ХИМИЯ – ҚИЫН ПӘН ЕМЕС
Пандемия бірқатар салалардағы біраз кемшіліктерді су бетіне шығарды. Мәселен, қашықтан оқуға еліміздегі цифрландыру саласының сақадай сай еместігі анық байқалды. Медицина саласында да біраз шикіліктің бары анықталды. Алайда әлемді абдыратқан сол пандемия көптеген жастардың бойында дәрімен жұмыс істейтін фармацевт, дертпен күресетін дәрігер болу ниетін оятқан екен.
Мұны бізге Шымкенттегі М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы Нағима Жақыпбекова айтып берді. Аталған оқу орнының «Химия» кафедрасында қызмет ететін профессор жас ұрпаққа сапалы білім беруде еңселі еңбек еткені үшін көп орталарда мойындалып, өңіріне бірнеше медаль таққан. 1983 жылдан бері аталған белді оқу орнында табан аудармай абыройлы қызмет етіп келе жатқан Нағима Орманбекқызының жас ұрпаққа айтар келелі кеңесі көп. Ол жөнінде мына сұхбаттан оқи аласыздар.
– Нағима Орманбекқызы, сіз 2005 жылы Қазақстан Республикасы ғылым, техника және білім саласындағы мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын алдыңыз. Бұл мерейлі атақ сізге қандай еңбегіңіз үшін берілді?
– Мұндай атаққа сол жылы осы оқу орнындағы 8 профессор ие болдық. Дәл сол жылдың қыркүйек айында оқу орнымызға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев іссапармен келген. Сол кездегі мемлекет басшысы ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың келуіне орай университетте көрме ұйымдастырылған. Көрмеде біз ғылыми жұмысымызды таныстырдық. Бірнеше бөлімнен тұратын, әр бөлімінің өзі бір тақырыпқа жүк болар дүниеге Президент оң баға берді. Одан соң біз сүбелі еңбекті мемлекеттік сыйлыққа ұсынғанбыз. Еліміздің Білім және ғылым министрлігі әр өңірден ұсынылған 32 еңбектің ішінен алты еңбекті мемлекеттік сыйлыққа лайық деп табады. Оның ішінде бір бөліміне өзім жетекшілік еткен оқу орнымыздағы профессорлар әзірлеген ғылыми жоба да бар болған.
– Сіз жетекшілік еткен еңбекте қандай жаңалық ашылған еді?
– Өндірісте синтетикалық акрил материалын киім шығаруға пайдаланады. Сол кезде акрил талшықтары қалдық ретінде жарамсыз дүние ретінде қалады. Ал оны қалдық ретінде құртпай, күнделікті өмірге қажетті өнім алуға болады. Қалай? Яғни талшықтарға реагенттер қосып, полимер алынады. Ғылыми түрде ашылған бұл жаңалық 2006 жылдан бері өндірісте, тұрмыста қолданылып келеді.
– Осыдан он жыл бұрын «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» грантының иегері атандыңыз. Соның негізінде шетелдегі беделді оқу орындарына бардыңыз. Ондағы білікті мамандар сізге өз тәжірибесімен бөлісті…
– Иә, ол грант еліміздің Білім және ғылым министрлігі тарапынан берілген. Берілген грант есебінен Англиядағы алты беделді оқу орындарындағы оқытушы ғалымдармен кездесіп, тәжірибе алмастық. Ол жақтың мамандары бізге істеп жатқан жұмыстарын таныстырып, тәжірибелерімен бөлісті. Зертханалық жұмыстарды үйретті. Заманауи құрал-жабдықтармен жұмыс істеудің қыр-сырын түсіндірді. Біз елге келгеннен соң, көкейге түйгенімізді студенттерге көрсеттік.
– Елімізде жастардың техникалық мамандықтарға деген қызығушылығы төмен деген пікірлер көп айтылады. Сіз өз салаңыз бойынша бұған не айтасыз?
– Біздегі «Химия» кафедрасында фармацевтика және химия мамандығы бар. Соңғы екі жылда фармацевтика мамандығын таңдап, оқуға түсіп жатқандар айтарлықтай көбейді. Біз мұны пандемия кезіндегі дәрігерлердің тапшы болуымен байланыстырамыз. Ал талапкерлердің химияны таңдауы мейлінше аз екенін айтпай кетуге болмас.
– Оның себебі неде?
– Мектепте көп оқушылар химия қиын, түсінбейміз деп қорқады. Бұл үшін жас ұрпаққа кінә артуға болмайды. Мәселе мұғалімдерде. Пән мұғалімі балаларға дәрісті қызықты етіп түсіндіру керек. Құр сөзбен емес, демонстрациялық тәжірибелер керек. Көптеген балалар үшін химия жұмбақ, шешімі күрделі дүние сияқты болып көрінеді. Ал шындап келгенде ондай емес. Бір түсініп алса, одан асқан қызық дәріс жоқ. Жалпы балалар химия, физика, математика күрделі пән деп ойлайды. Бірақ бұл – қате түсінік. Қараңыздаршы, қанша ғасыр болса да химия, физика, математиканың заңдары мен ережелері өзгермейді. Қаншама жылдан бері бір заңды әлі күнге дейін оқып келеміз. Бұл жақсы емес пе? Үйреніп алсақ, сол заңмен жұмыс істей береміз. Және ол барлық елде бірдей. Ал гуманитарлық пәндерде мұндай емес. Бүгін тарихты былай айтады, бес жылдан соң ондағы деректерді қайтадан өзгертіп жатады. Филология да сондай.
Осы ретте мына нәрсені айта кетейікші. Кеңес одағы кезінде мектепте оқитын балалар университетке келіп химиядан дәріс алатын. Міне сондай жүйені қайтадан қолға алу керек сияқты.
– Сіздің бұл ойыңыз өскелең ұрпаққа техникалық мамандыққа бет бұруға темірқазық ой болады деп сенейік. Бұдан бөлек көкейіңізде қандай мәселе жүр?
– Қаланың экологиялық ахуалын жақсартуда біраз жұмыстар жасалуы тиіс. Бұл ретте бізден яғни, химиктерден қандай көмек болуы мүмкін? Мәселен, диқандар қауымы қызанақ еккен кезде сапалы өнім алу үшін жердің құнарын зерттеуі керек. Ол жерде металдар құрамының талапқа сай болуын жолға қою үшін химия саласының мамандарын тартуы тиіс. Бұдан өзге, қала территориясында бұрындары жұмыс істеген, қазір тоқтап қалған зауыттар бар. Сол аумақта зияны көп металдар жетерлік. Оларды жою мақсатында химия саласының мамандарына жүгініп, тиісті жұмыстарды жүргізу арқылы, сол аумақтардағы жерді қайтадан жақсартуға болады.
Қазіргі таңда қалада көгалдандыру жұмыстарына жіті көңіл бөлінуде. 2025 жылға дейін қаладағы жасыл желек аумағындағы көшеттер санын 12,5 млн-ға жеткізу жоспарланып отыр. Осы мақсатта 6,5 млн ағаш көшеттері егілмек. Бұл жұмыстарға да ғылыми тұрғыдан да назар аударған абзал. Себебі бір ағаштар оттегіні көп бөлсе, енді бірі металдарды өзіне көп тартады. Келесі бір көшеттер суды жақсы ұстайды. Мұндай талдау жұмыстары көшеттердің жерсіну көрсеткішін жақсарта түседі.
– Келелі пікіріңізге рахмет!