Маңызды


– Бақтияр Сапарәліұлы, сансыз баптар мекені Сайрам облыстағы ірі аудандардың бірі. Тарихы тым тереңде жатқан аумақ жуырда өзінің 90 жылдығын атап өтті. Осы жылдар жылнамасында ауданның бағындырған биігін қысқаша еске түсірсеңіз.
– Ауданда ауыл шаруашылығы өрге басқаны жұртшылыққа жақсы мәлім. Осыны назарға алып, ауданның ауыл шаруашылығы бағытындағы қол жеткізген көрсеткіштерін өткен кезеңдермен салыстырмалы түрде айтып өткім келеді. Мәселен, Сайрамда 1991 жылы өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдері 1 млрд. 244 млн. қаржы болған болса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 58 млрд. 800 млн. теңгені құраған. Тәуелсіздік арайындағы жиырма алты жыл ішінде ауыл шаруашылығы бойынша өнімділік 46 есеге көтерілген. Ауданда ет, сүт өнімдерін өндіру мен астық егу кәсібі кең тыныс алған. Бірақ біздегі жер көлемінің аздығы құлашымызды кең сермеуге қолбайлау болып отырғанын жасырғым келмейді. Дегенмен, бейнетке бейім ауданның халқы мұны желеу қылмай, қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, тынымсыз тірлігін атқаруда. Сайрамда өзге де өрге басқан тірліктер жетерлік. Бірақ бүгінгі әңгімеге оның барлығын сыйғызу мүмкін емес.

– Ауыл шаруашылығы саласында қандай бағыттар жақсы дамыған?
– Бізде ет өндіру ісі ілгері басқан. Өзіміздің облыс пен көрші аймақтардағы дастархандағы қызыл көп уақытта біздің ауданнан алынады десем артық айтқандық емес. Былтыр 26 мың тонна ет өндірдік. Биыл бұл мақсаттағы көрсеткішті 27 мыңға жеткіземіз деген жоспар бар. Ет өндіру бойынша 913 мал бордақылау алаңымыз бар екенін алға тарту арқылы бұл бағыттың қарқынды дамып жатқанын бағамдауға болады. Еліміз
бойынша ең үлкен мал базарының Сайрам жеріндегі Қарабұлақ елді мекенінде орналасқанын еске түсіру де осы сөзімді қуаттай түседі. Біздегі мал бордақылау алаңдарында бір мезетте 32-33 мың бас мал бордақылануда. Келер жылы біз ет өндіруді бес мың тоннаға дейін ұлғайтуға білек сыбана кірісіп отырмыз.

– Қазіргі таңда белгілі бір жердің негізгі ерекшелігін сөз еткенде «Ноу-Хауы» деп сипаттама беріп жатады. Сол сынды Сайрамның «Ноу-Хауы» не?
– Ноу-хауымыз ет өндіру болып табылады. Таяуда облысымыздың шаруалары 2018 жылды қорытындылады. Соның нәтижесінде Сайрам ауданы ет өндіру және мал шаруашылығы өнімдерін экспорттаудан I – орынды алғаны соған негіз болады. Осы ретте ауданымыз жыл қорытындысы бойынша агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытындағы көрсеткішімен Шардара, Қазығұрттан кейінгі үшінші орынды алғанын айта кеткенді жөн көріп отырмын. Әңгімеміздің әлқиссасында ауданда 900-ден астам мал бордақылау алаңдарының бар екенін айтып өттім. Алдағы жылы олардың санын мыңнан асыру көзделуде. Қазіргі таңда аудандағы мал бордақылау алаңдарының 400-і елу басқа дейінгі өндіріс орындары, 400 бен 500-дің арасында 100 өндірістік орындарын құрайды. Атбұлақ пен Манкент елді мекенінде 2000-3000 бастық мал бордақылау алаңдары бар. Жуырда 10 мың бас мал бордақылауға лайықталған алаң өз жұмысын бастады. Қазіргі таңда ол жерде 2,5 мың бас мал бар. Оны жыл аяғына дейін межелі көрсеткішке толтыратын боламыз.

– Бүгінде облыстағы барлық аудан, қалаларда тұрғындарды тіршілік нәрімен толыққанды қамтамасыз етуде түйіткілдер көп. Салдарынан суды жерден қазып, немесе тасып жатқан жұрт жетеді. Бұдан бөлек газ деген инфрақұрылымның игілігін көрудің мүмкіндігі болса да, оған әлі қол жеткізе алмай жатқан қаншама халық бар. «Үйі жоқтың күйі жоқтың» керін киіп жүргендер жетерлік. Осы жәйттердің оябын табу деңгейі қалай жүріп жатыр?
– Біздің ауданда 42 елді мекен бар болса, соның 41-де ауыз су құбырлары тартылған. Бір елді мекенде атап айтқанда, Құтарыс ауыл әкімшілігінің Жылыбұлақ ауылында ғана су құбыры тартылмаған. Ол жерде 365 халық тұрады. Келер жылы ол жерге су құбырын тарту құрылысы басталады. Сөйтіп, елді мекендерге ауыз судың тартылуы 2019 жылы жүз пайызға жетеді. Қазіргі таңда төрт елді мекенде су шекті көлемде беріліп жатыр.
Аудандағы елді мекендердің 19-на көгілдір отын тартылған. Жыл аяғына дейін олардың қатарына тағы 10 елді мекен қосылады. Нәтижесінде аудан халқының 78 пайызы көгілдір отынмен қамтылады. Тиісінше келер жылы тағы бес елді мекенге газ тарту бойынша жобалық сметалық құжаттама жасалады. Соның негізінде 2020 жылы бұл мәселе 100 пайыз шешімін табатын болады.
Ал тұрғын үй бойынша шешімін күтіп жатқан мәселе көп. Бүгінде ауданда тұрғын үй кезегінде тұрғандардың саны 1200-ден асып жығылады. Ал үй іргелік жер алу кезегіне тұрғандардың саны 12000-ға бір-ақ жуықтады. Олардың талабын қанағаттандыратын бізде жер ресурсы жоқ қазір. Ауданда бос жер жоқтың қасы.
Дегенмен де оның шешімін табу жолдары қарастырылуда. Мәселен, біз Манкент пен Ақсу елді мекендерінің арасындағы 230 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге көпқабатты тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз. Жобасын да жасап қойғанбыз. Егер іске асса ол жерде 300-ден астам бес қабатты үйлердің құрылысын жүргізуе әбден болады. Өз кезегінде бұл 7000-ға жуық адамның басын ауыртқан баспана мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Егер ол жерді үй іргелік жер кезегінде тұрғандарға үлестірсек, бар болғаны 1000-ға жуық адамның өтініші орындалады. Қайткен күнде де халықпен кеңесе отырып тиімді шешім шығаратын боламыз. Біз тек бұл жерге қарап отырған жоқпыз. Қарасу ауыл әкімшілігінің Қызылту елдімекенінде мемлекеттік бағдарламаға сай екі қабатты үш үйдің жобасы дайын. Бюджетке ұсындық. Құрылысы келер жылы басталады деп күтілуде. Бұдан өзге қаланың кіре беріс жерінде бос жерлерге көпқабатты үйлер салу бойынша жобалар жасалып, бюджетке ұсынылды. Біз әр елді мекендерді аралап бос жатқан құрылыс салуға ыңғайлы жерлерді елді мекен шегіне кіргізіп, мәслихатта қарап, тиісті құжаттарды дайындауға қызу кірісудеміз.

– Жоғарыда бұл жерде ет өндіру жақсы жолға қойылғанын бөле-жара атап өттіңіз. Бұл мұндағы мал басының өзге аудандармен салыстырғанда анағұрлым көбірек екенін білдіреді. Ет өндіру бойынша мол өнім алу үшін жайылым жердің рөлі зор. Бірақ Сіз ауданда жайылым жер аз екенін тілге тиек еттіңіз. Осы парадокстан шығу үшін қандай амалдар қарастырылуда?
– Ауданымызда 220 мың ірі қара, 187 мың жылқы, 200 мыңға жуық уақ мал бар. Осындай көлемдегі мал санын жайып бағу үшін бізге 2 млн.ға жуық гектар жайылым жер керек. Ондай мүмкіндік жоқ. Ауданда бар болғаны 112 765 гектар жер бар. Соның тек 89 мың гектары ауылшаруашылық мақсатындағы жер. Соның бар-жоғы 17-18 мың гектары
жайылымға арналған. Мүмкіндікте жоқ. Сондықтан да біз оларды үй алаңдарында бордақылауға мәжбүрміз.

– Бұл тек Сайрамның ғана емес облыстың назарындағы мәселе деп білеміз. Бір кездері бұл тығырықтан шығу үшін Сайрамға іргелес жатқан аудандардың бос жатқан жерлерін
жайылым жер ретінде пайдалану туралы бастама көтерілген болатын. Оның орындалу барысы қалай? Әлде бұл сөз бұйда болды ма?
– Бұл бастама жерде қалмады. Керісінше осы бағытта бірқатар жұмыстар жасалуда. Атап айтқанда, Түлкібас ауданымен біраз келіссөздер жүргізудеміз. Соның негізінде Қарабұлақ ауылдағы малдарымызды аталған ауданның қарамағындағы жерлерге жайып
жатырмыз. Дегенмен ол әлі заңды негізде реттелмеді. Осы жылдың бірінші жарты жылдығында біз аудандағы барлық жер телімдеріне түгендеу жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде ауданымызда 2300 гектар жердің пайдаланылмай жатқаны анықталды. Оларға шара көру бойынша облыстық жер инспекциясына хат жолданды. Мақсат төрт түлікті ойдағыдай баптау үшін жайылым жерлер табу болып табылады.
– Жуырда Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы шықты. Оны зер салып оқып шығып, оның «Рухани жаңғыру» мақаласының жалғасы және онда айтылған түйіндердің шешімі ретінде бағаладым. Сіз оны қалай бағаладыңыз? Сіз үшін «Рухани жаңғыру» деген не? Жаңғыру аясында Сайрам ауданында нендей шаралар атқарылып жатыр?
– Кезінде алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханов «Жұрт пайдасына таза жолмен тура бастайтын ер табылса – қазақ халқы соңынан ерер еді» — деген екен. Міне бұл күн біздің басымызға туып отыр. Қазақ халқының бағына туған Ұлт Көшбасшысы Н. Назарбаев Қазақстан халқын рухани жаңғыруға бастап отырған, халықты баянды болашаққа қарай соңына ерте білген жан. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған басымдықтар ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, прагматизмның дамуына, білімнің салтанат құрып, халықты сананың ашықтығына үндейді. Осындай бағыттан тұратын Елбасының мақаласы аясында қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша біздің ауданда 12 жұмыс тобы құрылды. Және олардың
төрағасы жұртты сөзге ұйыта білетін, айтар ойы мен білдірер пікірін тарқатып жеткізе алатын қасиетке ие ел ағалары, қоғам белсенділері болып табылады. Олар ауданның барлық ауылдарын аралап түсіндіру жұмыстарын өз шегінде жүргізіп келеді.

– Қоғамдық сананы жаңғырту бойынша қандай бағытта жұмыс істеп жатырсыздар?
– Қазақта «жаяудың шаңы, жалғыздың үні шықпайды» деген сөз бар. Елбасымыз Қазақстанды дамыған отыз елдің қатарына қосылуын басты бағыт етуде. Бірақ осы асқаралы мақсатты бағындырудағы қыруар тірлік пен ауыр жүкті халықтың барлығы бірігіп көтерсе ғана жеңілдей түседі. Осыны терең түсінуде қоғамдық сананың жаңғыруы аса маңызды. Қоғамдық сананың жаңғыруы ол біздің әрбіріміздің өзіміздің санамызды, ой-өрісімізді өзгертіп, ескірген таптаурындықтардан арылу дегенді білдіреді. Осы ретте біз орындауымыз тиіс негізгі талаптар сол мақалада көрініс тапқан. Соған сәйкес еңбек етіп, игі жаққа бет бұруға бейімделу баршамызға сын. Осыны халыққа терең түсіндіру мақсатында біз биыл ауданның өткенінен сыр шертіп, бүгіні бір ізге түсіріп баяндалған «Жаңарған Сайрам» атты кітап шығардық. Өз кезегінде бұл жергілікті халықтың туған жерге деген сүйіспеншілігін нығайта түседі. Ал кіндік кесіп, кір жуған жерін құрметтеген ел ешқашанда кері кетпейді. Керісінше сол елдің дамуына қандай да бір қолтаңба қалдыруға талпынатын болады. Бұдан бөлек, біз ауданда мұражай салуды қолға алдық. Сайрам жері талай тарихи оқиғалардың куәсі болған. Оның жерінен табылған жәдігерлер соған дәлел болады. Ендігі кезекте солардың барлығын сөреге қойып, жұрт рухани азық алатын жағдайды неге жасамасқа?

– «Саялы Сайрам жері – тарихтың алтын кені» деп тегін айтылмаған ғой…
– Дұрыс айтасыз. Сіздің бұл сөзіңізді қуаттау үшін қаншама жылдан бері адам қамқорлығын көрмей жүрген Ханқорған қалашығын айтуға болады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аталған қалашықта жоғарыда отырған билік басшыларының бастамасымен аспан астындағы мұражай құру туралы бастама көтерілді. Өздеріңізге белгілі бұл қалашық талай сырды ішіне бүгіп отырған тарихи жер. Сайрам ауданы, Мәдени елді-мекені іргесіндегі Арыс өзенінің сол жағалауындағы бұл төбе қазақ халқының біртұтастығын сақтау жолында бар өмірін сарп еткен Абылай ханның Оңтүстік өңірдегі ордасы болған.
Ханқорғаннан бөлек Сайрамда ақтарсаң тарих сөйлейтін тағы 12 нысан бар. Олардың төртеуі облыстық тарихи маңызы бар киелі жерлер тізіміне енген.

– «Рухани жаңғырудың» кей жерлерде жаңғырыққа айналып бара жатқаны туралы мысалдар жиі айтылып жатады. Сіз бұған не дейсіз?
– Иә, оны жасырып-жауып қайтеміз. Кейбір шаралардың осы сөзді ұран етіп өткізіліп жататыны туралы айтылып та, жазылып та жатыр. Бірақ «көш жүре түзелетіні» сынды бұл олқылықтардың барлығы уақыт өте келе сап тиылады деп сенемін. Ең бастысы түсіндіру жұмыстарына жұмылдырылғандар міндеттерін талапқа сай орындауы тиіс.

– Сайрамдағы халықтың 70 пайызы өзбек ұлтының өкілдері. Осы мақаланы сол өзге ұлттардың қабылдауы қандай?
– Ауданда 206 мың халық бар болса, соның 140 мыңға жуығы өзбек ұлтынан. 40-мыңы қазақ. Жалпы жергілікті халық 52 ұлт өкілінен тұрады. Соған орай бізде 8 этноорталық жұмыс жасайды. Олардың барлығы Елбасының Жолдаулары және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында насихат жұмыстарын жүргізуде белсенділік танытады. Ауданда қазақ, орыс, өзбек тілінде газет шығады. Өз телеарнамыз бар. Ондағы мақалалар мен бағдарламаларды қарау арқылы жергілікті жұрттың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын дұрыс қабылдап жатқаны анық байқалады.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында туған жерді түлету бастамасы көтерілген. Бұл Сайрам ауданында қалай жүзеге асты?
– Жыл басында біз ауданымыздағы және Сайрамнан шыққан іскер азаматтарымызбен Жамбыл, Қызылорда облыстары кәсіпкерлерінің басын қосып конференция өткіздік. Оларға Сайрам ауданында кәсіпкерлік істі алып жүрудің мүмкіндіктерін паш еттік. Шығарып жатқан өнімдерімізді таныстырдық. Бұрынғы өндіріс орнындағы тұралап тұрған өндіріс орындарын аралаттық. Мақсат – Сайрам ауданына инвесторлар тарту. Соның нәтижесінде ауданымызда көп ұзамай 1000, 500 бас мал бордақылау алаңы ашылды. Бұдан соңда ауданға бизнесін жүргізуге құлықты болып 10-15 кәсіпкер келді. Олар кілем шығаруға, картон қағаздарын қайта өңдеу бойынша тірлік істеуге талпынып жүр. Алматыда тамшылатып суару бойынша тірлігін алға сүйреп жүрген Таштаев Қайратта осы жерден жұмыс жүргізуге ниет танытуда. Консервілеу мен үй жиһаздарын жасау бойынша да жұмыс бастауға ниетті болып отырғандар бар. Бізде сыртқы инвестиция көрсеткіші төмендеу. Бірақ жоғарыдағы жұмыстар іске асып, алға басып жатса осы олқылықтың орны толады деген сенімдемін.

– Сіз ауданға әкім болып тағайындалғаннан кейін біршама уақыт өткен соң сібір жарасы қаупі бойынша төтенше жағдай жариялап елді дүрліктіргеніңіз есімізде…
– Бұл дүрліктіру емес, дүйім елді індеттен алдын алу болатын. Сол кезде біздің алдымызда жер қойнауын заңсыз пайдаланушылардың Ақсу мен Сайрамсу өзенінің арнасын бұзу салдарынан сібір жарасымен ауырған мал өлекселерінің көмілген аймағын су шайып кету қаупі төнгені, ендігі кезекте ондағы арнаны түзеп, жағасын бекіту жұмыстарын жүргізу үшін 100 млн. ақша табу қажеттігі міндеті тұрды. «Ауруды елемесең өлесің» деген. Ол кезде біз төтенше жағдай жарияламасақ облыс тұрмақ, тұтас елге қауіп келетін еді. Абырой болғанда жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар жасалып, қауіп сейілді. Қорыққан түбі қуаныш болды.

– Кейбір қоғам белсенділері «Мамаев жер сатып жүр» дейді. Бұл дақпырт па әлде дерек пе?
– Ауданда ушығып тұрған мәселенің бірі жер дауы. Қазір жалған құжатпен бір жердің бірнеше адамға беріліп кеткені туралы былықтар ауданымызда көп. Бірақ олардың заңдылығын анықтайтын түбірі жоқ. Сол бойынша қазіргі таңда тексерулер жүруде. Нәтижесінде кейбір адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр. Көп ретте мұндай бейберекетсіздікке әкімдерді кінәлап жатады. Бірақ қазіргі таңда бұл тұрғыда әкімдердің заңды белден басқан тұсы анықталмады. Дегенмен бұл істерде жалғанды жалпағынан басып, жұртты зар жылатып жүрген ұйымдасқан топтың бар екені анықталуда.
Ал өз басыма келсем, әкімдік орынтаққа отырғалы бері бірде-бір адамға ұлтарақтай жер бермедім. Бұл тұрғыда менің арым таза.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқандар:
Әсет ӘссАнди,
Талғат ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ.

Дүйсенбі күні Шолаққорған ауылындағы «Мыңжылқы» мәдениет сарайында орналасқан Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі жанынан аудандағы алғашқы Коворкинг орталығының ашылу салтанаты өтті. Салтанатты шараға Созақ ауданының әкімі, «Нұр Отан» партиясы Созақ аудандық филиалының
төрағасы Салыхан Полатов, Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасов, аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ролан Әлжанов, аудандық мәслихаттың хатшысы Бегімбет Байғараев, аудан әкімінің орынбасарлары, салалық бөлім басшылары, кітапханашылар, оқырмандар қатысты.

Жалпы, Коворкинг деген не? Ағылшын тілінен аударғанда – бірге жұмыс істеу. Қазіргі таңда кітапханадағы коворкинг орталығын коммуникативтік алаң деп айтуға болады. Бұл жерде келушілер бос уақыттарын кітапхана қорын пайдаланумен қатар, интернет, теледидар ресурстарын да қолдана алады. Бұл үшін орталықта интернет желісіне қосылған
компьютерлер, теледидар, аудио, цифрлық форматтағы интеллектуалды контент (кітаптар, мерзімді басылымдар, аудио, бейне, ойындар және т.б.) қолжетімді. Мұнан бөлек, орталықта келушілер аздап демалуға, кофе, шай секілді сусындар ішуге арналған жиһаз, құрал-жабдықтар қойылған. Аталмыш орталық кітапханаға келген әр жанұяның сүйікті демалыс орнына айналады деп күтілуде.
Ашылу рәсімінде сөз алған С.Полатов «Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында атап көрсеткен қазақ даласының ежелгі заманнан бері келе жатқан бай тарихи-мәдени мұраларын өскелең ұрпаққа жаңа заманауи технологияларды қолдана отырып сіңірту үлкен маңызға ие шара болып табылады. Кез-келген адамға өзінің сүйікті ісімен айналысуына, арнайы тақырыптарда дөңгелек үстелдер ұйымдастыруға, шахмат, дойбы ойнауға, гүл өсіріп, қолөнер бұйымдарын жасауға зор мүмкіндік жасайтын бұл орталық «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалының ұйытқы болуымен ашылып отыр. Отандық кітапханаларды жаңғыртып, оларды қазіргі заман талабына сай білім орталықтарына айналдыру үшін ашылып отырған орталық өскелең ұрпақтың рухани құндылықтарымызбен сусындап, ұлтымыздың дәстүрі мен тарихын құрметтеуге үндейді» — деп атап өтті.
Өз кезегінде сөз алған аудандық мәслихат хатшысы Б.Байғараев: – Қазіргі кітапханалар тек қызмет көрсету мекемесі ғана емес, тұрғындар үшін зияткерлік демалыс орнына айналуы, тұрғындарды кітап оқуға баулу мақсатында түрлі шаралар қабылданып, жүйелі жұмыстар атқарылуда. Міне бүгінгі ашылып отырған коворкинг орталығы соның дәлелі. Біз алдағы уақытта мұндай орталықтарды ауданның бірқатар елді мекендерінен ашуды жоспарлап отырмыз»,- деп орталықтың алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

Нар Болат,
Созақ ауданы.

Кеше Түркістан қаласында Қазақ-стан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған мерекелік іс-шара өтті. Оған түрлі салада қызмет атқаратын облыс тұрғындары, мәслихат депутаттары, басқарма басшылары, қоғамдық ұйымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Алдымен Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің
фойесінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған көрме ұйымдастырылды. Көрмеде Елбасымыздың қоғамдық және саяси қызметінен сыр шертетін құнды фотосуреттер мен деректер қойылған.
Одан кейін жиылған көпшілік салтанатты жиынды тамашалады. Басқосуда Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жұртшылықты мерекемен құттықтап, Елбасының батыл бастамалары мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы жөнінде баяндама жасады.


«Баршаңызды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен шын жүректен құттықтаймын. Биыл бұл мерекені жаңа облыс орталығында, яғни, Түркістан қаласында алғаш рет атап өтудеміз. Бұл да тарихи сәт. Түркістанымыз көркейіп, киелі шаһардың жылнамасы жарқын оқиғалармен толығып жатыр. Бүгінде Елбасымыздың сарабдал саясатының нәтижесінде Қазақстан бейбітшілік пен келісімнің, бірлік пен татулықтың мекеніне айналды. Ұлт көшбасшысының көрегендігі мен саяси қайраткерлігін бүкіл ел біледі және құрметтейді. Міне, елдің ыстық ықыласының нәтижесінде бірнеше жылдан бері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні аталып өтіп жүр. Бұл ел перзентіне, Ұлт көшбасшысына берілген әділ баға және лайықты құрмет!», – деген облыс әкімі бір топ азаматқа «Астана 20 жыл» мерекелік медалі мен облыс әкімінің Алғыс хатын тапсырды.

Салтанатты шара мерекелік концертпен өрнектелді. Сахна төрінде Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония мен облыстық опера және балет театрының өнерпаздары өнер көрсетті. Сонымен бірге, «Тұмар», «Би сұлтан», «Болашақ» топтары өнер көрсетсе, Қ.Қасымова, А.Әбілдаева, Ж.Тұрғанбек, Т.Әлменов және өзге де жезтаңдай әншілер Отан тақырыбындағы әндерді шырқап, жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.


Түркістан облысында Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде жұмыстар күшейе түседі. Жаңа жобалар қолға алынып, іс-шаралардың сапасы жоғарылайды.
Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мәлімдеді. ҚР Президенті әкімшілігінің жетекшісі Әсет Исекешевтің төрағалығымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі селекторлық жиында өңір басшысы алдағы жоспарлармен бөлісті.


«Мемлекет басшысының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты тарихи мақаласы ел санасына қозғау салған, «Мәңгілік Ел» болу жолындағы ұлы міндеттерді айқындап берген, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жалғасы, әрі елді биік мақсаттарға жетелейтін маңызды құжат. Осы құнды бағдарламадағы тапсырмаларды орындау мақсатында Түркістан облысында бірқатар жұмыстар қолға алынып, қарқынды жүзеге асырылуда. Елбасымыз «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында бабаларымыздың әлемдік өркениетке қосқан үлесі мен түркі тарихына тамыр тартқан бай тарихы туралы айтты. «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» тарауында атқа міну мәдениеті туралы бөлімінде жылқының қазақтың өмірінде ерекше орын алатынына тоқталған. Түркістан облысында жылқы шаруашылығы, ұлттық ат спорты, атқа міну мәдениеті жоғары деңгейде дамыған. Бүгінде облысымызда 300 мыңдай жылқы бар. Соңғы 5 жылда Қамбар ата түлігі 25 пайызға көбейді. 2025 жылға қарай жылқы санын 450 мың басқа жеткізу көзделіп отыр. Ат – мініс көлігі әрі қымыз бен саумал.
Ат спортын дәріптеу, атбегілікті, аңшылықты, салт-дәстүрді насихаттау мақсатында облыста арнайы фестивальдер, жарыстар өткізіліп жүр. Мәселен, биыл Бәйдібек ауданында өткен «ҚЫМЫЗМҰРЫНДЫҚ» іс-шарасында ежелгі дәстүрді жаңашылдықпен жалғастыру мақсатында саумал, құнан қымыз, түнемел қымыз, хан қымыз, қолөнер бұйымдары бойынша байқаулар, сәйгүліктер жарысы өтті. Бұл фестиваль жыл сайын тұрақты түрде ұйымдастырылып, халықаралық деңгейге көтеріледі деген сенім бар.
Облыста ұлттық спорт түрлерін дамытуға негізделген спорт мектебі жұмыс істейді. Көкпаршыларымыз Азия, Әлем чемпионаттарында топ жарып, ұлттық құраманың жеңісіне сүбелі үлес қосты. Аудандарда жыл сайын ірі көкпар бәсекелері өтіп тұрады. Ол алдағы уақытта да жалғасын табады. Таяу жылдары Түркістан қаласында халықаралық талапқа сай атшабар салынады. Бұл да ат спортын дамытуға серпін береді» деген өңір басшысы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы бастамалар мен міндеттерді Түркістан облысында жүзеге асыруға толық мүмкіндік бар екенін жеткізді.
Облыс әкімінің айтуынша, Түркістан облысында «Қызыл кітапқа» енген, яғни айрықша қорғауды қажет ететін қызғалдақ гүлін қорғау және сол аймақтың туристік әлеуетін көтеру мақсатында халықаралық «Қызғалдақ» фестивалі өткізілген. Былтыр оған 4 мыңдай адам қатысса, 2019 жылы оған мыңдаған саяхатшылар келеді. Сондай-ақ, «Nomad explorer» экспедициясынан 1,5 мыңдай қазақстандық және шетелдік туристер тартылады деп күтілуде.
Сонымен бірге, келесі жылы «Сәйгүліктер» фестивалі ұйымдастырылмақ. Фестиваль аясында ұлттық ат спорт ойындары: теңге алу, аударыспақ, қыз қуу, жамбы ату, сәйгүліктер шеруі, ат әбзелдеріне, аттылы жауынгерлердің киімі мен қару-жарақтарына арналған көрмелер, жылқы малына байланысты жыр мүшәйрасы, жыршылар мен термешілер байқауы өтеді. «Салбурын – саятшылық мерекесі» іс-шарасы да салт-дәстүр мен атбегілікті насихаттауға серпін бермек.
Сондай-ақ, 2019 жылы «Шығыс базары» атты фестиваль өткізу жоспарланып отыр. Онда арнайы жәрмеңке өткізіліп, қола, мыс, темір, күміс, алтыннан жасалған әшекей бұйымдар, тұрмыстық заттар мен қару-жарақтар, зергерлік бұйымдар қойылмақ. Осы бастама арқылы қазақ жері металлургия пайда болған алғашқы орталықтың бірі екенін дәріптеу мақсаты көзделген.
Ел Президентінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының «Түркі әлемінің бесігі» деп аталатын бөлімінде Түркістан қаласында туған Ясауи бабамыз бен Отырардан түлеп ұшқан Әл-Фараби ғұлама туралы ой қозғалған. Бұл бағытта да жұмыс күшейтілмек.
Дәлірек айтсақ, Қ.А.Ясауидің тарихи болмысын жаһанға өз деңгейінде толық танытып, насихаттау мақсатында бірқатар шаруалар қолға алынады. Ат Елбасы тапсырмасы бойынша Түркістанда Ясауи музейі салынып, онда ғұлама мен оның шет мемлекеттердегі шәкірттерінің еңбектері қойылады. Ясауи феноменін жоғарылатып, атын асқақтату арқылы ғылымды ғана емес, туризмді де дамыту мүмкіндігі ашыла түседі. Бүгінде Еуропа мен Азияның түкпір-түкпірінде ясауитанушылар бар. Алдағы уақытта Түркістан қаласында әлемнің Ясауи бабаның ғылыми мұрасын зерттеп жүрген ясауитанушылардың басын қосып, халықаралық
конференция өтеді деген жоспар бар. Ясауи мұралары кешенді түрде зерттеліп, деректі және көркем фильмдер түсірілмек. Ұлы ғұлама Әл-Фарабидің де шығармалары зерттеліп, тұлғаның ғылыми мұралары кеңінен насихатталады.
Осы және өзге де мәселелерге тоқталған Жансейіт Түймебаев «Елбасы Шолпан ата қаласында өткен Саммитте Түркі кеңесі аясында «Түркі әлеміндегі 100 жаңа есім жобасын әзірлеуді ұсынамын» — деген болатын. Түркі дүниесінде Әл-Фараби, Ясауи, Абай, Юнус Эмре, Низами, Физули, Ұлықбек, Айтматов секілді ірі тұлғалар бар. Міне осындай даңқты тұлғалар мен ойшылдардың, жазушылар мен ғұламалардың еңбектерін Түркістанда ашылатын Түркі әлемі орталығында дәріптеуге мүмкіндік бар» дей келе өзге де жұмыстар мен жоспарлар жөнінде баяндады. Алдағы уақытта жобалар толық талданып-сарапталып, осы бағыттағы жұмыстар күшеймек.
Түркістан өңірінде атқарылған жұмыстар мен жоспарларды тыңдаған Әсет Исекешев аймақ басшысына «Рухан жаңғыру» бағдарламасы аясындағы жобаларды сапалы әрі мағыналы етіп өткізуді, сондай-ақ, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жүзеге асыру бойынша нақты жұмыстарды жүзеге асыруды тапсырды.

Ғалым Әділжанов.

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университеті 75 жылдық мерейтойын атап өтті. Мерекелік жиын білім ордасының алдынан бой көтерген ұлы жазушы, ғұлама ғалым Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың еңселі ескерткішінің ашылу рәсімімен басталды.
Салтанатты шараға Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, оқу орны басшылары мен студенттер және түрлі салада еселі еңбектерімен ел абыройын асқақтатып жүрген университет түлектері қатысты.

Аймақ басшысы өзінің құттықтау сөзінде іргесі қаланғалы ел дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан оқу орнының ұстаздарына алғыс білдірді.
«75 жылдық тарихы бар білім ордасы үшін биылғы жыл толағай табыстарға толы болды. Атап айтсақ, еліміздегі жоғары оқу орындарының рейтингісінде ІІІ-орынды иеленсе, QS рейтингісі бойынша әлемдегі 4,5 мың жоғары оқу орындарының ішінде 609-дан 501-ші орынға көтерілді. Бұл осында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан оқытушы-профессорлардың ерен еңбегі деп айтар едім. Жалпы Түркістан өңірінде 500 мыңнан аса жас бар. Мұнда оқитын студенттердің басым көпшілігін облысымыздың жастары құрайды. Ендеше осында білім алып, өз саласының үздігі атанған бітіруші түлектер түркі дүниесінің орталығына айналған Түркістан облысында өздерінің жаңа мүмкіндіктерін жүзеге асырады деп сенім білдіремін», – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Шара барысында белсенді қоғамдық қызметі және білім беру мен тәрбие ісі процестерін ұйымдастыруда еңбек еткен университеттің бірқатар қызметкерлері «Ыбырай Алтынсарин», «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Еңбек ардагері» төсбелгілерімен, сондай-ақ облыс және қала әкімдерінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар, еліміздің игі істері мен жаңашыл бастамаларының алдыңғы сапынан табылып жүрген оқу орнының түлектері – ҚР Ұлттық Ғылымдар Академиясының президенті, техника ғылымдарының докторы, профессор, академик М.Жұрыновқа, экономика ғылымдарының кандидаты, 1973 жылдан ҚазХТИ комсомол комитетінің хатшысы, қоғам қайраткері, 1993-1997 жылдары ОҚО әкімі қызметін атқарған З.Тұрысбековке және бірқатар мемлекет және қоғам қайраткерлеріне ерекше құрмет көрсетілді.
Айта кетейік, Шымкент қаласындағы аталған білім ордасы 1943 жылы құрылыс материалдары технологиялық институты болып құрылған. Қазіргі таңда, мұнда 1700 оқытушы-профессор, 136 ғылым докторы, 646 ғылым кандидаты мен доцент 20 мыңнан астам шәкіртке дәріс беріп келеді. 75 жылда уверситеттен 100 мыңға жуық түлек түлеп ұшқан.

Түркістан облысы
әкімдігінің баспасөз қызметі.


Жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарымызбен рухани қазыналарымызды қайта жаңғырту мақсатында қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы елімізге үлкен рухани леп әкеліп, санамызға үлкен сілкініс жасады деп айта аламыз. Бұл бағдарламаның нәтижесін қазақ халқының ұлт ретінде сақталып, мәңгілік елге айналуымызға қосар үлесі жоғары деп бағалауға болады.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев бағдарламалық мазмұнмен баяндалған «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты еңбегінде «Жаңа мамандар ашықтық, прагматизм мен бәсекелестікке қабілет сияқты сананы жаңғыртудың негізгі қағидаларын қоғамда орнықтыратын басты күшке айналады. Осылайша болашақтың негізі білім ордаларының аудиторияларында қаланады…» деп атап өткен болатын. Осы бағытты жүзеге асыру мақсатында университетімізде «Рухани жаңғыру» орталығы ашылып, бағдарламаны іске асырудың бірыңғай стратегиялық жоспары жасалынды. Жоспарды іске асыру мақсатында жергілікті атқарушы органдар, өңірлік сараптау кеңестері, облыстық жобалық кеңсе, қалалық Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығымен тығыз байланыс орнатылған. Аталмыш бағдарлама аясында өзге ұлт студенттерімен тығыз байланыс орнатып, ортақ рухани құндылықтарды дәріптеу және студенттер ассамблеясы жұмыстарын бір жүйеге қою мақсатында «Білім және этномәдениет» орталығы ашылып жұмыс жасап келеді. Студенттерге ұлттық кодымызды сақтап, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу және сақтауды ұғындыру мақсатында оқу ордамызда «Тарихи-өлкетану» мұражайы ашылды. Қазіргі талапқа сай білім беру үдерісінде ашықтық, тазалық пен қолжетімділікті қамтамасыз ету, жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша «Университет қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою
бойынша бақылау Кеңесі», сонымен қатар «Жүз нақты қадам» Ұлт жоспарының 64-қадамын жүзеге асыру үшін білім алушыларға және профессор-оқытушылар құрамына жаһандық ғылымның заманауи тетіктерін меңгеруге бағыт бағдар беру мақсатында «Ғылыми-техникалық Кеңес» құрылып, нақты міндеттемелерді іске асырып келеді.
Өз кезегінде университет білім алушылары (студенттер мен магистранттар) оқу үдерісіндегі қажеттіліктерін талап ету мақсатында университет ректорының блогын және оқу ғимаратындағы «Сенім жәшіктерін» пайдалана алады. Білім саласындағы жаһандық бәсекеге неғұрлым бейімделген мамандарды даярлау – болашаққа жасалатын ең басты бағдар болып табылады. Сондықтан Елбасымыздың қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған бұл идеясы – уақыт талабы мен ел дамуының тарихи кезеңіне сай оң шешім болды. Идеяның астары өмірге дендеп еніп келе жатқан ғаламдық жаңалықтарға дайын болып, білім мен ғылымды мейлінше игеруге үндеді. Сол себепті әлемнің үздік 100 оқулығын Ұлы дала елінің тілінде сөйлету көңіл қуантарлық жағдай болып отыр. Қолымызға тиіп отырған осы оқулықтарды студент жастардың бойына және ойына сіңіріп нәтиже шығару – жоғары оқу орнындағы ұстаздардың міндетіне кіретін басты жауапкершіліктің біріне айналды. Сондай-ақ, гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әр түрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алу мүмкіндігі жасалған. Бұл жоба жастарға тың серпін беретін басым бағыттардың бірі болғандықтан, кешіктірмей оқу үрдісіне енгізу жұмыстарына да байыппен қарау керек деп ойлаймын. Осы бағытта оқу ордамыздың кітапханасына келген жаңа кітаптарды студенттерге таныстырып, мамандықтары бойынша оқылуы тиіс оқулықтарды таңдауда бағыт-бағдар үнемі берілуде. Қытай Республикасының Ухан университетінің Қытай тілі филологиясының магистранты, «Жаһан» журналының тілшісі Жантей Бекжігітпен студенттер арасында қазақ тіліне аударылған кітаптар жөнінде онлайн тәртібінде сұхбат өтті. Бұл кездесу білімгерлерге әлемдік деңгейде көп оқылатын кітаптардың адамның жеке тұлға ретінде қалыптасып дамуына, бойында рухани сілкініс жасауға көмектесетін негізгі құрал екенін түсіндіре білді. Бизнес, экономика, әлеуметтану, дінтану, филология, психология, философия салаларында өміршең идеялармен, озық тәжірибелермен белсенді түрде сусындап, қолдана білу уақыт күттірмейтін дүние екенін пайымдады. Университетімізде студенттердің білім, ғылым, менеджмент, денсаулық, кәсіпкерлік бағытындағы ең озық шығармалардың, зерделі зерттеулердің және беделді басылымдарда жарық көрген таңдаулы мақалалардың мазмұнымен танысуға мүмкіндігі мол.
Университетімізде 2018 жылдың 12-қазанында «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалы, Түркістан облыстық жобалық кеңсесі және Шымкент қаласы отбасы, балалар және жастар басқармасы өкілдерімен біріге отырып, ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауын профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылар арасында талдау және кеңінен насихаттау мақсатында дөңгелек үстел өткізіліп, үш бағытта талдаулар жасалды. Біріншісі, педагог мәртебесі туралы заңнаманың бекітілуі; екіншісі, студенттердің санасында ұлттық құндылықтардың заманауи жаңғыртылуы; үшіншісі, алдағы 2019 жылдың «Жастар жылы» деп аталуы сияқты мәселелер талқыға түсті. «Жастар жылы» қарсаңында жастарымызға Ұлы дала жұртының рухани мол қазыналарын заманауи жаңғырта отырып дәріптеу мақсатында студенттер арасында әртүрлі байқаулар өткізу (ән сайысы, ақындар мүшәйрасы, спорттық жарыстар, сурет өнерінің көрмесі, КВН командасы т.б.) жұмыстары қолға алынған.
«Академиялық ұтқырлық» бағдарламасы аясында университетіміздің білімді бірлескен мәдени, гуманитарлық және ғылыми жобаларды іске асыру және халықаралық білім беру мақсатында Қырғыз, Өзбекстан Республикаларындағы бірқатар жоғары оқу орындарының ұстаз-ғалымдарымен және студенттерімен кездесу, тәжірибе алмасу жұмыстары жүйеленіп жолға қойылған.
Ел тәуелсіздігімен егіз өсіп келе жатқан жігерлі жастардың рухын жаңғыртумен қатар салауатты өмір салтын ұстану бағытында «Дене шынықтыру және спорт» кафедрасы жүйелі түрде жас мамандарды жарыққа шығарып келеді. Осы орайда облыстық, республикалық, халықаралық додаларда осы оқу жылының ішінде қол жеткізген жетістіктерімен ерекшеленген университет жастарын тілге тиек ете аламыз. Айта кетер болсақ: спорттық ойындардың «Ауыр атлетикадан» ДС-118 тобының студенті Мұса Мұзаффар 2018 жылы қыркүйектің 25-28 жұлдыздары аралығында өткен (тақырыбы: ОРМБЖСМ КММ Ашық біріншілігі «Халықаралық денсаулық күні» және «Астана-әлемдік қала») республикалық жарыста ІІ орынды; «Таэквондодан» ДС-117 тобының студенті Жаңабай Бекнұр 2018 жылы қазанның 13-16 жұлдыздары аралығында өткен (тақырыбы: Түркістан облысының №4 олимпиада резервінің балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ашық біріншілігі «Спорт – есірткі және есірткі бизнесіне қарсы») облыстық жарыста І орынды, 2018 жылы қарашаның 2-5 жұлдыздары аралығында өткен (тақырыбы: XX халықаралық турнир «SEMEY OPEN» / Қазақстан Республикасының Чемпионаты) халықаралық жарыстарда екі дүркін ІІІ орынды; «Стол теннисінен» ДС-115 тобының студенті Аман Сабыржан 2018 жылы қазанның 4-10 жұлдыздары аралығында өткен (тақырыбы: Жасөспірімдер арасындағы Республикалық Чемпионат) республикалық жарыста ІІІ орынды, «Джит Кун До Боевое каратэ» бойынша ДС-118 тобының студенті Анарбаев Асет 2018 жылы қазанның 19-20 жұлдыздары аралығында өткен (тақырыбы: Open Republican Tournament on Combat Karate) халықаралық жарыстарда І орынды иеленіп, айтулы сындарда үміттерді ақтай білді.

Ғалымжан Битұрсын, Шымкент университетінің әлеуметтік және тәрбие істері жөніндегі проректоры.

Күллі түркі әлемінің жауһары саналатын Түркістан бұрыннан көп шаһардың бірі емес-тін. Ал биылғы маусымдағы мемлекет басшысының Жарлығынан кейін Қ.А.Ясауи бабамыздың, қазақтың небір жақсылары мен жайсаңдарының мәңгілік мекеніне айналған қала – облыс орталығына айналды. Яғни екі миллион халқы бар үлкен бір өңірдің ордасы. Айналдырған бес айдың ішінде мұнда жергілікті, республикалық, халықаралық деңгейдегі небір кесек-кесек саяси шешімдер қабылданып, мәмілелер жасалып, жарқын болашаққа бағыт-бағдар құрылып жатыр. Әрине, бұл ретте облыс әкімдігі мен әкімдік аппаратының шаһардың қайта түлеп, түрленуінде сіңірер еңбегі, қосар үлесі зор болмақ. Бұның өзі Түркістан қаласы әкімдігіне үлкен көмек екені айтпаса да түсінікті. Бірақ солай екен деп, жергілікті биліктің «артымызда облыс әкімдігі тұр ғой, олар барда не қам бар?!» деп арқаны кеңге салуға болмайды. Облыстың орталығы болғандықтан, қала әкімдігі облыс әкімдігінің қарқынына ілесе алуы керек.

Иә, алдағы жылдары Түркістан ауқымды құрылыс алаңына айналары мәлім. Бұл жерде бар гәп ақшада ғой. Ақысын берсе, дәулеті мен сәулеті келіскен, төбесі көк тіреген ғимараттарды, көздің жауын алар саябақтарды, тиісті инфрақұрылымдарды әп-сәтте салып тастайтын құрылыс компаниялары жетіп-артылады. Алайда Түркістанның екінші тынысын ашатын тек құрылыс саласы емес. Түркістанды дүйім жұрт рухани шаһар ретінде танитындықтан, қаланың бағын ашатын – ИДЕОЛОГИЯ!
Келісеміз, Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев – идеолог кадр. Бірақ бұл қаланың бүкіл идеологиясын өңір басшысы жүргізеді деген сөз емес қой. Жергілікті билік те Түймебаевтың тегеурінді іс-әрекеттері мен жаңашыл бастамаларын ол ойлағаннан да асыра жүзеге асырып, идеологиялық жұмыстардың генераторына айналуы тиіс.
Өкінішке орай, Түркістан қаласы әкімдігінен ондай генераторлықты байқай алмай жүрміз. (Бәлкім, өздері байқата алмай жүр ме?) Әнебір кездері «Жансейіт Түймебаев қала әкімдігі тарапынан жүргізіліп жатқан идеологиялық жұмыстарға көңілі толмай, қатты қынжылған көрінеді» деген әңгімені құлағымыз шалып қалды. Әйтсе де «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» ғой. Содан идеологияға жауаптыларды шақырып, біраз жөн-жоба нұсқаған сияқты. Әрине, облыстың басшысы болған соң, білгенін айту, жол сілтеу, тапсырма беру міндеті ғой. Әй, бірақ сол Түймебаевтың түйдек-түйдек ойлары мен озық идеяларын, әрлі әңгімелерін құлаққа құйып, санаға тоқу жағы қиындау-ау. Өйткені Түркістан қаласы әкімдігінің идеологияға жауапты кадрларының ешбірінің базалық білімдерінің идеологиямен үш қайнаса, сорпалары қосылмайды. Мысалы, қала әкімінің орынбасары Ғани Рысбеков (суретте).

Ауыл шаруашылығы саласының маманы. Агроном. Сонау 1986 жылы Целиноградтағы ауыл шаруашылығы университетін бітірген. Екінші мамандығы да бар. Алайда ол да идеологияның маңайына жоламайды. Қаржы бакалавры. Түркістандықтар Ғани Құрмашұлын ә — дегенде қалалық мәслихат депутаты, екі шақырылымда сайланған мәслихаттың хатшысы және қонақүйдің директоры ретінде таниды. Ал идеология бойынша «замдықтың» тізгінін соңғы 3 жылдан астам уақыттан бері ұстап отыр. Болды! Оның идеолог ретіндегі тәжірибесі осы-ақ! Жо-жоқ, Ғани Рысбековте алты аласымыз, бес бересіміз жоқ. Мүмкін, Түркістан облыстың орталығы емес, баяғыдай қатардағы аудан-қалалардың бірі ретінде болғанында назарымыз аумас па еді…
Бірақ, Елбасы сонша үміт артып, сенім білдіріп, Түркістанды өзімен аттас жаңа облыстың орталығы еткен соң, оның кадрлары да барлық заманауи талаптарға сай болуы керек қой. Өзбекәлі Жәнібековтің деңгейінде болмаса да, соған жетеғабыл, ұқсап баққысы келетін мамандарға «ставка» жасауымыз керек. Дәл Түркістандай шаһардың идеологиясында «барыменен – базар» деген түсінік жүрмейді! Екі миллион халықтың арасынан қалайша шашынан башпайына дейін идеологияны бойына сіңірген маманды таппаймыз?! Елміз ғой. Сондықтан бұл мәселе бойынша қала әкімі Әліпбек Өсербаев пен облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың тереңірек ойланып, тезірек шешім қабылдағаны жөн болар еді-ау.
Ә. Өсербаевтың идеологиялық мәселелермен ұдайы бас қатырып отыруға мүмкіндігі жоқ екенін сеземіз. Себебі құрылысшы әкім көп уақытын күндіз-түні қызатын құрылысқа арнауы керек. Бұл ретте Жансейіт Түймебаевтың таңдауына біршама түсіністікпен қарауға болады. Түркістанға құрылысшы маманды басшы етіп тағайындады.
Ал ендігі жерде Ә. Өсербаевтың қателікке бой алдырмағаны жөн. Ол үшін нағыз идеологты өзіне орынбасар еткені дұрыс!
«Жарайды» деп, Ғани Рысбековке де көзді жұмар едік. Қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Бөкебаевыңыздың да базалық білімі идеологияның ауылынан алыс жатыр. Қолында – Қазақ химия-технология институтының дипломы. «Жоғары температураға төзімді металл емес заттардың және силикат материалдарының химиялық технологиясы» мамандығын игеріпті. Инженер-химик-технолог. Еш болмаса, екінші мамандығы икемге келе ме десек, онысы – заңгерлік (Қазақстан-Ресей университеті). Естуімізше, біраз жыл құқық қорғау органында жұмыс істеген сияқты.
Осыдан кейін рухани шаһардың руханиятына, идеологиясына алаңдамай көріңіз!

Қ. ҚАЛИЕВ.


Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте үшінші мегаполис басшысы Ғабидолла Әбдірахымовтың келтірген мәліметтеріне сенсек, айналасы бір-екі жылдың ішінде Шымкентте үш ұйықтасаңыз түсіңізге кірмеген оң өзгерістер болмақ.
Аталған жиында үшінші мегаполис басшысы БАҚ өкілдеріне қаланың әлеуметтік экономикалық көрсеткіштері мен алдағы жоспарларын мәлімдегені белгілі. Әдетте мінберде айтқан сөздерінің дені жұрт жүрегіне тез жол табатын әкімнің бұл жолғы жоба-жоспарларының бірқатары тыңнан түрен салды.
Қала әкімінің айтуынша 2019 жылдың 1-қаңтарынан бастап Шымкентте «Су ресурстары маркетинг» ЖШС, «Қуатжылуорталық-3» ҚКК, «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС пен «КазТрансГазАймақ» компанияларының ішкі резерві есебінен коммуналдық төлемақы біршама төмендейді. Соның негізінде қала тұрғындары үшін бір текшеметр су 10 пайызға, кәріз жүйесі қызметі де 10 пайызға, жылу 4 пайызға, электр қуаты 3,5
пайызға, көгілдір отын 3,3 пайызға арзандайтын болады.
Келер жылдың 1-қаңтары иек астындағы уақыт екенін ескерсек, бұл жеңілдіктің игілігін көретін күннің де алыс емес екені белгілі.
Алдағы уақытта «Шымкент-сити» жобасы бойынша құрылыс жұмыстары қарқын алады.
Бұл осыған дейін де бірнеше рет бірталай орталарда айтылып жүрген ақпарат. Бірақ кешегі брифингте Ғ. Әбдірахымов «Шымкент-сити» жобасының құрғақ сөз емес екенін, көп кешікпей қызған жұмыс орын алатынын, аумағы 400 гектар ауқымды жобаны іске асыру үшін құрышқолды құрылысшылары бар Highwell, BAZIS-A, BI Group секілді ірі компаниялар қаладан бөлімшелерін ашып үлгергенін соған дәлел ретінде келтірді. Өз сөзінде ол «Шымкент-ситиді» «шымкенттік Манхэттен» болады деп сендірді. Сондай-ақ ол:
– Үш төрт ай қатарынан су айдынында жүзу Шымкентте ғана мүмкін нәрсе. Неге енді осы мүмкіндікті пайдаланбасқа? Осыған орай қаладан 17 шақырым қашықта орналасқан Бадам су қоймасы жағалауынан Диснейленд салынатын болады,- деді. Өз кезегінде оның «Happilon» компаниясымен бірлесе іске асатынын мәлімдегенін ескерсек, жоспардың пісіп жетілген идея екенін сезіну қиын емес. Сонымен қатар, Қошқар ата өзенінің бойынан Лондондағы үлгіге сүйеніп Гайд-саябақтары бой көтермек. Ескі қалашық аумағындағы ашық аспан астындағы мұражай 2020 жылы ашылмақ.
Осы деректерді алға тартқан Шымкент әкімі бұдан бөлек халықпен біте қайнасқан байланыс орнататынын да шегеледі. Енді тұрғындар әкімнің жеке қабылдауына түсу үшін сан емен есікті қағып сандалмайтын болады. Қабылдауға жазылу 1-желтоқсаннан бастап қала әкімінің сайтында электронды түрде жүзеге аспақ. Соның негізінде Ғ. Әбдірахымов бір жұманың өзінде жиырмаға жуық тұрғынды жеке мәселесі бойынша қабылдамақ. Ол осы мақсатта төрт құралын сайлап қойғанын, яғни бұл үшін қалалық әкімдіктің бірінші қабатынан арнайы кабинетті
дайындап үлгергенін сүйіншілей жеткізді. Қабылдау бұрынғыдай айына бір рет емес, аптасына бір рет сағат 16:00-ден 18:00-ге дейін жүргізілмек.
– 29-желтоқсаннан бастап қаламызда Шымкент-Дубай тікелей әуе рейсі ашылмақ. Бұл рейспен Fly dubai компаниясының әуе кемелері аптасына екі рет қатынайтын болады. Сондай ақ, жуық арада Шымкент-Казан бағыты бойынша әуе рейстерін ашу қолға алынбақ. Бұдан бөлек, Шымкентте SCAT компаниясының есебінен 2019 жылы құны 50 млн. АҚШ долларына тең жаңа әуежай терминалының құрылысы жүргізілмек. Келер жылы темір жол вокзалын қайта қалпына келтіру жұмыстары да басталмақ.
Брифингте осылай деген қала әкімі алдағы жылы қоғамдық көлік қызметін сапаландыру үшін мың жаңа автобус алынатынын жеткізді. Қоғамдық көлік демекші, енді бұл жүйеге ID-карта енгізілмекші. Яғни, тұрғындар қоғамдық көлік қызметке төлемақыны электронды жүйеде жүргізбек. Мұның тиімділігін Ғ. Рахметоллаұлы былай деп түсіндірді.
– Қоғамдық көліктегі жол ақысы, автотұрақ қызметі, кітапханаға кіру ақысы, театр және тағы басқа қызметтерге жүгіну ID-карта иегерлері үшін әдеттегі бағадан әлдеқайда арзандау болмақ. Яғни, қала тұрғыны автобус билетіне 70 теңге төлесе, өзге аумақтан келгендер 100 теңге беретін болады. Бұл табылған тәсіл деп ойлаймын.
Словакия компаниясымен бірігіп Қажымұқан стадионын 44 млн еуроға УЕФА талаптарына сай қайта қалпына келтіруден өтетінін айтып өткен қала басшысы көктем келіп, жер қарайғаннан бастап велосипед айдайтынын шегелеп айтты. Сонымен қатар ол келешекте шымкенттіктердің негізгі транспорты велосипед болады деп ойлайтынын да жасырмады.
– Көлік тізгендегендер көп уақытын кептелісте тұрып жоғалтады. Ал велосипедте ондай емес. Онымен жүрудің өзі керемет. Әрі спорт, әрі жанар-жағармай жемейді. Тұрақ іздеп әбігерге түспейсің. Осы сынды оның артықшылақтары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, барлығын транспорттың осы түрін пайдалануға шақырамын. Яғни, мен ешкімге талап қоймаймын. Дегенмен басқалары да осы велосипед тебуге көшетінен түсініп отырған боларсыздар, — деп басшы ретінде қарамағындағыларға сөзін өткізе алатынын жұқалап жеткізгендей болды.
Осы және өзге де жәйттерді мәлімдеген Шымкент әкімі Ғ. Әбдірахымов қорытынды сөзінде былай деді:
– Мен неге мемлекеттік қызметте жүрмін?! Егер білек сыбана кіріссем Forbes тізіміне кіретін іскер азамат болатын ба едім?! Бірақ менің басты мақсатым бай адамдардың қатарынан көріну емес – халыққа қызмет ету. Бір бірімізге дем беріп, Отанымыз үшін еңбек ету менің ғана емес, баршамыздың мүддеміз болсын.
Брифингте баяндама жасауға тастүйін дайындалып келген Ғабидолла Әбдірахымовтың осы айтқан сөздері бойынша қаншалықты «семіз шығатыны» алдағы уақыттың еншісінде.

С. НҰРАЙ.


ТАМЫРЫ ТЕРЕҢ, ТАҒЫЛЫМЫ ЕРЕН ТРАКТАТ

Былтыр Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарияланғанда мен бұл туындыны «Ұлтыңды сүюге арналған құжат» деп жазып едім. Енді кешегі Елбасымыздың елді тағы да елең еткізген «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын Ұлтшылдықтың ұлағатын ұқтыру деп қабылдадым.
1922 жылы Алаштың рухани көсемі, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы
елуге толғанда сол кезде Үкімет басқарып отырған Сәкен Сейфуллиннің өзі келіп, сөз сөйлеген. Сонда ол Ахаңды әбден мақтап келіп, «ең бастысы Ахмет Байтұрсынұлы ұлтшыл» деген болатын. Қызыл сұңқар Сәкен Сейфуллиннің Алаштың арысына бұл сөзді не оймен айтқанын өзі білер, ал біз бұны ең жоғары баға деп қабылдаймыз. Яғни, Кеңес империясының ұлттарға қарсы басталған қанды жорығына дейін Ұлтшылдық — Ұлтты сүюдің, Ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісі болып келгені анық.
Тәуелсіздіктің таңы енді атып келе жатқанда ұлттың тамырына қан жіберу үшін «Мәдени мұраны» рухани айналымға қосу «Халық тарих толқынында» бағдарламасына алып келді. Одан «Ұлы дала ұлағатын» ұқтырып алған Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» ұлт жобасын жариялады. Енді міне, дүбірлетіп «Ұлы даланың жеті қыры» жетті.
Ақты – ақ, қараны – қара деп айта білгенге не жетсін! Бізде қазір билік тарапынан айтылған сөзге дұрыс болса да, міндетті түрде қарсы шығу тенденциясы белең алып барады. Ал кейбіреудің кертартпа келеңсіздігіне, оппозиция өкілдерінің ойға қонбайтын ұсыныс-пікірлеріне құлай кететін кемшіліктеріміз де көп кездеседі.
Көзі қарақты зиялы қауым осы мақалаға байланысты өз ойларын білдіріп, кез келген жерде пікір таластар өрбуде. Мақала жарияланған күні кешке кезекті бір кездесуде аты белгілі ақсақал зиялымыз: «Елбасының мақаласын оқыдыңдар ма?» деп сұрады. «Оқыдық» дедік. «Сынадыңдар ма?» — деді бірден маңайына
маңғаздана қарап. «Не үшін сынауымыз керек?!. Өзіміз осылай ұлттық мүддемізді ұлықтауға зорға қол жеткізген жоқпыз ба?» — деп, қарсы сауал беріп едім, менен мұны күтпегендей жақтырмай қарап, жалтарып кетті.
Шынында да, былтыр «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жарияланғанда «Біз бұл күнге Тәуелсіздігіміздің 27 жылында зорға қол жеткіздік» деп жазған едік…
Біз «Рухани жаңғырудың» заңды жалғасы «Ұлы даланың жеті қырын» оқи отырып, әлемдік өркениетке әсер еткен бабаларымыздың мәдениетінің мәйегі қандай тереңнен тамыр тартатынын алақандағыдай анық көре бастадық.
Атын естігенде атқа қарғып мінгендей алапат қуат алатын «Ұлы дала» этнонимін Тәуелсіз Қазақ Елінде қоғамдық-саяси айналымға қосқан Елбасымыз екені анық!
Біз барлық жәйтке бей-жай қарап үйренгенбіз. Әлемдік күштердің ара салмағын ата-бабамыздың пайдасына шешіп кеткен атқа мінуге атүсті қарап келдік. Үздік өнім – үзеңгінің өзін үзіп-жұлып қана айтып жүрдік . Ал Елбасы еңбегін оқығанда атқа міну мәдениетінің адамзат дамуындағы алапат жетістігіне көз жеткіздік. Ат үйретіп қана емес, ат әбзелдері мен атты әскердің бар қаруы да бүгінгі заманауи жетістіктердің бастауы екенін біле бастадық.
Иә, желмен жарысқан жүйрік жылқысының тұяқ дүбірі тарих доңғалағын жылдамдатқан бабаларымыздан қалған қасиеттерді ұрпақ санасына сіңіре білуіміз керек.
«Қазақстан тарихы да жеке жұрнақтарымен емес, тұтастай қалпында қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінікті болуға тиіс. Оған қажетті дәйектеріміз жеткілікті» – дейді мемлекет басшысы.
Атам заманғы тарихымыз түгілі Тәуелсіз Қазақстанды армандап, Орта Азияда тұңғыш заманауи саяси партия құрып, Алашорда үкіметін жасақтаған Алаш тарихының өзіне мектеп оқулығында бір жарым бет қана беріліп келеді. Ал Алаш тарихындағы ақтаңдақтарды ақтару үшін Елбасымыз айтқандай, «Архив-2025» жобасына жүгінуіміз керек. Сондай-ақ, мектептер мен барлық өңірлердегі өлкетану музейлері жанынан тарихи -археологиялық қозғалыстар құрудың болашағымыз үшін маңызы зор.
Түркі біткен түгел қара шаңырағымыз деп танып отырған Қазақ Елі бас болып, «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобаны қолға алу түркі әлемінің дамуына түрткі болатыны анық.
Ежелгі Отырар қаласын қалпына келтіру арқылы туризмнің жемісі мен өрісіне айналдыру жобасы да өте маңызды.
Тарихшыларымызға серпін берген «Халық тарих толқынында» бағдарламасы кезінде Үржардан біздің дәуірімізге дейінгі V-VI ғасырлардағы сақ ханшайымының алтынмен апталған сүйегі табылды. Сонда біз «Қазақ үні» газетінің журналисі мен операторын арнайы жіберіп, Алтын ханшайымды қазып алу жұмыстарын бастан-аяқ түсіріп алдық. Кейін Алматыдағы археологиялық институтқа әкелінген сол сақ ханшайымының алтын зерлі киімі мен сәукелесіне алтын фольгамен өрнектелген қошқар мүйіз ою-өрнектеріне қарап, оның қазіргі қазақ ою-өрнектері мен сәукеледен айырмашылығы жоқ екеніне көз жеткіздік.
Металлургияның қалай дамығанының жарқын көрсеткіші – «Алтын Адамның» отанында «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейін ашу» мәселесі өте
мәйекті екені анық.
«Дала фольклорының антологиясын» жасап, мың жылдық музыкамыздың «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын шығару өткеніміздің өнегесін бойға сіңіруге бастайды.
Ал цифрлы технологиясы алдыңғы қатарда дамып келе жатқан Қазақстанда еліміздің модераторлығымен Түркі халықтарына ортақ туындылардың бірыңғай онлайн кітапханасын ашу кезек күттірмес келелі мәселе.
Мың жылдық «Алпамыс батыр» қаhармандық жыры бар елдің балалары батыстың «Терминаторының» тегін зерттеп, «Шректерінің» шежіресін жатқа білуі – балалар мен жас өрендер тәрбиесіндегі орны ойсыраған олқылықтарымызды ойып көрсетеді.
Сондықтан да «Тез арада Қазақ-станның өркениет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериалдар мен толықметражды көркем картиналардың арнайы циклін өндіріске енгізу қажет».
Түркілік түгелдену жолында осындай ордалы ойлардың тоқсан толғауын толғап қана қоймай, оны іске асыруға жол сілтеген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевты Түркия Президенті Тайып Ердоғаннан бастап «Түркі әлемінің көшбасшысы» деп бағалауының тегін емес екеніне көзіміз жетеді.
Тепсе темір үзетін кезінде темірдің кені – Теміртауда темір ерітіп, болат құйған болаттай берік Елбасымыздың бүгінгі әлем таныған тұлғасына қарағанда:
Сенімнің қалауы да келіп қалар,
Жерімнің жарауы да ерікті алар…
Темірдің алауына төзген Ерім
Елімнің Жалауына берік болар!
— деген жыр жолдары еске түседі.
Тағы бір айта кетеріміз, бізде бағалы бастамалардың бәрі басында жақсы басталады. Ұрандатып алып кетіп, науқанға айналдырып аламыз. Билік тарапының небір бастамалары кейде баянын таппай қалып жатады. Оның бір-ақ себебі – отарлықтан құтылған елде отарсызданудың болмағанынан. Арам шөптің бетін шауып, егін еккенмен, ол егініміз өнім бермейді. Солай болмас үшін егістіктің арам шөбін тамырымен қопарып, жұлып тастап, тазалау керек. Содан соң ғана егін егуге болады. Мысалы, кеше ғана Алматыда Парламенттің бірнеше депутаттары бастаған топтың Кеңес империясы комсомолының 100 жылдығын тойлауы!.. Қоғамның қатты қарсылық көрсетуі арқасында «Комсомол тойы» Тәуелсіз Қазақстанның Астанасында өтпей қалды. Соның өзінде қазақстандық комсомолдар бұрынғы астаналары – Мәскеуге арнайы делегация болып барып қайтты. Масқара болғанда Қазақстаннан алпыстан астам «комсомолдан» құралған делегация (Астанадан -30 адам. Шығыс Қазақстаннан – 30 адам) үлкен концерттік бағдарламамен барса, Белоруссиядан келген «комсомолдар» алты адамға да жетпеген. Өзбекстаннан 3-ақ адам, Тәжікстаннан 6 адам ғана барған… Мәскеудің өзінде онша көңіл аударылмапты бұл жиынға. Тек комсомолдың тойын қыздырғандар Мәскеуге Роза Рымбаева бастаған әншілерімізді алып барған біздің қазақстандықтар болыпты. Сонда кеңес империясының комсомолының 100 жылдық тойы біздің қазақ-стандықтарға ғана керек болған екен ғой деген ой келеді… Міне, біздің 27 жылда арам шөптің тамырын шаппай еккен «егініміздің» жемісі! Бұл арамшөптің зиянын заңмен бекітілген төріне әлі күнге шығара алмай жүрген мемлекеттік тіліміздің жағдайынан да білуге болады…
Сондықтан да, «ештен – кеш жақсы» деп, отарсыздану мен декоммунизациялау бағдарламасын қабылдауымыз керек.
Ұлы даланың жеті қырынан жетпіс жеті жетістік тарайтынын жетемізге жеткізе білген, түпсіз түпсананы түртіп оятқан Елбасының тағылымы зор трактаты бағзы бабалардан келе жатқан терең тамырларымызды сан ғасыр бойғы сан қилы соғыстар да, Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама да, кешегі кеңес империясының қанды қасабы да үзе алмағанын, сақ дәуірінен сақталған генетикалық кодты геноцидтер де жоя алмайтынын көрсетіп берді.
Сауыты алтын сақтардан саңлақ тартып, құлашы кең ғұндардан қуат алған, Көне Түркі қағанатынан көктеген Көк Тулы Қазақстанның кешегісі өнегелі, келешегі кемел екенін айқындаған тамыры терең, тағылымы ерен трактаттың тартар жүгі орасан.
Ұлы даланың ұлы ренессансы басталар күн есік қағып тұр деп сенейік, ағайын!

Қазыбек ИСА, «Қазақ үні» газеті.
qazaqunii.kz