ШЫМКЕНТ ЭКОНОМИКАСЫНДА ОҢ ӨСІМ БАЙҚАЛАДЫ

Шымкент қаласы соңғы уақытта қоғамның сан түрлі саласында атқарылып жатқан жұмыстар бойынша өзге өңірлер арасында көш бастап келеді.  ҚР Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында Қазақстанның қаңтар-шілде айлары арасындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысын қарау барысында Шымкент қаласында барлық көрсеткіш бойынша оң динамика қалыптасқанын да айтып өтті. Тарқатайық…

Шымкентте өнеркәсіп өнімінің көлемі 507,5 млрд теңгеге жеткен. Осылайша нақты көлем индексі 108,4 пайызды құрап отыр. Оның ішінде өндеу өнеркәсібі 109,6 пайызды көрсеткішті көрсетті. Қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының дерегінше, 2022 жылдың І жартыжылдығында өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіп 10,1%, өңдеу өнеркәсібі 11,1%, инвестиция 19,5%, ШОБ субъектілері 26,4 %, бөлшек сауда 14,9 пайызға өскен. Биыл өнім көлемі 856,9 млрд теңге болады деп жоспарланған. 2022-2026 жылдар арасында 228 инвестициялық жоба жүзеге асырылатын болса, соның 50-і биылғы жылдың үлесінде. Оның ішінде инвестиция көлемі 52,8 млрд теңгені құрайтын 16 өнеркәсіптік жоба бар. Өңірлер арасында іс-әрекеттегі шағын және орта бизнес саны бойынша да үшінші мегаполис алғашқы орында.

Қалаға тартылған инвестиция көлемі 219,1 млрд теңгені құраған. Көрсеткіш 28,6 пайызға артып отыр. Оның ішінде мемлекеттік бюджеттен 52,6 млрд теңге болса, жеке көздерден 166,5 млрд теңге тартылған. Биыл жалпы қала экономикасына тартылатын тікелей инвестиция көлемі 500 миллиард теңгеден асады деп жоспарланып отыр. Осы көрсеткішпен Шымкент қаласы республикада бірінші орында тұр. Жалпы Шымкент республикалық қала мәртебесіне ие болған 4 жылдың ішінде шаһар экономикасына 1,5 триллион теңге инвестиция тартылды. Қаржы негізінен құрылыс және өнеркәсіп салаларына бағытталып жатыр. Мәселен өнеркәсіп секторында 16 инвестжоба іске асырылмақ. Жалпы құны 52 миллиард теңгелік бұл жобалар жаңадан 1 мың тұрақты орнын құру көзделуде. Мұнан бөлек Шымкентте шағын және орта кәсіпкерлікті одан әрі дамыту мақсатында инвестициялық жобалардың 2025 жылға дейінгі пулы әзірленген. Оған жалпы құны 2 триллион 600 млрд теңгені құрайтын және 20 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 242 жоба еніп отыр. Соның ішінде 159,7 миллиард теңгелік 50 жоба биыл іске асады деп күтілуде.

Бұдан бөлек, құрылыс жұмыстарының көлемі 76,7 млрд теңге немесе 120,5 пайыз құрады. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 371,8 мың шаршы метрге жетті.  Жалпы сауда көлемі 946,1 млрд теңге болып, нақты көлем индексі 9,8 пайызға артқан.