Маңызды

Кешегі жексенбі мыңдаған жас өскін үшін бақ пен бап қатар сыналатын күн болды. Өйткені дәл сол күні елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Бұл күні 6206 оқушы тест тапсырды. Бірақ оқуға түсудің сайысына жолдама алғандардың барлығына бірдей сәттілік серік бола алмады. Барлығы 160 оқушы ҰБТ талаптарына қатысты қойылған ортақ тәртіпті бұзғаны үшін тесттен шеттетілді. Ережеге қырын қараған олар енді Ұлттық бірыңғай тестті бір жылдан соң тапсыруға мәжбүр болады.

 Бұл туралы еліміздің Білім және ғылым министрлігі хабарлады. Жалпы биыл әлемді жайлаған пандемияға байланысты тест тапсыру жылдағыдан өзгеше форматта өтетіні ескертілген-тін. Соған сәйкес, түлектер коронавирус індетіне байланысты енгізілген карантиндік талаптарды ұстанып, аудиторияларда әлеуметтік ара қашықтықты сақтап, бетперде киіп отырады. Олардың індетке байланысты сақтық шараларымен қатар, өзге де талаптарды сақтауы қажеттігі де хабарланған. Яғни, бақылаудың күшейетіні, соған сәйкес, темір детектор арқылы тексеру кезінде тыйым салынған заттар табылатын болса, оқушылардың тестілеуге кірмейтіні талай рет айтылған.

Өкінішке орай ҰБТ-ның алғашқы күніндегі нәтижесі 160 оқушының бұл талапқа селқос қарағанын көрсетіп отыр. Олардың 73-і тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысқаны үшін, ал 87-сі ережелерді бұзғаны үшін тест тапсыру мүмкіндігінен қағылды. Министрлік таратқан есепте ережені ескермеген түлектердің көпшілігі Түркістан облысы мен Шымкент қаласында тіркелгені көрсетілген.

Биыл ҰБТ тапсыру 21-маусым мен 5-шілде аралығында өтетінін ескерсек, тәртіпті бұзатын түлектердің саны туралы сандерек әлі де өзгеретін сыңайлы. Оның үстіне 25-тамызға дейін комиссия әр аудиториядан алынған бейнежазбаны зерделейді. Бейнематериалда қандай да бір талапкердің ҰБТ ережесін бұзғаны анықталса, оның тест нәтижелері жойылатыны тағы бар.

Еске сала кетсек, биыл елімізде 130 мыңнан астам түлек ҰБТ тапсырады. Олардың 111 017 осы жылғы мектеп түлектері болса, 20 мыңға жуығы мектеп және колледждердің бұрынғы түлегі.

Жоғары оқу орнына түсу үшін түлектер қанша балл жинауы қажет? Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі ұсынған мәліметтер бойынша шекті балл педагогикалық мамандықтарға-70, ұлттық жоғары оқу орындарына немесе медициналық мамандықтарға-65, агроөнеркәсіп кешені мамандықтарына-60, қалған оқу орындарына-50 балл болып белгіленген.

Министрлік мәлімдеген деректерге сүйенсек, кеше 6 512 адамның тестілеуден өтуі жоспарлаған. 144 талапкер ҰБТ-ға келмеген. 2 талапкерде жоғары температура анықталған. Олар ҰБТ-ны басқа күні тапсыратын болады.

Түркістан қаласында Халықаралық туризм және меймандостық университеті құрылды.

 Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі жанынан құрылған бұл оқу ордасы Елбасының бастамасы негізінде мемлекет басшысының тапсырмасымен ашылып отыр.

Қазақстандағы халықаралық деңгейдегі тұңғыш университет туризм саласындағы әлемдік деңгейдегі мамандар дайындайтын болады. Туристік бизнестің нақты қажеттілігі ескерілген университеттің төрт жылдық білім беру бағдарламасының нәтижесінде түлектер халықаралық үлгідегі екі диплом алады. Бұл олардың әлемнің кез-келген жерінде өз мамандығы бойынша еш кедергісіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Онда отандық және шетелдік профессорлар, ғылым докторлары мен туризм және сервис саласындағы алдыңғы қатарлы ірі компаниялардың ТОП-менеджерлері дәріс оқиды. Сондай-ақ, түлектер тәжірибесін БҰҰ Халықаралық туристік ұйымында (UNWTO) жетілдіретін болады.

Университет базасында біліктілікті арттыру орталығымен бірге IELTS, TOEFL сияқты халықаралық емтихандарды тапсыру, шет тілдерін тереңдетіп оқыту үшін тіл орталығы жұмыс істейді.

 

Әлемді жайлаған пандемияға байланысты еліміздегі фармацевтикалық компаниялар шығаратын өнімдер көлемі айтарлықтай өскен. Тиісінше түрлі дәрілік препараттардың да бағасы бірнеше есеге қымбаттаған. Бұл туралы energyprom.kz жазады.

 Басылым жазған мәліметтерге сүйенсек, қаңтар-сәуір айларында қызуды түсіретін препараттардың құны 8,5, антибиотиктер 7,3, ал бүйректі емдеуге арналған дәрілер 7,4 пайызға қымбаттаған. Коронавирус елімізге келіп жетпегенге дейін жұрт көп іздеп, жиі қолдана бермейтін антисептиктер бағасы да шарықтап, бірден 16,9 пайызға көтерілген.

Бағасы шарықтаған бұл өнімдердің 75,7 пайызы отандық болып табылады. Олар еліміздің үш өңірінде, атап айтқанда Алматы облысы, Алматы мен Шымкент қалаларында өндіріледі.

Қазастандықтар тапқан табысының көп бөлігін тамаққа жұмсайды. Өткен аптада республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова осылай мәлімдеді.

 Парламент Сенатында 2019 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті баяндау кезінде Наталья Годунова қазақстандықтардың шынайы табысы 5,5 пайызға өскенін, бірақ азық-түлік үшін жұмсалатын шығын көлемі 50 пайызға жеткенін алға тартты. Бұл отыздыққа қол созған ел үшін жағымсыз критерий. Себебі, дамыған елдердің тұрғындары ас-ауқатқа табысының тек 10 пайызын бөледі екен. Ал көрші Ресей мен Беларусь елінде бұл көрсеткіш жалпы шығынның 28-32 пайызына тең. Ал Қазақстанда халық табысының тең жартысына жуығының ішіп-жемге кетуінен, тұрғындардың өз жинағының көлемін арттыруға мүмкіндігі жоқ болып отырғанға ұқсайды.

Осы деректерді алға тартқан Н. Годунова Қазақстанның Дүниежүзілік экономикалық форумындағы жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингіндегі макроэкономикалық тұрақтылығы 60-шы орынға дейін көтерілгенін жеткізді. Бірақ Қазақстан мұнайға тәуелділікті төмендету тенденциясына қол жеткізбеген.

 

Жергілікті жердегі саяси іріктеу біржақтылыққа кетіп қалмай ма?

Қазақстан өз Тәуелсіздігін алғаннан бергі мерзім ішінде жаңадан топтастырылған саяси партиялардың қатары қазір де аз емес. Олардың әрқайсысының ел өміріне байланысты қабылдаған жарғылық құжаттары бар. Ұстанған бағыттары да жалпы алып қарағанда мемлекет пен елдің өмірін қалыптастыруға сүбелі үлесін қосып келе жатқанына шүбә келтіруге болмайды.

 

Бірақ кадрлық іріктеу, аудан мен қала аумағындағы және Парламент пен Сенаттың ішкі жұмыстарындағы саяси бағытқа сындарлы көзбен қарайтын болсақ – оларға кадрлық резерв пен халықтық таңдау жасауда, депутаттар сайлауда барлық жұмысты түгелдей таза деңгейде атқарды деуге елге белгілі болған көптеген олқылы жұмыстар айғақ болатын секілді.

Уақыт алға жылжыған сайын елдегі саяси өмірдің аракідік болсын сынға ұшырап жатқандығы да, халықтың толқуы мен ашық бой көтерулерінің қатарының көрініс табуы келе жатқандығы саяси бағыттағы кемшін істердің белгілі болуына тікелей байланысты болып отыр. Жергілікті жерлердегі мәслихаттар мен Мәжілістегі халықтың өкілі болып сайланатын депутаттар кей жағдайда сол сайлаушылардың ырқынан тыс сайлануы көпшілікке көп ой салып, ара-тұра болсын сенімсіздіктің дәнін сеуіп жатқандығы жасырып, жаба салатын нәрсе емес. Сондай көшбасшы партиялардың бірі – бұрынғы «Отан», бүгінгі «Nur Otan» партиясы. Осы саяси тұғырдағы биік деңгейді иемденген партияны Тұңғыш Президент-қазіргі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі басшы болып ашып, сол басшылықты қазір де жалғастырып келеді. Ел тәуелсіздігін сақтау мен оның әлеуметтік дамуында бағдары мен билігіне байланысты көп жұмыстар жүргізілді. Бірақ бір осалдау тұсты айтпай кетуге тағы болмас. Саяси өмірдің және биліктің тізгіні қолға берілген аудандар мен облыстарда кадрларды тағайындау мен депутаттар сайлауында өз құқықтарын пайдаланған әкімдер тарапынан сайлау кей ретте өте әділетсіз өтіп, халықтың таңдауы емес, аудан, қала, облыс дәрежесіндегі басшылардың өз ығынан шықпайтын үміткерлердің сайлануына көп жол беріліп кетті.

Жақында ғана республикалық «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек фейсбуктегі жеке парақшасында көпшілікті елімізді мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтай отырып, саяси партияның қазіргі атқарып жатқан жұмыстары және алдағы мезгілде атқаратын басты мақсаттары жөніндегі жазбасы жарияланды. Онда: «… «Nur Otan» партиясының лидері Нұрсұлтан Назарбаев биылғы 17 тамыздан 3 қазанға дейінгі аралықта партияішілік таңдау – праймериз өткізу туралы Қаулыға қол қойды. Бұл – Елбасы жариялаған «Nur Otan» партиясын «қайта жандандырудың» маңызды бөлігі болып табылатын партияішілік демократияның заманауи тетіктерінің бірі. Праймериздің негізгі мақсаты – алдағы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауларына партиялық тізімдерді қалыптастыру үшін бәсекелес күрес негізінде жаңа көшбасшыларды айқындау. Өздеріңіз білетіндей, біз былтыр «Nur Otan»-ның кадрлық резервіне пилоттық режимде іріктеу өткізген болатынбыз. Жоба әлеуметтік-экономикалық дамуы, тұрғындарының саны және әлеуметтік топтары бойынша әркелкі 14 қала мен ауданда өткізілді. 10 мың партиялықтан тұратын кадрлық резерв жасақталды. Біздің қатарымызға 20 мың адам қосылды. Халықаралық озық тәжірибелерді жан-жақты қарастырып, партия ішінде қызу талқыдан өткізгеннен кейін партия Саяси кеңесі мүшелерінің дауыс беруімен «Праймериз өткізу ережесі» қабылданды. Ол ертең біздің ресми сайтымызда жарияланатын болады. Алдағы праймеризде қазіргі трендтер ескеріле отырып, дәстүрлі дауыс берумен қатар онлайн-дауыс беруді де өткізу жоспарланып жатыр. Таяу уақытта партияішілік іріктеуге қатысуға ниеттенгендерді оқытуды бастаймыз. Саяси менеджмент мектебі коммуникация, сайлаушылармен жұмыс жүргізу, көпшілік алдында сөз сөйлеу дағдылары және басқа да тақырыптар бойынша онлайн-семинарлар ұйымдастырады. Партиямыздың лидері Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, «партиялық тізімдерге халықтың әртүрлі бөлігінің өкілдері, беделді, азаматтардың сеніміне ие болған отандастарымыз кіруі тиіс». Әлеуметтік партиялық лифтті қамтамасыз ету –партиямыз үшін басты міндеттердің бірі. Сондықтан партия мүшелерімен қатар қоғам өміріне бей-жай қарамайтын, дарынды да креативті барша қазақстандықты алдағы праймеризге белсенді қатысуға шақырамыз».

Партия лидерінің бірінші орынбасары Бауыржан Байбек мырза көпшілікке жолдаған есеп деңгейлес арнауында партияішілік таңдаудың, яғни праймериз өткізудің алғы күндердегі мақсаттары мен міндеттерін көптің назарына осылайша ашық ұсыныпты. Барлық жағынан құптайтын нәрсе екендігіне көзіміз жеткенмен, көңілімізге өткен күндердің олқылықтары қайта оралады.

Депутаттыққа үміткерлердің талайы сайлаушылардың таңдауына түсетін сәтке бірер күн қалған кезде, арзымайтын кереғар желеулермен кандидаттықтары алынып тасталған кез аз болған жоқ. Олардың орындарына күні бұрын дайындалып қойылған, ертеңгі күнгі сайлауда сөзсіз депутат болатындардың аты-жөні толығымен белгілі болып, жоспар тікелей іске асырылып келді. Ол кезде Бауыржан Қыдырғалиұлы жалпы көпшілікке таныстырып отырған «Праймериз өткізу ережесінің» жұрнағы да болған жоқ. Ендігі сәтте көпшілікті толғанысқа түсіретін партиялық тізімдерге халықтың түрлі бөлігінің өкілдері, ел ішінде беделді, сыйлы азаматтардың партиялық таңдауға алынатыны, сол арқылы депутаттық мінберден орын тиетіндігі алдағы таңдауда бұрынғы дағдыдан арылып, нағыз халық қалаулылары өз деңгейінен орын алады ма? Праймеризден өтетін азаматтар партияның облыс пен қалалардағы басшыларының сеніміне кіре алмай, өткен кездердегідей олардың таныстары мен тамырлары, жекжат-жұрағаттары сол тізімге ілініп кетпейтіндігіне кім жауап беріп, кім бақылай алуы мүмкін? Қазір сайлаушылардың өздері де, таңдауға түссем бе деген үміткерлер де осыған толыққанды кепілдік бере алмайды. Бұл жерде партияға деген тазалық, шынайылық, әділдік және жауапкершілік жүгінің ауырпалығын кім шынайы дәрежеде мойнына ала алады? Мәселенің бар түйіні мен түсінігі де осында.

Осы біз қозғап отырған көңілдегі белгісіз күдікті болдырмай, саяси жағынан адалдықтың туын биікке көтергенде, партиялық жауапкершілікке шынайылықпен қарағанда ғана халықтық сенімге ие бола алатындығын естен шығармауымыз көп мәселенің оң шешілуіне тікелей ықпал ететіндігін назардан тысқары қалдырмағаны абзал. Көптің сенімі мен саяси ұйымның таңдауын ұмытуға әсте болмайды.

 

«Уақыт».

 

Елбасы, Председатель партии «Nur Otan» Нурсултан Абишевич Назарбаев подписал постановление о начале внутрипартийного праймериза.

Мы, члены фракции партии в городском маслихате, уже не просто ознакомились с положением, но и засучив рукава, принялись активно разъяснять среди однопартийцев новый и очень важный для нашей системы политический процесс.

По моему глубокому убеждению, внедрение партийного праймериза выгодно всей политической системе страны. Это возможность реализации проекта по социальному лифту и хорошие перспективы для активных граждан

Кроме того, при проведении праймериза сужается возможности местных акимов влиять на избирательный процесс, то есть они не смогут проталкавать «удобных и нужных» для них людей. Также следует учитывать, что у местных акимов есть 30 процентная квота. Я уверен, что в этот состав будут включены люди, имеющие большой опыт работы и внесшие определенный вклад в развитие экономики региона. Это в свою очередь, поможет сформировать действенный маслихат с активными и принципиальными депутатами.

 

Бекайдар ТУЛЕГЕНОВ,

заместитель председателя

Шымкентского филиала партии «Nur Otan».

Осыдан 107 жыл бұрын «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірінде Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы «Құрметті оқушылар» деген мақаласында газеттің (ол заманда елімізде телерадионың, интернеттің болмағанын ескергеніміз жөн) не үшін керектігі жөнінде 4 себепті атап айтады. Солардың екіншісі мен үшіншісін естеріңізге салғанды жөн көрдік:

 

Екінші, «ГАЗЕТ – ЖҰРТҚА ҚЫЗМЕТ ЕТЕТІН НӘРСЕ, олай болатын мәнісі жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдары газет арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық айтады. Үшінші, ГАЗЕТ — ХАЛЫҚҚА БІЛІМ ТАРАТУШЫ. Олай дейтініміз, газеттен жұрт естімегенін естіп, білмегенін біліп, бірте бірте білімі молайып, зейіні өсіп, пікірі ашылып, парасаты жетіспекші». БАҚ басшылары қазіргі тілмен айтқанда, осы функционалдық міндеттерді толық түсініп, жүзеге асырып жатыр ма? Жоғарыда айтылғандай, БАҚ қоғамға, мемлекетімізге, тұтас халыққа қандай қызмет көрсетуде? Ал мемлекеттің оларға қамқорлығы қандай деңгейде? Осы уақыт ішінде қол жеткен табыстар да баршылық, шешімін таппаған мәселелер де жеткілікті.

Жуырда Ақпарат және қоғамдық даму министрі осы саланың өркендеуі үшін нақты ұсыныстарды қарауға дайын екендігін жария етті. Сондықтан іс басындағы журналистер, жалпы БАҚ-қа қатысы бар мамандар мен сарапшылар өз зерттеулерін ортаға салады деп ойлаймыз. Керегі әрі пайдалысы — олардың сындарлы талқысы, ашықтығы және тілеулестігі. Біздіңше, жиі сөз болатын, бірақ нақты шешімі созбаланып келе жатқан мынадай ортақ проблемалар бар:

  1. Кәсіби журналистерді даярлау ісі. (Кәсіби журналистерді әуесқой, кәсіби емес журналистерден ажырата білу). Саланың обалын кәсіби журналистикадан көрмесін десек, арнайы жоғары оқу орындарының, БАҚ ұжымдарының, журналистер одағының, қауымдастықтарымен клубтарының кәсіби ынтымақтастығын күшейту қажет. Әлеуметтік желілердің дамуына да кәсіби журналистер көп үлес қосуда.

Блогерлердің шеберлік мектептерін ашып, лекцияларын ұйымдастыру.

  1. Салалық мамандану үрдісін жалғастыру. Зерттеулер мен аналитиканың өзегін құрайтын әлемдік тәжірибеге сүйену қажет. Сондай-ақ, озық танылған отыз елдің қатарына қосылу үшін халықаралық журналистиканының тынысын ашу. Дүниеге көршінің қөзімен қарау, әлемді қоңсының құлағымен тыңдау әдетінен арылу.
  2. Мемлекеттік тапсырыс көлемін ұлғайту, оны орындау критерийлерін шұғыл өзгерту.
  3. Елімізде қабылданған “Ақпаратқа қол жеткізу туралы” басқа да заңдарды тиімді қолдану, Журналистік әдеп Кодексіне мой-ынұсыну.

СӨЗ ҚҰДЫРЕТІ. Қарымды қаламымен, терген білімімен өзі таныған әлемге қарыштаған, ерекше қолтаңбасы бар қаламгер, тынбай ізденетін зерттеуші журналист, Шерхан МҰРТАЗА мектебінің озаты — Қайнар ОЛЖАЙДЫҢ журналистің сөз қолдану тәсіліне, тақырып бойынша тапқырлығына, сөз өнерін үйренудегі шеберлігіне, сөйлеу мәнеріндегі даралығына байланысты жол көрсетіп, жөн сілтеп жазғандары БАҚ саласындағыларға әріптестік көмек, жанашырлық екендігін атап көрсеткен өте орынды. Халқымызда «Сөз тас жарады, тас жармаса бас жарады» деген нақыл бар. Басты жару үшін қандай күш керек болса, сол күш — бүгінде журналистер мен қаламгерлердің қолында. Қазіргі бастар, яғни XXI ғасыр адамдары – жан-жақты біліммен, жаңа технологиялармен қаруланған, ақпарат көздерін де жақсы меңгерген, басқа елдердің де БАҚ-тарын пайдаланатын бастар. СОНДЫҚТАН, ҚАЙ КЕЗДЕ ДЕ ЖУРНАЛИСТЕРДІҢ ЖОҒАРЫ КӘСІБИ ДЕҢГЕЙІ, ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ЕҢ БАСТЫ ӨЛШЕМ БОЛЫП ҚАЛА БЕРМЕК. «Басты жару» деген ұғымды таратып айтсақ, адамның санасын өзгерту, оның азаматтық ұстанымына әсер ету, өмір сүру салтын таңдауына ықпал жасау деген сөз. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда әлеуметтік желілерде, ақпараттарда пайдалы, ақиқат ақпараттармен қатар фейк, жалған мәлімет, өтірік-өсек, қауесет қаптап жүреді. Бір оқиғаның өзін 50 түрлі етіп айтуға болады, сонша рет суреттелуі, хабарлануы да ықтимал. Соның қайсысына құлақ асу керек? Әлде 51-ші нұсқаны оқырманның, көрерменнің өзі таңдауы керек пе? Біздіңше, әр адамның санасында “ақпараттық қалқан” болмаса да, “ақпараттық сүзгі” болуы тиіс. Бәлкім, бұл пән ретінде мектеп қабырғасынан бастап қаланар, оған уақыт — төреші.

Мәселен, короновирусқа байланысты осындай жағдай орын алды емес пе? Бұл, біріншіден, тиісті ғалымдардың, білікті мамандардың, дәрігерлердің жетіспеушілігінен болса, екіншіден, елімізде салалық журналистиканың кенжелеп қалғандығының көрінісі, сонан соң, жекелеген азаматтардың интернеттегі жауапсыздығы мен арандатушылық пиғылы. Ондай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

БАҚ-қа қатысты қоғамда көп айтылатын әнгіме таралым, яғни баспасөзге жазылу мәселесі. Біз күштеп таңып, жаздыруға қарсымыз. Таралым мәселесінің түрлі жолдары бар. Соның ішінде әлемдік тәжірибеге сүйенсек, бөлшек сауда жүйесін (сауда орындары мен дүңгіршіктерді) заманға сай дамытқан жөн. Осы іспен айналысқан кәсіпкерлерге Қазақстанның аумағының көлемін ескеріп, жеңілдіктер жасау жағын қарастырса да артық болмас еді.

Ал жазылуға келетін болсақ ұстаздар (мектеп, колледж, жоғары оқу орны) оқушы, шәкірттерінің бейіміне, кәсібіне, қызығушылығана қарай белгілі бір басылымдарды ұсынуға моральдық құқы бар деп ойлаймыз. Бұдан ат тонын ала қашатын жекелеген педагогтер өз білімін, шәкірттерінің білімін жетілдіруге құлықсыз екендігін өздері әшкерелейді. Ал еліміздегі партиялардың мүшелері мен жанашырлары өз партиясының Жарғысына, ішкі тәртібіне сәйкес жазылуды міндеттеп жатса, ешкім қарсы бола қоймас. Жалпы, халқымыздың ниеті смартфонға, гаджеттерге ауса, сұраныс артса, сол құралдарға шақтап, жоғары сападағы өнімдер таратуға да кәсіби мамандар шындап кірісу қажет. Цифрдағы отандық мәтіндік, визуалдық материалдардың желідегі үлесінің көпшілігі қазіргі жастардың көңілінен шыға бермейтіні де рас, олардың қызығушылығын қанағаттандыру үшін кәсіби, шығармашылық қызметке жол ашқан абзал, яғни бұл салада да мамандану өзекті болып отыр.

Сонымен бірге, тиісті министрлікке «АРХИВ — 2025» бағдарламасын жасау тапсырылғаны белгілі. Соның ішінде БАҚ архиві ерекше орын алуға тиіс. Өйткені цифрлық ресурстар заманында жыл өткен сайын мұндай архивтің маңызы арта беретін болады.

Жақында ғана салалық министрді қабылдаған Мемлекет басшысы кері байланысты күшейтуді, мемлекеттік ақпараттық тапсырыс нормаларын жетілдіруді тапсырды. Бұл, әрине, өте қажетті шаралар және уақыт талабы. Сонымен бірге, журналистердің, басқа да шығармашыл адамдардың қаламақысы мәселесі бойынша да нормативтік құжаттар керек-ақ.

Сондай-ақ, мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуге арналған бюджет қаржысын әкімдердің имиджін жасауға жұмсауға тыйым салу қажет. Журналистерге ауызбастырық беру, алу дәстүрінен арылмаса, бұл да жемқорлыққа жатады. Мемлекет тапсырысымен жазылған мақалада екі ауыз сын болса, есепке алмай, қабылдамай, редакторларды әуре-сарсаңға салу — әдепке қайшы қылық. Жалпы, жергілікті билік басшыларын немесе құқық қорғау органдарының, сот судьяларын сынау қудалауға ұласпағаны екі тарап үшін де пайдалы. Қысқасы, ақпараттық саясатты жүргізуге қаржыны қайта жоспарлау, ол қаржыны беруде халықаралық тәжірибеге сүйену, яғни меншік түріне қарамастан әділетті бөлу қажет деп ойламыз.

Ал «мемлекеттік емес БАҚ» деген ұғым ерсі, ол басқа планетада пайда болған жоқ, сондықтан “жеке меншіктегі БАҚ” деп айтқан орынды болар. Сынағаны үшін журналистерді қудалау баптарының Қылмыстық Кодекстен алынғанын құптаймыз, алайда бұл оларды жауапкершіліктен босатпайтынын ұмытпаған жөн. ОҚЫРМАННЫҢ СЕНІМІНЕН, ҚОҒАМНЫҢ ҚҰРМЕТІНЕН АЙЫРЫЛУ КЕЗ КЕЛГЕН ЖУРНАЛИСТКЕ СОТ ШЕШІМІНЕН ДЕ АУЫР ЖАЗА БОЛУҒА ТИІС.

Мемлекеттік БАҚ творчество жағынан бәсекелістікке, нарыққа бейімделуі керек. Құрылтайшысы мемлекеттік орган болса, баспасөз басылымы сын материалдарды жазуына болмайды деген қате түсінік орын алғалы көп уақыт болды. Мұны да қайта зерделеген жөн.

Ал жекеменшік БАҚ-дарына тек ақпарат құралдары деп қарауға болмайды, олар халықты әлеуметтік қолдаудың да бір түрі және қосымша жұмыс орындарын ашатындықтан, мемлекет тарапынан кәсіпкерлікке көрсетілетін қамқорлықтан тыс қалмауы тиіс деп санаймыз, тіпті арнайы бағдарлама жасалса артық емес. Оларға да жекелеген мәселелерде талаптың күшейтілгенін қалар едік. Атап айтқанда, олардың құрылтайшылары басшылық құрамын журналист мамандығын алған кадрлардан іріктеуін заңмен бекіту керек. Адамды емдеу үшін дәрігер, баланы оқыту үшін мұғалім, құқықты қорғау үшін заңгер талап етіледі. Қазір тек табысты, ақшаны күйттеп, мемлекет мүддесін ескермейтін саяси жағынан сауатсыз, біліксіз кадрлар газет құрылтайшысы, бас редактор деген лауазымдарды иеленіп алғаны да жасырын емес. Мұндай жағдай нағыз кәсіби журналистердің атына дақ түсіреді, қоғамда әр алуан пікір туғызып жатады.

Рейтинг қуу, оны жалаулату жарнама үшін жақсы болғанымен, сол арқылы көрерменнің, оқырманның құқығы шектелетінін, тіпті бұзылатынын да ашық айтқан абзал. Оны ескеретін ортақ ереже, механизм болу керек немесе қосымша өлшемдер енгізуді ойластыруға болар еді.

Жалпы БАҚ нарығы дегеніміз профессионалдардың профессионал еместермен тартысы, интеллектуалдық бәсекесі. Әрбір кәсіп иесінің әлеуметтегі сый-құрметі, беделі, қоғамдағы мәртебесі олардың өздерінің білімі мен парасатына, әдебіне, заңды орындау мәдениетіне байланысты болмақ. Сондықтан, еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдары халық үніне құлақ асатын мемлекетімізде, Ахмет Байтұрсынұлы берген анықтамадағы көз, құлақ һәм тіл ретінде ғана емес, қоғамдық сананы өзгертіп, қалыптастыратын ықпалды құрал ретіндегі қызметін де жалғастыра береді деп сенеміз.

 

Дархан МЫҢБАЙ,

Мәжіліс депутаты.

 

 

Олар: Түлкібас ауданын қазір басқарып отырған Нұрлан Байғұт пен Бәйдібек ауданына тағайындалған ең жас әкімдер қатарындағы Ержігіт Шәріпбековтер. Ал енді «кадрлық саясаттың сыны мен сынағынан өткен Ө. Шөкеев басшылыққа кадрды тағайындар кезде қандай бағалау мен іріктеуде нендей шешімге белді бекем буды екен?» деген сауал да еріксіз туындайды. Осынау жаңа әкімдердің нендей ерекшелігіне, біліктілігіне, әрі іскерлігіне ерекше мән беріп, жаңа қызметке ұсынуы кейбір жауапсыз сауалдарға қарай еріксіз итермелейді. Нұрлан Байғұт қырықтың қырқасына көтерілген, ірілі-уақты қызметтің тізгінін ұстаған, осы тағайындауға дейін Түркістан облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы қызметін атқарған. Түлкібас пен Төлеби аудандарында әкімнің орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы құрылыс басқармасының бастығы, облыс әкімі аппаратында екі рет бас инспектор лауазымдарын атқарған. Тәжірибе толығымен жеткілікті секілді. Бірақ кей адамдарды ойландыратыны – дербес бірінші басшылықтың, яғни аудан мен қаланың билігі тұғырына қонбаған. Ел елең ететін, ерекше бір атын шығаратын тұлға екендігіне әлі ешкімнің көзі жете қоймаған секілді.

Ал, бұрындары отыз жылдай Алғабас, соңғы ширек ғасырда Бәйдібек атанған ауданға 28 жылда 11-ші әкім болған Ержігіт Шәріпбеков әуелгі жұмысын ішкі істер органдарында қатардағы қызметкерден бастап, сегіз жылдай Сайрам ауданында жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің кассирі, директоры болып, соңғы жеті жылда сол ауданда әкімнің орынбасарлығын атқарған. Отыздың өріне енді ғана өрлеген жас басшылардың бірі.

Екі айдай уақыттан бері өздеріне сеніп тапсырылған әкімдік лауазымның орынтағына отырған қос әкімнің қандай жоспары, қарамағындағы кадрларды таңдауы, баянды бағыт белгілеуі, ел құлағын елең еткізетін қандай жұмыстар атқарғаны немесе атқарып жатқандығы әзірге көпшілікке мүлдем беймәлім күйде тұр.

Мүмкін оған елімізде болып жатқан карантиннің де кері әсері бар екендігі оншалықты жасырын емес. Көңілге ұялайтын тағы бір сауал бізді екінші ойдың жетегіне түсіруге себеп болды десеңіз оны да атап кеткеніміз артық болмас. Басқаруы өздеріне берілген екі ауданның тумалары болып саналатын екі жаңа кадрға сол өңірлер етене таныс емес. Олар көп жыл бойы осы өңірлерде болмағандықтан, қызмет атқармағандықтан оның ішкі өмірін, экономикалық және әлеуметік жағдайын, жылдар бойы қордаланған ең басты проблемаларын жетік білмегендіктен әзірге тыныш жанның күйін кешуде.

Сан мыңдаған халқы бар, өзіне лайық тарихи тағылымы бар бір ауданға немесе шағын қалаға басшы етіп кез келген жанды әкім етіп ұсына салуға болмайды. Олар електен әбден өткен, өмірдің ащысы мен тұщысының дәмін татқан, халықпен терең тіл табысатын азаматтар өңір басшысының назарына ілігетіні сөзсіз. Осы сәт санамызды сансыратып Түркістан қаласын, Ордабасы ауданын басқарып жүріп өмірден озған марқұм Әліпбек Өсербаев ойымызға қайыра оралады. Өзіне қандай міндет жүктелсін, үлкен сенім артылсын, ол оны қысқа мерзім ішінде және барынша ықтиятты етіп атқарып, өз қызметіне тыңнан түрен салып, бар іскерлігін баянды ісімен ғана дәлелдеп келген облыс аумағындағы айтулы басшылардың қатарынан көрінген азамат еді. Соңғы қызметі Ордабасы ауданының әкімі болып тағайындалғаннан кейін, аз ғана мерзім ішінде өзінің атқарған тірлігінің ірілігімен және жоғары жауапкершілігімен елдің де, басшының да көзіне бірден ілінген жан болатын. Дәл Әліпбек Өсербаев секілді білгір басшылар облыс аумағында қазір де аз емес қой. Тек таңдауға келгенде олар көзден тысқары қалып жатады. Біз әңгіме етіп отырған қос бірдей жаңа әкімнің алдында көп биіктер, үлкен міндеттер тұр. Сол үдеден көрінуге Н. Байғұт пен Е. Шәріпбековтердің қаншалықты шамасы жететіндігі, нені меңгеріп, сенімнен қай деңгейден шығатындағы әзірге жұмбақтау күйде. Ө. Шөкеев олардың шындығында да қандай тұғырдағы талғамымен әкімдік қызметке таңдады екен? Оның да бағасы берілер уақыт көп мезгілді сұрамайды. Халық пен облыс басшысы өздерінің бағасын сол сәт келген кезде бере жатыр. Соны күтелік.

Біз өзіміздің «Уақыт» газеті тарапынан екі бірдей әкімнің нені атқарғандығын, қандай игі бастаманы қолға алғандарын, одан нендей бетбұрыс жасап жатқандығы жөнінде өз зерттеуіміздің қорытындысын көпшілікке арнайы таныстырып отыратын боламыз. Сол кезде әділ баға қалың қауымға толық таныс болады.

 

Қ. ҚАЛИЕВ.

Шымкентте қоғамдық көлік саласының жұмысын жақсарту мақсатында бағыттар желісі жаңартылып, жолаушылар көлігін дамытудың кешенді сызба нұсқасы әзірленуде. Биыл жыл соңына дейін Шымкентке 590 жаңа автобус әкелінеді. Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Абай Тұрханов мәлімдеді.

Бүгінде қаланың шалғай шағынаудандарын қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету мақсатында 28 әлеуметтік маршруттар қызмет көрсетуде.

Қала аумағында жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасын «CityTransportationSystems Transport» (Астана LRT) ЖШС жүзеге асырады. Қоғамдық көлікті жан-жақты модернизациялау, қоршаған ортаны қорғау, жолаушыларды тасымалдау қызметін жақсарту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыстар атқарылыуда.

– Бірыңғай оператор болып анықталған «БРК-Лизинг» АҚ-мен түзілген шартқа сәйкес, 2020 жылы сыйымдылығы үлкен, сығымдалған табиғи газбен (метан) жүретін 590 жаңа автобусты қаржылық лизингке алу көзделуде. Қазіргі сәтке дейін 70 автобус жеткізілді. Қалған автобустар қыркүйек, қазан айларында келеді. Ал қоғамдық көліктерде «Төлем» электрондық билеттендіру жүйесін енгізу жобасы «QazSmartTrans» ЖШС-нің жеке инвестициялары есебінен жүзеге асырылады. Жүйені ағымдағы жылы тамыз айында пайдалануға беру жоспарлануда, – деді Абай Әбдіманапұлы.

Көлік картасының бағасы – 500 теңге. Карталардың 4 түрі бар – жалпы пайдаланатын карта, оқушылардың картасы, студенттік карта және тегін жүру картасы. «QazSmartTrans» ЖШС-гі тарапынан көлік картасы Ұлы Отан Соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне, тыл еңбеккерлеріне («Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталғандар) Батыр ана, Алтын алқа, Күміс алқа төс белгілерімен марапатталғандарға және І — топтағы зағип жандарға тегін таратылады.

Жолаушыларға көлік картасымен, SMS, QR-код, смартфонды (NFC) қолдана отырып, жол жүру ақысын төлеуге мүмкіндік бар.

Қазіргі таңда қаланың магистралды жолдарының 75,3 шақырымында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ірі жобалар қаладан шығатын барлық бағыттарды қамтып отыр. Ташкент, Түркістан және Алматы бағыттарына баратын жолдар желісі бойынша заманауи талаптарға сәйкес көлік ағынын өткізу қабілеті жоғары автомобиль жолдары 2023 жылға дейін пайдалануға беріледі.

Қала жолдарында көлік кептелістерін болдырмау мақсатында, 4 жолайрықтың құрылысын жүргізу жоспарлануда. Оның ішінде: Рысқұлов-Қонаев көшелерінің қиылысындағы жолайрық 2020 жылдың жергілікті бюджетіне енгізілді (жалпы құны 7 014,0 млн. тг., 2020 жылға – 50,0 млн. тг.). Оған қоса Бәйдібек би – Арғынбеков – А.Назарбеков – Н.Назарбаев даңғылдары қиылысындағы жолайрықтың 1-кезеңінің ЖСҚ-сы әзірленіп, қала бюджетіне енгізілді (құны 11,4 млрд.тг., 2020 жылға – 50,0 млн.тг.). Бүгінгі таңда мемлекеттік сатып алу конкурстары жүргізілуде.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, короновирустық инфекцияны төмендету бойынша шараларды күшейту үшін Шымкентте модульді жұқпалы аурулар госпиталінің құрылысы аяқталды. Жаңа орталықтың ашылуына еліміздің Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов арнайы келді.

 

Бір қабатты ғимарат 200 төсек-орынға арналған. Емдеу орны модульді үлгі бойынша салынды. Госпиталь қаладағы «Ақжайық» шағынауданында бой көтерді. Орталық қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының филиалы болып табылады. Мұнда короновирустық инфекцияға күдікті деген барлық пациенттерді қабылдайтын болады. Ғимараттың жалпы ауданы — 6 мың шаршы метрден астам.

– Біздің жұқпалы аурулар ауруханасында компьютерлік томография еш уақытта болмаған. Ал бұл жерде цифрлық рентген аппараты бар. Сосын 20 дана өкпені жасанды жолмен желдету аппараты әкелінді, — дейді қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Амангелді Нұрлыбаев.

Стационарда барлығы 300-ден астам білікті медицина мамандары қызмет көрсетеді. Госпитальдың бір ерекшелігі – мұнда операциялық блок пен перзентхана бөлмесі бар. Сонымен қатар, реанимациялық залдар «open space» қағидаты бойынша ашылған. Бұл медициналық персоналға пациенттердің жағдайын бақылауды жеңілдетеді.

— Реанимация бөлімшесі 20 төсек-орынға арналған. Оның екеуі — изолятор. Біздің бөлімше 2 залға бөлінген. 9 төсек орыннан оның барлығы қолдануға дайын, — дейді реанимация бөлімінің меңгерушісі Бекқазы Есімов.

«Стационарды жобалау кезінде ғимараттың ішіндегі эпидемиологиялық режимді сақтауға көп көңіл бөлінді» — дейді мамандар. Ал госпитальде барлығы 200 төсек бар, олардың 20-ы боксталған палаталарда, ал 20-ы реанимациялық бөлімде орналастырылған.