ЕЛІМІЗДЕ ВАКЦИНА АЛУҒА ЖАРАМДЫ 1 МЛН 700 МЫҢ БАЛА БАР

Осы жылдың төртінші тоқсанында Қазақстанға коронавирусқа қарсы америкалық Pfizer вакцинасының 4 млн дозасы жеткізіледі. Осы мақсатта Қазақстан Pfizer компаниясымен келісім шартқа қол қойған. Коронавирусқа қарсы препараттың бұл түрі бірінші кезекте жүкті әйелдер мен 12 жастан асқан балаларға салынады.

Бұл туралы еліміздің Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді.
Ведомства басшысы оқу жылы басталғаннан бастап 9185 оқушы коронавирус жұқтырғанын атап өтті.
Ал студенттер арасында індетті жұқтыру көрсеткіші әлдеқайда төмен. Барлығы 1282 жағдай тіркелген. Оның 935-і орта оқу орындарының, 347-сі жоғары оқу орындарының студенттері екені анықталған.
Министр жоғары оқу орындарының студенттері арасында індетті жұқтырудың төмендігін вакцина салдырудың тиімділігімен байланыстырады.
Сонымен қатар ол төртінші тоқсанда жеткізілуі тиіс америкалық вакцинаны сақтау үшін өңірлер тоңазытқышпен жабдықталып жатқанын атап өтті. Оның сөзінше Pfizer екпесі минус 80 градус режимге сай болуы керек. Бұл талап сақталуы үшін қажетті жағдайдың бәрі қаралады. Балалар мен жүкті әйелдер қабылдайтын Pfizer препаратының дозасы неге 4 млн екені туралы санитария-эпидемиологияны бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова бүй дейді.
– Статистикаға сәйкес, елімізде вакцина алуға жарамды 12-18 жас аралығындағы бала саны – 1 млн 700 мыңға жетеді. Ал жылына 400 мыңнан аса келіншек босанады. Pfizer-дің 4 миллион дозасы осы сандарға сүйеніп есептелді. Ол екі компоненттен жалпы саны 2 млн. адамға салынады.
Бұған дейін тиісті министрлік балалар мен жүкті әйелдер үшін жеткізілетін Pfizer екпесін қабылдау ерікті болатыны туралы мәлімдеген болатын.