фарма» медициналық орталығы пайдалануға берілді. Әлеуметтік маңыздағы ғимараттардың салтанатты ашылу рәсімінде аудан әкімі Арман Абдуллаев құттықтау сөз сөйлеп, лентасын қиды. Екі нысан да кәсіпкерлердің жеке инвестициясы арқылы бой көтерген. Мерейлі мерекеге орай аудан орталығында білім ордалары мен мәдениет қызметкерлері тарапынан арнайы көрмелер қойылып, спорттық сайыстар ұйымдастырылды. Ел игілігі үшін жасалып жатқан игі шаралар жоғары дәрежеде өткізілді. Арман Айдарұлы барша қазығұрттықтарды Республика күнімен құттықтап, ел дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарды алғыс хатпен марапаттады. Аудандық іс-шара концерттік бағдарламамен қорытындыланды.