Маңызды

Шымкент қаласында 9 қосымша білім беру мекемесі бар. Онда 20 061 оқушы түрлі үйірмелер мен секцияларға қатысып, өз уақытын тиімді өткізеді.

Бұл туралы Шымкент қалалық білім беру басқармасының басшысы Жанат Тәжиева ақпараттық-коммуникалық орталықта өткен брифингте айтты.

Бұдан бөлек, 15 650 бала қаладағы спорт мектептеріне барып, қосымша спорт үйірмелерінде жаттығу жасайды. Тағы 147 жалпы білім беретін мектептер жанынан ашылған түрлі үйірмелерге 62 071 оқушы тартылған екен.

Сонымен қатар Шымкентте мемлекеттік орта білім беру ұйымдарындағы оқушылардың жалпы саны 214 506 оқушыны құраса, оның 97 752-сі немесе 45,6% қосымша біліммен қамтылған.

Жанат Арысбекқызы қосымша білім беру мекемелерінің үлесін арттыру және материалдық-техникалық базасын нығайтып, түрлі үйірмелерге қатысатын өрендер көрсеткішін одан әрі көбейту негізгі міндеттердің бірі екенін алға тартады. Осы мақсатта  «Балалар эстетикалық саз мектебінің» ғимараты биыл күрделі жөндеуден өткізілді. Ал, әкімшілік-іскерлік орталығында мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында салынып жатқан 150 орындық «Өнер» мектебі жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде.

Сондай-ақ, Бекет батыр көшесіндегі «Өнер» мектебінің құрылысы жүргізілуде. 150 орынға лайықталған өнер ордасы жыл соңында пайдалануға беріледі.

Шымкент қаласында «103» жедел жәрдем қызметі бойынша байланыс орталығы құрылып, іске қосылды. Шақыру желісінің саны 9-дан 30-ға дейін көбейтілді. Яғни, қосылған операторлар саны үш есеге көбейді.

 

Осылайша олардың бір тәулікте шақыруды қабылдау қуаттылығы 3500 қоңырауға жетіп отыр. Алдағы уақытта шақыру желілерінің санын арттыру бағытындағы жұмыстар тағы да пысықталатын болады.

Жаз айларында Шымкентте эпидахуал өршіген кезде шақыру саны 3500-ге дейін барған болатын. Індеттің беті қайта бастаған уақытта қала тұрғындарының жедел жәрдем қызметіне қоңырау шалуы 1500-ге төмендеген. Қазіргі уақытта жағдай тұрақталып, шақырулар саны 1200-ге жетіп отыр.

Айта кету керек, бүгінге дейін емханалар жанынан құрылған 67 мобильді бригада 29 мыңнан астам науқасқа медициналық қызмет көрсеткен.

 

ал, қаладағы мектептер спорт залдарымен толық қамтылған ба?

Өскелең ұрпақты салауатты өмір салтын ұстануға баулу мектеп қабырғасынан басталады. Себебі, оқушылар спорттың денсаулықтың кепілі екенін дәл осы мектептегі дене шынықтыру сабақтары арқылы жете түсінеді.

Сондай-ақ дұрыс тамақтану, ашушаң болмау, сүйікті ісіңмен айналысу сынды иммунитетті нығайтатын әрекеттердің қатарында физикалық белсенділікті сақтау принципін осы пән арқылы түйсінеді.

Қазіргі таңда техникалық прогрестің жемісі – компьютер, смартфон және басқа да электронды құрылғылардың кең қолданысқа енгізілуі адамның физикалық белсенділігін азайтып, қимыл-қозғалысын барынша тежеуде. Бұл адам ағзасының дұрыс жетілмеуіне және өз дәрежесінде жұмыс істемеуіне алып келеді. Айталық, ғалымдардың зерттеуінше, жиі науқастанып, дәрігердің тұрақты қарауына алынған балалардың дені спортпен шұғылданбайтыны белгілі болған. Ал мектеп жасындағы бала үшін спорттың бастауы – мектептегі дене шынықтыру сабағы екені айтпаса да түсінікті.

Ал осы дене шынықтыру пәндерін лайықты деңгейде өткізуге Шымкент қаласының мектептері дайын ба, яғни барлық білім мекемелерінде қажетті жабдықтармен жарақталған заманауи спорт залдары бар ма?

Қалалық білім бөлімінің ресми деректеріне сүйенсек, қазіргі таңда Шымкентте мемлекеттік коммуналдық қазыналық меншіктегі 148 мектеп болса, соның 5-де спортзал (4 кешкі мектепті қоспағанда) жоқ. Орта білім беретін бұл мектептерде 139 спортзал, 174 спорт алаңшасы бар. Оның ішінде 89 мектепте типтік үлгідегі спорт алаңшасы орнатылған.

Ал қаладағы спорт залы жоқ мектептер қатарында №63, 95, 101, 121, 123 мектептерді атауға болады. Рас, бүгінде №63 және №101 мектептерде қосалқы спортзал ғимараттарының құрылысы жүргізілуде. Нысандар жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ал қалған мектептерде бұл мәселе әлі шешімін таппаған.

Дегенмен, Шымкент қалалық білім беру басқармасының басшысы Жанат Тәжиеваның айтуынша, аталған мектептерде спортзалдың жоқтығы мұнда дене шынықтыру сабақтары болмайды деген сөз емес, яғни балалар дәстүрлі форматта білім алуын жалғастыратын болса, мектеп ғимараттарының жанындағы өзге мекемелердің спорт алаңшалары мен спорт залдарына барып жаттығу мүмкіндігі бар.

Бұдан бөлек, биыл 17 мектепке спорт алаңшасын орнату жұмыстары қолға алынған. Бұл үшін республикалық бюджеттен 560 млн. теңгеден астам қаржы бөлініпті. Қазіргі таңда 15 мектепте ашық аспан астындағы спорт алаңшаларын орнату жұмыстары аяқталса, қалған 2 білім ұясына осы айдың соңына дейін салынып бітеді деп жоспарланып отыр.

Тағы бір сүйінші жаңалық, биыл қала мектептерінің спорт залдары 40 миллион теңгеге қажетті құрал-жабдықтармен жарақталған. Демек, салауатты ұрпақ тәрбиелеу ісіне көңіл бөлу жыл санап артып келеді.

 

Шымкент қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті (бұдан әрі–Департамент) тарапынан Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының «Шымкент қаласының №3 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мекетебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне 2019-2020 жылдары жылы бюджеттен бөлінген қаржылардың мақсатты пайдалануы Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларының сақталуына аудиторлық іс-шара жүргізіліп, нәтижесінде қаржылық сипаттағы бұзушылықтар 18593,0 мың теңгеге анықталды. Оның ішінде 2732,0 мың теңгесі қалпына келтіруге 15861,0 мың теңгесі бюджетке өтеуге жатады.

Бұл ретте, ҚР Қаржы Министрінің 2010 жылғы 03 тамыздағы №393 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есеп жүргізу қағидаларының» 4,17,22 талаптары және «Қазақстан Республикасында төтенше жағдай енгізу туралы»  Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 15 наурыздағы №285 Жарлығын және  Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 11 мамырдағы №256 қауылысының 2 тарауының 6 тармақшалары сақталмаған.

 

 

 

А.КИИКБАЕВ,

Шымкент қаласы бойынша Ішкі

мемлекеттік аудит департаментінің

№1 сәйкестік аудиті бөлімінің

бас маманы-мемелекеттік аудиторы.

Шымкент қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті (бұдан әрі–Департамент) тарапынан Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 10 шілдедегі кеңейтілген отырысының қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің хаттамалық тапсырмасын орындау үшін жолданған ҚР ҚМ Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің 06.08.2020 жылғы №КВГА-03-КВ/1293-И тапсырмасы негізінде «Шымкент қаласының Полиция департаментінің емханасы» мемлекеттік мекемесінде «Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ететін қызметкерлер үшін сыйақы» дағдарысқа қарсы іс-шарасына бюджеттен бөлінген қаржылардың мақсатты пайдалануы Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларының сақталуына аудиторлық іс-шара жүргізілді.

Аудит нәтижесінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрiнiң 2014 жылғы 24 қарашадағы №511 «Бюджеттік өтінімді жасау және ұсыну қағидаларын бекіту туралы» бұйрығының 6 тармағында «мемлекеттік органдардың осы Кодекстің 65-1-бабының үшінші бөлігіне сәйкес лимиттері айқындалған ағымдағы әкімшілік шығыстарын қоспағанда, мәлімделген қаржыландырудың бюджеттік бағдарламалар нәтижелерінің көрсеткіштеріне қол жеткізуге ықпалын сипаттай отырып, бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiсiнiң әрбiр бюджеттiк бағдарламасы бойынша шығыстардың түрлерi бойынша есеп-қисаптар;» деп көрсетілгенмен  бюджет қаржысын дұрыс жоспарламау салдарынан 1215,0 мың теңгеге артық жоспарлауға жол берілген.

 

 

А. КИИКБАЕВ,

Шымкент қаласы бойынша Ішкі

мемлекеттік аудит департаментінің

№1 сәйкестік аудиті бөлімінің

бас маманы-мемелекеттік аудиторы.

немесе, «ФудМастер-Шымкент» қоршаған ортаны неге былғайды?

Түркістан облысында аты дардай «ФудМастер-Шымкент» ЖШС экологиялық талаптарды сақтауға жүрдім-бардым қарап, табиғатқа зиян тигізіп келген. Өз кезегінде тұрғындарға табиғи өнімнен нәр тартқызамыз деп айтудан жалықпайтын серіктестік өндірістен шығатын сарқынды суларын ауылдық суағар каналына бұрып, қоршаған ортаға зиян келтірген. Бұл жағдай Төлеби ауданы, Көксәйек елдімекені тұрғындарынан келіп түскен арыз-шағымға сәйкес Түркістан облысы бойынша Экология департаментінің мамандары, «Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі — Адалдық алаңы» жобалық офисі өкілдерімен бірлесіп, ісі ілгері басқан «ФудМастер-Шымкент» ЖШС мекемесінде жүргізген тиісті тексеру жұмыстары кезінде анықталған.

Осыған сәйкес аталған серіктестік әкімшілік жауапкершілікке тартылып, мекемеге жалпы соммасы 416 700 теңгені құрайтын үш айыппұл салынды. Сонымен қатар, аталған компанияға қоршаған ортаға келтірген залалы үшін 4 335 127 теңге экономикалық бағасын өндіруге нұсқама берілді. Қазіргі таңда аталған айыппұлдардың барлығы мемлекеттік бюджет пайдасына өндірілген.
Бұл туралы Түркістан облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары – Түркістан облысының Бас мемлекеттік экологиялық инспекторы Қанат Қалмаханұлы Түркістан облысы бойынша экология департаментінің инспекциялық-бақылау саласында осы жылдың қазан айына дейінгі жүргізілген жұмыстары туралы есеп беру жиынында мәлімдеді.
Жыл он екі ай бойы жұмысы жүріп тұратын, ісі ілгері басқан компания үшін бұл айыппұл соммасы анау айтқандай шығын әкеле қоймасы сөзсіз. Және олардың мұндай қадамға білместікпен барғаны немесе білімсіздік себеп болғаны тек өздеріне ғана аян екені белгілі.
Жалпы Түркістан облысында табиғатқа қамқорлық емес, қорлық көрсетіп жатқан заңды тұлғалар осымен шектелмейді. Қанат Қалмаханұлы өз баяндамасында жыл басынан бері облыста 20 табиғат пайдаланушы тексерілгенін хабарлайды. Оның ішінде профилактикалық бақылау арқылы 14, жоспардан тыс тексеру арқылы 6 табиғат пайдаланушылардың жұмыстарының экологиялық талаптардың үдесінен қаншалықты табылып жүргендігі нысанаға алынған. Нәтижесінде 55 экологиялық талаптарды бұзу фактісі анықталып, жалпы соммасы 3 839 735 теңге мөлшерінде 56 айыппұл салынған. Оның ішінде барлығы 972300 теңгені құрайтын 22 айыппұл табиғат пайдаланушылардың экологиялық рұқсат алмағаны үшін, 1 591 000 теңгені құрайтын 20 айыппұл жер қойнауын заңсыз пайдаланғаны үшін, 173625 теңгені құрайтын 3 айыппұл өндіріс орындарының атмосфераға нормативтен жоғары эмиссиялар жасалуы туралы хабарламағаны үшін, 138900 теңгені құрайтын тағы 3 айыппұл қалдықтармен жұмыс істеу кезіндегі талаптарды бұзғаны үшін, 97230 теңгені құрайтын 3 айыппұл жалпы экологиялық нормаларын бұзу дерегі үшін, 138900 теңгені құрайтын 1 айыппұл су ресурстарын қорғау ережелерін бұзғаны үшін және т.б экологиялық талаптарды сақтамаған факторлар құрайды. Бүгінге дейін мемлекеттік бюджетке 31 айыппұл ғана (2 007 700 тенге) өндірілген екен. Салынған айыппұлдар экологиялық талаптарды сақтамаған табиғат пайдаланушылар үшін болымсыз сома болғаны немесе сабақ болғанын төреші уақыт көрсетеді.
Ал облыста 160-тан астам қоқыс полигондарының көпшілігінің талапқа сәйкес еместігі бір бөлек мәселеге айналғаны белгілі. Атмосфера қабатына айтарлықтай кері әсерін тигізетін талапқа сай емес полигон мәселесін біржақты реттеу үшін прокуратурамен енгізілген ұсыныстардың нәтижесінде арнайы тұлғаларға 1 554 235 теңге құрайтын 26 айыппұл салынған. Қазіргі таңда экология департаменті полигондарды экологиялық рұқсатсыз пайдалану, ондағы қатты тұрмыстық қалдықтардың жануы сынды факторлар үшін қоршаған ортаға келген залал көлемін шоттың тасына салып, есептеу үстінде екен.
Бұдан бөлек, Түркістан облысы бойынша экология департаменті қоршаған ортаға келтірілген залалдың 24 анықталған фактісін анықтаған. Бұл жағдайдан қоршаған ортаға келген залалдың жалпы экономикалық бағасының сомасы 32 млн.нан астам теңгені құрап, соған сәйкес, табиғат пайдаланушыларға тиісті нұсқамалар берілген. Қазіргі таңда көрсетілген соманың мемлекеттік бюджетке 2 749 175 теңгесі ғана өндірілген.
Сондай-ақ, Түркістан облысының Бас мемлекеттік экологиялық инспекторы Қанат Қалмаханұлы жыл басынан бері экологиялық талаптарды өрескел бұзғаны үшін 5 мекеменің жұмысы сот шешімімен тоқтатылғанын алға тартады. Дегенмен де ол, қателікті кешірмейтін қоршаған ортаны қорғайтын заңның жұмсақ тұстары жетерлік екенін жасырмайды. Оған эколог мамандардың облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы, облыстық полиция департаментімен бірлескен жұмыстарына қарамастан экологиялық заңбұзушылықтар санының азаймай отырғаны негіз болады. Заң талаптарын күшейту қажеттігінің күн тәртібіне енгізілгені қашан… Осыған байланысты еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі экология саласында жол берген заңбұзушылықтарға жауапкершілікті күшейту тетіктерін қарастыруда. Оның нақты көрінісі тармақтарда көрсетілген талаптары қатаңдатылған жаңа экологиялық кодексті енгізу жұмыстарының қолға алынғандығы.
Биыл әлемді жайлаған пандемия жағдайына ыңғайлану үшін жарияланған карантин көптеген саланы табыстан қағып, жоспарын күл талқан еткені белгілі. талай тығырықты жағдайды тудырып жатқан пандемия эколог мамандардың да заңсыздықпен күресу мүмкіндігін шектеуде екен. Қанат Қалмаханұлы карантин кезінде тексеру жұмыстарына тыйым салынғанын ортақ тәртіп деп емес, өз пайдаларына қарай жаратуға талпынатын табиғат пайдаланушылары бар екенін, оның үстіне шағын және орта бизнес нысандарын тексеруге қатысты жарияланған мораторий де жығылғанға жұдырық болуда екенін жасырып-жаппады.
Бейберекетсіздік, бейғамдық пен бақай есеп үшін қоршаған ортада құрдымға кеткен тұстар көп. Мысалы, қоқысты жөн-жосықсыз тастауға дағдыланудан жабайы полигондар аумағының жайылып бара жатқаны, су көздерінің ластанып жатқаны соған негіз. Сондықтан да табиғат жанашырлары болып табылатын экологтар дүйім елді қоршаған ортамызды тек қана қорғаумен шектелмей оны қалпына келтіруге жұмылып жұмыс жасауға шақырады. Бұл ретте қоғамның орны бөлек екенін, сондықтан да қоғамдық бақылауды күшейту керектігін алға тартады.
Ағылшын жазушысы Джонатан Рейбан «дамымаған елдерде су ішу, дамыған елдерде ауамен жұту өлімге апарады» деп қағазға түрткен сөзі тәмсілге айналған. Ол кісінің қаламының қауқары бар болған жазушылық қырынан бөлек, саяхатшы екенін ескерсек, әлгі сөзінің жаны бар екені сөзсіз. Бірақ бірнәрсені ұмытпау керек. Бұл болжамды тудыратын да, оны болдырмайтын да адами фактор екенін ұмытпаған абзал. Сондықтан мамандардың сөзіне мән берейік.

С. НҰРАЙ.

немесе, Цой айтқан пессимистік сценарий қандай?

 

Өткен айдан бастап әлемнің бірқатар елдерінде коронавирус індеті қайтадан күшіне мінгені белгілі. Осыған орай Қазақстанда вирустың екінші толқынына лайықты соққы беру жұмыстарына дайындық басталған.

Алдағы уақытта қауіпті кезеңнен мүдірмей өту үшін тиісті министрлік пен мамандар азаматтардың маска тағу режимін қатаң сақтауы аса маңызды екенін баса айтады. Жуырда Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда пандемия үш сценарий бойынша өрбуі ықтимал екенін жеткізді.
Еліміздің Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осындай қауіпті кезеңде ел ішінде бетперде тағу режимі 100 пайыз сақталған күннің өзінде желтоқсанға дейін індет тырнағына ілігетіндердің саны 40 мыңға жуықтап, оның 15 мыңдайы ем-дом қабылдауы мүмкін екенін алға тартты. Ал бетперделік режимнің сақталуы ала-құла болса ше?
Министр айтқан пессимистік сценарий бойынша егер ел аумағында бетперде режимі 60 пайызға дейін сақталса, қазан мен желтоқсан аралығында коронавирус індетіне шамамен 190 мың адам шалдығып, оның 65 мыңы стационарлық емді қажет етпек. Эпидахуал дәл осылай қолайсыз күйге түссе желтоқсанның ортасында елде локдаун енгізілуі мүмкін. Ал бетперде тағу режимі 70 пайызға қамтамасыз етілсе, қазан-желтоқсан аралығында бойына вирус қонғандардың саны 90 мыңға жетіп, оның 30 мыңы медициналық мекемелерде емделуге мұқтаж болмақ.
Сонымен қатар ведомства басшысы еліміздегі эпидемиологиялық ахуал дәл осылай өрбитін болса, локдаун режимі қаңтарда жариялануы кәдік екенін де тілге тиек етті. Дегенмен де ол тұрғындардың барлығы дерлік шектеу шараларын сақтап, қауіпсіздік ережелерін мүлтіксіз орындаған жағдайда қатаң карантинге жүгінудің қажеті болмайтынын нығырлады.
«Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген. Яғни тәртіпке бағынсақ қарантин құрсауында болмаймыз.

Күнгейде мақта терімі басталды. Ерте көктемде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы биыл 118 мың гектар жерге мақта егілетінін мәлімдеген болатын. Оның басым көпшілігі Мырзашөл аумағына тиесілі екені айтпаса да түсінікті.
Жылдар бойы ақ ұлпаның ордасы саналатын Мақтаарал мен Жетісай аудандарында биыл 87 мың гектарға жуық жерге мақта тұқымы себілген. Қазіргі таңда 15 мың гектардан астам жердегі өнім жиналған. Ала жаз бойы төккен тердің нәтижесін көретін күн таяу.
Бірақ жиын терім басталған шақтан бастап мақта өсірген шаруалардың көңілін күпті еткен мәселе көп болды. Соның бірі мақта бағасын бекіту жырға айналғаны болды. Себебі мақтаны қабылдап алатын кәсіпорын басшылары бағаның әлі бекітілмегенін сылтау етіп, алғашында өткізу пункттерінде өнімді қабылдап алып, шаруалар қолына бір тоннасы үшін 60-80 мың теңгені аванс ретінде ұстатты. Өз кезегінде бұл ерте көктемнен бастап, қара күзге дейін бел жазбай еңбек еткен диқандардың ойын сан-саққа жүгіртті.
Шаруалар мұндай белгісіздік құрсауында жүру және еткен еңбектің лайықты бағаланбауынан егінге жұмсалған шығынды да жаба алмауы бек мүмкін екенін де жасырмай, БАҚ арқылы билікке базынасын айтты.

Жергілікті атқамінерер болса, мақта бағасы биыл 170 теңгеден кем болмауы тиістігін алға тарта келе, былтыр ауыл шаруашылығы министрі, облыс әкімі ауданға келіп, зауыт басшыларына мақта бағасын жоғары бекітуді сұрағанмен талаптарының баянсыз болғанын айтып, жергілікті алып кәсіпорындар алдында өздерінің де дәрменсіз екенін мойындағандай болды. Бұл уәжден олардың биыл да жиын-терім басталған шақтан бастап бағаның дер кезінде бекітілмеуінен, белгісіздік құрсауында жұмыс істеген шаруалардың ақысын ажыратып беруде белсенділік танытпағанын аңғару қиын болмады. Тек диқандардың жанайқайы телеарналарда мәселе етіп көтерілгеннен кейін 9-қазанда ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі А.Сапаровтың төрағалығымен Түркістан облысының Ауыл шаруашылығы басқармасы мен Қазақстандық мақта қауымдастығы және мақта өңдеу зауыттары басшыларының қатысуымен кеңес өткізілген.
Кеңес қорытындысына сәйкес 1 және 2-ші сұрыпты мақтаның 1 келісі үшін кемінде 130 теңге болып бекітілген.
Алдыңғы жылы қабылдау пункттері өнімнің бір келісі үшін шаруаларға 180-185 теңгеден төлеген. Былтыр да мақта бағасын бекіту дәл осылай жырға айналып, кейіннен өнім құны 150 теңге болып бекітілген-тін.
Жалпы шаруалар әрбір гектар үшін егінге 250 мыңға жуық қаржы жұмсайтындарын айтады. Ал бекітілген баға бойынша әр гектарынан шаруалар шамамен 20-25 центнер көлемінде мақта өндіретінін ескерсек, тапқан табыстары көңілге медеу ұялата қоймайтыны анық.

Қ. ҚАЛИЕВ.

Зейнетке шығу мерзімін төмендету туралы министрдің ойы осыған саяды

 

Кешегі аптада Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров елімізде азаматтардың зейнеткерлікке шығу мерзімін 60 жасқа дейін төмендету мәселесін көтерді. Осы мәселені қаузап, Үкіметке депутаттық сауал жолдаған Айқын Қоңыров бұл тұрғыдағы уәжін де айтып өтті.
Қазіргі таңда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша COVID-19 вирусынан қайтыс болғандардың көш басында 60 жастан асқан адамдар тұр екен.
Еліміздегі статистиканы сараласаң да осыған ұқсас жағдай айқын көрінеді. Мәселен биыл Қазақстанда қаңтар-тамыз айларының аралығында 111 мыңға жуық өлім-жітім тіркелген. Келместің кемесіне мініп кеткендердің 71 пайыздан астамы немесе 78 637-нің алқымдаған жас шамасы 60-тан асқан.
Осындай деректерді келтірген төменгі палата депутаты алдағы уақытта коронавирустың екінші толқыны, маусымдық тұмау егде жастағы азаматтар үшін қауіпті кезең екенін, сондықтан да оларға қосымша қауіпсіздік шараларын қарастыру жолында зейнет жасын 60 жасқа дейін төмендету қажеттігін алға тартады. Сөйтіп коммунистердің лидері Айқын Қоңыров әйелдер мен ерлер үшін зейнетке шығу жасын 60 жас деп белгілеу туралы ұсыныс білдірді.
Депутаттың бұл бастамасын кейбір сарапшылар сайлау алдындағы көзге түсу әрекеті деп болжады. Ал әлеуметтанушылар депутаттың бұл сөзінің жаны бар екенін жоққа шығармайды. Мәселен, әлеуметтанушы Рамазан Саттарұлы отандық телеарналардың біріне берген комментарийінде «60 жасқа келген ерлер болсын, әйел кісі болсын денсаулығында, кәсіби біліктілігі мен әлеуметтік белсенділігінде баяушылық пайда болады.

Ол физиологиялық, психологиялық ерекшеліктерге байланысты. Осы тұрғыдан алғанда гуманистік негізде зейнет жасын 60-қа дейін төмендету дұрыс. Бірақ зейнет жасына шыққаннан кейін оның әл-ауқаты қандай болады?», — деп, мәселенің екінші жағы бар екенін ұмытпауға шақырады.
Депутаттың бұл ұсынысы әлеуметтік желіде де қызу талқыланды. Желі қолданушыларының көпшілігі бұл пікірді қолдады. Араларында депутаттың дегеніне келіспейтіндері де табылды. Бірер күннен соң жұрт арасында талқыға түскен бұл мәселе туралы еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі тоқетер мәлімдемесін айтты.
Ведомства өкілі Біржан Нұрымбетов Үкіметте зейнет жасын төмендету мәселесі қарастырылып жатқан жоқ екенін, керісінше зейнет жасын ұлғайту әлемдік үрдіске айналғанын баса айтты. Өз кезегінде Біржан Нұрымбетов көрші Ресей Федерациясы 2019 жылдан бастап ерлер мен әйелдерге зейнет жасын 5 жасқа дейін көтеру шараларын қолға алғанын, ал Әзірбайжан бұл шараға 2017 жылы мән бергенін негізге алды. Яғни, министрдің сөзінше «алпыс әлі тал түс». Бұл дегеніміз Коммунистік партия депутаты Айқын Қоңыровтың Үкіметке жеткізген ұсынысы жәй ғана сөз болып қалады дегенді білдіреді.
Елімізде әйелдер 59, ал ерлер 63 жасында зейнетке шығады.

Қанатын кеңге жайған, жайқалған, жайнаған Түркістан қаласында биыл пайдалануға берілетін нысандар жетерлік. Жуырда қала әкімі Рашид Аюпов осы жылы пайдалануға берілетін жаңа нысандарды журналистерге таныстырды. Осы мақсатта ұйымдастырылған баспасөз турында қала әкімі БАҚ өкілдерімен бірге төмендегідей нысандарға бет алды.
Арнайы топ әкімшілік-іскерлік орталығындағы «Конгресс-Холл» концерт залымен танысты. Ғимараттың аумағы 6438 шаршы метр. Сарайдың бірінші қабатында 1000 орындық көрермен залы, әкімшілік үй-жайлар және балалар ойын бөлмесі бар. Екінші қабатта жиналыс бөлмесі мен әкімшілік үй, 400 орындық зал орналасқан.
Одан соң, БАҚ қызметкерлері 7000 көрерменге лайықталған «Turkistan-Arena» стадионына аялдады. Стадион ғимаратында акробатика, бокс, ауыр атлетика сынды спорт түрлеріне арналған залдар бар. Сонымен қатар, жоғары білікті спортшыларды дайындауға арналған толыққанды күнделікті жаттығулар өткізуге жағдайлар қарастырылған. Тур аясында топ «Оқушылар сарайымен» де танысты. Өскелең ұрпақты өнерлі болуға баулитын нысан аумағы 9250 шаршы метрді құрайды. Ғимарат 1200 оқушыға арналған. Ондағы театр залы 400 адамды, ал мәжіліс-залы 80 адамды қабылдай алады.
Киелі әрі көркем шаһардың «Отырар» ықшамауданындағы спорт кешені биыл ел игілігіне берілетін нысандардың қатарында. Жалпы аумағы 3,82 гектарды құрайтын кешенде олимпиадалық параметрлерге сай келетін бассейні бар. Сонымен қатар, спорт кешенінде кеңсе бөлмелері, мини-футбол, баскетбол, волейбол, гандбол сияқты спорттық іс-шараларға арналған жаттығу залы соғылған. Бұдан бөлек, йога мен үстел теннис залы бар.
Пресс-тур аясында қалада туристерге ыңғайлы жағдай жасау аясында бой көтерген «Қабылдау орталығы» таныстырылды. Орталыққа келушілердің назарын аударатын ең басты дүние – құнды жәдігерлер мен тарихи кітаптар. Яғни, рухани шаһарға келген қонақтар «Қабылдау орталығына» келіп, Түркістан жайлы жан-жақты мәлімет ала алады. Онда тамақтану орындары, электронды карта, үш тілде мәлімет беретін аудиогид бар. Сондай-ақ, қонақтар «Қазақ хандығы» интерактивті залында Кенесары ханның қылышының түпнұсқасы және басқа да жауынгерлік киімдерді көре алады. Сонымен қатар, онда интерактивті тақта арқылы Түркістан облысы аумағының тарихи жерлері көрсетіледі.
Шара барысында БАҚ қызметкерлері «Әзірет-Сұлтан» тарихи-мәдени қорық музейі аймағындағы қолөнер шеберханасы, шығыс базары, дәстүрлі тағамдар аймағы, ұлттық ойындар алаңы, мерекелік қойылымдар алаңы, атқа арналған алаң орналасқан «Этноауыл» жобасымен танысты.