ЕНДІ ӘКІМДЕР МӘСЕЛЕНІ ҚАҒАЗДАН ЕМЕС, ХАЛЫҚТЫҢ ӨЗ АУЗЫНАН ЕСТИДІ

«Қасіретті қаңтар» оқиғасы қоғамды дүр сілкіндірді. Өткенге көз тастасақ, қоғам мен биліктің арасы ажырап бара жатқандай еді. Мәселесін көтеріп, талай шендінің табалдырығын тоздырып тұрғындар жүретін. Өкпе-реніші азу мен ызаға ұласа бастаған аналар әкімдіктің маңына жиналып, базынасын айтып айқайлап жататын. Енді заман өзгеріп барады. Қоғам жаңарып жатыр. Бұған дейін қалыптасқан таптаурын түсініктердің іргесі сөгіліп, жаңа қағидалар қалыптасуда. Қала берді жиі айтылып, жемісін көре алмай жүрген «естуші мемлекет» тұжырымдамасы да жүзеге аса бастаған сыңайлы. Жақында ғана шыққан мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығы – бұған дәлел. Енді әкімдер мәселені қағаздан емес халықтың аузынан естіп біледі. Тарқатайық…

Президент пәрмені алдағы уақытта барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен жүйелі байланыс орнатуын жолға қоймақ. Жаңа Жарлыққа сай, облыс және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері әр 6 ай сайын халыққа атқарылған жұмыстың есебін береді. Тұрғындардың көкейіндегі өзекті мәселесін тыңдайды. Басты ерекшелігі, бұл жиындар көшпелі форматта өтеді. Демек өңірдегі барлық аудан мен қалаларды қамтуы тиіс деген сөз. Мегаполис әкімдеріне келсек, тоқсан сайын тұрғындармен дидарласып тұруға міндетті. Бұдан бөлек, көп талап етер болса, әкімқаралар күнтізбеден тыс кездесулер де ұйымдастырады. Басқосуларды онлайн форматта өткізуге де болады. Демек айлап кезек күтіп, сағаттап есік күзетудің қажеті шамалы.
Жиындар да жаңа форматқа көшеді. Енді аймақ басшыларының бұрынғыдай тыңдаушыны жалықтырып жіберетін ұзын-сонар баяндама жасауына тыйым салынды. Тек нақты көрсеткіш пен атқарылған жұмыстан тұратын өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қысқаша тоқталады. Негізгі басымдық азаматтарды мазалаған сауалдарға беріледі. Яғни жиынның өзі «сұрақ-жауап» форматында ұйымдастырылады. Құжатта анық та айқын көрсетілген. Мәселен, 4 сағатқа созылатын кездесу болды делік. Оның бір сағаты ғана баяндамаға беріледі де қалған уақытта әкім тұрғындарды мазалаған сауалдарға жауап береді. Тағы бір жаңашылдығы, кездесуге дейін арнайы комиссия жергілікті жердегі мәселелермен танысып шығады. Кейінірек аталған түйткілдерді шешудің нақты жоспары бекітіліп, бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желі арқылы халыққа таныстырылады. Бұл туралы құжатта «Халық алдында есеп берілгеннен кейін тоқсан сайын әрбір айдың 25-күніне қарай кездесулерде халық көтерген проблемалық мәселелерді шешу барысы туралы ақпарат ресми интернет-ресурстарда және «электронды үкімет» веб-порталында орналастырсын» делінген.
Әкім халықтың мәселесін тыңдап, жалпы жиналыстан кейін кетіп қалмайды. Тиісті сала басшыларымен, құқық қорғау органдарының басшыларымен, мәслихат депутаттарымен бірігіп, азаматтарды жеке мәселесі бойынша қабылдайды. Сонымен қатар құжатта жиынға қатысушы аудитория турасында да нақты нұсқау көрсетілген. Алдағы уақытта басқосуларда бас шұлғып, шапалақ соғып отыратын мемлекеттік және бюджеттік мекемелердің қызметкерлері ғана отырмайды. Керісінше, негізгі бөлігі мәслихат депутаттары, партиялар, қоғамдық ұйым өкілдері болуына баса назар аударылмақ.
Жасыратыны жоқ, облыс және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері 2005 жылдан бері жылына бір рет халыққа есеп беру кездесуін өткізіп келеді. Әйтсе де қойылар сауалдардың бірнеше сүзгіден, тексеруден өтетінін жұрт жиі сынайды. Әкімді қолдау, қолпаштау, алғыс айту мен жұмысын жоғары бағалау сынды жайттардың жиілеуін де сонымен байланыстырып жататынымыз өтірік емес. 2013 жылы біраз өзгеріс те енді. Яғни ауыл әкімінің есебіне аудан басшысы, аудан әкімінің есебіне облыс әкімі, облыс әкімінің есебіне бір министр қатысатын болды. Десе де бұл жүйе де нақты нәтиже бере алған жоқ. Өткір сындар мен өзекті мәселелердің беті ашық күйінде қалып келе жатқаны – мұның айқын айғағы. Тіпті, кешегі қасіретті қаңтар оқиғасының өзі халық арасындағы жергілікті атқарушы билікке деген сенімнің төмендігін айқын көрсетті.
Айта кету керек, әкімдер бұған дейін азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап келді. Десе де қозғалатын, көтерілетін мәселелер жоғарыда атап өткеніміздей әкімдік мамандарымен іріктелетін. Міне, содан халық арасындағы өзекті мәселелер шешіле бермейтін. Қағаз бетіндегі есеп үшін ғана ұйымдастырылатын шара тәрізді көрініп қалатыны тағы бар. Мұны жұрт та жиі жазды, сынады. Бұдан биліктегілер де хабардар. Мәселен, Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков «Хабар-24» телеарнасындағы «Сұхбат» бағдарламасында бұл жайтқа қатысты ойын былай тарқатты «Әкімдердің қолжетімділігіне қатысты көп сын айтылды. «Көрмейміз», «Кездесе алмайыз», «Есептік кездесуде болмаса басқа уақыт алдына кіру мүмкін емес» деген сияқты сын көп болды. Бұл (Президенттің әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы Жарлығы) соның алдын алу үшін жасалып отыр. Біз халықтың уақытын да, қаражатын да үнемдеу мақсатын алға қойдық. Мысалы, елімізде облыс орталығы мен елді мекендердің арасы 500-600 шақырымға дейін шалғай. Енді облыс әкімдері алдарына өзі келіп тұрғаннан кейін тұрғындардың уақыты, қаражаты үнемделеді. Сонымен қатар кез келген тұрғын өзінің мәселесін әкіммен тікелей байланыста шешуге мүмкіндік алады деп ойлаймын». Сөз жоқ, кейде халықтың шынайы тұрмысынан әкімдердің хабарсыз болып жататыны жасырын емес. Аталған Жарғы алдағы уақытта өңірлердегі өзекті, атап айтқанда, жұмыссыздық, қымбатшылық сынды мәселелердің бетін ашып, шешілуіне мұрындық болады деп сенеміз.
Халықтың жергілікті атқарушы билікке деген сенімі жоғары деуге келмейді. Оған Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты жүргізген сауалнаманың нәтижесі дәлел бола алады. Халықтың саяси институттарға сенімін зерделейтін әлеуметтік мониторингке қатысқандардың 39,7 пайызы облыс және республикалық маңызға ие қала әкімдеріне сенбейтінін жеткізген. Ал аудан мен ауыл әкімдеріне сенім білдірмейтін көптің пайыздық көрсеткіші 33,7 пайызды құрады. 14 облыс пен 3 республикалық маңызы бар қаланың және ауылдық жерлердің 188 елді мекеніндегі 18 жастан асқан 6800 респондент қатысқан сауалнаманың нәтижесі осылай дейді. Осының өзі бұрынғы әкімдердің жылына бір рет кездесіп, есеп беретін жүйенің нақты нәтиже бермей жатқанын аңғартса керек.
Бүгінде жаңа Жарғыға сәйкес жұмысын бастап кеткен әкімдер де бар. Елді-елді аралап, көптің көкейіндегі өзекті мәселелерді тыңдап, шешімін тауып жүргенін де жасыра алмаймыз. Әйтсе де басы мінсіз басталып, аяғы науқаншылдыққа ұласып кетпей ме деген күдік те бар. Әкімнің келетінін әлденеше күн бұрын білетін аудандық әкімдік өңір басшысы баратын жерлерді тізбектеп, ақ тілек пен әдемі бата беретін тұрғындарды түгендеп, үлкен залды толтырмасына ешкім кепіл бола алмайды. Жылы да жайлы орыннан қозғалып, қоғамның шынайы тынысы мен тіршілігін көріп жүрген әкімдер ендігі кезекте жұмысын жүйелеп, қарқынын арттырады деп сенеміз. Ал қай әкімнің халықтың ойынан шығарын уақыт көрсетеді…

Қ.МОМЫНХАН.