Маңызды

Әлемнің көптеген елдерінде Covid-19 вирусын жұқтыру деректері күрт көбейді. Инфекцияның қайта өршуінен көптеген мемлекеттер өз аумағында карантиндік шараларды күшейтуде. Соған қарамастан ауру саны артып барады.

Қазіргі таңда әлем бойынша вирус жұқтырғандар саны 38 млн.ға жуықтады. Індет 1 млн.нан астам адамның өмірін қиды. Эпидахуалы қолайсыз күйге түскендердің елдердің көш басында АҚШ, Индия, Бразилия тұр. Көрші Ресей Федерациясында да жағдай мәз емес. Бүгінде онда коронавирусты жұқтыру деректері 1 млн. 291 мыңнан адамды құрап отыр. Қазақстанда да ахуал қанағаттанарлық емес. Ауру жұқтыру деректері Қазақстанның барлық аймақтарында тіркеліп отыр. Ағымдағы жылдың 12-қазанындағы мәлімет бойынша елімізде вирус жұқтырғандар саны 108 831 адамға жеткен. Оның ішінде 104 041 адам емделіп шыққан. Қайтыс болғандар саны 1746 адамды құраған. Мамандар сақтық шараларын барынша күшейту қажеттігін айтады.
Өз кезегінде Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының мамандары инфекцияның таралуын болдырмау мақсатында сақтық шараларын қатаң ұстану қажеттігін ескертеді.
Еске сала кетейік, Шымкентте 2020 жылғы 12 қазандағы жағдай бойынша COVID-19 -дың 5203 жағдайы тіркелген. Оның ішінде — 2648 симптомдық, 2554 – симптомсыз. Қала бойынша коронавирустан емделген науқастар саны 5 108-ге жетті.
Сондай-ақ, қалада 11-қаңтардан 12-қазанға дейін пневмонияның 18 341 жағдайы тіркелген болса, оның 18 191-і ауруынан айыққан.
Бұған дейін қалада карантиндік шаралар 26-қазанға дейін ұзартылған болатын.

«Уақыт керуеніне бөгет жоқ» демекші, уақыт шіркін бас бермес асаудай арындап, жүйрік желдей жүйіткіп өте шығады. Олай демеске не шара, егер кеше ғана шымылдығы түріліп, сахна төріне шыққан еліміздегі тұңғыш праймериз додасы да әне-міне дегенше мәре сызығына жақындап қалса…

Әрине, бәйгеге атын қосып, тақымын қысқан талай замандасымыздың әліптің артын бағып, елдің бетке ұстар тұлғаларының өзара тайталасының нәтижесін күтіп отырғаны анық. Партияішілік іріктеуде кімнің айы оңынан туатынын айтуға әлі ерте. Дегенмен, халықтың көзі қарақты, қазір сөздің майын тамызып, әдемі сөйлейтіндердің емес, қолынан іс келетіндердің заманы, сондықтан, көпшіліктің кімге қолдау білдіріп, дауыс беретіні де беп-белгілі. Осындай халықтың ыстық ықыласына бөленіп, көптің қолдауына ие болуға әбден лайық жандардың бірі – Төреайым Сұлтанова.
Бүгінгі күні адамның денсаулығынан асқан байлық жоқ. Бұл ретте Төреайым Сұлтанованың айналысып отырған кәсібі нағыз халықтың қажетін қанағаттандыруға бағытталған десе де болады. Фармацевтика ісінің қыр-сырын меңгеріп, осы саладағы мол тәжірибесі мен терең білімін жеке кәсіпкерлікке бағыттай білген іскер ханымды Шымкент қаласының сан мыңдаған халқы тек табысты кәсіпкер ғана емес, көзі ашық саясаткер ретінде де жақсы біледі. 2012 жылдан бері қатарынан екі рет Шымкент қалалық мәслихатының депутаттығына сайланып, елге қызмет етіп келе жатқан оның қаланың келбетін ашып, әлеуметтік жағдайын жақсартуға қосқан үлесі өз алдына, халық қалаулысы ретінде қарапайым тұрғындардың талап-тілегі мен мұқтаждықтарын биік мінберден билік басындағыларға жеткізіп отыратын еркін ойлы, батыл қарекеттері де көпке жақсы таныс. Нәзік иығымен нар жүгін көтеріп, қаншама үлкен істерге ұйытқы болып жүрген қайсар жанның халыққа әлі де берері көп. Сондықтан да ол биылғы жаңа дода – праймеризге қатысып, өз бағын сынап көруге бел буып отыр.
Байсалды бәсекеге жарқын жүзбен қатысқалы отырған үміткер Төреайым Сұлтанованы мақтаудың қажеті шамалы, оның қадір-қасиетін осы уақытқа дейін жасап келе жатқан жақсы тірліктерінің өзі-ақ айқындап бере алады. «Әр адам өзі білетін іспен шұғылдануы керек» дегенді өмірлік ұстаным еткен ол өз сайлаушыларының қажеттіліктерін атқарушы биліктің көмегімен шешуге ықпал етіп қана қоймай, қаншама қайырлы істердің басынан табылып, қамкөңіл жандардың ақ батасы мен алғысына бөленіп келеді. Маңдай терімен тапқан несібесін елмен бөлісіп, көптің қуанышын көру үшін аянып қалмаған асыл жанның халық игілігі үшін жасаған қамқорлығы көп-ақ.
Айталық, осыдан 5-6 жыл бұрын Шымкент қаласы аумағының кеңеюіне байланысты жаңадан төртінші аудан – Қаратау ауданы құрылғанда, оның енді еншісін алған жас шаңырақтай кем-кетігі көп еді, жоқ-жітігі де жетіп артылып жатты. Қайта жаңартып, жаңғыртуды қажет еткен әлеуметтік нысандардың қатарында осы аудандағы тозығы жеткен 100-ден астам балалар ойын алаңдары да болды. Осы тұста жергілікті кәсіпкерлердің көмегіне иек артқан Қаратау ауданы әкімінің бастамасын алғашқылардың бірі болып Төреайым Сұлтанова да қолдап, аз уақытта аудан аумағындағы балалар алаңдарын қызыл-жасыл арайлы түске бөлеп, жаңа құрылғылармен қайта жабдықталған ертегі әлеміне айналдырды. Осылайша қаншама бүлдіршінге шаттық сыйлап, аулаларды сәби күлкісіне толтырған іскер ханымның бұл демеушілігі әкімдердің айтқанына бақай есеп үшін бас шұлғу әрекеті емес, аналық жүрегімен балаларға жасаған базарлығы еді…
Бұдан кейінгі жылдары да өз сайлаушыларының әрбір талап-тілегін назарынан тыс қалдырмай, елді мекендердің инфрақұрылымдарын дамытуға, мектеп, аурухана, балабақша, мәдениет ошақтары сияқты әлеуметтік нысандармен қамтылуына барынша көңіл бөліп келе жатқан Төреайым Сұлтанова бюджеттің қалтасы көтермеген жерде жеке қаражатын шығарып, «жыртығын жамап» жіберуден, ел ішіндегі әртүрлі шараларға демеушілік жасап, талантты жастарды қолтығынан демеп отырудан аянып қалған емес.
Қазақ «қайғыны – ер, қазаны ел көтереді» деп тегін айтпаған. 2019 жылы Арыс қаласындағы әскери қоймадағы оқ-дәрі қоймасы жарылып, бейбіт халық зардап шеккенде де бір шетте қапысыз қарап отыруға дәті шыдамаған Төреайым Сұлтанова осы апаттың салдарынан үйсіз-күйсіз, далада қалған тұрғындарға қолдан келгенше сөзімен де, ісімен де жәрдем беріп, төтенше жағдайдың салдарын жою үшін арнайы құрылған қайырымдылық қорына 5 миллион теңге қаржы аударуы да азаматтың азаматына ғана тән іс дер едік.
«Құдай бір айналдырғанды шыр айналдырады» демекші, Арыстағы жарылыстың елдің жүрегіне салған жарасы жазылып, енді ғана ұмытыла бастағанда, Өзбекстан жағындағы су қоймасының көбесі сөгіліп, іргедегі Мақтаарал ауданын су басып қалды. Бір түнде үй-жайы мен мал-жанын тастап, үдере көшкен халықтың жан күйзелісі ешкімді бей-жай қалдырмады. Басындағы баспанасынан ғана емес, күнкөрісіне жараған егістік алқаптарынан да айырылған елдің күңіренген үні біраз жұртты бей-жай қалдырмады. Бірақ, бұл жолы да қаймана қазақ бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, Алланың сынағына жұдырықтай жұмыла төтеп берді. «Үйі жоқтың күйі жоқ» екенін жақсы түсінген жергілікті кәсіпкер, қалталы азаматтар қолдан келгенше арнайы құрылған қорға қомақты қаражат аударып жатқанда, тағы да ер-азаматқа тән қайсарлық пен қайырымдылықтың үлгісін көрсеткен Төреайым Сұлтанова да мырзашөлдік ағайындар үшін мол материалдық көмек көрсетіп, иманды іске игілікті үлес қосты.
Жалпы, биылғы кібісе жылы оңтүстік халқы үшін оңайға соқпады. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» демекші, осындай ойсырата соққы берген апаттарға ілесе келген індеттің зардабы да ауыр болғаны көпке белгілі. Кенеттен келген тажалдың құрығына ілініп, өмір үшін арпалысқан жерлестерінің жан қиналысы халық қалаулыларына тағы бір үлкен міндет жүктеді. Осы індетпен күресті күшейту мақсатында Шымкентте жаңадан тұрғызылған жұқпалы аурулар ауруханасына мәслихат депутаттарының атынан табысталған 40 БОБРОВ аппараттарын сатып алуда Төреайым Сұлтанованың да еңбегі мен қаржылай үлесі аз болмағаны айтпаса да түсінікті.
Тегінде, игілікті іс атаулы иманды жүректен шықса керек-ті. Қашан да әуелі бір Аллаға, сосын ата-баба әруағына сыйынып барып іс бастауға үйренген Төреайым Сұлтанова өзге жерлестерінің де имандылық бастауынан сусындауына сеп болып жүреді. Оның өз жеке қаражатына Сайрам ауданындағы туған жері Қ.Жандарбеков ауылынан «Жолдыбай ата» мешітін салып, мұсылман жамағаттың игілігіне беруі – осындай сауапты тірліктерінің бір ғана айғағы.
Айта берсек, ел анасына айналған асыл жанның Атымтай жомартқа тән үлкенді-кішілі қайырлы істерін жіпке тізіп тауысу мүмкін емес. Кісі баласының ала жібін аттамай, адал ақысын артығымен беруге асық тұратын оның әрбір қолға алған ісінің алдымен өзгелерге кесірін емес, пайдасын тигізуін ойлап жүретінін оны жақсы танитын үзеңгілес, әріптес азаматтардың көбі біледі. Дегенмен, ол ерен еңбекпен келген ен дәулетін оңды-солды таратпай, «балық емес, қармақ беру», яғни талабы бар адамға бағдар беріп, кәсіп үйретіп, істің көзін көрсету арқылы да талай жанның нәсібін табуына ықпал етіп келеді.
Осылайша табандылығы мен қайсарлығының арқасында талай белесті еңсеріп, біраз биіктерге шықса да, әлі де өзін өмірдің шәкіртімін деп есептейтін Төреайым Сұлтанова талмай ізденіп, жаңаны игеруге дайын тұрады. Әрдайым алдыңғы толқын ағалардың алдында иіліп, иба білдіріп жүретін кішіпейіл жан олардың әрбір ақыл-кеңесін көкейіне тоқып, өзінің өмір және еңбек жолында адастырмас темірқазық етіп келеді.
Жарты ғасырдан астам ғұмыр жолында көргені де, көңілге түйгені де көп, көшелі басшы, іскер кәсіпкер, елдің саяси және қоғамдық өмірінен хабары мол, қарымды саясаткер, жүрегі мейірімге тұнған ел анасы – Төреайым Сұлтанованың нағыз халық қамқоры екендігіне шүбә жоқ.

С. НҰРАЙ.

Нақты тәрбие – басты міндет

Ардақты ағайын, құрметті жерлестер! Менің сайлауалды бағдарламамның бірінші бағыты мұғалімдердің жағдайын жақсарту. Ұстазға құрмет бәрімізге міндет деп санаймын. Ұлт дамуы үшін ең алдымен білімді ұрпақ тәрбиелеп, өсіруіміз керек. Бұл бағытта ұстаздар қауымының рөлі ерекше екені айқын.
Сол себепті бірінші кезектегі бағытым – ұстаздардың жағдайын жасау керек.
• Мұғалімдерді жазғы демалыста денсаулық сауықтыру орындарына тегін жіберу. Ұстаз денсаулығы жақсы болса, оқушы жақсы білім алады.
• Балабақша тәрбиешілерінің жалақысын көтеру.
• Білімін арттыру үшін шетелде тәжірибе алмасуға арнайы бағдарлама енгізу.
• «Педагог мәртебесі туралы» заңы аясында мұғалімдерді газет, журналға мәжбүрлі жаздыруды тоқтату. Мұғалім өзін және балаларды қауіп-қатерден қорғауы үшін білім ұясын бейнекамерамен қамтамасыз ету.
• Ұстаздарды зейнетке ертерек шығару. Мәселен білім сапасы ең қатты дамыған Жапонияда мұғалім 15 жылдан соң зейнетке шығуға құқылы.
• Мұғалімдердің жұмысқа пара беріп кіруін толық жою.
Ұрпақ болашағы ұстаздардың қолында. Менің мақсатым — мұғалімдердің беделін арттыру. Ұстаздар қауымына қорған болу.
Екінші – бағытым халық денсаулығы. Халықтың денсаулығы жақсы болуы үшін дәрігерлердің жалақысын көтеріп, олардың жағдайын жақсарту керек. Пандемия кезінде дәрігерлер қауымы қалай еңбек еткенін білесіздер. Алайда, сол жұмыстары лайықты бағаланды ма? Республикалық БАҚ беттерінде еліміздің әр өңірінен ақ халатты жандардың мәселесі көтерілді. Міне, осыдан-ақ біздің дәрігерлердің жағдайы дұрыс жасалмағаны анықталды. Алдымен дәрігерлердің жалақысын көтеріп, пәтермен қамтамасыз ету керек.
Үшінші бағыт – шалғай елдімекендерді көркейту – Шымкент қаласы Абай ауданы бойынша шешімін табуы керек мәселелер. Өзім аталған ауданнан түскен соң, сондағы проблемаларды зерттедім. Ауданда 34 елдімекен бар. Негізгі өзекті мәселелер: ауданда 12 елдімекен құдық және тасымалды ауыз суларын пайдаланады. 22 елдімекен ауыз сумен қамтылған. 11 елдімекен жеке меншік трансформатор электр жарығын пайдаланады. 9 елдімекен көмір отынын пайдаланады.
Мен бірінші кезекте осы айтылған бағыттар бойынша мәселелерді шешуге үлес қосып, қайтарымы бар нәтижеге жұмыс істеймін.

ИНВЕСТИЦИЯ ҰСТАЗ БЕН ЕМДЕУШІЛЕРГЕ АРНАЛУЫ ТИІС

«Қазақтың оқыған азаматтары, қазаққа осындайда қызмет етпегенде қашан қызмет етіп, пайдамызды тигіземіз?!» деген еді алағай-бұлағай шақта Алаштың аймаңдай перзенті Әлихан Бөкейхан.

Араға ғасырлар салып сол теңдік үшін теперіш көрген ұлт өзінің уығын шаншып, шаңырағын көтерді. Егемендіктің елең-алаңында өмірге келген жас сәби бүгінде Тәуелсіз елмен етене өсіп, ержетті.
Енді маңдайынан сыйпаған Отан – Ананың алдындағы перзенттік парызды өтейтін уақыт жетті. Сол бір борышкер шоғырдың ішінде «Nur Otan» партиясының мүшесі ретінде мен де елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласуды құп көрдім.
Анығында «Nur Otan» — нақты істердің, іскерліктің партиясы. Бас партия мүшесі атанған әрбір азамат үшін бұл үлкен жауапкершілік пен міндет.
Міне, осыны толық ескере отырып, партияішілік праймеризге қатысып, алдағы уақытта Шымкент қаласы тұрғындарының шешілмей жатқан мәселелерін жергілікті биліктің назарына ұсынатын боламын. Сондай-ақ, кәсіби журналист ретінде көпшіліктің көкейіндегісін талдап-саралап, өтініштерінен оң нәтиже шығаруға атсалысамын.
Біздің жетекші партиямыз қала тұрғындары алаңдаушылық білдірген 10 басым бағытты анықтап, алдағы 5 жылда жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Осы орайда партияның жас, белсенді мүшесі ретінде төмендегі бірнеше бағыт бойынша жұмыс істемекпін:

Бірінші: шалғайдағы елдімекендерді көркейту.
Шымкент қаласына Оңтүстік Қазақстан (Қазіргі Түркістан облысы) облысынан қосылған елдімекендердің көбісінде инфрақұрылым (газ, су, электр, кәріз жүйесі), коммуналдық сала ақсап тұр. Алдағы уақытта осы олқылықтың орнын толтыру үшін қалалық партия филиалының келісімімен (әкімдік, партия, мәслихат өкілдері) үштік бірлестік жасақтап, тоқсан сайын шалғайдағы елдімекендерге барып, тұрғындарының арыз-шағымын тыңдап, түйткілдің кезең-кезеңмен шешілуіне ықпал етемін.
Себебі, шалғай елдімекендердегі кейбір тұрғындар өз арыз-шағымын қайда өткізерін де білмейді. Сондықтан дер кезінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Еститін мемлекет» тұжырымдамасы негізінде халықпен етене жақын болып, бюрократиялық кедергілерге жол бермеймін.
Ұсыныстар:

«Туған жерді түлету»
Шалғай елдімекендерге халық қалаулылары мен кәсіпкерлердің есебінен әлеуметтік нысандарды (мектеп, балабақша, спорт залы, мәдениет үйі, кітапхана) көптеп салу;
«Ауыл өнімі»
Елдімекендерді қаланың аграрлық, шағын кәсіпкерлік орталығына айналдыру;
Осы ұсыныстар негізінде қолға алынған бастамалар шалғай елдімекендердегі инфрақұрылым мәселесін түбегейлі шешуге септігін тигізер еді.

Екінші: әлеуметтік саланы дамыту.
Кез-келген мемлекеттің күш-қуаты – сапалы білім, адам капиталының денсаулығына салынған инвестициямен өлшенеді.
Оны әлемді дүрбелеңге салған індеттен кейін адамзат толық түсініп жетті. Айтып келмеген апат себебінен Шымкентте денсаулық сақтау мен білім беру саласы көптеген сындарға ұшырады.
Ендігі мәселе – осы олқылықтардан оңды нәтиже шығару.
Партия мүшесі ретінде қаладағы медицина қызметкерлері мен педагогтардың әлеуметтік жағдайын зерттеп, зерделеп, ақпараттық қолдау көрсетемін.
Әлем короновирус індетімен бетпе-бет келген сәтте денсаулық сақтау саласы мен педагог мамандардың қоғам алдындағы жауапкершілігі ауырлай түсті.
Әйтсе де, адам өміріне араша болған ақ халатты абзал жандар мен көз майын тауысып жас ұрпаққа білім берген мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын ойлайтын (баспана, айлық жалақысы, құқығы) кез келді.
Ұсыныстар:

«Кедергісіз қызмет»
Бүгінде қала көшелерінде жүргізушілер жедел жәрдем қызметі көліктеріне мүлдем жол бермейді. Салдарынан медицина мамандарының қызметтік көліктері шақырту алған мекен-жайға кешігіп жетеді. Тіпті, кейде қайғылы жағдайларға алып баруда.
Осы келеңсіздіктің алдын алу мақсатында қалалық полиция департаментімен бірлескен түрде жедел жәрдем көліктерінің іркіліссіз қозғалысына жағдай жасау ісіне араласпақпын.
«Парасыз келешек»
«Кез-келген ұлтты жойып жіберу үшін атом бомбалары немесе алыс қашықтықтан басқарылатын зымырандардың қажеті шамалы. Есесіне ең қажетті нәрсе – білім сапасын төмендету және емтихандарда студенттердің өз-өзін алдауына рұқсат беру» деген мәтін жазылған екен бір мектептің қабырғасына.
Білім параға сатылған жағдайда одан ешқашан сапалы маман шықпайды. Оның тағаны бастауыш, орта білім беру мекемелерінен басталса тіпті қиын.
Сондықтан қалалық білім басқармасымен бірлесе отырып білім беру мекемелерінің жанынан арнайы ашық алаң құрып, үштік (ата-ана, мүғалім, оқушы) құрылым өздерінің мәселелерін жалпыға жария етіп отыруы қажет.
Және де мектеп оқушыларына жемқорлыққа қарсы тәрбие сағаттары ұй̆ымдастырылуы керек-ақ.

Жол және көлік инфрақұрылымының сапасын арттыру
Шымкенттің орталық көшелерінде, болмаса шеткі аудандарында автожолдардың, қоғамдық көліктің сапасы сын көтермейді. Мұнан былай аталған саланың жұмыс өнімділігін жақсарту мақсатында бақылаушы боламын.
Мәселеге бетпе-бет келіп, қоғамдық көліктердің жұмыс кестесі, жол салуға пайдаланылған өнімдердің сапасын БАҚ беттері, әлеуметтік желілерде нақты дәлел, дәйектермен жариялап тұрамын. Осы арқылы билік пен халықтың арасындағы жариялылық, ашықтықты күшейтуге күш саламын.
Ұсыныстар:

«Сапа сақшысы»
Мемлекеттік сатып алулар конкурсы арқылы жөндеуден өтіп жатқан жолдарды кез-келген қала тұрғыны бақылауға міндетті.
Себебі, асфальт төселіп жатқан әрбір сүйем жерге сіз бен біздің салығымыздың есебінен қаржы жұмсалып жатыр.
Осы орайда қаланың дамуына, гүлденуіне бей-жай қарамайтын белсенді тұрғындарды жол құрылыс сапасын тексеруші — «Сапа сақшысы» болуға шақырамын.
«Монополиясыз қоғамдық көлік»
«Платон менің досым, бірақ ақиқат қымбат», деген сөзді осы тұста айтуға тура келеді.
Анығында, Шымкенттегі қоғамдық көлік саласының қызмет көрсету сапасы сын көтермейді. Олар негізінен монополистердің қолында.
Қалаға іргелес ауылдарға, елдімекендерге, мөлтек аудандарға баратын қоғамдық көліктердің қатынау жиілігі сағатқа жуық. Бұл өз кезегінде тұрғындардың еркін қозғалысына, көздеген жеріне уақытылы жетуіне кедергі келтіруде. Таңғы, кешкі уақыттарда такси қызметіне жүгінуге мәжбүр болған тұрғындардың қалталарына салмақ салуда.
Ал, қоғамдық көліктер қатарында жолаушыны «престеп» тасымалдайтын «Газел»,-ьдердің саны көп.
Алдағы уақытта қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына қаланың шеткі аудандары мен шалғай елдімекендеріндегі осы түйіткілді мәселелерді кешенді түрде ұсынып, халықтың қалтасының қағылуына жол бермеймін.

Түйін сөз:
Өкініштісі қай қоғамда болмасын мандатқа лайық қызмет етпей, сол атақты малданып жүргендер баршылық.
Ал, халқына шынайы қызмет етіп, атақ-даңқыңды ресми түрде алудан бас тартқан халық қалаулылары да жоқ емес.
Ғаламдық өзгерістердің тегершігінде елдікті сақтап, әлеуметтің әлеуетін көтеретін нағыз ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫНЫҢ көрнеуге шығатын кезі келгендей.
Құрметті жерлестер, партияластар! ғарыда айтылған сайлауалды бағдарламаның ішінен шешілуін күтіп жүрген мәселелеріңіз болса маған дауыс берулеріңізді сұраймын. Біз алда сол түйіннің күрмеуін тарқату үшін бірге күресетін боламыз.

Адамның еңбегіне берілетін баға мен көрсетілетін құрмет атқарған ісінің қай деңгейде екеніне тікелей байланысты. Қазір Шымқалада Баходир Салимов көпке танылған, атқарған тірліктері, қол жеткізген жетістіктері көпке етене таныс болған тұлғалы азаматтардың бірі. 1971 жылы Шымкент қаласында жұмысшы отбасында дүние есігін ашқан Баходир Сатыбалдыұлы үлкен отбасының бас иесі. Өмірлік қосағы екеуі 5 бала тәрбиелеп отыр. 1988 жылы Шымқаланың Тельман бөлімшесінде орта мектепті бітірген соң еңбекке араласты. 1989-1991 жылдары Кеңес әскерінің қатарында өз борышын абыроймен атқарды. 2003-2008 жылдары Қазақ гуманитарлық-құқықтық университетінде заңгерлік білім алды.
Білуге, білімге деген құштарлық арқасында 2012-2014 жылдары Аймақтық әлеуметтік университетінде «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығына оқып, «Бизнес және экономика бакалавры» академиялық дәрежесін иеленді. 2001 жылы кәсіпкер ретінде алғашқы еңбек жолын бастаған Баходир Салимов Шымкент қаласын әлеуметтік-экономикалық жағынан көтеруге өзінің жекелей үлесін күні бүгінге дейін қосып келе жатқан іскер мамандардың бірі. Қала мен оның ауданында жұмыс көлемін арттыру, демеушілік көмек жасаудағы атқарған істері, қол жеткізген жетістіктері өз алдына ауыз толтырып айтарлықтай дәрежеге жетті. Балалар үйлеріне қаржылай көмек көрсетті, аз қамтамасыз етілген отбасыларына арнап жеке тұрғын үйлер салып берді. Шымкенттің түрлі салаларында ол кісінің жасаған демеушілігі көптің көз алдында өтіп жатыр. Әр жыл сайын төмен деңгейдегі отбасы балаларына мектеп формасы мен оқу құрал-саймандарын алып беріп, қамтамасыз етуді тұрақты дағдыға айналдырған. Өзі білім алған №51 мектепке деген көмектен ешқашан тысқары қалған емес.
Тек кәсіпкерлікті ғана жеке дамытып қоймай, қоғам өміріндегі басқа мәселелерге араласуды өзінің өмірлік қағидасына айналдырған. 2011-2017 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысындағы ұйғыр этно-мәдени орталықтың төрағасы қызметін өзіне көрсетілген үлкен сенімге сай атқарып, талай мәселелерді шешуде белсенділік танытты. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі болған Баходир 2012 жылы Шымкент қалалық мәслихатының депутаты болып сайланып, өз сайлаушыларымен тығыз бірлікте көптеген тиянақты істерді атқарды, өз қолтаңбасын қалдырып келеді. Келер 2013 жылы «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының партиялық бақылау қызметінің төрағасы ретінде де үлкен саяси тағылымды жолдан өтті. Округ сайлаушыларының өтініші бойынша өзінің қаржысына көпір салып бергенде де жүрегін жұбаныш қана емес, қастерлі қуаныш та орап алған еді.
– Менде еш мақтанышсыз дағды болып қалыптасқан бір әдет бар. Ол – тырнақтай жасаған жақсылығымды ешқашан міндет санамаймын, өзгелерді борыштар еткенді қаламаймын. Себебі, қол ұшын беру менің адамгершілік борышым деп ғана есептеймін, — деді Баходир мырза ағынан жарыла.
Міне, осындай орнықты азамат өз сайлаушыларымен тағы да көп тірлік тындыру үшін Шымкент қалалық мәслихатының депутаттығын өз кандидатурасын ұсынып отыр. Туған қаласының әлеуметтік-экономикалық ахуалы мен тұрғындарының тұрақтылығын қалыптастыруға бағытталған сайлау алдындағы бағдарламасын танысу үшін көптің назарына ұсыныпты. Онда талай толымды міндеттер мен мақсаттар тұр. Халықтың өзекті мәселелерін шешуді басты мақсат еткен ұстанымы алуан салалы мәселерді қамтиды. Қоғамда өзекті мәселеге айналған әлеуметтік ахуалды жандандыруды ең басты қажеттілік санаған Баходир Салимов Үкіметтен қабылданған бағдарламаларды қағаз жүзінде қалдырмай, жүзеге асыруды ең бірінші межеге қойып отыр. Расында да болашаққа негіз болар баяны биік бағдарламалар мен жобалар қабылданып жатыр. Оның сапалы да саналы түрде орындалуын бақылауды ол өзінің басты міндеттерінің негізі санауда. Партияның бағдарламасында айтылған 80 мың тұрақты жаңа жұмыс орындарын құру, орташа жалақы деңгейін арттыру бойынша тиянақты жұмыстарының жүруіне мұрындық, әрі бастамашы болса, онда жұмыссыздықты жою, халық табысын арттыруға негіз болатындығын кандидат мырза үлгілі ұстаным етіп отыр. Көп балалы және жағдайы төмен отбасыларға берілетін көмек түрлерін жүйелеу, баспанамен қамтылуына жағдай жасау және ай сайын көрсетілетін көмек түрлерінің уақытылы берілуін қадағалауды да өзі атқарар болашақтағы басты борыштар қатарында санауда.
Адамдар үшін – денсаулық ең маңызды мәселе. Қазіргідей пандемия жағдайы денсаулық саласының жоғары дамытылуын қажет етеді. Бұл оңай қол жеткізе салатын тірлік емес. Ол үшін емханалардың материалдық базасын нығайту, шетелдік заманауи техникалармен жабдықтау жұмыстарын жүргізуді іске асыру – ең басты кажеттіліктер. Жедел жәрдем қызметінің сапасын арттыру, арнайы көліктер қатарын көбейту саласын жақсартуды Баходир депутат ретінде негізгі нысана ретінде қоятындығын сайлауалды бағдарламасында ерекше атап көрсетіпті. Емханалар тапшылығын азайтып, партиялық бағдарламада көзделген бір мың орындың аурухана, он медициналың мекеме мен он екі амбулатория салуды жүзеге асыруда қол таңбасы қалатындығын үміткер үлкен сеніммен бізге жеткізді.
Білім саласын өркендету – заман талабы болса, онлайндық жүйеде білім алуды жақсы жағынан реттеу, уақыт талабына сай білім ордаларын салу, кәсіпкерлікті қолдауды күшейту, шағын және орта бизнес жобаларын қолдау, отандық тауар өндірушіге көмек көрсетудегі игілікті тірліктерді насихаттауды өз назарынан қалдырмайтынын негізгі нысан етіп отырған Баходир Салимов татулық пен қоғамдық келісімді қорғау қажеттігін нығайтуды назарынан тыс қалдырмақ емес. «Nur Otan» партиясының атынан праймериз қатысушысы есебінде елдегі бірлік пен тұрақтылықты нығайту, мемлекеттік тілді дамытудың бастамашысы болу, Елбасынаң «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыра отырып, тәуелсіз Қазақстанның іргесінің берік сақталуын қамтамасыз етуге сергек сеніммен қараған Баходир Сатыбалдыұлына өз сайлаушылары таңдау жасап, бір кісідей дауыс беретіндігіне біз ешқандай шектеу қойып отырғанымыз жоқ. Ендеше, іске сәт!

М. ӘБДІРАЙЫМ.

Мен, Мөлдір Бауыржанқызы Бекеева, 1991 жылы 17-қазанда дүниеге келдім. Ұлтым – қазақ. Білімім – жоғары. Мамандығым – тележурналист.
Еңбек жолымды 2010 жылы облыстық «Отырар TV» телеарнасындағы «Жас толқын» жастар бағдарламасының тілшісі болып бастадым. Бүгінде есімі мен еңбегі елімізге белгілі талай талантты, әрі кәсіби тележурналистерді тәрбиелеген білікті ұстаз – Валентина Куликованың шәкіртімін. Иә, 10 жылдан астам уақыттан бері БАҚ саласында қызмет етіп келемін. Көпшілік төртінші билік деп танитын журналистикада жүріп ел аумағындағы, ондағы Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы әлеуметтік, экономика, коммуналдық салалардағы түйткілді мәселелермен етене танысып, көзбен көрдім. Куәгері болып қана қоймай, қайбір проблемалардың, олқы жағдайлардың оң шешімін табуы үшін оқиға орнына арнайы барып, сол түйінді тақырыптар турасында толыққанды бейнематериалдар дайындадым. Мәселелердің мән-жайы боямасыз, бүкпесіз баяндалатын сюжеттерді сол мезет және қазіргі күндері де көгілдір экран арқылы көпшілікке ұсынумен келемін. Осылайша халық пен билік арасында алтын көпір – дәнекерлеуші ретінде қос тараптың күрделі-күйін, жағдайдың жай-жапсарын жіті зерттей отырып, көрерменге жіліктеп жеткізуден жалықпадым. Қоғамдағы келелі мәселелер мен көз алдымдағы жүгенсіз жағдайларға бейжай қарамауға дағдыландым дей аламын. Менің көрерменге жол тартқан бейнематериалдарым арқылы қаламыздағы бірқатар мәселелер шешімін тауып, халықтың үні билікке жеткен кездер көп.
Сонымнен, 2014 жылы ҚР Журналистер Одағына мүшелікке қабылдандым. 2015 жылы Оңтүстік өңірі бойынша «Үздік жас тілші – 2015» мәртебесін еншіледім. 2017 жылы облыс және Шымкент қаласы әкімінің Алғыс хаттары берілді. 2018 жылы ҚР Білім және ғылым министрінің атынан «Білім саласын ақпараттандырудағы сіңірген еңбегі үшін» арнайы Алғыс хатын алдым. Дәл осы жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрмет грамотасымен марапатталдым.
2018 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қолдауымен, сондай-ақ ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің төрағасы А.Ж.Шпекбаевтың шешімімен «VI ҚОҒАМДЫҚ ҚҰРМЕТ ҰЛТТЫҚ СЫЙЛЫҒЫ — 2018» сияпатын алып, «Үздік тележурналист-2018» номинациясының иегері атандым. 2020 жылы «Nur Otan» партиясының Алғыс хаты (Арыс қаласындағы жойқын жарылыстағы билік және халық үнін ақпараттандырудағы сүбелі үлесі үшін) берілді.
Менің праймеризге қатысуымның басты себебі де осы. Мемлекетіміздегі, ел арасындағы, миллионды қала – Шымкенттегі әлі де болса шешімін таппаған түйінді мәселелерді жіті білгендіктен, ендігі жерде оны жазумен шектелмей, тиісінше нақты жоба-жоспарды жүзеге асырмақпын.

САЙЛАУАЛДЫ 
БАҒДАРЛАМА:

Қазақстанның қазіргі саяси бағдары мен биігі – еліміздегі өкілді және атқарушы билік өкілдерінің қызмет сапасына тәуелді. Осы орайда дәл қазіргі сәтте халықаралық қатынастар жүйесінде де жетістікке жетіп, дамыған шет мемлекеттермен терезені теңестіру үшін — жаңа көзқарас пен жаңа идеялар, тіпті жаңаша қызметтік құрылым қажеттілігі туындап отырғаны хақ. Бұл бастама, бұл батыл өзгеріс – мемлекеттік және қоғамдық құрылымдар қызметін толық қамтып, еліміздегі саяси ахуал мен экономикалық өркендеуге, халықтың әлеуметтік тұрмыс-салтын жақсартуға әкелері сөзсіз. Сондай-ақ, қоғамды жауыр еткен мәселе – сыбайлас жемқорлық тәуелділігін түбегейлі жоюға бастап, жаңа, әрі қауіпсіз қоғаммен өзгерістерді жатсынбай қабылдауға қауқар бермек. Ендеше, осы «праймериз» ұсынған мүмкіндікті пайдалана отырып, еліміздің өрлеп-өркендеуі үшін мен де сүбелі үлесімді қосқым келеді. Парламент Мәжілісінде ҚР-ның ең қымбат қазынасы – адам және адам өмірі, сондай-ақ тұтас мемлекет мүддесін қорғай отырып, бар күш-жігерім мен кәсіби білім-біліктілігімді тәуелсіз Қазақстанның одан әрі дамуына жұмсауға ниеттімін.

Құрметті отандастар! 
Қадірлі нұротандықтар!

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «….Халқымызды толғандыратын барлық мәселелер бізге белгілі. Осыған орай, ахуалды жақсарту үшін іс-қимыл жоспары әзірленіп жатыр. Бізге зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Мен ел тағдырына жаны ашитын әрбір азаматқа зор сенім артамын. Қазақстан – ортақ шаңырағымыз!
Мен бәріңізді мерейлі мекенімізді өркендетуге үлес қосуға шақырамын…» , — деген болатын.
Ендеше, мен, Мөлдір Бауыржанқызы Бекеева, Қазақстан Республикасының азаматшасы ретінде өзімнің Конституциялық құқықтарымды пайдалана отырып, республикамыздың дамуы үшін жеке жауапкершілігімді жете сезіне келе, бар күш-жігерімді, білімім мен түйген тәжірибемді іске қосып, Мәжіліс депутаты болып сайланған жағдайда келесі мәселелердің нақты шешілуіне атсалысқан болар едім.
1) Адам өмірі: қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
– ҚР-ның ең қымбат қазынасы – адам және адам өмірі болғандықтан, оның құқықтары мен бостандықтары сақталуы арқылы бейбіт күнде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
– кароновирус пандемиясына байланысты көз көрген саяси ахуалды ескере отырып, кадрлық саясатты өзгертуді және қайта жасақтау, жүйелеу қажет деп санаймын;
– Аудан, қала, шалғай ауылдардағы орталық көшелер мен аулалар жарықтандырылып, бейнебақылау камералары (онлайн режимдегі) орнатылу керек. Бұл алдымен аулада ойнап жүрген немесе сабаққа бет алған (сабақтан қайтқан) балалардың өмірі үшін қауіпсіз болады, тіпті педофилдердің арам пиғылының жолын кеседі. Ал екіншіден, елімізде ең көп орын алатын қылмыс санаты – пәтер ұрлығының (және өзге де) алдын алады және ұры-қарылардың тез арада қолға түсіп, қылмыстың ашылуына жағдай жасайды. Тиісті жүйенің сол аумаққа бекітілген учаскелік полиция инспекторына да қолжетімділігін қамтамасыз ету керек.
2) Тұрмыстық зорлық-зомбылық: әлеуметтік-психологиялық орталықтар саны мен сапасын арттыру.
– Нұр-сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында (мегаполистер) әйелдерге арналған 250 орынды, ал өзге қалаларда халық санына қарай 35-70 орынды әлеуметтік-психологиялық орталық (6 ай бойы тегін паналауға негізделген) ашуды ұсынамын;
– Жанұяда зәбір көрген әйелдерге арналған анонимдік шұғыл желі – CALL орталық іске қосылып, ақысыз құқықтық кеңес (көмек) беру орталығы қызметін бастауы қажет деп санаймын;
— Жалғызбасты аналардың балаларына алимент алуын оңтайландырып, бұл жүйені тағы да жетілдіру қажеттілігі туындап отыр.
3) Жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу жолдары.
– Еліміздегі білім ұяларындағы мектеп инспекторларының санын оқушы санына қарай 7-ге дейін арттыру қажет. Қазіргі кезде әрбір мектепте 1 ғана инспектор бекітілген, оның өзінде ол қызметкер әр ауысымдағы мектеп оқушыларын жаяу жүргіншілер жолынан күтіп алып, шығарып салу шарасына да жұмылған. Көбіне оқушыларға түсіндірме жұмыстарын жүргізуге үлгермей жатады). Осы орайда ескеретін жәйт, мектеп инспекторларының тәжірибелі полиция қызметкерлері жасағынан болуы маңызды. Сондай-ақ, олардың барлығы бұл қызметке кірісер алдында толығымен арнайы психологиялық даярлық курстарына қатысып, оқушылардың психологиясын (жас ерекшеліктеріне қарай) толық меңгеруі тиіс.
4) Жастар саясатын жүзеге асыру және жұмыссыздықты жою.
– Нұр-сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында (мегаполистер) жастар қатарының үлесіне қарай «Жастар орталығы» мекемесінің санын 3-ке жеткізу керек деп ойлаймын. Жастардың жарқын өмірі үшін қолға алынған ауқымды жобаларды жүзеге асыруда бұл орталықтар белсенді, әрі жауапкершілігі мол мамандармен толығуы маңызды;
– Жастар мәселесін шешу жолында жұмыс жасайтын мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың жобаларына кедергі келтірмей, тиісінше қолдап, қуаттау жүйесінің тиімділігін арттыруды ұсынамын. Мәдени шаралардың (флэшмоб, жаттанды өнер байқаулары мен мазмұнсыз басқосулар) үлесін азайтып, ғылыми жаңа технологияны ұштастыратын креотивті жобаларға басымдық беруді құптаймын;
– Мемлекеттік және жекеменшік жұмыс берушілер тарапынан жастарға деген арнайы қолдау квотасының үлесі болып, тиімділігін арттыру алгоритмін іске қосу керек.
5) Студенттік өмір сапасын жақсарту.
– Жекеменшік ЖОО-дары жанындағы жатақханалар жағдайын назарға алу. Әрбір оқу ордасында студенттер санына қарай жатақханадағы орын санын арттырып және ондағы материалдық-техникалық талаптарды қадағалау;
– «Студенттік құрылыс отряды» жобасын (құрылыс компанияларымен арнайы келісім-шарт негізінде) қайта қолға алу. Жазғы демалысын тиімді өткізумен қатар, оларды еңбекке баулып, жалақы алуын қамтамасыз ету керек деп есептеймін.
6) Білім саласындағы мәселелер:
– Мектеп мұғалімдерін жұмысқа алу мен директорларды тағайындау бойынша жаңа платформа дайындау. Білімді ұрпақ тәрбиелеу үшін және сыбайлас жемқорлықтың тетіктерін жою мақсатында педагогтарды жұмысқа қабылдау процесіне білім басқармасы басшылығынан бөлек, тәжірибелі педагогтар, «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері немесе жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті мамандарын және БАҚ өкілдерін жұмылдыруды ұсынамын;
– Мектептерде сыртта орналасқан әжетханалардың мәселесін шешу;
– Мектеп асханаларындағы ас мәзірі мен ондағы бағаларды бақылау.
7) Медицина саласындағы мәселелер:
– Дәрігерлердің кәсіби білімін, халықаралық тәжірибе алмасу жобаларын жетілдіру;
– Медицина қызметкерлернің мәртебесі мен әлеуетін көтеру;
– Денсаулық сақтау ұйымдарының сандық және сапалық көрсеткіштерін арттыру. Медициналық мекемелердегі (аурухана, емхана) әлі күнге тапшы құрал-жабдықтар мен заманауи қондырғыларды толықтыру. Бұл үшін қазынадан қаралған қаржының мақсатты жұмсалуын бақылау және қадағалау);
– Емханалар тарапынан науқастарға үлестірілуі тиіс тегін дәрі-дәрмектер тізбесін құпия сақтамай, тиісінше оны ашық түрде жариялап, ұсынып отыру керек. Сондай-ақ, зейнеткерлер мен көпбалалы жанұя өкілдеріне дәрі-дәрмек құнын төмендету жүйесін енгізу;
– Трансплантациялық оталар бойынша орын алатын заңсыз әрекеттерді болдырмау, сондай-ақ ана мен бала өлімін азайту мақсатында дәрігерлердің қызметін қадағалайтын және ақ халаттылардың жұмыс сапасын жақсарту мақсатында әр қаладан құзырлы топты арнайы жасақтау (өзіндік қауіпсіздік басқармасы ретінде) керек.
8) Қарттар үйі тұрғындарының санын азайту:
Жалғызілікті қарттарды қоспағанда, қартайған ата-анасын кәнігі қарттар үйіне ерікті түрде тапсырған перзенттерінің ай сайынғы жалақысынан белгілі бір мөлшерде (15-20 %) қаржыны ұстап, сол теңгені осы қарттар үйінің қорына аударуды ұсынамын. Бұл жоба ондағы қарттар санының азаяюына сеп болады және бюджет қаржысын үнемдеуге көмектеседі.
9) Инфрақұрылым және коммуналдық мәселелер:
– — Елімізде, оның ішінде Шымкент қаласында соңғы 5 жыл ішінде мемлекеттік бағдарламалар аясында бой көтерген тұрғын үйлер сапасына тұрғындар уәжін ескере отырып, қайта тексеру тағайындау. Құрылыста жіберілген және коммуналдық кем-кетігін мердігер компаниялар тарапынан қалпына келтіру керек;
– Инфрақұрылымдық нысандардың құрылысына бөлінген бюджеттік қаражаттың тиімді жұмсалуын бақылау;
– Биылғы салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің сапасын бақылау мен қадағалау жұмыстарына бекітілген комиссия құрамына «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі өкілдерінен бөлек, арнайы құрылыс саласы мамандарын әр аймаққа өзге өңірлерден тартуды қажет деп санаймын. Бұл – бір жағынан тәжірибе алмасу болса, екіншіден — сыбайлас жемқорлық тетіктерін жоюға бағытталмақ.
Осы орайда, туған өлкем Шымкент қаласы – үшінші мегаполис ретінде әлеуметтік-экономикалық, саяси жағдайы жақсарып, инфрақұрылымының гүлденуі үшін мәдени, әрі рухани дамуы мақсатында әлі талай толағай жұмыстар атқарылуы қажет екенін жақсы білемін. Қазірдің өзінде қолға алынған жалпықалалық жобадан бөлек, өзіндік ұсынып отырған сайлауалды бағдарламамды жүзеге асыру – менің азаматтық парызым. Қала тұрғындарын мезі етіп келген проблемаларының шешілуіне жәрдемдесіп, олардың өмір сапасын жақсартуға ықпал етуде аянып қалмасым анық. Алдағы уақытта Шымқаламыздың тарихы мен көне жәдігерлеріне төрткүл дүние қызығушылығы анағұрлым артып, туристер таңдана қарайтын әлемдік деңгейдегі алып қалалар қатарында болмақ. Бұл мақсатта Парламент Мәжілісінің мінберінде халыққа қызмет етуге қауқарлы жас ретінде кәсіби білім мен білігім, өмірлік ұстанымым, ел мен жерге деген құрметім де жеткілікті деген ойдамын.

Билікке белсенді көшбасшылар бара жатыр

Тарихқа жүгінсек, қазақта ел басқару жүйесі ежелден қалыптасқаны айқын. Бұл дәстүр әр кезеңде мәні мен мазмұны жағынан жетілдіріліп, байытылып отырған. Қаймана қазақ кезінде ханды да, би-болысты да өзі сайлап алған. Таққа отырғызған ханының алдында «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп қасқая тұрып сөз алған. Ел мен жер тағдырын шешкен. Осылайша сайын сахарада дала демократиясы дүбірлеп, әділеттің ақ туы желбіреген. Бұл жайында Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаев «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», әз Тәукенің «Жеті Жарғысы» еді қазақ елінің қайнар бұлағы» деп баға бергені баршаға аян.
«Жеті Жарғы» демекші, «Nur Оtаn» партиясының халық қалаулыларын сайлау алдындағы іріктеу тәжірибесі Тәуке ханның хандық құрған (ХҮІІ ғасырдың аяғы мен ХҮІІІ ғасырдың басы) кезеңінде де болған ба дерсің. «Жеті Жарғы» заңдар жинағындағы ережелерге қарағанда қазақтың тайпа және ру басылары жылына бір рет жиналуға міндеттелген.
«Күлтөбенің басында күнде жиын» деп ел аузында сақталған басқосуда қаралған мәселелер дауыс беру арқылы шешіліп отырған. Түрлі ұсыныстар ортаға салынып, іріктеу нәтижесінде аймақтардың би-болыстары сайланған. Бүгінгі саяси сахнада көрініс тапқан праймеризіміздің үлгісі сол бір заманда да болған ба екен деп түйесің өткенді еске ала отырып.
Жалпы «праймериз» ағылшынша «алдын-ала, бастапқы сайлау» деген ұғымды білдіреді екен. Сайлау алдында өткізілетін мұндай іріктеу сынағы АҚШ-та, Батыс Еуропаның бірқатар елдерінде бұрыннан тәжірибеде қолданысқа ие. «Nur Оtan» партиясы қолға алған еліміздегі тың жоба халық қалаулыларын жаңаша тұрпатта іріктеп, електен өткізуде үлкен нәтиже береді деп ойлаймыз.
Партия төрағасы Н.Назарбаев бүгінгі таңда билік тармақтарының басында ел сеніміне ие болған нағыз көшбасшы азаматтардың отырғанын қалайтынын жиі айтып келеді. Яғни, праймериз Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне,барлық деңгейдегі мәслихаттарға, мемлекеттік органдарға ел мүддесін ең әуелгі кезекке қойған, қоғамның дамуына белсенді үлес қосуға дайын, жан-жақты зерделі, батыл да өткір, іскер, халықшыл, елжанды азаматтардың жолдама алуына мүмкіндік беретін қатал сынақ.
Елімізде тап қазір жер-жерде қызу өтіп жатқан праймериз додалары көпшілік үшін таңсық көрінеді. «Әй, бұл да «сол баяғы-баяғы, бай-қожаның таяғы» ғой, тағы да Мәжіліс пен мәслихат жиналыстарында қалғып-мүлгіп отыратын ,жеке мүддесін ойлап,жоғары билік не айтса да бас шұлғудан танбайтын болашақ «мақұлбай» депутаттарға дауыс береміз де» деп тың жобаға күдікпен қараушылар да арамызда бары сөзсіз. Жоқ, олай емес. Сайлауға праймериз талаптарына сай іріктеуден сүрінбей өткен, әлгінде айтқан қабілет пен қасиеттер өн бойынан табылатын нағыз жүйріктің жүйрігі ғана жете алады.
Бүгінгі дәуірге қарап тұрсақ, бүгінгі таңда қоғамның айтары көп. Бұрынғы заман артта қалды. Ел-жұртымыз жаңарды. Ендігі кезекте жаңа жағдай жаңаша өмір сүруді талап етеді. Сананы сілкінтетін, ойды оздыратын уақыт келді. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деп аталған Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруды міндет етіп қойды. Ол үшін «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» құруымыз қажет» деді. Бүгінгідей әлемді жайлаған пандемия індеті жағдайында халықтың әлеуметтік ахуалын төмендетпей, ел экономикасының деңгейін қалыпты ұстап, тұрғындар әлеуетін тұрақтандыру үшін мүмкіндіктер жеткілікті екенін де атап өтті. Жалпы, ел басына күн туған осындай ауыр кезеңде бұл ауқымды міндеттерді жүзеге асыруға патриот ретінде баршамыз атсалысуымыз қажет деп білемін.
Әуелі экономика саласынан сөз бастайық. Сарапшылардың таразылауына қарағанда, халықтың жартысынан астамы өз кәсібімен айналысып, өз отбасын өзі асырайтын жағдайға жеткенде ғана экономика тұрақты деп есептеледі. Ал, қазіргі таңда еліміздегі орта және шағын бизнестің өндіретін өнімі жалпы өнімнің 32 пайызын ғана құрайды. Әрине, бізде кәсіпкерлік бизнесті қолдауға мемлекет тарапынан көптеген бағдар-бағдарламалар бағытталғанын құптаймыз. Осыған қоса кәсіпорындардың толық іске қосылып, өнімін өндіріп, нарыққа шығарғанға дейін оларды тиісті салықтардан және несиенің пайызын төлеуден босату мүмкіндіктерін қарастырған дұрыс болар еді. Бөлінетін несиелердің пайыздық мөлшері мен оны қайтару мерзімі арнайы ережелермен реттеліп отырғаны жөн.
Сондай-ақ, мелекеттік бағдарламаларды бюджет есебінен қаржыландырудан бас тартып, тек инвесторлардың күшімен жүзеге асыру тетігі қарастырылса тиімді болар ма еді? Мемлекеттің аграрлық секторды қаржылай қолдау көлемін арттыруы керек. Қазіргідей несиелендірудің, субсидиялаудың бағдарламаларын, құжаттары мен талаптарын оңтайландыру қажеттілігі туындады.
Елімізде жұмыссыздық жаппай қанат жайып барады. Бұл проблеманы қоғамға жабысқан бітеу жара десе де болар. Өз басым Қазақстанда жұмыс жоқ дегенге сенбеймін. Екі қолға бір күрек қай жерде де табылады. Бірақ, мың-мыңдаған қазақ жастары Оңтүстік Кореяға, Еуропа елдеріне, тіпті мұхит асып сонау Америкаға нәпақа іздеп кетіп жатыр? Сол үшін біз жастарымызды жергілікті жерде жұмыспен қамтиық. Жұмыс тауып берейік. Олар еңбек етсін. Елді көркейтсін. Өз күнін өзі көріп, отбасын асырасын, байлыққа кенелсін. Бұл мақсатта еңбек нарығында тиімді жұмыспен қамтуға бағытталған белсенді саясатты жүзеге асыруымыз керек-ақ. Ол үшін жұмыс күшіне деген қажеттілікті қанағаттандыру аса қажет. Жаңа жұмыс орындары ашылса, кәсіпкерлік қызметтер мен өзін-өзі жұмыспен қамту қолдау шаралары жүзеге асып жатса, жастарымыз жұмысты жандыра істемей ме? Кәсіби білім, жастар мен жұмыссыз азаматтарды қайта оқыту сапасын арттыруға көңіл бөлмесе болмайды. Кадрларды даярлау жүйесін өндіріс орындарының сұранысымен сәйкестендіруді дұрыс жолға қойған абзал.
Жұмыссыздық дегеннен шығады, жастарымыздың селтеңдеп бос жүруіне бір жағынан өзіміз де кінәліміз, құрметті ата-ана. Шыны керек, ұл-қыздарымыздың бойында бойкүйездік пен масылдық басым болып бара жатқан жоқ па? Қос-қос дипломымен «ыңғайлы жұмыс» таба алмай жүрген білімді жастарымызды көргенде қарның ашады. Әлі күнге дейін «есейіп кетсем де, мен саған сәбимін» деп, ата-анасының зейнетақысы мен жәрдемақысына жармасып, «көктен түсетін» ақшаны көксейтін көкжалқау жастарымыз қаншама? Бұл түптеп келгенде, барып тұрған масылдық. Ал, масылдық – ұлт қасіреті.
Сондықтан, «Адамның бір қызығы бала деген, баланы оқытуды жек көрмедім» деп хакім Абай айтқандай, тәлім мен тәрбиенің, білім мен ғылымның бақытты ел болашағының негізін қалаудағы орны ерекше. Дегенмен, басқаны былай қойғанда, білім саласында күрмеуі шешілмеген түйінді мәселелер жетіп жатыр. Соның өзектісі –жоғары оқу орындарында мұғалім мамандығына қойылатын талапты күшейтпесе болмайды. Ұстаздардың еңбекақысы жылма-жыл еселеп көбейіп келеді. Алайда, олардың кәсіби біліктілігі, білім беру сапасы көңілдегідей емес.
Сондай-ақ, апат жағдайындағы және үш ауысымды мектептердің мәселесі де кезек күттірмейді. Мысалы, мегаполис қаламыз Шымкентте демографиялық өсімнің көрсеткіші жылдам артуына байланысты жаңа мектептер мен қосымша құрылыс салу қажеттілігі туындап отыр. Әл Фараби ауданында студенттер жатақханаға зәру. Кемі 3595 тұрғын орынға мұқтаж. Жергілікті билік жатақхана салып беруге ынталы кәсіпкерлерге қолдау білдіріп жатса құба-құп дейміз.
Праймериз іріктеуіне қатысушылар сенім үдесінен көріне қалған жағдайда биліктің заң шығарушы тармағы бойынша сауатты болуы керектігін ұғына білгені дұрыс. Сондықтан да, заман ағымына, сан-саламызда қалыптасқан ахуалға сай тиісті заңнамаға өзгерістер енгізіп тұруға қабілетті болғанның артықтығы жоқ. Осы орайда ұсыныс айтайын, бүгінгі таңда «Қазақстан Республикасындағы азаматтық қызмет немесе азаматтық қызметшілер туралы» Заңын қабылдау қажеттілігі туындап отыр. Мұның себебі де бар. Мысалы, білім беру және денсаулық сақтау саласындағы азаматтық қызметшілердің әлеуметтік жағдайлары заңнама тұрғысынан оңтайлы қорғалып келеді. Ал, мәдениет, спорт, журналистика, өнер сияқты салалар бұл ретте елеусіз қалып, жеңілдіктер мен көтермелеу құқықтарына қол жеткізе алмай отыр.
Сондай-ақ, қабылданған заңдар мен оған тәуелді актілердің мемлекеттік және орыс тілдерінде қабылданып, қолданысқа енгізілуі ондағы терминдердің, сөйлемдер мен сөз тіркестерінің мән-мағыналарында елеулі алшақтықтар мен сәйкессіздіктердің орын алатынын айғақтап берді. Соның салдарынан олардың нормаларын қолданған кезде небір қиыншылық туғызып, шатасуға әкеп соқтыруда. Халық қалаулылары заңнамаларды қабылдау барысында аудармасының сапасына айырықша көңіл бөлсе деген ұсыныс білдіреміз.

Бүгінде Шымкент қаласының Еңбекші ауданындағы тұрғын алаптарда 4 көпірдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қала әкімінің жылдық есебінде тұрғындар осы мәселе бойынша талап-тілектерін жеткізген еді.

Қазіргі таңда Елтай тұрғын алабындағы көпірдің құрылысы кестеге сай атқарылуда. Жауапты мердігер мекеме «ЖБИ-С» ЖШС-і құрылысты 31 тамызда бастаған. Жаңа көпірді қазан айының ортасында халық игілігіне беру жоспарлануда. Көпірдің ені – 9 м, ұзындығы – 12 м. Күрделі құрылысқа 15 адам тартылған.
Жалпы биыл Қазығұрт аумағында Маятас, Тоғыс және Елтай тұрғын алабы мен Бадам-1 тұрғын алабында көпір құрылыстары басталды.

Шетелде тұратын этникалық қазақ жастарымен байланыс орнату мақсатында соңғы жылдары белсенді жұмыстар жүргізілуде. Осыған орай, «Отандастар қоры», «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ және «Жас қазақ» халықаралық жастар ұйымы «Киелі Қазақстан» жобасы аясында үшінші рет Қазақстанның киелі жерлеріне саяхат ұйымдастырды.
Іс-шараның мақсаты – қандастарды «Киелі Қазақстан» бағдарламасы арқылы көрнекті жерлерімен таныстыра отырып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізінде білім, мәдени-гуманитарлық мүмкіндіктер туралы ақпарат беру, шетелдегі этникалық қазақтарды қолдау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жайлы хабардар ету, болашақта этникалық қазақ жастардың бірлесіп жұмыс істеуіне, байланыстарының нығаюына түрткі болу.
Қазақстанның түрлі қалаларында білім алып жатқан қандас жастар бұл жолы Шымкент шаһары және Түркістан облысына саяхаттады. Олар еліміздің жетекші оқу орындарында оқитын 20 шәкірт.
Іс-шара екі күнге жоспарланған болатын. Жиынның алғашқы күні Шымкентте «Қандас жастармен – болашаққа» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Басқосуда қандас жастар бірқатар атқарылып жатқан жобалармен танысты. Одан әрі қарай Шымкент маңындағы киелі жерлерді тамашалады. Сайрам тарихымен танысып, дендрологиялық саябақ туралы танымдарын арттырды.
Екінші күні қатысушылар Түркістан қаласына аттанды.

Түркістан облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қазақстан Республикасының балық саласын дамыту жөнінде семинар-кеңес өткізді. Еліміздің балық шаруашылығының қазіргі ахуалы мен даму перспективасы туралы ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі М. Мырзағалиев, «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС басқарма төрағасы Қ. Исабеков, балық өсіру шаруашылықтарының басшылары: «KingFish» – М. Тұрсынәлі, «Қызылорда балық» – А. Ерхатов, «Хамит» – Б. Серманизов, «Шығыс универсал» – В. Асанов, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Е. Қарашөкеев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д. Ахметов, Алматы облысының әкімі А. Баталов, Қызылорда облысының әкімі Г. Әбдіқалықова, Жамбыл облысының әкімі Б. Сапарбаев, Ақтөбе облысының әкімі О. Оразалин, Қарағанды облысының әкімі Ж. Қасымбек баяндады.
Балық саласы — ҚР ауыл шаруашылығының қарқынды дамып келе жатқан секторларының бірі. 5 жыл ішінде отандық балық өндірісі 2016 жылғы 1800 тоннадан биыл жоспарланған 10 мың тоннаға жетіп, өнім 5 еседен астам өсті. Тек соңғы 8 айда ауланған және өндірілген балық көлемі 19 пайыздан астамға, яғни 26,3 мыңнан 31,3 мың тоннаға дейін ұлғайды. Балық өндірісінің көлемі 27 пайызға 7,9 мың тоннаға дейін, балық аулау 16,4 пайызға 23,4 мың тоннаға дейін өсті. Ішкі нарыққа балық өнімдерін жеткізу көлемі 8,7 мыңнан 10,5 мың тоннаға дейін (+20%) артты. Балықтың барлық көлемінің шамамен 60 пайызы (20,8 мың тонна) экспортталады. Аталған салада 12 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Балық аулау және балық өсіру секторындағы инвестициялық жобалардың рентабельділігі 20%-дан асады. Өсірілетін балықтың негізгі көлемі — шамамен 70 пайызы Түркістан облысына тиесілі.
Балық өнімдері өндірісін ынталандыру үшін балық өсіру шаруашылықтарына инвестициялық салымдар кезінде шығыстардың бір бөлігін өтеу (25%), балық азығына жұмсалған шығындардың құнын өтеу (30%) және басқа да шаралар енгізілді. Жыл соңына дейін Салық, Су, Жер кодекстеріне, бірқатар сабақтас заңдарға түзетулер топтамасы қабылданады, олар балық өсіру кезінде табиғи артықшылықтарды тиімді пайдалануға, балық өсіру шаруашылықтарын салу кезіндегі шығындарды азайтуға және өсірілген балықтың өзіндік құнын төмендетуге жол ашады. Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес 2020 жылғы 1 қарашаға дейін әрбір облыс нақты индикаторларымен балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламаларын әзірлейді. «Әзірленіп жатқан балық саласын дамыту тұжырымдамасына сәйкес Қазақстанда өндіріс әлеуеті жылына 600 мың тоннаны құрайды. Біздің бағалауымыз бойынша экспорттың әлеуетті көлемі жыл сайын 300 мың тоннадан асады. Біз осы мүмкіндіктерді жеткілікті іске асыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға тиіспіз», — деді А. Мамин.
Үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігіне Экология, геология және табиғи ресурстар, Ауыл шаруашылығы, Қаржы министрліктерімен бірлесіп балық шаруашылығындағы кооперацияны ынталандыру шараларын қарастыруды тапсырды. Әкімдіктерге қалалар мен басқа да елді мекендерде балық және балық өнімдерін сататын сауда павильондарын қою мәселесін пысықтау тапсырылды. А. Мамин жұмыс сапары аясында «Хамит» және «Vita» балық өсіру шаруашылықтарына барып, Қазақстанның балық шаруашылығы өнімдерінің көрмесін аралады, сондай-ақ Шардара су қоймасы бөгетінің күрделі жөнделуімен және Шардара ГЭС-інің жаңғыртылуымен танысты.
Мақтаарал ауданында Үкімет басшысы тұрғындармен кездесіп, Өргебас және Фирдоуси ауылдарындағы қираған үйлерді қалпына келтіру жұмыстарының барысымен, сондай-ақ Мырзакент кентінде су тасқыны салдарынан зардап шеккен Жеңіс, Жаңатұрмыс және Достық елді мекендерінің 500 отбасына арналған жаңа шағын ауданның салынуымен танысты.

ҚР Премьер-министрінің
баспасөз қызметі.