Маңызды

Осы аптада Шымкент қаласы әкімінің өкімімен Садыр Ербол Әбілхайырұлы қала әкімінің орынбасары болып тағайындалды.
Есімі күнгей жұртына жақсы таныс ол бұған дейін Түркістан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Жоғары білімді.
Экономист мамандығын меңгерген. Қырықтың бел ортасына келген Ербол Садыр ең алғаш еңбек жолын Созақ ауданы орталық ауруханасы бас дәрігерінің экономика жөніндегі орынбасары болып бастаған. 1995-2013 жылдар аралығында Созақ ауданы әкімшілігі экономика бөлімінің бас маманы, меңгерушісі, экономика, шағын және орта бизнесті қолдау, кәсіпкерлікті қолдау және дамыту жөніндегі бөлімдерінің меңгерушісі, облыстық кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі басқарма бастығының орынбасары, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы инвестициялық саясат бөлімінің бастығы, Оңтүстік Қазақстан облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы қызметтерін атқарған. 2013 жылдың мамыр айынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болған. 2018 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы болып қайта құрылған кезде де ол облыс әкімінің орынбасары қызметін жалғастырған.
Ол Шымкенттің кәсіпкерлік, ауылшаруашылық, табиғатты қорғау, туризм және цифрландыру салаларына жетекшілік етеді. Осыдан-ақ, қала әкімі Ерлан Айтахановтың оған зор сенім артып отырғаны анық байқалып тұр.
Ал Ербол Садырдың бұл сенімді қалай ақтайтыны алдағы күннің еншісінде.

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесі Арыс қаласындағы құрылыс жұмыстарының барысы туралы жауапты азаматтармен мәжіліс өткізді.
Мәжіліске Арыс қалалық мәслихатының хатшысы, мәслихат депутаттары, құрылысқа жауапты мекеме басшылары, партия белсенділері қатысты.
Жиынды ашқан «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы Төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстарының барысы облыс әкімі мен «Nur Otan» партиясының үнемі назарында екенін атап өтті.
«Nur Otan» партиясы Түркістан облысы филиалы Арыс қаласында орын алған төтенше жағдайға байланысты тұрғындардан түскен арыз-шағымдардың оң шешілуіне ықпал ететін болады. Бүгінде облыстық филиалға қала тұрғындарынан 175 шағым түсіп, оның 126-ы оң шешімін тапты. Қазіргі таңда 49 мәселе қаралуда. Арыс қаласында құрылысы толық біткен баспаналар 90,7 пайызға жетті. Жарылыстан зардап шеккен шаһарды қалпына келтіру кесте бойынша жүргізілуде. Бірақ бүгінгі таңда үй иелерінің келісім бермеуіне байланысты 53 баспанада құрылыс басталмаған. Ендігі кезекте біз тұрғындардың талап-тілегін тыңдап, өтініштеріне құлақ асатын боламыз», деді «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б. Тәжібаев.
Айта кетейік, өткен айда «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Арыс қаласына арнайы келіп, қаладағы қалпына келтіру жұмыстарымен танысқан еді. Сондай-ақ тұрғындармен кездесіп, арыстықтарға мемлекет тарапынан жан-жақты көмек көрсетілетінін атап өткен болатын. Осы орайда, «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы Төрағасының бірінші орынбасары
Б. Тәжібаев мәжілістен соң бірден қаладағы 9, 12 сектор жұмысын бақылап, тұрғын үйлерді аралады.
Жалпы, Арыс қаласында тұрғын үй саны – 8634. Төтенше жағдайдан кейін жөндеу жұмыстарын қажет ететіні 7197 құрайды. Ал 433 баспана толық қалпына келтірілмек. Соның ішінде жаңадан 420 жеке тұрғын үй мен 3 көпқабатты үйді қайта соғу жұмыстары жүргізілуде. Әрбір сектордағы жұмыстарды жүргізу үшін облыс, қалалардан 7579, аудандардан 315 жұмысшы тартылған.

«Nur Otan» партиясы
Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі.

Қарлы шыңы көктем кеткенше алабастанып жататын қарт Қаратаудың бөктері күннен күнге жасыл желекке оранып, табиғаттың тынысын ашып, ауылдың ажарын айшықтап тұр.
Әрине, жайқалған ауыл, күнделікті тіршілігіне қуат берген тұрғындарының кең тыныстауы ауыл азаматтарының алақан табының адал еңбектері мен маңдай терлерінің жемісі болса керек. Таудан төмен қарай ауыл ішіне енсең алдыңнан зәулім мектеп ғимараты менмұндалап шығады. Бұл Созақ тарихында аты қалған алғашқы Күмісті, Ф.Энгельс, кейіннен генерал И.В.Панфиловтың атын берген қастерлі блім ошағы. Жалпы орта мектеп тарихы 1930 жылдардан бастау алады. Мектеп алдымен Күмісті елді мекенінде сауат ашу мектебі болып қалыптасып, 1935-1941 жылдары бастауыш мектеп, 1941-1963 жылдары қайта құрылып, И.В.Панфилов атындағы жеті жылдық мектеп болып аталды. 1962 жылы Қаратау кеңшары ашылуына орай мектеп осында көшіріліп, 1963-1965 жылдары сегіз жылдық, 1965-1966 оқу жылында Панфилов атындағы орта мектеп болып қайта ашылды. Тұңғыш түлектер орта мектепті 1966 -1967 оқу жылында бітіріп шықты. Бүгінгі таңға дейін мектеп түлектерінің 13-і «Алтын» медальмен, 40-ы ерекше үлгідегі аттестаттармен, 75-і үздік куәліктермен бітірсе, 14-і академик, профессор, ғылым кандидаттары атағын алып, елімізде ғылымның дамуына өз үлестерін қосуда. Сонымен қатар, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына бірқатар түлектер халықаралық және республика көлемінде түрлі салада еңбек етіп келеді. Мектебіміздің 2008-2009 оқу жылының бітіруші түлегі, «Алтын белгі» белгісінің иегері Дүкенбаева Айшабибі 2009 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің механика-математика факультетінің математика мамандығына грантқа түсіп, 2013 жылы бакалавр дәрежесін алып, осы мамандық бойынша магистратураға түсті. Осы жылы магистратурада білім алып жүріп «Болашақ» бағдарламасын жеңіп алады.
Қазіргі таңда Алматы қаласында «Математика және математикалық модельдеу» институтында кіші ғылыми қызметкер болып жұмыс атқарады. Мектеп 2011 жылдың 14 желтоқсанында типтік үлгідегі 200 орындық жаңа ғимаратқа қоныс аударған.
Мектеп директоры Іргебай Омардың айтуынша мектепте арнайы жабдықталған мектеп шеберханасы, қашықтықтан оқыту, қызмет көрсету, дәрігерлік бөлме, кітапхана, буфет және 72 орындық асхана, 128 орындық акт зал жұмыс істейді. Мектепте 1 компьютер және 1 лингафонды мультимедиялық кабинет сыныбы бар.
Ағымдағы оқу жылында мектепте бюджеттің есебінен «Робототехника» кабинетімен жабдықталды. Сондай-ақ, арнайы жабдықталған биология, химия, физика және математика кабинеттері және онда 4 интерактивті тақта жұмыс істейді. Одан басқа 9 интерактивті тақта, барлығы 13 интерактивті тақтамен жабдықталған. Еліміздің жарқын болашағы – бүгінгі жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруде елеулі еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі мұғалімдер: Р. Үсенбаева,
М. Сенбі, Ғ. Имашов, Ә. Көпберген, Л. Шериязданова, А. Дүкенбаев,
Ж. Мұртазаева, Ұ. Пралиева,
К. Төлепбергенова, Г. Бимендиева,
Н. Имашова, С. Тұтқышева,
Л. Қойшыбаева, Л. Сүлейменова,
Н. Омар, Н. Садуова, Г. Анарбаева, Ә. Әлиеваларлар өз шәкіртінің заман ағымына сай білімді де, білікті азамат болып өсуіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын, өз кәсібіне сүйіспеншілікпен берілген, шығармашылық ізденісімен ерекшеленген мамандар.
Өткен оқу жылында аудандық пәндік олимпиададан мектеп оқушылары Жанболат Нұрбақыт, Сайлаубек Қамажай, Рысдаулет Айшабибі, Әбілхан Манар, Сейтмахан Балсая, Байзақ Аманғали жоғары нәтежие көрсетті.
Республикалық «Көк тудың желбірегені» атты ән байқауында Сәкенқызы Айгерім 1 орын, Байзақов Аманғали 3 орын иеленді.
Оқушылардың жазғы сауықтыру жұмыстары да назардан тыс қалмады. Мектеп жанынан сауықтыру алаңына бастауыш сынып оқушыларынан 2 ауысымда 120 оқушы тартылып, бір мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілсе, аула клубына 30 бала, көгалдандыру бригадасына 2 ауысымда 40 бала, мектеп орманшылығына 2 ауысымда 40 бала тартылды.
Көгалдандыру жұмыстарына келсек, туған жерді көркейту, көгалдандыру жұмыстарын жүзеге асыру мақсатында ұжым бірқатар жұмыстар атқарып келеді.
– Біздің ұжым аудан мектептері арасында көркейту-көгалдандыру және мекеменің ішкі, сыртқы тазалығын өз дәрежесінде сақтағаны үшін «Таза мекеме» номинациясы беріліп, аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталған. Сонымен қатар, мектеп ауласында 2017 жылы «Қаратау» ЖШС-нің демеушілігімен заман талабына сай 30 м2 жылыжай тұрғызылды. Жылыжайда жыл сайын түрлі гүл тұқымдары егіліп, мектептің ауласына отырғызылады. Жылыжай құны 350 000 теңгені құрайды екен.
Сондай-ақ мектептің қосалқы шаруашылығында 1 га «Алтын ұя» саябағы, 10 га «Қызылсеңгір» және 8 га «Күмісті» жеміс баулары бар. Онда бүгінгі таңда 4862 дана жеміс ағаштары мен түрлі декоротивті талдар өсірілуде. Оның ішінде, мектеп ауласында түрлі 1600-ге жуық түрлі декоротивті талдармен, жеміс ағаштары өсуде.
Мектеп ауласында орналасқан «Отан үшін от кешкендер» және «Панфилов» ескерткіштерінің айналысына түрлі гүлдер егілген.
Сондай-ақ, әрбір жылдардағы бітіруші түлектердің демеушілігімен жасалған «Қызыл сеңгір» жеміс бауында 2500-ға жуық жеміс ағаштары өнім беруде. Бұл баудың бүгінгі көрсеткіші мектепті көптеген жылдар басқарған, ардагер ұстаз (марқұм) Мекебаев Саржан ағамыздың еңбегі және бүгінгі күнге дейін аянбай еңбегін көрсетіп келе жатқан мектеп ұжымының ынтымағы мен бірлігінің, еңбекқорлығы мен ауызбіршілігінің жемісі,-дейді мектеп директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Іргебай Омар.
Осындай қосалқы шаруашылық жұмыстарының нәтежиесі және елге пайдасын тигізу мақсатында мектеп жылдың көктем, күз айларында аудан мекемелері мен өзге елді мекендердің көркейуіне үлестерін қосу мақсатында соңғы үш жыл көлемінде 60000-ға жуық қара тал көшеттері тегін таратыпты.
Әрине, осынау қыруар еңбек пен оның мерейлі жемісі ұжымды ұйыстырған татулық пен жарастықтың ұйытқысы арқылы келері анық. Біз ауылдан ұзап кеткенде бұлдыр-бұлдыр сағыммен, желегі жайқалған алтын ұя-құт шаңырақ қол бұлғап қоштасып қалғандай болды.

Мақсат Қарғабай,
Журналистер одағының мүшесі.

Биыл Шымкентте шомылу маусымы сәуір айында басталып, қыркүйекке дейін жалғасатын болады. Оқыс оқиғаларды алдын алу шаралары мен тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын кең көлемде жүргізудің нәтижесінде бүгінге дейін су айдындарында бірде-бір жазатайым дерегі орын алған жоқ.
Өткен жылы осы мерзімде үшінші мегаполисте мұндай жағдай бойынша 4 оқиға тіркеліп, 2 бала суға кеткен еді. Алдағы уақытта да тұрғындар арасында жазатайым жағдайларды болдырмау бойынша тиісті шаралар жалғасын табатын болады.
Бұл туралы Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта қалалық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ерғали Бахаев мәлімдеді.
Қазіргі таңда қалада 4 өзен, 4 су қоймасы, 5 тоған және 22 демалыс орны (аквасаябақтар, саяжайлар және т.б.) бар. Шомылу маусымы басталмас бұрын және оның өтуі кезеңінде де мамандар осы су айындарында адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларына көп көңіл аударған. Жергілікті халық арасында бақыланбайтын орындарда шомылу, балық аулау кезінде судағы қауіпсіздік қағидаларын сақтамау, су айдындарының қасында ересектердің қарауынсыз балалардың болуы – судағы жазатайым оқиғалардың негізгі себептері болып саналатыны жөнінде түсіндіру, ескерту жұмыстары жиі жүргізілген. Осы бағыттағы түсіндіру жұмыстарына ерікті студенттер мен жергілікті полиция қызметі тартылған.
Осы жәйттерді алға тартқан Ерғали Жарасбекұлы шомылу маусымы аяқталмағандықтан арқаны кеңге салу әлі ерте екенін, сондықтан да қазіргі таңда жедел-құтқару жасағының жеке құрамы күшейтілген режимде жұмыс жүргізуді жалғастырып жатқанын жеткізді.

С. НҰРАЙ.

Осы тамыз айында теңге теңселді. Доллар құны көтеріліп, ұлттық валютамыз әлсіреді. Ақша айырбастау орындарында 388 теңге 1 АҚШ долларына тең келді. Доллардың теңгеге шаққандағы бағамының мұндай көлемге дейін көтерілуі ел тарихындағы рекордтық көрсеткіш болды. Экономистер теңгенің бұлайша құлдилауын Ресей рублінің әлсіреп, мұнай бағасының төмендеуімен, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы сынды сыртқы факторлардың әсерімен байланыстырды.
Экономикадағы мұндай күрт өзгерістен біраз халық
жиған-терген теңгелерінің құны көк тиын болып қалады деп қауіптенген сыңайлы. Соңғы бір айда тұрғындардың валюта айырбастау орындары арқылы 1 млрд. АҚШ долларын сатып алғаны соған дәлел. Оны төл ақшамызға шаққанда 384 миллиард теңге болады. Осылайша долларды сатып алу көрсеткіші өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5 есеге бір-ақ өскен.
Мамандар бар жиғанын құны күшті АҚШ долларына айырбастауда қай өңірдің алға шыққанын да анықтап үлгерді. Теңгесін АҚШ валютасына ауыстырғандар тізімінде Алматы қаласының тұрғындары көш бастаған. Іргелі қала тұрғындары соңғы бір ай ішінде 112,5 миллиард теңгесін долларға айырбастаған. Екінші орында Нұр-Сұлтан қаласы тұр. Елордадағы айырбас пункттерінде аталған уақыт аралағында 48 миллиард теңгеге жуық қаржы долларға ауыстырылған. Ал үшінші орынды 43 миллиард теңгемен Шымкент еншілеген.
Десе де, сала мамандары доллардың нығайып, теңгеның құнсыздануы байқалған алғашқы сәттерден-ақ тұрғындардың валюта айырбастау пункттеріне қарай ағылуы қажет еместігін қадап айтқан болатын. Алайда, қолында қаржысы барлар бұл кеңеске құлақ аспағанын жоғарыда келтірілген сандар анық көрсетіп тұр.

М. ӘБДІРАЙЫМ.

Түркістан облысы, Түлкібас ауданына жыл басынан бері жалпы 6 062 турист келген. Соның ішінде 473 шетел азаматтары. Бұл көрсеткіштер былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1040 туристке немесе 14 пайызға артып отыр.
Баршамызға белгілі орналастыру орындары болмаса туризм де болмайды. Аудан аумағында 2 қонақ үй: «Карима» және «Ережеп Ата», 2 емдік-сауықтыру орыны: «Ақсу-Жабағылы оңалту сауықтыру кешені» және «Ақ-бұлақ балалар өкпе құрт емдік шипажайы», 7 балалар сауықтыру лагері: «Машат-Арасан», «Таң нұры», «Машат Ерке», «Арман», «Б.Саттарханов», «Отырар», «Орбита», 18 демалыс аймақтары келіп демалушы қонақтарға қызмет көрсетеді. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің Түлкібас ауданы аумағында да жол бойы қызмет көрсету орталықтары ашылып, жұмыс істеуде.
Сонымен қатар Гүлдер, Водник балалар лагерлерін де қайта құрылымдау, қалпына келтірту жұмыстары жүргізілуде.
Аудан аумағында туризм саласын дамытуға бағытталған біршама инвестициялық жобалар биыл іске қосылуы жоспарланып отыр.

Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Қазақстанда тұрғындар саны 18 миллионнан асады. Шілде айының соңындағы көрсеткіш бойынша ел тұрғындарының 4,8 пайызы жұмыс таппай сабылып жүр. Бұл барлығы 440,9 мың адамды құрайды.
Жуырда Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті осындай мәлімет таратты.
Статистика комитеті соңғы екі айда жұмыссыздық деңгейінің көрсеткіші төмендемегенін алға тартуда. Жалпы шілдеде жергілікті жердегі жұмыспен қамту орталықтарына 172,7 мың тұрғын жұмыссыз ретінде тіркелген екен.
Ал республика экономикасында 8,8 миллион адам жұмыспен қамтылған. Олардың 76,1 пайызы жалдамалы жұмыс бойынша екі қолға бір күрек тапқандар болып табылады.
2019 жылдың ІІ-тоқсанындағы бағалау бойынша жасырын жұмыссыздық 30 мыңнан астам адамға тең екені анықталған.

Жуырда арнайы жүргізген зерттеу кезінде шөлді басады деген каркаде шайының тіс эмалдарын бұзатыны анықталған. Мамандар мұндай тұжырымға келу үшін тест жүргізген. Оған 116 түрлі сусынды қолданған. Бұл туралы Вести Наука сайты жазады.
Ақ халаттылар бұл зерттеу жұмысы үшін тіс дәрігерлерінің бөлмесінде қалған 300 сүт тіс пен мыңнан астам кәдімгі тістерді қолданған. Сынақ кезінде оларды сусын ішінде екі минутқа қалдырып қойған. Белгіленген уақыт таяған соң, оларды алып, эмалдарының қаттылығын өлшеген. Сол кезде каркаде шайы өзге сусындарға қарағанда тіс эмалының әлсіреуіне көп әсерін тигізетініне көз жеткізілген.
Сонымен қатар Fanta, Pepsi, Coca-Cola сынды газды сусындар да тіс эмалдарының зақымдалуына жол беретіні белгілі болған. Алкогольді және энергетикалық сусындардың да пайдасынан гөрі зияны көп екені анықталған.

Әлемде сіңірі шыққан кедей елде өмір сүретін 110 миллион адам күніне 1, ал 3,4 миллиард адам тәулігіне 2 АҚШ долларымен күнелтеді. Бір айдың ішінде аштық деген алапат жұттан жер бетінде 750 мың адам көз жұмады екен. Бұл туралы деректі inbusiness.kz БҰҰ-ның 2019 жылдың бірінші жартыжылдығын қорытындылаған мәліметіне сүйене отырып жазады.
Бүгінде жалпы ішкі өнім көрсеткіші 765 АҚШ долларынан төмен елдер кірісі аз мемлекеттер қатарына жатқызылады. Мұндай мемлекеттер санатында Либерия мемлекеті бар. 1990 жылдан бастап кедей мемлекеттер қатарында көш бастап келе жатқан бұл елде халықтың 85 пайызы жұмыссыз. Ал халық саны 77 миллионнан асып жығылатын Конгода да ашаршылық белең алған. Адамдардың ерте өлімі көп тіркелетін ол жерде әлі күнге дейін каннибал тайпалары кездеседі.
1971 жылдан бастап кедейліктің қамытын киіп жүрген елдің бірі Буринди. Әскери қақтығыстарды басынан көп кешірген Буриндиде 37 мың адамға 1 дәрігерден келеді. Халық саны 2,293 миллион адамды құрайтын мемлекетте дәрігерден бөлек, өзге де салаларда кадр тапшылығы кездеседі.

Жуырда Эбола безгегін емдейтін дәрі қолданысқа енгізілуі мүмкін. Қазіргі таңда дертке дауа болатын препарат АҚШ-тағы инфекция және энергиялық институтта зерттеліп жатыр.
Ғалымдар сынақтағы 2 препарат эболадан 90 пайыз айықтыра алатынын мәлімдеуде. Ол екі дәрінің ауру белгілерін болдырмауға тигізер әсерінің нәтижесі эболаға шалдығып, аман қалған адамдардың ағзасынан алынған микробөлшектерге жасалған зерттеу кезінде анықталған.
Зерттеушілер сынағы өткен жылдың қараша айында басталған болатын. Тап сол кезде Конго Демократиялық республикасында қауіпті безгек екінші рет белең алған-тын. Былтыр тамыздан бері Конгоның шығысында тараған бұл дерттен кем дегенде 1800 адам көз жұмған. Ал 2013-2016 жылдары Батыс Африкадағы азаматтар жаппай эбола жұқтырып, қауіпті індет салдарынан 11300-ден аса адам көз жұмған.
Ендігі кезекте ғалымдар бұл препаратты мыңдаған адам осы дертті жұқтырған Конго Демократиялық республикасына ұсынуды жоспарлап отыр. Дегенмен де кейбір зерттеушілер сынақтағы бұл препараттар жұқпалы індетті толық жоюға қауқарсыз екенін айтуда.