Маңызды

Қазақстанда жеке және заңды тұлғалардың өткен жылыту маусымында коммуналдық төлемдер үшін монополист  компаниялар алдындағы дебиторлық қарызы 13 миллиард теңгеге жетті.

Бұл санайғақты еліміздің индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлімдеді.

Коммуналдық қызметтер үшін қарызы ең көп өңірлер тізімінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары  мен Маңғыстау облысы көш бастап тұр. Тиісті қаржыны қайтару үшін әкімдіктер борышкерлермен дебиторлық берешекті өтеу және азайту бойынша жүйелі шаралар жүргізіп жатыр.

Ведомства басшысы осы жылғы жылыту маусымында түзілген 13 млрд. теңге дебиторлық қарыз өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 780 миллион теңгеге көп екенін алға тартты.

Сондай-ақ министр, алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары қызу жүріп жатқанын айтты. Министрдің сөзінше қазіргі таңда халыққа арналған көмірлерді дер кезінде сатып алу жұмыстары пысықталуда екен. Жылу беру маусымына  10 мыңға жуық білім беру, 6 мыңға жуық денсаулық сақтау нысаны мен 47 мың тұрғын үй дайындалу үстінде екенін жеткізді.

 

«Nur Otan»  партиясының төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоры есебінен тұрғындарға берілетін 50 мың теңгелік бір реттік көмек төртінші рет беріледі.

Бұл туралы партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек мәлімдеді.

Жетекші партия  ұйымдастырған  50 мың теңгелік бір реттік көмек   бұған дейін Қазақстанның 23 ірі қаласында, сондай-ақ, оларға жақын орналасқан шағын қалалар мен ауылдарда тұратын 470 мыңнан астам отбасыға берілген болатын. Демеуқаржы  республикалық маңыздағы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан, Көкшетау, Ақтөбе, Талдықорған, Атырау, Өскемен, Семей, Тараз, Орал, Екібастұз, Қарағанды, Жезқазған, Теміртау, Қостанай, Рудный, Қызылорда, Ақтау, Жаңаөзен, Павлодар, Петропавл өңірлерінің тұрғындарына берілген.

Ал енді төртінші рет берілгелі тұрған 50 мың теңгелік бір реттік көмек  ауылда тұратын 80 мың отбасыға үлестірілмекші. Отбасылардың тізімін  жергілікті жердің әкімдігі әзірлейді. Көмек алушылар тізімі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұсынысы негізінде 7 санат бойынша атап айтқанда, тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға, бірінші топтағы мұқтаж мүгедектерге, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасыларға, ең төменгі зейнетақы алып жүрген зейнеткерлерге (38 686 теңге), базалық зейнетақы алатындарға (16 839 тенгеден төмен), жетім балаларға (тұл жетім және асыраушысының бірінен айрылған балалар), Ұлы Отан соғысына қатысушыларына, ҰОС ардагерлеріне теңестірілгендерге, Тыл еңбеккерлеріне беріледі. Бірақ аталған санаттағы азаматтар ішінде көмекке мұқтаж жандар да,  және оны қажет етпейтіндер де бар. Сондықтан да ұйымдастырушылар бір реттік 50 мың теңге көмек тек мұқтаж жандарға көрсетілетінін ескертеді.

«Birgemiz» қорынан берілетін бір реттік төлемді берудің бірінші толқында көмекке 152 мыңнан астам отбасы   ілінсе, екінші толқында 210 мың, ал үшінші толқында 110 мыңға жуық отбасыға жәрдем берілген.   Және бірінші толқында көмек алған тұрғындарға екінші, үшінші толқында ақша қайта берілмейтіні ескертілген.

Сөз соңында «Birgemiz» қорына барлығы 28 млрд. теңгеден астам қаражат жиналғанын айта кетейік.

 

Еліміздің қылмыстық-атқару кодексі жазасын өтеушілердің қоғамға бейімделуін, оларға қоғам тарапынан тәрбиелік жұмыстардың көптеп жүргізілуін қамтамасыз ету секілді баптармен толыққаны белгілі. Мәселен, кодекс жобасына сәйкес, жаза тағайындау тетіктері жетілдірілетін болады. Бұл – бас бостандығынан айырудың прогрессивті жүйе бойынша жүзеге асатынын, ал бұл тетіктің енгізілуіне байланысты жазасын өтеушінің құқығы да өзгеретінін көрсетеді. Демек, жазасын өтеушінің тәртібіне байланысты оның құқығы кеңейеді немесе, шектеледі. Жалпы алғанда, жазасын өтеп жатқан азаматтың тәртібінің деңгейін анықтау оған жаза тағайындау мәселесіне жан-жақты және байыппен келуге мүмкіндік туғызатын болады. Яғни, мұндай үдеріс өз кезегінде сол азаматтың өз мінез-құлқы мен тәртібін түзеуіне септігін тигізуі тиіс. Осылайша, жазасын өтеген жандардың қоғамға толық құқылы азамат ретінде бейімделуіне ықпал етеді. Бұл жүйе сотталғандарды ұстауды кезең-кезеңімен ауыстыру мен оларды құқыққа мойын ұсынушылыққа, тәртіпке бағынған жүріс-тұрысқа ынталандырады. Сотталғандармен арасында жүргізілетін тәрбие жұмысының бірден-бір әдістемесі оларды мадақтау арқылы тәртіп бұзбауға шақыру. Жазасын өтеушілердің тәртібі, еңбекқорлығы, оқуға ұқыптылығы, өз еркімен еңбек етуі және қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысулары ескеріледі. Оларды мадақтау үшін алғыс хат беру, сыйлық ұсыну, қысқа мерзімде туған-туыстарымен кездестіру, бір айлық есептік көрсеткіш көлемінде азық-түлік және мереке күндері қажетті құралдарын алуға рұқсат беріледі. Кесілген жаза мерзімі де тәртібіне байланысты қысқарады. Жазасын өтеушілерді марапаттау және жазалау, мерзімді қысқарту мәселелерін қылмыстық-атқару кодексіне сәйкес мекеменің лауазымды тұлғалары қолданады.

 

Б.АСИЛБЕКОВ,

ИЧ-167/2 мекемесінің бастығы әділет подполковнигі.

 

Қазақстан бұл бойынша  әлемде 38-орынға көтерілді

Қазақстанда 28 маусым күні 1613 адамнан коронавирус анықталды. Ауру симптомдары оның 547-сінде болса, 1066-сында байқалмаған. Бір тәулікте 195 адам емделіп, 12 адам қайтыс боды.

Қазақстан билігі 3 маусымнан коронавирус жұқтырғандарды ауру белгілерінің бар-жоғына қарай “ауырғандар” және “тасымалдаушылар” деп екі бөлек санақ жүргізіп келеді. Негізгі статистикаға тек “ауырғандар” қосылып жатыр. Бөлмей санағанда вирус жұқтырғандардың жалпы саны – 37 966. Оның 13 мыңға жуығы жазылып, 178-і қайтыс болды.

Қайтыс болғандардың 35 пайызға жуығы – Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары.

Вирус жұқтырған және салдарынан қайтыс болған адамдардың саны бұдан көп болуы мүмкін. Соңғы күндері республиканың бірнеше өңірінде пневмонияға шалдыққан адамдардың саны күрт артып, өлім саны көбейген. Алайда олардан коронавирус анықталмаған. Дәрігерлер ол науқастарды коронавирус хаттамасы бойынша емдеуге көшкен.

«Fly Arystan» лоукост-әуекомпаниясы шымкенттіктерді тағы да қуантып отыр. Ұшу билеттерінің бағасы қолжетімді әуе компаниясы жаңа төрт бағытты жүзеге асыратын болады.

Соған сәйкес 15-шілдеден бастап «Fly Arystan» ұшақтары Шымкенттен Қостанайға аптасына 2 рет, 15-тамыздан бастап Қарағандыға үш рет, Павлодар мен Өскеменге аптасына 2 реттен қатынайтын болады. Бұл бағыттар бойынша билеттер бағасы да тиімді. Мәселен, Қарағандыға бару үшін билеттер бағасы 6999 теңгеден басталса, Қостанай, Павлодар, Өскеменге жеткізетін ұшу билеттері 7999 теңгеден басталады.

Қазіргі таңда «Fly Arystan» лоукост-әуекомпаниясы Шымкенттен бес бағыт бойынша қала тұрғындары мен қонақтарына қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, Атырау, Ақтау (билет бағасы 9999 теңгеден бастап), Ақтөбе (билет бағасы 8999 теңгеден бастап), Алматы (4999 теңгеден бастап) мен Нұр-Сұлтанға (билет бағасы 6999 теңгеден бастап) қарай күнделікті рейстер жасауда.

Қазіргі таңда елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты әуежайларда санитарлық карантин бақылау бөлімінің мамандары жолаушыларды байланыссыз термометр арқылы тексеруден өткізеді. Сондай-ақ, олардың барлығының медициналық қолғап пен маскада болуын бақылайды.

Жыл басынан бері Шымкентте «Сапалы жол – Адалдық алаңы» жобасы аясында 9 рейдтік іс-шара ұйымдастырылды. Жөндеуден өткен,асфальт төселген жол сапасы елеп-екшелетін шараны ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті ұйытқы болды. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде жыл басынан бері жол сапасының бұзылуына қатысты 61 кемшілік анықталған.

Шикілікті жойып, тірлікті талапқа сай орындалуын қамтамасыз ету үшін тиісті мекемелерге ұсыныстар жолданған. Нәтижесінде анықталған 61 кемшіліктің 16-сы жойылған.

Жуырда осы бағыттағы іс-шара Шымкенттегі «Тельман» мөлтекауданында жүргізілді. Қазіргі таңда аталған шағын ауданда жол құрылысы қарқын алған. Дегенмен бірқатар мердігер мекемелер жүмыс сапасын екінші орынға қойып жатқаны белгілі болды. Мысалы, талапқа сәйкес «АршанСтрой» компаниясы 8 қабатты жол төсеуге тиіс-тін. Алайда, мониторинг барысында мамандар арнайы жылжымалы зертхананы қолдану арқылы оның небәрі 4 қабатты екенін анықтаған. Ендігі кезекте аталған мердігер мекемеге анықталған кемішілікті жою бойынша мерзім белгіленіп отыр. Нәтижесінде нұсқаманың орындалуы тұрғысынан жол учаскесін қайта тексеру жүзеге асырылады.

Мониторингтік жұмыс туралы «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Жани Қамбар мөлтек аудандардағы асфальт қалыңдығы 5 см-ден аз болмауы қажеттігін, ал қалалық яғни, орталық көшелерде 7см-ден кем түспеуі керектігін алға тартады.

Анамыз Сейсенқызы Құралай 1930 жылы 8-наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы Көкбұлақ ауылында дүниеге келген. 1950 жылы әкем Пердебекке тұрмысқа шығып, он екі құрсақ көтерген. Алтыннан алқа таққан, Тыл ардагері, Батыр ана. 1970 жылы туылған Мейірбек, 1972 жылы туылған Элмира бауырларым жастай өмірден өтті. Қалған 6 ұлы мен 4 қызын түгел оқу орнына түсіріп, бәрімізге жоғары білім әперіп, үйлі-жайлы етіп, 41-немере, 68-шөбере сүйді. Анам Құралай ұлдарының да, қыздарының да балаларын бауырына басып баққан. Анамыздың әкесі Сейсен атамыз бұрынғы қиын-қыстау кезінде өмірден ерте озған. Анасы Тұрсын апамыз 6-құрсақ көтерген. Бірақ бес бірдей бауыры да жас балаларға көрінетін қызылша кеселінен жастай шетінеп кеткен. Ішіндегі Жолдасбек деген бауыры ғана сол аурудан 5-6 жасында өмірден өткен. Алты баладан қалған жалғыз қызы Құралайды Тұрсын апамыз алақанына салып, аялап баққан.

Анамыз Құралай бар жақсылығын Ақкөңірдек еліне, біздерге жасады. Қайын атасы Сман атамды 85-жасқа дейін, енесі Тұмаркүл (Дәней) апамды 95-жасқа дейін бағып, ақ батасын алған.

Бар жастық шағын ата-енесі мен әкем Пердебекке, перзенттері біздерге арнады. Барлық қайын жұртына қызмет жасап, ата-енесінің көңілін тапқан. Асыл анам Құралай бір адамның бетіне келіп, қатты сөйлемейтін. Құдай қосқан асқар тау әкеміздің атын атамайтын, алдын кесіп өтпейтін.

Жасы келіп, қартайған шағында дәрігерлердің салғырттығының салдарынан 4-5 жылдай жүре алмай науқастанып қалды. Мен шырылдап дәрігерлердің үстінен тиісті органдарға шағымданамын деп талай қиғылық танытқанымда қиналып ауырып отырса да, мені басып, «Құлыным дәрігерлерді сотқа бергеніңде менің денсаулығым түзеліп қалады деймісің?» деп сабырға шақырып отыратын. Иә, асыл анам Құралай өте салмақты, сабырлы, кең пейіл, адал жүрек жан еді…

Ардақты анамыз өткен жылдың 26-мамыры, рамазан айында 92-жасында жаны үзілді. 27-мамырда жамбасы жерге тиді. Сол кезде жаназаға келгендер де «Анаңыз не деген асыл адам?! Рамазан айының 10 күндігінде барлық тозақ оты жабық болып, сегіз пейіштердің есігі ашық болады. Осы 10 күндікке ілініп кетті анаңыз. Жәннәттық жақсы жан екен! Қай пейішке кірем десе де, анаңызға барлық жәннәттің есіктері ашық. Ол кісі сұраусыз жәннәтқа кетті. Біздерді де шын дүниеде әзиз Құралай анамен көрші ет» ,- деп дұға оқып, Алладан тілек тілегендерін естігенімде, өзімді зорға тоқтатып, көз жасымды тыйып, Аллаға шүкір дедім. Адамзатқа анам Құралайдың адалдығын Алланың өзі дәлелдепті деп тәубе еттім.

 

Бүгінде Сейсенқызы Құралайды сағынышпен еске аламын…

«Тәңірім анама нығметтің Нағым жәннәтін нәсіп етсін. Жұмақтың төрінде әкем Сманұлы Пердебекпен бірге болуларын нәсіп етсін»,- деп, Алладан күндіз-түні дұға етіп тілеймін. Алладан кейінгі жақыным, екінші Меккем, өмірімнің мәні Құралай анамнан туылғаныма Жаратушыға шексіз разымын. Анам Сейсенқызы Құралайды кеудемнен жаным шыққанша мақтан етіп, рухына тағзым етемін.

 

     Сағынышпен еске алушы ең кенже ұлы Ұлықбек,

келіні Индира.

 

 

Ертең 24-маусымда Арыстағы жарылысқа бір жыл толады. Естеріңізге сала кетсек өткен жылдың 24-маусымында күндіз Арыс қаласынан небары 200 метр алшақтықтағы №44856 әскери бөлімінің оқ-дәрі сақтайтын қоймасында жойқын жарылыс болған еді. Бұрқ еткен жарылыс тоғыз жолдың торабында отырған 55 мыңнан астам халықтың жанын шүберекке түйгізді.

 

Аяқ астынан болған апаттан қатты сасқан ағайын алды артына қарамай, Шымкент пен көршілес аудандарға қарай жан-жаққа қашқан еді. Сол кездегі ресми мәліметтерде Арыс халқының жартысынан көбі яғни, 26 мың тұрғын Шымкентке келгені хабарланған.

Қоймадан шыққан жарылыс салдарынан Арыс небары бірнеше сағаттың ішінде соғыстан қалғандай кейіпке енген еді. Жан-жаққа қарай ұшқан оқ-дәрілер жүздеген кәсіпкерлік нысандарды бүлдіріп, ондағы үйлердің 85 пайызын әртүрлі деңгейде зақымдаған болатын.

Сол кезде үйлері қирап, көшесі қаңырап қалған Арысты әр жерде жатқан оқ-дәрілердің деталдарынан тазалау және төтенше жағдайды тоқтату үшін ішкі істер министрлігі жеке құрамының 1500-ге жуық қызметкері тартылған. Саперлер қала және өрт шыққан оқ-дәрі қоймасы орналасқан аумақтан 5700-ден астам жарылмаған снаряд тапқан. Жарылыс болғаннан кейінгі төрт күннен соң дәлірегі, 28-маусымда қала жарылғыш заттардан толық тазарғаны айтылып, билік үдере көшкен арыстықтарды өз өлкелеріне оралуын ұйымдастырған. Жергілікті билік жарылыстан зардап шеккен үйлер мен өзге де нысандар бірнеше айдың ішінде қалпына келіп, реттелетіні туралы уәделі мәлімдеме жасағаны да белгілі. Соның негізінде үш айдан соң Арыстағы үйлер жаңарып, қала қайтадан қалпына келтірілді. Арысты қалпына келтіру кезінде қала 17 секторға бөлінді. Оның әрбір секторындағы тиісті құрылыс жұмыстарына республиканың әр өңірі жауапты болып бекітілді. Нәтижесінде ондағы 8 мыңнан астам тұрғын үйдің 7500-ден астамы қайта қалпына келтірілді. Тұруға жарамсыз деп танылған 500-ге жуық үйлер сүріліп, қайта салынды.

Қазіргі таңда бірқатар ақпарат құралдарында Арыстағы жарылыс салдарынан зақымданған үйлері әлі күнге дейін жөндеу жұмыстарын көрмегені туралы тұрғындардың шағымдары мен жайайқайлары жеткізілуде. Бұл тұрғыда жергілікті билік олқылықтар реттелетінін айтуда.

Жалпы Арысты қалпына келтіру үшін құрылыс алаңына айналған қалада 134 құрылыс компаниясы жұмыс істеп, 4 мыңға жуық жұмысшы мен 200-ден астам арнайы техника тартылды.

Апат орын алғаннан кейінгі бірнеше күннен соң ҚР Бас әскери прокуратурасы жарылыстан келген жалпы шығын көлемі 20 млрд. теңге шамасында деп болжанғанын мәлімдеген. Қазіргі таңда Арыстағы жарылыс бойынша жалпы шығын көлемі 173 миллиард теңгені құрап отырғаны айтылуда. Ондағы мәліметтерде бұл сомаға ғимараттар мен адамдарға келтірілген шығын, жарылған снарядтардың құны және ұрланған мүлік кіретіні айтылуда. Ал кейбір ақпарат құралдарында қоймадағы жарылыстан 96 млрд. теңге тұратын қару-жарақ жойылып кеткендігі, жеке және заңды тұлғаларға келтірілген шығын – 143 млрд. теңгеден асатыны, жарылыс орнын залалсыздандыруға 38 млрд. теңге жұмсалғаны жазылуда.

Жалпы Арыстағы жарылысқа қатысты сот отырысы үстіміздегі жылдың 11-маусымында Шымкенттегі «Сәуле» шағын ауданында орналасқан №35748 әскери бөлімінде басталды. Былтыр ҚР Бас әскери прокурорының орынбасары Дархан Ержанов Арыс қаласындағы жарылысқа қатысты қозғалған қылмыстық іс ұзақ тергелуі мүмкін екенін мәлімдеген болатын. Қазіргі таңда Арыс оқиғасына қатысты іс 448 томнан тұрады. Шымкент гарнизонының әскери сотының дерегінше, сотта 16 адам айыпталушы деп танылған. Айыпталушылар арасында Арыс қаласындағы әскери бөлім қызметкерлері, қорғаныс министрлігінің жоғары лауазымды офицерлері де бар. Алты айыпталушы сотқа Нұр-Сұлтан қаласынан онлайн режимде қатысатыны хабарлануда.

Айыпталушылардың үстінен ҚР Қылмыстық кодекстің «Қызметке салғырт қарау», «Қару-жарақпен, сондай-ақ айналадағыларға қауіп төндіретін заттармен және нәрселермен жұмыс істеу қағидаларын бұзу» бабы бойынша түрлі айыптар тағылған. Арыс оқиғасына қатысты жәбірленушілер саны 1473 адамды құрайды. Олар кімдер? Жәбірленушілердің арасында жарылыстан зардап шеккен қала тұрғындары, қаланы қалпына келтірумен айналысқан «Атамекен» және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ, сонымен қатар, барлық облыс әкімдіктерінің өкілдері бар. Олар материалдық өтемақы талап етуде. 448 томнан тұратын істің қанша уақытқа созылатыны әлі белгісіз.

Арыстағы төтенше жағдай салдарынан төрт адам қаза тапқан. Олар екі әскери қызметкер, бір жергілікті тұрғын және бір бала. Жарылыстан зардап шеккен бала санавиациямен Нұр-Сұлтан қаласына жеткізілген. Алайда дәрігерлер оның өміріне араша түсе алмады.

Былтыр Арыста орын алған жарылыстан соң, тұрғындар мұндай оқыс оқиғаның қайталануы мүмкін деген қорқынышын жасырмаған еді. Сол кезде еліміздің Қорғаныс министрлігі Арыстағы арсенал түгел қаладан шығарылытынын ресми түрде мәлімдеген болатын. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қоймадағы қару жарақтарды басқа жерге шығару 2019 жылдың 5-шілдесінде басталып кеткенін айта келе, «Жалпы, бүгінде нақты кесте бар. Оған сәйкес, 28 мың тонна оқ-дәрі шығаруымыз қажет. Ол, шамамен, 817 вагон. Жоспар бойынша барлық жұмыс 2020 жылдың мамырына дейін толығымен аяқталады», — деген болатын.

Осы айда еліміздің Қорғаныс министрінің орынбасары Бақыт Құрманбаев бір жыл ішінде Арыс қаласынан 380 мың оқ-дәрі шығарылғанын, оның 300 мыңға жуығы жарылу қаупі бар оқ-дәрі екенін мәлімдеді. Ведомства өкілі жарылу қаупі бар фрагменттерді тасымалдау үшін автомобильдермен 5 мыңнан астам рейс орындалғанын алға тартқан болатын.

Сонымен қатар ол, биыл елімізде оқ-дәрі сақтайтын заманауи екі қойма салынатынын, оның бірі Ақтөбе облысында болса, екіншісі Қарағынды өңірінде бой көтеретінін мәлімдеді. Жаңадан салынатын нысандарға қойылатын басты талап қауіпсіздік болмақ. Қойма салынатын жер ретінде адам аз қоныстанған аумақ таңдалып алынған. Сонымен қатар осы өңірлерде теміржол және басқа да инфрақұрылым жақсы дамыған. Бұдан бөлек Қарағанды мен Ақтөбе облыстарының жері үлкен. Мұның өзі осындай бағыттағы құрылыс нысандары үшін ыңғайлы.

Ведомства өкілі Бақыт Құрманбаевтың бұл мәлімдемесі ағымдағы жылдың 8-маусымында мәлімделді. Жалпы былтыр министр Нұрлан Ермекбаев Арыстағы оқ дәрілерді көшіруге бір жыл уақыт кететіні туралы мәлімдемесін жоғарыда келтіре кеттік. Бір жыл өте шықты. Бірақ бұл бағыттағы жұмыстар әлі толық бітпеген сыңайлы. Оған Арыс қаласы әкімдігінің инстаграм әлеуметтік желісіндегі парақшасында тұрғындар назарына әскери горнизон аумағында тасымалдауға аса қауіпті болып табылатын жарылғыш заттарды жою жұмыстары жүргізілетінін жүйелі түрде жариялап жүргені негіз болады. Қара жерді дірілдететін мұндай жарылыстар тұрғындарға былтырғы Арыс оқиғасын еске түсіріп, кеуделері тола дем алуға мүмкіндік бермеуде.

 

С. ИБРАГИМОВА.

Осы айдың алғашқы күнінен бастап елге танымал азаматтардың коронавирус жұқтырғаны туралы ақпараттар жиі айтылып кетті. Оған дейін де бірқатар шенеуніктер мен әкімдерді әлемді жайлаған індеттің ауыз салғаны мәлімделгенмен былайғы жұрт ол ақпараттарға аса мән бермеп еді. Бірақ мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли 6-маусымда өзінің фейсбук желісіндегі парақшасында коронавирус дерті бойынша тапсырған тест сынамасының оң нәтиже бергені туралы жазбасын жұрт бей-жай қабылдамады.

 

Себебі, оған ауыз салған ауру, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты да айналып кетпеуі екіталай болуы мүмкін еді. Берік Уәли жұрттың осылай сарыуайымға түсерін білді ме, әйтеуір, сол заматта-ақ мемлекет басшысының денсаулығына ешқандай қауіп жоқтығын ескерте кетті.

Одан соң, көп күн өтпей Мәжіліс депутаты, өнер қайраткері Бекболат Тілеуханның да әлем бойынша жарты миллионға жуық адамды бақилық еткен коронавирусқа шалдыққаны мәлім болды. Жұқпалы дертке шалдыққан тағы бір шенеунік еліміздің Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов еді. 14-маусымда ол өзінің желідегі парақшасында коронавирус жұқтырып, ауруханада жатқанын хабарлады. Еліміздің бас дәрігерінің жұқпалы дертке шалдыққаны туралы ақпарат хабарланғаннан бастап отандық БАҚ оның 11-маусымдағы Мәжілістің жалпы отырысында бетпердесіз баяндама жасағанын еске алды. Сондай-ақ, жұрт арасында министрдің «сақтық шараларын дұрыс сақтамауы мүмкін бе?» деген сауалдар да айтылып жатты.

Бірақ Елжан Амантайұлы өзінің коронавирусқа шалдығу себебін «Барлық санитарлық шараны қатаң сақтағаныма қарамастан, әрдайым қауіп-қатер бар. Бұл әсіресе жұмыс істейтіндерге қатысты, қашықтан жұмыс істей алмайтындарға. Соңғы күндері бірқатар өңірде, оның ішінде кәсіпкерлер, кәсіпорын, медицина қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер, БАҚ өкілдері арасында вирус жұқтырғандардың өсімі байқалады. Қазір көптеген азаматымыз Қазақстанда жаһандық дағдарыс пен пандемияның салдарына байланысты проблемаларды шешу үшін қарқынды жұмыс істеп жатыр. Жиі жеке кездесулерге барып, аймақтарға шығу қажет болады, сондықтан бізде COVID-19 жұқтыру қаупі жоғары», — деп түсіндірді.

Еліміздің денсаулық сақтау министрінің коронавирус жұқтырғаны белгілі болған соң бірқатар лауазым иелері оқшауланды. Олардың қатарында Үкімет басшысы Асқар Мамин, Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, Ауыл шаруашылғы министрі Сапархан Омаров, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов пен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бар. Себебі, олардың барлығы 12-маусымда Жамбыл облысында арнайы іссапарда министр Елжан Біртановпен болған. Аталған азаматтардың барлығы коронавирусқа тест тапсырған. Тесттің нәтижесі теріс болып шыққанмен, олар арнайы тәртіпке сәйкес, оқшауланып, қашықтықтан жұмыс істеу тәртібіне көшкен. Кешегі аптаның соңында Мәмин мен министрлер вирусқамақтан шыққан.

Айтпақшы, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев те оқшаулануға мәжбүр болды. Себебі ол министр Елжан Біртановпен бір ұшақта келген екен. Мырзағалиев COVID-19-ды анықтауға тест те тапсырған. Нәтижесі – теріс болып, апта соңында оқшаулаудан шыққан.

Сонымен қатар Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин де COVID-19 індетінің симптомсыз түріне шалдыққаны белгілі болды. Сипмтомсыз түрі болғандықтан ол қашықтықтан ем алуда. Іле Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың да нақты емі табылмай жатқан коронавирусқа шалдыққаны хабарланды.

Кеше ел алдында жүрген тағы бірқатар азаматтар коронавирус жұқтырғанын желідегі парақшалары арқылы жалпақ жұртқа жария етті. Оның бірі ҚР Президенті жанынан құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, саясаттанушы Ерлан Сайров болса, екіншісі Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов.

Бұдан ел алдында жүрген азаматтардың коронавирус жұқтырғанын жариялауы сәнге айналып бара жатқандай ма дерсің… «Ауруын жасырған өледі» деген. Өзгелерді сақтық шараларына атүсті қарамау үшін осылай барлығы жариялы түрде айтылған дұрыс та шығар. Бірақ ел тірлігіне араласуда ешқандай жағдай кедергі болмас үшін, барлық сақтық шаралары қамтамасыз етілген осындай азаматтардың өзі мұрттай ұшып жатқанда, қарапайым тұрғындардың халі қалай болмақ екен…

 

 А. САТЫБАЛДЫ.

 

Парманов Президент пәрменін орындауға неге құлықсыз?

 

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев өзінің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәріне ортақ міндет екенін баса айтқан болатын. Аталған тұжырымдаманың мақсаты азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыру екені түсіндірілген. Бірақ Шымкент қаласы, Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов Президенттің бұл тапсырмасын орындауға құлықсыз сияқты.

 Осы айдың басында біз «Уақыт.кз желілік басылымы» арқылы «Мәңгілік ел» көшесіне төгілген тастар, мәңгі тұрады ма?» атты материал жариялаған болатынбыз. Онда «Самал-3» шағынауданындағы тұрғындардың бір апта бойына көшелеріне төгілген тастардың тау-тау болып тұрғанын, бұл жүргіншілер мен жүргізушілерге ыңғайсыздық тудырып жатқаны туралы айтылған. Тұрғындардың бұл талабына Абай ауданы әкімінің назарын тез аудару үшін материалды әкімдіктің фейсбуктегі парақшасына тайға таңба басқандай етіп көрсетіп берген едік. Алайда Абай ауданы әкімдігі көшеге жүк көліктерімен төгілген тастардың арнайы техникалар арқылы төселуіне ықпал ету былай тұрсын, желі арқылы жолданған базынаға жауап беруге қауқары жетпеді. Осылайша аудан әкімі Бұхарбай Парманов та, оның қол астындағы қызметкерлер де жауап беруге өте сараң екенін көрсетті. Әкімдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің бұйымтайына осылай жүрдім-бардым қарап жүргенде, қарапайым халықтың талап-тілегінен қандай нәтиже шығарып жүргенін ойлаудың өзі қисынсыз сияқты.

Жалпы редакциямызға келіп түскен бірқатар өтініштерді саралай отырып, біз Абай ауданы әкімдігіне халықтың сенімінің күйрегенін байқап қалдық.

Осыдан бірер күн бұрын редакциямызға Абай ауданы, Гагарин көшесінің бірнеше тұрғындары хабарласты. Олар аталған көше бойында үш жылдан бері қаңырап бос тұрған ғимараттың (бұрынғы «Мөлдір су» моншасы) күл-қоқыс тастайтын алаңға айналғанын айтады. Алғашында бұл ғимарат қоғамдық монша болған. Бірақ жұмысы тоқтап қалған соң, осылайша құр қаңқасы қалған ғимаратқа айналып шыға келген. Уақыт өте келе бос ғимарат қаңғыбастар мен кезбелердің бас сауғалайтын орнына айналған. Кейіннен күл-қоқыстан аяқ алып жүре алмайтын орынға айналып шыға келген. Ол жерге тасталған қатты тұрмыстық қалдықтар қаншама уақыттан бері тазаланбаған. Қоқыстар үй болып үйіліп қалған. Салдарынан айналаға жайылған жағымсыз иіс қолқаны қауып, көше бойындағы бірқатар үйлердің тұрғындарының жүрегін айнытуда.

Тұрғындар осы мәселе бойынша Абай ауданы әкімдігіне осыдан үш жыл бұрын шағымданған екен. Одан соң «ЛТД Тұрмыс» ЖШС қызметкерлері келген. Бірақ олар ғимараттың маңын ғана тазалап қайтқан. Сәл уақыттан соң нысан аумағы бұрынғы қалпына қайта түскен. Содан соң олар 2019 жылы бұйымтайларын «Отырар» телеарнасы арқылы жекізген. Алайда «тұрғындардың телеарна арқылы жеткізген талап-тілектеріне Абай ауданы әкімдігі әлі күнге дейін нүкте қоя алмаған. Енді Гагарин көшесінің тұрғындары Абай ауданы әкіміне сенімдерінің күйрегенін, ендігі кезекте мәселелеріне қала әкімдігі қайырлар деген үмітін жасырмайды.

 


P.S. Сонда, Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов адамдардың талап-тілегіне құлақ аспайтын болғаны ма?
 Біз Абай ауданы әкімдігінің фейсбук, инстаграм әлеуметтік желісіндегі парақшаларын қарап шықтық. Сонда біз ондағы парақшаларда жазбалар жүктеліп отыратынына көз жеткіздік. Яғни, әкімдіктің желідегі парақшалары тұнжырап тұрған жоқ. Тиісінше сәт сайын жаңа жазбалармен толығып да отырмайды. Әкімдік тарапынан қолға алынып жатқан жұмыстар аз-кем жариялануда. Соңғы бірнеше күндердегі жазбаларға зер салу арқылы, біз Б. Пармановтың кәсіпкерлік нысандардың коронавирусқа қарсы санитарлық талаптарды орындауын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстармен жүргенінен хабардар болдық. Бірақ оның бұл бағыттағы жұмыстарына қызығушылық танытып тұрған тұрғындар жоқ. Олардың әкімдік назарына парақшадағы жазбаға қатысты емес сұрақтарды жаудырып жатқаны сол сөзімізге мысал. Бірақ оған жауап жазып, әуре болып жүрген бір жан жоқ. Барлық талап-тілектер, қойылған сұрақтар жауапсыз. Яғни, желіге шыққан материалдардан, тұрғындардың талабы мен тілегінен әкімдік әбден хабардар болса да, жауап беруге тым сараңдық танытуда.

 

Қ. ҚАЛИЕВ.