Маңызды

Жеңіл өнеркәсіп саласында өз орны бар Шымкенттік «АГФ Групп» тігін фабрикасында өндірілген өнімдерің 90 пайызы экспортқа шығарылады. Шетелдік тұтынушылардың талғамынан шыға білген фабрика бүгінде ресейлік IKEA компаниясының дүкендеріне төсек жабдықтарын тігуде.

Өндіріс орны бір жылда сыртқы саудаға 1,5 миллионға жуық төсек жабдығын шығаруға қауқарлы.

Шымкенттегі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан фабрика өз өнімдерін 2013 жылдан бастап экспорттай бастады. Тігін тігуде тәжірибесі әбден толысқан компания табиғи әрі жасанды емес маталармен күнделікті өмірде көп киілетін комбинезон, мектеп формасы, әскери киімдер мен халаттар тігеді.

Қазіргі таңда «АГФ Групп» компаниясы аймақтағы төсек орындықтар, төсеніштер, жастықтар, көрпелер, қаптөсектер өндіретін ең ірі өнеркәсіптік тігін фабрикасы болып табылады. Нарықтық экономика талаптарына бейімделген тігін фабрикасы коронавирусқа байланысты төтенше жағдай кезінде қалада медициналық маскаларға тапшылық сезілген соң, бетперде тігуге білек сыбана кіріскен. Және қала қауіпсіздігін сақтау үшін карантинге жабылған тұрғындарға 3 мың масканы тегін таратқан.

Негізгі жұмысы төсек-орын жабдықтары мен киімдер шығаруға бағытталған компания былтыр «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауында «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясын жеңіп алған.

Өндірістік компаниясының табиғи маталармен тігілген «ARUA», «SUAVE» маркалы төсек жабдықтары тұтынушылардың сұранысына көп ие болған.

Ағымдағы жылдың 31-мамырынан 1-маусымға қараған түні еліміздің барлық өңірлерінің кіреберіс қақпаларына қойылған тосқауыл бекеттер түгел алынды. Осылайша азаматтардың өзге аймақтарға баруына жол ашылды.

Осыған орай Шымкентке келетін қонақтар легі көбейетіні сөзсіз. Ал олардың туристік дүңгіршектердегі қызметке жүгінуі қала туралы жақсы естіліктерге бөленіп, керемет көңіл-күйге кенелтетін болады.

Бүгінде Шымкентте 6 туристік дүңгіршектің жұмыс істеуі жолға қойылып отыр. Ондағы қызметкерлер қала тұрғындары мен қонақтарына мегаполистің туристік әлеуеті туралы кәсіби кеңес береді. Сонымен қатар қаламыздың көрікті жерлері, мейрамханалары, туристік маршруттары жазылған ақпараттар ұсынады. Мәдени-бұқаралық іс-шаралардың аңдатпалары туралы толық ақпаратты бір терезе принципі бойынша ұсына алады.

Туристік дүңгіршектер қызметінің мақсаты – аймақ бойынша туризмді дамытып, шетелден келген қонақтарға өңіріміздің көрікті жерлерін таныстыру, оларға сапалы қызмет көрсету, қалаға қалай жету немесе келесі нысанға қалай баруға болатыны түсіндіріледі. Айта кететін жәйт, орталықтағы барлық ақпараттық қызмет түрлері тегін көрсетіледі.

Қаланың тартымдылығын арттыра түсетін мұндай жобалар бұған дейін республиканың бірнеше қалаларында жүзеге асып, тиімділігін көрсете білген. Атап айтқанда, туристік дүңгіршектер Алматы, Нұр-Сұлтан, Жамбыл,Түркістан қалаларында жұмыс істейді.

Туристік дүңгіршектер тарапынан тұрғындар мен қонақтарға алдын ала жазылу бойынша (10 адамнан артық емес) тегін экскурсиялық қызмет (18.00 мен 20.00 аралығында) көрсетіледі. Бұл үшін туристік маршруттар сызбасы толығымен дайындалған. Және оны жетілдіру жұмыстары әрдайым жалғасатын болады. Алдағы уақытта осы дүңгіршектерден кез келген адам қала аумағындағы барлық қонақүйлер мен мейрамханалар, қолжетімді емдеу орталықтары, ондағы бағалар мен қызмет түрлері жайында толық мәлімет алуға мүмкіндік алатыны соның жарқын дәлелі.

Бұдан бөлек Шымкент қаласында арнайы бөлімше – туристік полиция қызметі құрылды. Осы аптадан бастап жұмысқа кіріскен туристік полициялардың жалпы саны 25-ке жетеді. Туристік полиция қызметкерлері күндізгі сағат 9:00-ден 1:00-ге дейін Шымкенттегі «Арбат», Орталық саябақ, «Наурыз» алаңы, Қошқар ата өзенінің жағалауы сияқты қаламыздағы төрт ірі нысандарда қоғам тыныштығын күзететін болады. Аталған төрт нысанның таңдалып алынуы тегін емес. Себебі дәл сол аумақтарда қала тұрғындары мен қонақтар легі көп болады. Қалалық, республкалық, халықаралық дегейдегі шаралар мен гала-концерттер «Наурыз» алаңында өткізілетіні тағы бар. Арнайы бөлімшедегі полиция қызметкерлерінің негізгі міндеті – қала туристері мен қонақтарына құқықтық көмек көрсетуге бағытталған. Соған сәйкес, егер турист өз құжаттарын жоғалтса немесе қандай да бір күтпеген жағдайға тап болса, оның жанынан туристік полиция қызметкерлері табылатын болады.

Шомылу маусымы басталды. Аптап ыстықта көп адамдар жағаға барып, суға күмп беруге асығатыны сөзсіз. Бірақ су айдындарында бой сергітуге барғандардың барлығы аман қайта бермейді. Қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан суға кетіп, көз жұматындар болады.

Жуырда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті ағымдағы жылдың басынан бері су айдындарында қайтыс болудың 10 оқиғасы тіркелгенін, олардың 7-уі 2-15 жас аралығындағы балалар екенін айтып, ата-аналар назарын сақ болуға бұрған еді.

Сол дабылдың әсерінен болса керек, сәрсенбіде су айдындарындағы қауіпті аумақта шомылып жатқан екі жасөспірім шұғыл түрде құтқарылды. Оқиға былай болды.

Сәскелік уақыт. Отырар ауданындағы Төтенше жағдайлар бөліміне шұғыл қоңырау түседі. Мекемеге хабарласқан азаматтар балаларынан көз жазып қалғанын, олардың шомылуға кетуі әбден мүмкін екенін айтады. Алаң күйге түскен ата-аналардың қоңырауынан соң азаматтық қорғау капитаны Мейрамхан Кемелханов жедел іс-әрекетке көшіп, сұрастырып, іздестіру барысында 11 және 14 жастағы екі өреннің суда жүзуге тыйым салынған, құтқарушылармен күзетілмейтін аумақта шомылып, өмірлеріне қауіп төндіріп жатқанының куәсі болған. Дер кезінде құтқарылған балаларға төтеншеліктер түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қауіпсіздік шараларына мән беруге шақырды.

Өз кезегінде сала мамандары «Әрбір адам суға шомылатын су айдындарының қауіптілігі мен оның ерекшеліктерін білуі тиіс. Себебі, бетон плиталармен немесе тастармен жабылған арналарда мүк өсіп, тайғақ болады. Мұндай арнадан шығу қиын. Тіпті жаттығып жүрген жүзушінің өзі мұндай қиындықтан шыға алмай қалады. Суға түсер алдында су айдынын тексеру керек. Шомылуға таңдалған орын құм жағасында және суға ыңғайлы түсуге мүмкіндік беретін аумақта болуы қажет», -деп ескертіп, сақтық шараларына аса ыждағат танытуға шақырады.

Былтыр облыс бойынша тілсіз жаудың кесірінен 18 адам суға кетіп, жан тәсілім болған. Қазіргі таңда облыста жалпы 147 шомылу орны бар. Оның 99 — ы әлі толық жабдықталмаған. Сондай-ақ қауіпті деп танылған учаскелер саны 249 –ға жетеді.

 

Осы аптада облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласының кіреберіс аумағында бой көтеріп жатқан еңселі мешіттің құрылысымен танысты. Аумағы бес мың шаршы метрді құрайтын алып мешітте 5 мың жамағат бір мезетте сәждеге бас қоя алатын болады.

Ішкі және сыртқы безендірілуі шығыстық нақышта жүргізіліп жатқан бұл мешіт көрші Өзбекстан мемлекетінің Түркістанға тартуы болып табылады.

Мешіт құрылысы заман талабына сай озық үлгіде жүргізілуде. Мешітте мұсылмандық жораларды жасайтын орындар, конгресс-холл, неке сарайы, 180 орындық медресе, кітапхана, асхана, спорттық алаңдар, 500 орындық автотұрақ пен ғажайып субұрқақтар салынады. Бірегей жобаға Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев қолдау көрсетіп отыр.

Бұған дейін Өзбекстан Республикасының ресми өкілдері ауқымды жобаға құрылыс пен сәулет саласының ең үздік майталмандары атсалысатынын мәлімдеген болатын.

Мешіт осы жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.

 

Созак ауданындағы Қарақұр ауылындағы жалпы орта мектептің биылғы жылы бірінші класына барған сәбилер ауылдағы тірі майдангерлерді көрмей өсті. Ұлы Отан соғысына барып, қан майданды көрген ардагер бабаларының өз ауыздарынан олардың жасаған ерлік істерін ести алмады. Өйткені нақ бүгінгі күні көзі тірі майдангерлер қалған жоқ. Бәрі келместің кемесімен жолаушылап кетті. Ендігі кезекте ол балалар үшін бұл аңыз әңгіме, тіпті ертегіге айналуы ғажап емес. Тек олардың ерлігін тарих беттерінен ғана оқып білетін болады. Ал біздер оқып жүргенде сол сұрапыл соғыстан аман-есен келген майдангерлердің тең жарымын көру, олармен тілдесу бақытына ие болдық. Аталарымыздың ұлы жорық жылдарындағы ерен ерліктерін өз аузынан есітіп, ер бабалардың өр рухына талай мәрте сүйсінген едік.

 

Соладың бірі қарақұрлық майдангер Асанұлы Әдіхан көкеміз болатын. Болашақ майдангер, қаһарман жауынгер Әдіхан Асанов 1922 жылы Созақ ауданы Ленин ауылдық кеңесіне қарасты Ленин колхозында дүниеге келеді. Ауыл молдасынан хат таниды, Кейін аудан құрылған жылдары мектеп табалдырығын аттайды. Жасы үлкені бар, кішісі бар сауат ашу мектебінде әріп танып шығады. Содан 1941 жылы Ұлы отан соғысы басталғанда алғашқылардың қатарында сұрапыл соғысқа аттанады. Елімізді неміс фашист басқыншыларынан азат ету. Туған жерін, отанын қорғау үшін атақты 8 гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамында санитарлық бөлімшемен Ржев қаласы үшін болған ұрыстарға қатысады. Сегізінші гвардиялық атқыштар дивизиясы– 1941 жылы Алматы қаласында жасақталған әскери құрама. Тұңғыш командирі – И.В. Панфилов. Алғашында 316-атқыштар дивизиясы болып жасақталып, Мәскеу түбінде көрсеткен ерен ерлігі үшін Сегізінші гвардиялық атқыштар дивизиясы аталды. Құрамы Алматы, Талдықорған, Шымкент облыстары мен Кырғызстан тұрғындарынан жасақталды. 1941 жылы 17 тамызда Солтүстік-Батыс майданға жіберілді. Алғаш ұрысқа 6 қазанда Батыс майданның генералы К.К.Рокоссовский басқарған 16-армиясы құрамында Мәскеу қорғанысының шешуші учаскелерінің бірі — Волоколамск бағытында кірді. Мәскеуді қорғаудағы теңдессіз ерлігі үшін дивизия 1941 жылы 17 қарашада Қызыл Ту орденімен марапатталып, 18 қарашада сегізінші гвардиялық атқыштар дивизиясы атақ алды. 23 қарашада дивизияға соғыста ерлікпен қаза тапқан оның тұңғыш командирі И.В. Панфилов есімі берілді. Дивизия 1941 жылы 15 желтоксанда 16- армияның құрамынан Ставканың резервіне (16-30 желтоқсан) өтті. Оның командирі болып генерал-майор И.М.Чистяков тағайындалды. Аталмыш дивизия 1942 жылы16 наурызда Солтүстік-Батыс, Калинин майдандарында көрсеткен ерлігі үшін Ленин орденімен марапатталды. 1942-43 жылы Ловать өзенінде Холм қаласы түбінде қорғаныс ұрыстарын, 1944 жылдың басында 2-Прибалтика майданында Пушкин таулары мен Новосокольники түбінде шабуыл ұрыстарын жүргізді. Режица (Резекне) қаласын азат еткені үшін «Режицалық» құрметті атағы берілді, Риганы босатуға атсалысқаны үшін 2-дәрежелі Суворов орденімен марапатталды. 1945 жылдың көктемінде жаудыц 350 мыңдық Курляндия тобын талқандау операциясына қатысты. 2-дүниежүзілік соғыс кезінде дивизияның 36 адамы Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Олардың ішінде Б.Момышұлы (1990 жылы берілді), В.Клочков, М.Ғабдуллин, Т.Тоқтаров, И.Курганский, И.Шапшаев, А.Қосаев, М.Сеңгірбаев, А.Крючков, Я.Бондаренко, т.б. бар. Сегізінші гвардиялық атқыштар дивизиясы жауынгерлік табандылық пен ерліктің, Отанға шексіз берілгендіктің үлгісі ретінде тарихта қалды. Мыңдаған жауынгер мен командирлер, саяси қызметкерлер орден, медальдармен марапатталды. Соғыстан кейін дивизия моторландырылған атқыштар дивизиясы болып қайта құрылды. 1954 жылы дивизияның жауынгерлік даңқ мұражайы ашылды. Жылдар жылжып өтсе де, Ұлы Отан соғысының кейбір тұстарын әлі толықтай зерделеп біткен жоқпыз. Тіпті бірқатар майдандардағы шығын көлемі осы күнге дейін жұртшылыққа құпия болып келді. Осындай Ұлы Отан соғысы шежіресінде ештеңемен салыстыруға келмейтін қантөгіс — Ржев-Вязьма шебінде болған шайқастар.
Атақты қаламгер Илья Эренбург «Отан соғысының қай шайқасы өмірде ұмытылмастай болып есіңізде қалды?» деген сауалға: «Ржев» — деп жауап берген екен. Даңқты жазушы Константин Симонов осы қанды қырғынды «өлім аңғары» деп атапты. Қиян-кескі ұрыстар туралы аса көрнекті орыс ақыны Александр Твардовский: «Я убит под Ржевом» деген атақты өлеңін жазып, сол кезеңнің ащы шындығын жырлады. Ржев-Вязьма плацдармы КСРО астанасына 150 шақырымдай жерде еді. Сондықтан Ржев қаласы «Мәскеуді алатын кілт» болып саналды. Кеңес өкіметі басшылығы үшін фашистердің 1942 жылғы нақ осы бағыттағы шабуылы елеулі қауіп төндірді. Сондықтан Ржев-Вязьма бағытындағы жан алып, жан беріскен соғыс қимылдары — тұтастай Ұлы Отан соғысындағы ең шешуші, ең бетбұрысты шайқастар. Кеңес әскерлерінің Мәскеуден Батысқа қарай бет алған алғашқы шабуылы нақ осы Ржевтен басталған болатын. Кейбір жарияланымдарда нақ осы майдан алаңында бір миллионнан астам кеңес әскері құрбан болды деп тұжырымдалады. Ал екі жақтың адам шығынын қоса есептегенде, қаза тапқандар саны — 2,5 миллионнан астам. Ел аузында әдетте «қолбасшылықтың қателігі», «еттартқыш», «өлім аңғары», т.б. деп айтылатын Ржев қырғынының нағыз шындығы соңғы жеті-сегіз жылдың жүзінде белгілі болды. 2007 жылы ғана Ресей Президенті В.А.Путиннің Жарлығымен Ржевке «әскери даңқ қаласы» құрметті атағы берілді. 17 айға созылған Ржев-Вязьма бағытындағы шайқастарға екі жақтан 10 миллионға жуық адам қатысып, бес майданды, отыздан астам армияны қамтыды. Ржев азат етілгенде қаланың түгелдей қирағаны, жаудың қол астында болған 20 мың халықтан тірі қалғаны 200-дей ғана адам екені белгілі болған. Сондай-ақ, соғыс жылдарында И.Сталин бір рет қана соғыс даласына барған. Ол Ржев өңірі екен. Жоғарғы Бас қолбасшы Ржев жерінде 1943 жылғы 3-5 тамызда болған. 1941 жылғы қазанда басып алған Ржев қаласынан Гитлер өз әскерлерінен қандай жағдайда да айырылмауды талап еткен. Олар үшін Ржев — Шығыс майданның ең маңызды негізгі шебі болды. Ржев даласындағы қайнаған ұрыстың ортасында Алматыда құрылған 100-ші және Ақтөбеде құрылған 101-ші дербес атқыштар бригадалары да болды. Қазақстандықтар негізінен Ржев-Вязьма түбінде, Оленино селосы аумағында, Молодой Туд және Белый деревнялары маңында жанқиярлықпен шайқасты. Деректерге сүйенсек, Калинин майданы 39-армиясының құрамында «Марс» операциясы шайқасына қатысқан қазақстандық ұлттық 100-ші және 101 бригадалардың алдыңғысы он мың, соңғысы он үш мың жауынгерінен айырылған.

— Менің әкем осы қанды қырғынның бел ортасында шайқасқан.1941 жылы ұлттық атқыштар дивизиясына әскерге алынып, 1944 жылы ауыр жараланады. Елге аман-есен оралған әкем бейбіт еңбекке араласып, өзінің туған жері Қарақұр ауылының өркен жаюына атсалысқан. Өмірінің барлық саналы ғұмырын шаруашылық жұмыстарына арнады. Соғыста алған ауыр жарақатының салдарынан 1999 жылы бар болғаны 70 жасында өмірден озды. Оның есімін ауылдастары әрдайым сүйіспеншілікпен еске алады.

Әкемнің бір естелігінде: «1942 жылдың қысы қатты болды. 35-37 градус аяз. Қардың қалыңдығы бір жарым метрге жетті. Жер қатып қалған, тоң. Окоп қазуға әл бермейді. Жау оғынан қорғанатын ешқандай мүмкіндік болмады, қарды тасалаумен шектелдік. Жылы киім, фуфайка, пима жетпей жатты. Әскери дала асханасы қардың қалыңдығынан алға жылжи алмады, үздіксіз атыстан көлік, ат-арба қатынасы тыйылды. Біздерге қатқан нан, консерві секілді азық-түлікті аспаннан ұшақпен тастады. Азық-түлік қар астына түсіп, көміліп жатты, оны іздеп-табудың өзі бораған оқтың астында тәуекелге барумен тең еді», — дегені есімде қалыпты,-дейді ұлы Оразәлі.

Жастық жалыны атқақтаған жас сарбаз кезекті алапат шайқаста ауыр жараланады. Сөйтіп дәрігерлер оң жоқ қолын кесуге шешім қабылдайды. Сол соғыстан Әдіхан көкеміз бір қолсыз қайтады. «Ұлы Отан соғысының 20 жылдығы». «Ұлы Отан соғысының 30 жылдығы», «Ұлы Отан соғысының 35 жылдығы», «Ұлы Отан соғысының 40 жылдығы», Ұлы Жеңіске 50 жыл, «В.И.Лениннің 100 жылдығы», «І дәрежелі Ұлы Отан соғысы» және тағы басқа да көптеген орден медалдармен марапатталады. 8–ші атқыштар дивизиясы 1941 жылдың желтоқсанында Семейде әскери құрама 8-ші атқыштар дивизиясы жасақталады. Дивизия жауынгерлері екі мың алты жүз шақырымға жуық майдан жолынан өтті. Ауыр күндерді бастан кеше отырып, керемет ерліктер көрсетті.

1942 жылы сәуірде Семейден аттанған 8-ші атқыштар дивизиясы жолда 24 күн жүріп отырып, алғы шептен 100-110 километрдей Москва түбіндегі Тула қаласының Сталиногорск (қазіргі Новомосковск) қаласының станциясына келіп тоқтады. Орел облысының Ливны қаласы түбіндегі фашист басқыншыларымен 1942 жылдың шілде айында айқасқа түсіп, фашистерге соққы берді. Мәскеу түбінде соққы жеп, кейін шегінген жау өз жағдайын жақсарту ниетімен осы ауданда қарсы шабуыл жасады. Дивизия олардың алға басуын тоқтатып, қорғануға мәжбүр етті. Созақтық жауынгер Әдіхан Асанов жерде соғысып жүргенде тағы бір созақтық Құрал Рүстемов Касторное маңындағы жау ошақтарын көктен бомбалап жатты.

1943 жылдың қаңтарында дивизия жауынгерлері ірі темір жол торабы Касторное ауданында жау әскерлерін қоршап алып, құртып жіберді. Осы станцияда фашистер жүздеген вагонға тиеп, Германияға жөнелтуге дайындап қойған азық-түлік, дүние-мүлікті қолға түсірді. Касторное станциясында 2000 неміс солдаты, офицері, 40 қару-жарақ, 1000 автомашина, 500 ат, 15 танк, 800 вагон соғыс мүліктері және 6700 автомашина қолға түсірілді.

8–ші атқыштар дивизиясы 13 армияның сол қанатында өзінің шабуылын әрі жалғастырып, едәуір табысқа жетті. Дивизия мұнан кейін Малоархангельск станциясы, Курск иінінде қан төгіс ұрыстар жүргізді. Сол жылдың шілдесінде Курск иініндегі қантөгіс шайқастарда нағыз қаһармандарша айқасты. Бұдан кейін 8-ші дивизияның бөлімдері Десна, Днепр, Припять өзендерін кесіп өту үшін және Карпат тауларында болған ұрыстарда жеңіске жетіп, Украинаның ондаған қалалары мен жүздеген селоларын жаудан тазартты. Соғыстың соңғы кезінде туысқан чехославак халқын гитлершілерден азат ету ұрыстарына қатынасты. Жеңіс күнін Чехословакия астанасы Прагада қарсы алды.

Майданда командованиенің жауынгерлік тапсырмаларын үлгілі орындағаны үшін дивизия Қызыл Ту және Суворов ордендерімен марапатталды.

Әдіхан көкеміздің әкесі Асан бабадан 16 перзент дүниеге келіп. Соның 13 перзенті түрлі аурулар мен жағдайларға байланысты шетінеп, Асылхан, Әдіхан және Набат деген екі ұл, бір қыз қалады. Асылхан Ұлы Отан соғысында опат болады да хабарсыз кетеді. Набат апаның балалары, яғни жиендер Сарыағаш ауданында тұрады. Ал Әдіхан Ұлы Отан соғысына аттанып, елге жаралы болып оралған соң Әбдірайымқызы Бейсенкүлмен көңіл жарастырып, отбасын құрады. Оладың кіндігінен Әшімхан, Әлімхан, Айымхан, Күнімхан, Тілеу, Күнімжан, Айымжан, Маржан, Ләйла, Оразәлі, Бақытжан, Бауыржан есімді 12 ұл-қыздар өмірге келеді. Майдангер өмірден өткенімен соңында ізін жалғастырар 57 немере, 148 шөбере, 9 шөпшегі қалды.

Бүгінде қарашаңырақтың иесі Оразәлі бауырымыз, алыс-жақындағы ағайындардың басын қосып, ата-баба рухына ас беріп, құран бағыштап отыруды отбасылық ғұрыпқа айналдырған. Оразәлі бірнеше жылдар ұстаздық салада, Шаға ауылындағы Сәуірбек Бақбергенов атындағы жалпы орта мектебінде абыройлы еңбек етті. Кейінгі нарықтық заман елге енгеннен кейін кәсіпкерлік салаға алаңсыз бет бұрды. Жұбайы Орынкүл Атымтайқызы екеуі ауыл халқын қыс айларында азық-түлікпен, киім-кешекпен, жем-шөппен, жаз айларында көк өніс, бақша дақылдарымен қамтамасыз етуді өздеріне мақсат тұтқан. Арагідік ауылдастарына, түрлі іс шараларға қатысып, қайырлы сауапты істер жасап, ауыл-аймағының ауылдастарының ақ батасы мен ақ алғысына бөленіп жүрген өнегелі отбасы иелері. Бүгінде қолы ашық, жаны жомарт Оразәлі бауырымыз атадан аманат болып қалған қара шаңырақтың бас иесі болып, өзі де жұбайы Орынкүл екеуі немере сүйіп отырған ақсақалды ата, ақ киемешекті әжелердің бірі. Біз барғанда Орекеңнің шаңырағына Лесбек, Айдар, Асан, Нұржан, Әсет, Нағашбек есімді достары алыс-жақыннан жиылып бәтуәлі іске кеңесіп жатыр екен. Қарт майдангер мен сол сұрапыл жылдары елден ақ кебін арқалап, оралмай кеткен жауынгер аталарымыздың рухы алдында мәңгі бас иеміз! Ескерткіш алаңындағы өшпес оттың жалыны ерлерін ұмытпайтын елі тұрғанда ешқашанда сөнбек емес!

Мақсат Нұрдаутегі.

Үстіміздегі жылдың наурызында COVID-19 вирусының көз ілеспес жылдамдықпен таралуы әлем елдеріндегі ахуалды алаңға түсірді. Осыған орай біздің елдегі билік осы оқу жылындағы төртінші тоқсанды қашықтан өткізу туралы шешім шығарған болатын.

Сол кезде күрделі кезеңде таңдалған бұл қауіпсіз жол туралы   еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов  «Уақытша қашықтан оқыту кезінде мектеп оқушылары қажетті техникамен қамтамасыз етіледі. Қашықтан оқыту жүйесі бойынша қиындықтың туындауы мүмкін екенін жақсы түсінеміз. Бір отбасында бірнеше оқушы оқыса, бір компьютер мен бір смартфонды пайдаланудың ыңғайсыздығы немесе қажетті техниканың мүлдем болмауы мүмкін. Кейбіреулерде интернет байланысы да жоқ. Президент қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға тапсырма берді. Бұл мәселе қазір ерекше бақылауда. Әкімдіктермен бірлесе отырып, мектептегі компьютерлерді оқушылар мен мұғалімдерге уақытша пайдалануға беру, тіпті, қажет болған жағдайда, мектептерге қосымша техника (планшеттер немесе компьютерлер) сатып алып, оларды да уақытша пайдалануға беру мәселелерін қарастырудамыз. Кейбір өңірлер бұл жұмысқа кірісіп кетті»,- деп мәлімдеген. Бүгінде төтенше тоқсан түйінделіп, оқу жылы аяқталып, қашықтан оқыту туралы шешімнің оң нәтиже бергенін көріп отырмыз. Әрине, олқылықтар, кемшін тұстар кездесті. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында  жасаған мәлімдемесінде де атап өтті.  Осыған орай қашықтан оқыту бойынша өз шешімін күтіп отырған мәселелер реттелетіні белгілі.

Қашыктан оқытуды ұйымдастырудың әртүрлі технологиялары бар. Қашықтан білім беру мүмкіндігін ұсынатын оқу орындарының барлығы бір-бірінен белгілі қасиеттері бойынша ерекшеленеді. Олардың ерекшеліктері білім беру мазмұны мен деңгейі, білім алушылардың саны мен құрамы, техникалық және қаржылай мүмкіндігі бойынша айқындалады. Қашықтан білім беру жүйесі дамыған елдерде мемлекет деңгейінде қаржыландыру арқылы жүргізіледі. Қазіргі таңда дүниежүзіндегі дамушы елдердің барлық білім беру саласы қашықтан білім беру технологиясымен жұмыс жасауда. Мысалы, алпауыт елдердің бірі АҚШ-та 1995 жылдан бастап жоғары оқу орындарының 58% қашықтықтан оқыту технологиясына тәжірибе жасады. Сөйтіп оның тиімді екеніне көз жеткізді. Қазіргі таңда аталған елдегі мыңдаған оқу орындары осы технология бойынша жұмыс жасауда.

Өз ойымды қорытындылай келе қашықтан оқыту жүйесінің рөлі білім саласы үшін маңызды екенін баса айтқым келеді. Себебі, бұл жүйе арқылы мұғалімдеріміз бен окушыларымыз әлемдік ақпараттармен байланысуға, ғылыми және шығармашылық жұмыстарын жетілдіруге, әлемдік ақпарат кеңістігінде өздерінің білімдерін шыңдауга зор мүмкіндік алады. Жаңа  форматтағы қашықтан оқыту жүйесі тек ұстаздар қауымы үшін ғана емес, ата-аналар мен оқушыларға да пайдалы. Еліміздің алдағы уақытта өркениетті мемлекеттер қатарынан көрінуі, білімді әрі білгір ұрпақты тәрбиелеу заман талабына сай білім алудан, жаңашылдықтан бастау алатынын айтқым келеді.

 

Б. Михеев,

«Nur Otan» партиясы Шымкент қаласы, Қаратау аудандық филиалына қарасты «Қайнарбұлақ» БПҰ-ның төрағасы,

Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №83 жалпы орта мектебінің директоры.

Елімізде осы жылдың 1-қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) іске қосылғаны белгілі. Шымкент қаласы бойынша аталған сақтандыру жүйесіне бекітілген халық саны 900 мыңнан асады. Яғни, қала бойынша тұрғындардың 87 пайызы сақтандырылған. Дегенмен де, аталған жүйеге бекітілмеген өзге де тұрғындар медициналық көмекпен қамтылады. Ал мұндай жеңілдік қай уақытқа дейін жалғасады? Олар МӘМС бойынша өз мәртебелерін шегелеуі үшін қандай шаралар атқаруы тиіс?

МӘМС жүйесі денсаулық сақтау саласы бойынша нысаналы индикаторларға қол жеткізуде зор маңызға ие. Сондықтан да азаматтардың жүйеге тіркелуінде ешқандай мәселе туындамас үшін тәулік бойы жұмыс істейтін байланыс орталығының жұмысы ұйымдастырылған. Яғни, азаматтар сақтандыру қорының 1406 нөміріне хабарласып МӘМС бойынша көкейде жүрген барлық сұрақтарын қоюына болады.

Бүгінге дейін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының 1406-нөмірлі Call-орталығына Шымкент қаласы бойынша 133 арыз-шағым мен өтініш түскен. Оның ішінде бірнеше шағымдар медициналық мекемелерге қатысты мазмұнда болса, келесі бөлігі ондағы қызметкерлердін іс-әрекеттеріне қатысты талаптар болған. Сонымен қатар емханаға тіркемеу деректері де түскен.

Жоғарыда Шымкент тұрғындарының барлығы дерлік МӘМС бойынша сақтандырылмағаны туралы айтып өттік. Бірақ қор арқылы сақтандырылмағандарға медициналық көмекті алу құқығы 2020 жылдың 1-шілдесіне дейін ұзартылғаны белгілі. Осы мерзімге дейін елдің барлық азаматтары, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушы статусына қарамай, шартты сақтандырылған болып саналады.

Жеңілдікті кезеңінде азаматтар өздерінің сақтандыру мәртебесін анықтап, жарналарды төлеп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушысы болуы тиіс.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры МӘМС жүйесінің қаржылық операторы болып табылады. Оның жеткізушілері болып табылатын медициналық ұйымдар азаматтарға медициналық қызметтерді көрсеткеннен соң ғана қордан ақы алады. 2020 жылға Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Шымкент қаласы бойынша филиалы қаладағы 103 медициналық қызмет көрсетушімен шарт түзген. Олардың 32-сі мемлекеттік, 71-і жекеменшік санатындағы ұйымдар болып табылады.

Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 1- қаңтардан бастап іске қосылды. Өткен жылдармен салыстырғанда жыл басынан бері бұрын ақылы болып есептелетін КТ/MРТ, ультрадыбыстық қызметтерді көрсету көрсеткіші өскен. Сондай-ақ, оңалту және қалпына келтіру емдеріне де сұраныс бар.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры пациенттердің құқығын қорғауға бағытталғандықтан, медициналық ұйымдардың көрсеткен қызметтерінің сапасын тексергеннен кейін ғана, олар бойынша ақысын төлейді.

Жеңілдікті кезеңінде азаматтар өздерінің сақтандыру мәртебесін анықтауы қажет. Егер олар, яғни, азаматтар жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оны (оларды) тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін адам (баланың заңды өкілдерінің бірі), жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты, бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оның (олардың) күтіміне байланысты демалыста жүрген адамдар, мүгедек балаға күтім жасауды жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адамдар, бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасауды жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адам, зейнетақы төлемдерін алушылар, оның ішінде Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері, қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінде (қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерді қоспағанда) сот үкімі бойынша жазасын өтеп жатқан адамдар, тергеу изоляторларындағы адамдар, жұмыс істемейтін оралмандар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, мүгедектер, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алып жатқан адамдар, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті алушы азаматтар болса «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңының талаптарына сәйкес оларға жарнаны мемлекет төлейді.

Ал жоғарыда көрсетілген 15 санаттағы азаматтар тізімінде болмағандар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын төлеу арқылы МӘМС қатысушысы бола алады.

Естеріңізге сала кетсек, 2019 жылдың басынан бастап бірыңғай жиынтық төлем енгізілген. Оның ішінде, басқа әлеуметтік төлемдермен қатар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасы да бар. Бұл төлем азаматтарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуға мүмкіндік береді. Бірыңғай жиынтық төлемді еңбек етіп жүрген, жалдамалы жұмысшылар еңбегін пайдаланбайтын, жеке тұлғаларға қызмет көрсететін жеке тұлғалар төлейді.

Төлем республикалық, облыстық маңызы бар қалаларда 1 айлық есептік көрсеткіш (2778 теіге) болса, басқа елді мекендерде (ауыл, аудан т.б.) 0,5 АЕК құрады.

 

С. МЫНБАЕВ,

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының ШЖҚ «Психикалық денсаулық орталығы» МКК-ның бас дәрігері.                

А.С.Беден,

 «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»

КЕ АҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының бөлім басшысы.

Түркістан қаласындағы қоғамдық көліктер өз бағыты бойынша ешқандай кептеліске кезікпей, кедергісіз жүретін болады. Бұл «Bus Lane» («Bus» -автобус, «Lane» -жолақ ) жобасы аясында жүзеге асады. Мамандар бұл жоба қала өміріне жаңа тыныс сыйлайды деп сенеді.

Себебі «Bus Lane» яғни, жасыл түсті бояумен боялған автобус жолағында тек қоғамдық көліктер жүретін болады. Арнайы белгіленген жолақта басқа көліктердің жүруіне және тоқтауына тыйым салынады. Сарапшылар «Bus Lane» жобасы қоғамдық көліктердің кептелісте қалып, кестеден қалуын алдын алатынын алға тартады. Және жүргізушілердің жауапкершілігін көтереді деп біледі.

Автобус қозғалыстарына арналған жасыл жолақ алдағы уақытта қаланың барлық көшелерінде пайда болады. Әзірге ондай жолақ орталық Бекзат Саттарханов көшесінде бар. Б. Саттарханов көшесіндегі жолақта «Bus Lane» жобасының тесттік режимде жұмыс істеуі басталып кетті. Соған сәйкес тәртіп сақшылары көлік тізгіндеген азаматтардың жасыл жолақпен жүруіне рұқсат етілмейтіні жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұдан хабарсыз болып, арнайы жолаққа түсіп кеткен жүргізушілерге ешқандай айыппұл салынбайды. Бірақ «Bus Lane» жобасы толық қуатта жұмыс істей бастағаннан соң, арнайы жолаққа еніп кеткен көлік иелеріне айыппұл салынады.

Жолаушылардың бет алған бағытан қауіпсіз әрі дер уақытында жетуіне жол беретін «Bus Lane» жобасын қала әкімі Рашид Аюпов облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевке таныстырды.

 

Қ. ҚАЛИЕВ.

Қазығұрт ауданы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қолайлы аймақ. Сондықтан да тау етегінде ауданда егістік пен мал шаруашылығы жыл сайын алға жылжып келеді. Қазіргі таңда ауданда жергілікті жердің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуға ықпал етіп жүрген әлеуетті шаруалар жетерлік. Жуырда Қазығұртқа жасаған арнайы іссапарымызда сол шаруа қожалықтарының бірқатарын аралап, ондағы жұмыстармен танысып қайтқан едік.

 Қазығұртта жылыжай өндірісі жақсы жолға қойылған. Ағымдағы жылдың алғашқы 4 айындағы көрсеткіш бойынша аудандағы жылыжай аумағы 5,44 гектар жерге жеткен. Ауданда аталған шаруашылықтың қарқынды дамуы жолында «Ел-Мұрат» шаруа қожалығының қолтаңбасы орасан. Тұрбат елді мекеніндегі шаруашылық иесі Элмурад Сайтқұлов. Ырыздығын жерден терген диқанның егістік алқабы 12 гектарға жетеді. Оның 10 гектарына жеміс ағаштары отырғызылса, қалған бөлігінде жылыжай өндірісі жолға қойылған. Бүгінде жыл он екі ай тынымсыз жұмыс істейтін жылыжайда қызанақ пен қияр өсіріледі. Кешенде баптап өсірілген көкөніс өнімдері жергілікті жерде жақсы сұранысқа ие болып қана қоймай, өзге қалаларға да саудаға шығарылады. Шаруа басшысы мұның басты сыры диқандардың ең бірінші кезекте өнім сапасына аса мән беруінің арқасы деп түсіндіреді. Бұл туралы Элмурад Сайтқұлов «Біз бұл істі қолға алғаннан бастап өзге елдердің озық тәжірибесін үйрендік. Жұмысымызды жүзеге асыруда ғылым жаңалықтарындағы жемісті тәсілдерді пайдаландық. Соның нәтижесі болса керек 2 гектарға жуық жерді алып жатқан жылыжай бар болғаны 1 жыл ішінде бой көтерді. Жылыжай жақсы өнім беру үшін оған жақсы күтіммен қатар дәрумендер, минералды тыңайтқыштармен дұрыс қамтамасыз ету қажет. Зиянкестерден қорғау жұмыстарына үлкен ыждағаттылық қажет. Мұның барлығы тиянақтылықты, кәсібилікті талап етеді. Жылыжайды баптау жұмыстарының өз ережесі бар. Егер оны дұрыс орындамасаң, еңбегің еш кетеді»,- дейді. Осы бағыттағы жұмыстардың барлығында оң нәтижеге жету үшін шаруа қожалық заманауи технологиялардың тиімділігін пайдалаланып, соның арқасында жоғары сапалы өнім өндіруші ретінде абырой биігінен көрініп отыр.

Қазығұртта жылыжаймен қатар қарқынды бау өсіруге бет бұрған шаруа қожалықтары жетерлік. Соның бірі Әділ Батырбеков басшылық ететін «Бірлік 2020» шаруа қожалығы. Жер баптаған кәсіпкер бүгінде 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтып келеді. Тынымсыз еңбекті талап ететін маусымды кезеңде еңбек қолы 20 адамға барады. Қожалықтың ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 30 гектарды құраса, соның 10 гектарына алма ағашының «Голден Делишес», «Джонотан», қара өрік ағашының «Исполинский» сорттары отырғызылған. Бұл жоба үшін кәсіпкер Әділ Батырбеков өз қалтасынан 16 млн. теңге қаржы жұмсаған. Жеміс көшеттері алдыңғы жылдары нышан көрсетіп үлгерген. Биыл толық өнім беретін болады. Жалпы бүгінгі таңда аудан көлемінде жеміс беру жасындағы бау- бақша аумағы 1984 гектарды құрайды. Аудан әкімдігі былтыр бау-бақшаның 1 гектарынан 10 тонна өнім алып, нәтижесінде 19840 тонна жеміс жиналғанын алға тартады. Ал биыл аудан шаруалары одан да көп өнім жинау үшін барын салуда екен.

Бұдан бөлек ауданда бие сүтін өндіру ісі өрге басып келеді. Істің көзін таба білетін кәсіпкер Бауыржан Батырбеков 2018 жылы бие сүтін өндіру кешенін құрды. Жобаның жалпы құны 118 млн. теңге. Кешендегі мал саны 120 бас. Олардың ішінде бие саны 100-ге жетеді. Жылдық қуаттылығы 50 тонна бие сүтін құрайды.

Ауданда 84,5 мың гектар егістік жерді игеру мақсат етілсе, бүгінде ол меже 100 пайызға орындалған.

 

P.S.

Бізді ауыл шаруашылық саласының қарбалас тірліктерінен қаймықпай, бүйірін шығарып жүрген шаруа қожалықтарының жұмысымен Қазығүрт ауданының әкімі Төлеген Телғараевтың өз таныстырып жүрді. «Жақсылықты көрмек үшін» деп жүрген біздерге ол кісі мамыр айының ортасында қатты жауын салдарынан су алған ауылдарға да алып барды. Табиғат тосын мінез танытқан сол күні аудандағы Жігерген ауылдық округінің үш ауылы сел зардабын тартқан болатын. Салдарынан 30 үйдің ауласына су кіріп, 4 қора құлаған. Бұдан бөлек Қаржан елді мекенінде 2 үй, 1 емхана, 1 дәріхана, 2 қоражайдың аулаларына су кірген. Ал Қызылата елді мекенінде 4 үй, 1 мешіттің ауласына су кіріп, адамдар біраз әуре-сарсаңға түскен. Айтып келмейтін апат орын алған кезде, облыс басшылығы Мақтарал ауданында орын алған сел жұмыстарының зардабын жою, Төлебиде төтеннен болған жергілікті сипаттағы төтенше жағдайға (сел) байланысты тиісті жұмыстарды атқарып жүргені белгілі еді. Осыны назарға алған аудан басшылары өзгелерге алақан жаймай, жергілікті жердің кәсіпкерлеріне қиындықтан бірге шығу туралы үндеу тастайды. Оны қазығұрттық кәсіпкерлер бірауыздан қолдай түседі. Сөйтіп олар зардап шеккен тұрғындарға жарамсыз күйге түскен үй жайлары, қоралары үшін қажетті құрылыс материалдарын әперіп, демеушілік танытады. Енді 2 – 2,5 ай көлемінде ауданда селден бұзылған нысандар бүтінделіп, жарамсыз болған баспаналар қайта бой көтеретін болады.

 

Т. ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ.

Беттегі суреттерді түсірген

Азат ДИДАРБЕК.

Биыл Еріктілер жылы. Еріктілер – адал еңбегімен айналадағы адамдарды ыстық ықыласқа бөлеп, бірақ ол үшін ақы алмайтын, ерік-жігерге ие жандар. Жыл басынан бері елімізде бірлігіміз бен төзімділігіміз сыналар сын-сағаттар көп болды. Олардың қатарында пандемияға ұласқан коронавирус індетін ауыздықтау бағытындағы түрлі шараларды өз деңгейінде орындау міндеті болды.

Яғни, эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру бағытындағы төтенше жағдай режиміне орай шектеу талаптарына мойынсұну, карантин құрсауында болу сынды жағдайларда күн кешу қазақстандықтарға оңай соқпағаны белгілі. Екі айға жуық уақытқа жалғасқан шектеулерден соң қалыпты өмірге өтудің бірінші кезеңіне енді аяқ басқалы отырғанда Мақтаралдағы бірқатар ауылдардың су астында қалуы қабылдауға ауыр төтенше оқиға болды. Ерікті болу адамның қызметіне, жасына, біліміне қарамайтынын осындай күрделі ахуалдарда айшықтала түсті.

Шымкенттік еріктілер қайырымды қала болу қуаттылығын арттыра түсуде. Ерікті болу жан қалауымен игі дүние жасау арқылы, өзіне рухани күш беріп, кемелдене түсетіндей. Бұл Абайша айтқанда «толық адам» болуға бастар жол емес пе?!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылды «Еріктілер жылы» деп жариялады. Президенттің бастамасымен еріктілер «Bilim», «Qamqor», «Úmit», «Sabaqtastyq», «Taza Álem» және «Saulyq» атты 7 салалық бағыт бойынша жұмыс істеуді бастады.

Және ерікті болуға екпін беріп қана қоймай, осы бағытта өнімді істердің ортасынан табыла алған студенттерге шәкіртақының 30 пайызға өсетінін айтты.

Еріктілер барлық қоғамда бар. Дөңгеленген дүниеде еріктілердің басым көпшілігі – АҚШ-та екен. Ең қызығы, бұл мемлекетте балаларды мектеп жасынан бастап жақсылық жасауға баулиды. Ал, волонтерлікпен айналысу – алпауыт мемлекет азаматтарының ең басты қасиеттерінің бірі болып саналады. Осы бір ақысыз қызметпен, қайтарымсыз жақсылықпен айналысу – олар үшін мәртебелі іс. Тіпті, жас маманның аса бір қызмет өтілі болмаса да, түйіндемесінде ерікті болғаны туралы жазылса, жұмыс беруші тарап мұны жетістіктің бірі ретінде бағалайды. Сондықтан да ондағы колледж және ЖОО студенттері ерікті болуға асығады. Үйренетін бұл үрдіс біздің елімізде де орын алуы әбден мүмкін. Елімізде бұдан былай ерікті студенттердің еңбек кітапшасында волонтерлік еңбек өтілі жазылатыны соған барар басты қадам болып тұр. Бұл әдіс жастарды ерікті болуға шақырудың ең оңтайлы шешімі іспетті. Жалпы студент кезден бастап қайырымды іс атқарған жас өмір жолында жақсы бастамаларға мұрындық болып, саналы ұрпақтың қалыптасуына септігін тигізері хақ.

Қазақ қоғамында ерікті болу қанда бар қасиет секілді. Әлі күнге дейін қоғамда асарлатып үй іргесін құйып, қабырғасын өріп, баспана салу – осы сөзіміздің айқын дәлелі.

Еріктілік – әрбір адамның белсенділігін арттырып қана қоймай, өмірлік тәжірибелерді жинақтауға, әлемді басқа қырынан танып, мол сауап жинап, бос уақытты пайдалы әрі тиімді өткізуге мүмкіндік беретін бірден-бір жол. Сол себепті де, еріктілікке жұмсалған уақыт – адами прогресстің бастауы болмақ.

Біздің колледждің тәрбиелік бағыттарының бірі – студенттерді қоғамдық жұмыстарға белсенді жұмылдыру. Осы бағытта колледжіміздің студенттік ұйымы жеке тұлғаның имиджін қалыптастыруда ерекше іс-шаралар жүргізе білді. Соның жарқын нәтижесі ретінде небәрі ІІІ-курста білім алатын студентіміз Т.Казьминнің қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып, азаматтық көзқарасын қалыптастырып, бүгінгі таңда Шымкент қаласы Жастар мәслихатының депутаты атануын айта кеткен жөн.

Сонымен қатар, колледжімізде волонтерлік қозғалысқа ерекше мән берілуде. Студенттерден құралған «Мейірімді топтар» ұйымы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне жыл сайын ерікті ретінде көмек көрсетеді. Студенттер қарттар үйі мен балалар үйін назардан тыс қалдырмай әрдайым қайырымдылық акциясын, концерттер өткізеді. Айтып келмейтін апат кезінде де жұмыла көтерген жүк жеңіл деген принциппен жүргізілген жұмыстардың ортасынан табылуға дайын жүреді.

Қазақстанда әлеуметтік еріктілік белсенді қарқын алған. Айтып келмейтін апатта, қарттар мен мүгедек азаматтарға, баспанасыз қалған отбасыларға Үкімет тарапынан көмек көрсетілсе де, еріктілер үстеме көмек беруден тайсалмайды. Осы тұрғыда еріктілік – әлеуметтік мәселелермен ғана шектелмейді. Спорт саласында, қоршаған ортаны қорғауда, мерекелік, халықаралық деңгейдегі іс-шараларда еріктілердің көмегі қажет. Бұл бағытта оқу ордамыздағы жігерлі жастарымыз өрістерінің кең екенін дәлелдей алды. Атап айтқанда, ел астанасында өткен «ЭКСПО-2017» көрмесінде үш тілді меңгерген, белсенді жастарымыздың шетелдіктерге төл мәдениетімізді дәріптеуі, спорттық салада да түрлі марафонға қатысуы соған негіз.

Қоғамға ең алдымен пайдалы адам керек. Қоғамды бір тірі организм деп алатын болсақ, еріктілер сол ағзаға қан тамырлар сияқты жақсылық таратушы. Олар үшін жұмыс ауыр немесе жеңілге бөлінбейді. Өз істерін қара жұмыс деп те санамайды. Ерікті адам өз уақытын, ерік-жігерін, бар күшін сарп етіп, шын ықыласпен қызмет көрсетеді. Ал, олардың қызметін марапаттап, қолпаштап отыру, тиісінше құрмет көрсету жақсылыққа жақсылықпен жауап беру емес пе?!

Жақсылық кереңнің ести алатын, соқырдың көре алатын дүниесі. Ал біз өз тарапымыздан жақсылық жасаушыларды сөзбен демеп, қолдан келгенше қолдау көрсетсек нұр үстіне нұр.

Елімізде кәсіпкерлердің саны жылдан-жылға артып келеді. Өз кәсібін дөңгелетіп отырған көптеген кәсіпкерлер жомарттық жағынан да қоғамға үлгі. Олар қаншама азаматтарды жұмыспен қамтып қана қоймай, түрлі қайырымдылық іс-шараларымен айналысып, ізгі қоғамның іргетасын қалауға әрекет етуде. Жомарттығын жариялылықтан жасыратын нағыз атымтай жомарттардың да есебі сансыз. Десе де, мұндай игілікті істі телеарналардан көрсетіп, газет-журналдар мен әлеуметтік желілерде дәріптеу жастарға үлгі. Мұндай кәсіпкерлерді бизнестегі волонтер деп атасақ қателеспейміз. Бизнестегі волонтерлардың өзі екіге бөлінеді. Бірі — өз еркімен қолдау жасайтын кәсіпкерлер. Екіншісі – жекелеген органдардың өтінішін жерге тастамай, қайырымдылықпен айналысатын кәсіпкерлер тобы. Осы орайда, екі топты да бөліп-жарудың негізі жоқ. Себебі, мақсат – бір. Ұлы ойшыл Сенека: «Жақсылыққа құр сөз арқылы шақырып, ынталандыру мүмкін емес. Адамның табиғаты сол – кез-келген нәрседе үлгіні қажет етеді», -дейді.

Әлемдік баспасөз беттерінде миллиардерлердің жасаған қайырымдылық ісі, бөлген қаражатының көлеміне дейін көрсетіледі. Технология саласында едәуір жетістікке жеткен Стив Джобс, Уоррент Баффет сияқты атақты кәсіпкерлер табысының бір бөлігін қайырымдылыққа жұмсайтыны болашақ кәсіпкерлерге бай болудың бір сыры ретінде дәріптеледі. Бұл қазақ дәстүрінде бұрыннан жомарттық деп аталады. «Жомарттың қолын жоқтық байлайды», деген байлам да бар. Десе де, асқан дәулетсіз-ақ, жақсы сөзімен жарым көңілге демеу берген қазақ емеспіз бе? Тіпті, ертегі кейіпкері Алдар көсенің өзі сараң байларды сыбап, сынап қоятын әрекеті күлкімен келтірсе де, астарында тәрбиелік мән жатыр.

Жүрекке әжім түспейді. Жүрек қартаймайды. Жүрек қалауымен жасалған жұмыс жан сарайыңа тыныштық орнатары хақ. Сол себепті, ерікті азаматтардың жүрегі әрқашан мейірімге толы. Біздің ғаламшар – мейірім ғаламшары. Түптің түбіне келгенде біреуге жасаған жақсылығың өзіңе жасаған жақсылық емес пе? Адамның қолынан жақсылық та, жамандық та келеді. Мен өз тарапымнан болашақта ерікті бола алатын жастардың көбейгенін қалаймын. Себебі, біреудің мұң-мұқтажын түсіне білген адамнан қоғамға пайдалы тұлға шығады.

Қазақтың бас ақыны, Абай Құнанбайұлы «Жұмысы жоқтық, Қарыны тоқтық, Аздырар адам баласын», — деген.

Абай атамыз айтып кеткен бұл жолдар ешкім талас тудырмайтын аксиома екені бәріне аян. Ал мұндай «апатқа» түспеудің кезекті бір жолы – ерікті болу. Шындап келгенде еріктісі көп қоғамның қолы бос, құр жүрген адамы азаяды.

Еріктілер жылының бірінші жартыжылдығы да аяқталуға жақын. Бір ғана жылдың ішінде бүкіл шаруа шешіліп кетуі мүмкін емес. Бірақ, осы жылғы жұмыстардың нәтижесі ауыз толтырып айтқанға тұрарлықтай болып, нәтижесінде марапатталатын жастардың саны көбейе түссе, соның өзі ғажап. Себебі, жақсылық жасап жарысатын еріктілер саны көбейсе, қоғамның әлеуеті артып, жастар да уақытын тиімді пайдаланатын еді.

 

М. АРЫНБАЕВ,

Шымкент қаласы білім

басқармасының «Политехникалық колледжі» МКҚК директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары,

Ж. ОРАЗАЛЫ,

Шымкент қаласы білім

 басқармасының

«Политехникалық колледжі» МКҚК директорының

оқу-өндірістік жөніндегі

 орынбасары.