Маңызды

Түркістан облысында ағын су тапшылығының болмауы ауыл шаруашылығы саласын алшаң бастыратын негізгі тетік болып табылады. Осы мақсатта облыста жалпы құны 42,2 млрд. теңгені құрайтын 6 нысанның құрылысы жүргізілуде.

Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов бұл бағыттағы жұмыстар «Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары» аясында іске асырылуда екенін айтты.
Атап айтқанда, «Түркістан» магистралды каналын бетонмен қаптау арқылы қосымша 60 млн. текше метр ағын суды үнемдеу жобасы жүзеге асырылуда. Осы мақсатта канал бойында 10,7 шақырымда жер жұмыстары, 10,3 шақырымды бетонмен қаптау, 3,3 шақырымдағы бетон блоктарын демонтаждау жұмыстары жасалынған. Бұл жұмысқа 49 арнайы техника жұмылдырылған. Ауқымды жоба аясында 250 жұмысшы 2 ауысыммен еңбек етуде. Жоба құны – 14,3 млрд. теңгені құрайды.
Тағы бір ауқымды жұмыс сыйымдылығы 18,0 млн. текше метр болатын «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасын салу» жобасы болып табылады. Қазіргі таңда су қоймасының негізгі бөгетінің орындары тегістеліп, топырағын нығыздау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Нысанды салуға 115 арнайы техника жұмылдырылып, 135 жұмысшы еңбек етуде.
Облыста жалпы ұзындығы 1 423 метрді құрайтын үлкен дамбаның құрылысы 30 пайызға аяқталған. Жобаның жалпы құны 6,1 млрд. теңге. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарына республикалық бюджет есебінен 2 млрд. теңге қаржы аударылған.
Мұнан бөлек, «Шошқакөл көлдік жүйесін жаңғырту» жобасы бойынша «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 1,5 млрд.теңге қарастырылған.
«Арыс-Түркістан» массивінде жарамсыз болып қалған 134 дана тік ұңғымаларды қайта қалпына келтіре отырып, 34,7 млн. текше метрлік қосымша ағын сумен қамтамасыз ету» жобасы бойынша – 42 дана тік ұңғыманы қайта қазу, тазалау жұмыстары толықтай аяқталған.
Сонымен қатар, Кентау қаласы Шаға ауылдық округінде 5 дана ішкі каналдарды күрделі жөндеу жобасы бойынша 22 шақырым ішкі каналдарда құрылыс-монтаждау жұмыстары толықтай аяқталған.

Түркістан облысының шаруалары жыл басынан бері 654 мың тонна өнімді экспорттады. Оның жалпы құны 69,9 млн. АҚШ долларын құраған.
Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен брифингте Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов мәлімдеді.
Басқарма басшысы соңғы жылдары мал етін өндіруде Түркістан облысы елімізде көш бастап келе жатқанын да атап өтті. Мәселен, соңғы 7 айда Түркістан облысы Өзбекстан, Ресей елдеріне 4 100 тонна сиыр етін саудалаған. Сонымен қатар, Өзбекстан, Иран, Бахрейн, Ресей елдеріне 243,8 тонна қой етін экспорттаған. Бұдан бөлек, 33,8 тонна жылқы еті Өзбекстан, Ресей елдеріне шығарылған. Сөйтіп, ірі қара мал етін экспорттауда Түркістан облысы еліміз бойынша көш бастаған.
Сондай-ақ, өңірде қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорт көлемі 43,4 мың тоннаға жеткен. Ал қаржылық әлеуеті 40,5 млн. АҚШ долларын құраған. Бұл көлем жыл соңына дейін 97,2 млн. АҚШ долларына жетеді деп жоспарлануда.
Сондай-ақ, облысымыздан 1 445,9 тонна балық өнімдері Еуропаның Германия, Литва және Ресей, Украина, Өзбекстан елдеріне жөнелтілген. Бұдан өзге 11,2 тонна шұжық өнімдері мен 1 468 тонна құс еті Ресейге экспортталған.

Өзбекстан Республикасындағы «Сардоба» су қоймасы бөгетінің жарылуынан Қазақстанның Мақтарал ауданындағы бес ауыл су астында қалғаны белгілі. Мамыр айында болған бұл апаттың зардабын жою, қызыл су астында қалған ауылдарды қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын.
Қазіргі таңда Өргебас және Фирдоуси ауылдарында селден бұзылған үйлерді қайта қалпына келтіру жұмыстары қарқында жүруде. Жуырда тасқын судан біраз тауқымет тартқан осы ауылдың тұрғындарына қолдау көрсету мақсатында «Астана Моторс» компаниясы жалпы құны 50,5 млн. теңгеге жаңа жиһаздың 426 жиынтығын сыйға тартты. Фирдоуси мен Өргебас ауылдарының тұрғындары үшін бұл тарту тосын сый болды десек те болады. Бүгінде жатын бөлмелер үшін жасалған жиһаз топтамасының алғашқы легі жаңа қоныстанушыларға жеткізілді. Мақтаарал ауданының тұрғындарын жиһазбен қамтамасыз ету жобасы «Түркістан» ӘКК» АҚ жанындағы «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қоры арқылы жүзеге асырылды.
Жалпы «Астана Моторс» компаниясы азаматтарға мұндай әлеуметтік қолдауды тұрақты түрде көрсетіп келеді. Іргелі компания былтыр Арыста болған жарылыс кезінде де жомарттық танытып, төтенше жағдайдың зардабын тартып отырған халықтың игілігі үшін 20 млн. теңге қаржы бөліп, гуманитарлық көмек жолдаған.
Естеріңізге сала кетсек, көрші елдегі «Сардоба» су қоймасы бөгетінің жарылуы салдарынан Мақтаарал ауданындағы 895 отбасы зардап шеккен болатын. Бүгінде баспаналар бұзылып, қайта салынуда. Инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық елдімекендерінің тұрғындары үшін Мырзакент ауылында жаңа ықшамаудан бой көтеруде. Жаңадан бой көтерген ықшам ауданда 9 әлеуметтік нысанның құрылысы жүруде.

Түркістан қаласы облыс орталығы болып, оны дамыту бағытында мемлекет мұқтажы үшін жер телімдерін қайтару жұмыстары қолға алынғаны белгілі. Осы бағыттағы жұмыстарды орындау кезінде 33,5 млн. теңге бюджет қаражаты жымқырылған.
Қазына қаржысын талан-таражға түсірудің мұндай дерегін Түркістан қаласының прокуратурасы анықтады.
Түркістан облысы прокуратурасының баспасөз қызметі таратқан деректерге сүйенсек, мемлекет мұқтажы үшін 6 жер телімінің иеліктен шығарылған өтеуі ретінде аталған соманы 2019 жылы қала әкімдігі жекелеген тұлғаларға төлеген.
Алайда прокурорлық талдаулар барысында аталған жер телімдерінің бір бөлігіне меншік құқығы мүлдем тіркелмегені, ал екінші бөлігі жалған құжаттардың негізінде рәсімделгені анықталды.
Яғни, «Жер кодексі» мен «Мемлекеттік мүлік туралы» Заң талаптарына сәйкес (алынуға жататын жылжымайтын мүлікті) жергілікті атқару органының лауазымды тұлғалары жер иелігіне құқық куәландыруын беретін құжаттарды мұқият тексермей, жылжымайтын мүліктерді тізімге қосу арқылы аталған жерлер үшін бас-аяғы 33,5 млн. теңге өтемақыны заңсыз төлеген.
Прокуратураның ден қою актісі негізінде заңсыздықтарға жол берген қала әкімінің осы салаға жауапты орынбасары Тәжібек Мұсаевқа «Қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» берілді. Сонымен қатар заңсыз құқық куәландыруды беретін құжаттардың күшін жоюға және келтірілген залалды өтеуге тиісті шаралар қолданылуда.
Бұдан бөлек, прокуратурамен жинақталған құжаттары негізінде Қылмыстық кодекстің 366-бабына сәйкес (лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану) Түркістан қаласы әкімдігінің лауазымды тұлғаларына қатысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Біз Қаратау ауылында тұратын ардақты аналар, осы ауылдың тұрғындары атынан Қаратау ауылының аға дәрігері Қошқарбаев Нұрсұлтан Биболатұлының атына ризашылық білдіру үшін, өзіміз алты ай сайын тұрақты жазылатын, сүйіп оқитын аудандық «Созақ үні» газетіне хат жолдап отырмыз.
Жанұялы. Отбасында сүйікті жары Дария Исатайқызы екеуі Раян, Айназ, Саян, Іңкәр есімді төрт ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Нұрсұлтанның өзі көп балалы отбасыдан шыққаннан соң ба, қай уақытта болмасын ауруына шипа іздеп келген көп балалы аналарға рухани қолдау жасап, қолынан келген дәрігерлік көмегін көрсетіп келеді.
Ешуақытта қабақ шытқан емес, жылы жүзімен, күлімсіреп «апа қош келдіңіз! Қай жеріңіз ауырады?» деп өз анасына қарағандай бәйек болып тұрады. Сол себепті де дертіне дәру іздеген ауыл тұрғындары Нұрсұлтанның қабылдауына қаяусыз барып тұрады. Біз-аналар бүгінгідей қиын шақта, психологиялық жағдаймен келгендіктен бізге жылы сөз, мейірім, қолдау көп керек. Бізге бүгінгі карантин кезеңінде Нұрсұлтан баламыз рухани, моральдық, психологиялық тұрғыдан көмектесіп, қол ұшын тигізіп келеді.
Білікті маманнан бүгінгі таңда елді елеңдетіп, ешбір жанды ешқайда шығармай отырған тажал дерттен қалай сақтану жолдарын сұрағанымызда ол біз сияқты үйде отбасында отырған аналарға керекті, нақты ережелерді ұқтырып берді. Біздердің тарапымыздан коронавирустың белгілері қандай? Одан қалай қорғануға болады? Вирусты жұқтырып алған жағдайда не істеу керек?-деген сияқты көпшілікті мазалаған осы және өзге де сұрақтарға жауап берді.
– Коронавирустың белгілері өткір респираторлық инфекция мен тұмау белгілеріне ұқсас болып келеді. Бірақ, көптеген жағдайларда бұл кәдімгі респираторлық жұқпаның симптомдары болуы әбден мүмкін. Түшкіру, әлсіздік, бас ауру, дене қызуының көтерілуі, тамақтың жыбырлауы, кеуде қуысының ауыруы, жүрек қағысының жиілеуі, тыныс алудың жиілеуі белгілері арқылы байқауға болады. Ал коронавирус қалай таралады дегенге келсек COVID-19 вирусы екі түрлі жолмен жөтелгенде, түшкіргенде, ауру адаммен сөйлескенде ауа арқылы және тұрмыстық заттар арқылы. Коронавирустың алдын алу жолдары, ең алдымен, әр адам санитарлық гигиена талаптарын сақтауға міндетті. Көпшілік тамақтанатын жерлерге, қоғамдық орындарға, базарларға барудан бас тартқан жөн. Қолды жиі-жиі сабындап жуыңыз, арнайы антисептикалық құралдарды пайдаланыңыз. Үйіңізді (жұмыс орныңызды) таза ұстауға тырысыңыз: жиі-жиі сумен жуып, ауаны тазартып отырыңыз. Түшкіргенде, жөтелген кезде мұрныңыз бен аузыңызды бір реттік сулықтармен жабыңыз. Ортақ тұрмыстық құралдарды пайдаланбаңыз. Коронавирус белгілері вирус жұққан күннен бастап 14 күннен 28 күнге дейінгі уақыт аралығында байқалады. COVID-19 вирусына анализдерді Ұлттық сараптама орталығы, орталық республикалық зертхана, қалалық клиникалық инфекциялық аурухана мекенжайлары арқылы тапсыруға болады. Ең алдымен, эпидемиологиялық ахуал қиындаған және вирус таралған елдерден келген азаматтар, сондай-ақ, клиникалық белгілер анықталған және коронавирус жұқтырған пациенттермен байланыста болғандар тест тапсырады. Басқа жағдайларда анализ тапсырудың қажеті жоқ. Вирус жұқтырған адамммен қандай да бір байланыс болған жағдайда 1406 бірыңғай байланыс нөміріне, еманаға немесе жұқпалы аурулар ауруханасына хабарласу қажет. Вирус жұқтырған адамның отбасы мүшелері міндетті түрде анализ тапсыруы тиіс. Дәрігерлер тест нәтижесіне қарап оны ауруханаға жатқызу немесе сырқат белгілері болмаған жағдайда үй жағдайында карантинге орналастыру жөнінде шешім қабылдайды. Кез-келген ауру сияқты коронавирусты да емдеудің белгіленген тәсілдері бар. Нақтырақ айтқанда, вирусқа қарсы әрекет ететін арнайы препараттар мен жеке гигиена талаптары қолданылады. Ауырған адам үй жағдайында карантинге жабылған жағдайда дәрігердің талаптарын бұлжытпай орындауы тиіс. Карантинге жабылған азаматтардың ешқайда шығуына болмайды. Гигиена талаптарын сақтап, бетперде киіп жүрсе, жеке ыдыс-аяқ пайдаланса, қолын сабынмен жуып, зарарсыздандыратын құралдарды қолданса, бөлменің ауасын жиі жаңартып отырса – вирусты отбасы мүшелеріне жұқтыру қаупі төмендейді. Әрбір азамат дұрыс тамақтанып, жеміс-көкөніс жеген дұрыс. Қоғамдық жерлерден тамақтанбай, үйдің тамағын жеу қажет-деді бізге барлық жайды байыппен түсіндірген аға дәрігер Нұрсұлтан Биболатұлы. Нұрсұлтанның өзі жоғары білімді дәрігер. Ауданымыздағы Сәуірбек Бақбергенов атындағы жалпы орта мектебін үздік бітірген соң, Алматы қаласындағы С.Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университетін 2012 жылы бітірген. Еңбек жолын Алматы қаласындағы №16 қалалық поликлиникадан терапевт болып бастаған. Кейін Алматы қалалық №6-шы қалалық поликлиникада шыңдала түсті. Созақ аудандық жұқпалы аурулар ауруханасында инфекционист, Жетісай аудандық орталық ауруханасында терапевт болып біршамаша тәжірибе жинақтаған абыройлы азамат, білікті маман. Сол себепті де ақ желеңді абзал дәрігер Нұрсұлтан Биболатұлын және Қаратау ауылдық емханасының аға медбикелер Анар Сәдуова мен Жадыра Кинабаева, Дана Нәлібекова, Гүлбар Әбибулла, акушер Әйгерім Омарова, кіші ембикелер Қалзина Нұсқабайқызы, Райхан, Тоқназарова, Ажар Қалымбетова, Ашенова Гүлмира дарын алдағы келе жатқан 30 тамыз-Қазақстан Республикасының Ата-Заңы күні мерекесімен құттықтап, олардың отбасыларына амандық, саулық, денсаулық пен бақыт, таусылмас қуаныштар тілейміз!

 

Роза ПОШАНОВА,
Қаратау ауылдық әйелдер
кеңесінің төрайымы.

Ешқандай пандемия мен карантинге қарамастан көркейіп, жаңарып келе жатқан үшінші мегаполисімізде қарқынды жұмыс бір сәт те тоқтаған емес: жолдар да төселіп келеді, абаттандыру да жүріп жатыр. Осы және басқа бағыттардағы ауқымды істер, әрине, шырайлы Шымқаламыздың көркін одан сайын ажарландыра түсетіні күмәнсіз. Десек те, бюджеттен бөлінген миллиардтаған қаражатқа көзін тігіп, ашкөздік пен тойымсыздыққа салынатын пенделерді аракідік көріп, есімдерін естіп жүреміз. Құрықталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатқаны қаншама.

Еліміз сыбайлас жемқорлықтан арылмай, ілгерілеуіміз, қарқынды дамуымыз көптеген кедергілерге тап болуы мүмкін. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мемлекеттік органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, кешенді шараларды жүзеге асыруда. Жемқорлыққа қарсы қабылданған стратегияның басты бағыты – превенция, яғни жемқорлықтың алдын алу. Осы орайда Асхат Жұмағалиұлы басшылық ететін аталған департамент жыл басынан бері 624 алдын алу іс-шарасын өткізген болатын. Оның жартысынан көбі (329) онлайн форматында ұйымдастырылды. Бұл шаралар 439 мыңға жуық адамды қамтыды.
«Antikor Live» және «Adal Komek» жобалары іске қосылды. Онда мемлекеттік органдар қызметіндегі қоғамның рөлі туралы мәселелер талқыланып, мегаполис тұрғындарына құқықтық кеңестер беріледі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданған шаралар туралы ақпарат көрсетіледі. Сонымен қатар, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басқа да жобалар бойынша жұмысын жалғастырып келеді. Департамент жанындағы Арнайы мониторингтік топ жүргізіп келген қоғамдық бақылау пандемияның бастапқы кезінде-ақ азық-түлік бағаларының шарықтауына, бетперде мен антисептиктердің таптырмас тауарға айналуына тосқауыл болды.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау және оған қарсы іс-қимыл бағытында басталған ауқымды іс-әрекеттер – карантин жағдайында жалғасып, аты жаман індеттен қорғану шараларына, індеттің алдын алу және қала жұртшылығын сақтандыру мәселелеріне ұласты. Тағы бір мәселе – блок-бекеттердегі жолаушы адамдардың шоғырланып тұруы, сол бекеттерге палатка жетіспейтіні және жаппай ғаламтордың әлсіздігі сияқты кедергілерді әлеуметтік желілерде жарияладық. Айтылған сындарымыз биліктің назарынан тыс қалмай, жолданған хаттарымыз бойынша жауап келіп, онда блок-бекеттерде төтенше жағдай режимін бұзу бойынша 23 жайт орын алғаны айтылып, 1 жайт бойынша тұлға әкімшілік қамауға алынғанын, қалған істер қаралу сатысында екенін білдік. Арнайы мониторингтік топтың атқарған басқа да жұмыстары жеткілікті. Мәселен, «Shymkent Adaldyq Alańy» жобалық кеңсесі аясында 179 мемлекеттік мекеме Open space форматына көшіп, 287 мекеменің жетекшілері бірінші қабатқа түсті. «Сапалы жол» жобасы аясында 10 рейдтік шара өткізіліп, 59 кемшілік анықталды. Олардың 42-і қалпына келтірілді.
Алдын алу жұмыстарының маңызды құрамдас бөлігі – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдап, мониторинг жүргізу. Тек биылдың өзінде 4 сыртқы талдау және 6 мониторинг жүргізілді. Осы жұмыстардың нәтижесінде мемлекеттік органдарға 100-ге жуық ұсыныс енгізіліп, олардың үштен бірі орындалды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басымдықтары бағытында мемлекеттік сатып алу мониторингі бойынша да жүйелі жұмыс жүргізілуде. Талдау мегаполистің барлық маңызды салаларын қамтыды. Осы жұмыстардың нәтижесінде 2 миллиард 400 миллион теңге бюджет қаражаты үнемделді.
Тағы бір сүйіншілеп жеткізетін жақсы жаңалығымыз: ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев мырзаның бастамасымен, Агенттіктің Шымкент қаласы бойынша департаментінің тікелей атсалысуымен үшінші мегаполистің қақ төрінде (Тұрысов көшесі бойында), департамент жанында «ANTIKOR ORTALYǴY» қызмет көрсету кеңсесі бой көтеріп, өз есіктерін қалалықтар үшін айқара ашты.
Әрине, сыбайлас жемқорлықтың алдын алумен қатар, заңның үстемдігі және жемқорлық үшін жазалаудың бұлтартпастығы маңызды қағидаттар болып қала береді. Оларды іске асыру да департамент қызметкерлері үшін басым міндеттердің бірі және бұл қылмыстық-құқықтық механизмдерді қолдану арқылы жүзеге асырылады.
Құқық қолдану тәжірибесі көрсеткендей, біз кейбір мемлекеттік органдардың қызметінде әлі де теріс көріністі байқаудамыз. Жыл басынан департамент қызметкерлері 73 қылмысты тіркеді. Оның басым бөлігі парақорлық (43) және жымқыру фактілері (18).
Өндірісте болған 161 қылмыстық істің 121-і немесе 75,2 пайызы тергеумен аяқталды, 70-і сотқа жолданды, 30 тұлғаға қатысты сот үкімі шықты.
Шымкент қаласында сыбайлас жемқорлық бойынша алда келе жатқан салаларды атайтын болсақ, тіркелген қылмыстар саны бойынша құқық қорғау органдары алда келеді (20), олардан кейін ауыл шаруашылық саласы (14), білім саласы (11), сот орындары (4), құрылыс және әлеуметтік қамсыздандыру салалары келеді (3). Олардың арасында жүйелі жемқорлық бойынша – 2, шағын және орта бизнесте – 19, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру бағытында – 14 факт анықталған. Тұтастай алғанда, жыл басынан бері сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін 34 тұлға, олардың арасында облыстық деңгейде – 3, аудандық деңгейде – 1 адам әшкереленіп, 30-ы сотталды. Күдікті азаматтардың 20%-ы – мемлекеттік органдардың дербес құрылым басшылары. Мәселен, соттың оң шешімін шығару үшін пара алды деген күдікке ілінген Түркістан облыстық сотының Азаматтық істер жөніндегі алқа төрағасының ісі де сотқа жолданды.
Шымкент қалалық Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ол 498 миллион теңге бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген екен. Өткен айда Шымкент қаласы Абай ауданының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының орынбасары құрықталды. Ол карантин кезінде сауда ережелерін бұзу фактісі бойынша дүкен иесінен әкімшілік жауапкершілікке тартпау үшін пара алды деп күдіктелуде.
Кәсіпкерлердің тыныс-тіршілігін бақылап, үстін-үстін дегбірін алып жатқан тексерушілер де тым көбейіп кетті. Кәсіпкерлікті қорғау да – департамент назарындағы басымдықтардың бірі. Лауазымды тұлғалардың кәсіпкерлерді заңсыз тексерулері тоқтамай келеді. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті ондайлармен де күресіп келеді. Мәселен, олардың тікелей араласуы арқасында бизнесті қорғау шеңберінде барлығы 16 кәсіпкерлік субъектісінің құқықтары қалпына келтіріліп, қызметтеріне заңсыз араласқаны үшін 7 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Мәселен, құны 300 мың теңге тұратын тұрмыстық техниканы заңсыз иеленгені үшін қалалық Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 14 миллион 900 мың теңге айыппұл төлейтін болды. Кәсіпкерлерден тұрақты түрде 10 мың мен 65 мың теңге аралығында пара алып келген Әл-Фараби аудандық әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің басшысы 1 миллион екі жүз мың теңге айыппұл көлемінде қылмыстық жауапкершілігін өтейтін болды.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Аумақтық инспекциясының мемлекеттік санитарлық инспекторы Арапов сот үкімімен 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол мал шаруашылығы өнімдерін қала базарларына әкелген кезінде санитарлық сертификаттарды беру үшін кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара алған.
Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын бақылап, оларға бөлінген бюджет қаражаттарының мақсатты жұмсалуына да департамент қызметкерлері зер салады. «Цифрлы Қазақстан», «Денсаулық», «Нұрлы жол», «Өңірлерді дамыту» және басқа да бағдарламалар бойынша ақша қаражатын жымқыру және ысырап ету фактілері бойынша 14 қылмыс тіркелді. Шұғыл қабылданған шаралардың арқасында мемлекетімізге келтірілген қаржылай залалдың 1 миллиард 800 миллион теңгесі қайтарылды.
Бүгінде әрбір қылмыстық іс бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдарға сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаудың себептері мен алғышарттарын жою туралы ұсынулар енгізудеміз. Олар жеке қатысуыммен еңбек ұжымдарында қаралуда.
Осы іс-шаралар аясында іс-әрекеттердің себептері егжей-тегжейлі талқыланады, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою және ұжымдарда парасаттылық қағидаттарын енгізу бойынша ұсыныстар енгізіледі.
Қылмыстық істерді тергеу шеңберінде мемлекеттік органдарға барлығы 55 ұсыным енгізіліп, бүгінгі күнге оның 38-і қаралды.
Нәтижесінде 36 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, олардың 17-сі атқарып отырған лауазымынан босатылса, 2-уі жұмыстан босатылды, 8-і қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту алса, жеті адамға «қатаң сөгіс», екі адамға «сөгіс» жарияланды.
Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамаға сәйкес ұжымдардағы сыбайлас жемқорлықты жою бойынша шараларды қабылдамағаны үшін мемлекеттік мекемелердің бірінші басшыларының жауапкершілігі туралы мәселе де күн тәртібінде тұр.
Иә, жемқорлық – аса ауыр дерт. Бұл дертпен «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», бүкіл ел болып күреспесек, әсте болмас. Азаматтарымыз белсенді түрде бұл іске араласпай, заманауи демократиялық құқықтық мемлекет құру мүмкін емес. Сол үшін біз бәріміз бірігіп, ынтымақтаса, қоғамдағы жемқорлықпен күреске атсалысуымыз керек. Жемқорлықсыз жаңа өмір бастайтын мезгіл жетті. Ұрпақ үшін, болашақ үшін, құқық үстемдігі үшін Ұлы Дала елінде жемқорлыққа жол жоқ екенін дәлелдейік!

Әсет ӘССАНДИ,
Шымкент қаласы бойынша Арнайы мониторингтік  топ жетекшісі,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамы өзгерді

Құрылғанына бір жыл екі ай енді асқан құрамында 44 мүшесі бар Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамы тағы да өзгерді. Бұл туралы хабарлама Ақорданың фейсбук парақшасында ағымдағы жылдың 21-тамызында жарияланды.
Кеңес құрамынан белгілі саясаттанушы Данияр Әшімбаев, қоғам қайраткерлері Мұхтар Тайжан, Сейдахмет Құттықадам, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушы Бағдат Мусин және журналист Жәнібек Қожық шығарылды. Билік пен халық арасында дәліз болатын кеңес құрамына «Дос» тәуелсіз өмір орталығы» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Дина Ерділдинова, «Atameken Business» телеарнасының бас директоры Қанат Сахариянов, журналист, блогер Өркен Кенжебек, медиа сарапшы Максим Рожин, әлеуметтік кәсіпкер Эмин Әскеров енгізілді.
Өз кезегінде кеңес құрамынан шығарылған қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан желідегі парақшасында мұндай ротацияның болуы мемлекетке пайдалы екенін айтып «Бәрі де ауысуы керек деп үнемі айтып жүреміз. Президенттер, үкімет мүшелері, депутаттар, сенаторлар, сонда неге Ұлттық кеңес мүшелері ауыспау керек? Біздер де ауысу керекпіз әлбетте» деген пікір қалдырған.
Бұл азаматтардың кеңестен шығарылғаны өз ықтиярымен емес, кеңес жұмысын үйлестірушілердің шешімі болғанға ұқсайды. Мұны журналист Жәнібек Қожықтың фейсбук желісіндегі парақшасындағы жазбасынан аңғаруға болады. Ол «Кеше Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінен телефон соғып: «Ұлттық кеңестегі өкілеттігіңіз тоқтады» деп хабарлағанда шынымен қуанып кеттім. Иә, шақырды. Бардым. Сөз берді. Халықтың тілегін айттым. Шетелдік ірі компанияларда жұмыс жасап жүрген 20 мың шетел азаматын елден шағарып, 20 мың жұмыссыз жүрген жастардың жұмысқа тұруына себеп болдым. Ұлттық кеңеске кіргеніме, шыққаныма да ешқандай өкінбеймін» деп жазған.
Өз кезегінде Мұхтар Тайжан да Жәнібек Қожықта кеңес құрамынан шығарылса да бұл бағыттағы жұмыстарды тоқтатпайтынын баса айтып өткен. Бірақ олардың үніне билік қаншалықты құлақ асатыны белгісіз.

Биыл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы айтарлықтай қымбаттады. Еліміздің Сауда және интеграция министрлігінің деректеріне сүйенсек жыл басынан бері азық-түлік бағалары 5,7 пайызға қымбаттаған. Ведомства әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының едәуір өсуі Павлодар, Нұр-Сұлтан, Алматы, Петропавл, Ақтау қалаларында белгіленгенін мәлімдейді. Сондай-ақ, аталған министрлік әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының арасында картоп бағасы — 43,3%, сәбіз — 31,4%, пияз — 20,3%, қарақұмық жармасы – 19%, қант — 10,7%, сары май – 10, 2 пайызға қымбаттағанын алға тартады. Министрлік жыл басынан бері ақбас қырыққабат 23,3%, жұмыртқа 7,2%, күріш 7%, тауық еті 2,9% және тұз 1 пайызға арзандағынын да мәлімдеді.
Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі әлеуметтік маңызы бар азық- түлік бағаларының дененің қызуындай күрт көтерілуінің себебін өндіріс көлемінің аздығымен емес, тиімсіз делдалдар, тұрақсыз жеткізілімдер мен карантин жағдайында күрт өсіп келе жатқан сұраныс сияқты факторлардан болып отырғанын жеткізген. Мұнымен Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов та келіседі.
Бақыт Сұлтанов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының дәл бұлай шарықтап өсуін болдырмау үшін арнайы жоба жасалып жатқанын жеткізді. Өз сөзінде ол «Тұтас әрі тиімді сауда-логистикалық инфрақұрылымды қалыптастыру үшін ұлттық тауар өткізу жүйесі құрылып жатыр. Ол фермерлерді, сатып алушыларды, көлік қызметкерлерін, делдалдар мен ритейлдерді бірыңғай кластерге біріктіреді. Яғни, техникалық әрі ақпараттық тұрғыдан қамтиды», — деді. Министр бірыңғай цифрлық жүйеге біріктірілген 24 көтерме-үлестіру орталығы өнімді жеткізу тізбегін оңтайландырып, осылайша өндірушіден тұтынушыға дейінгі аралықта өнімді жеткізу, сақтау, үлестіру мәселесі шешілетінін айтты. Аталған жоба толық іске қосылса, әлеуметтік маңызы зор азық-түлік тауарларының бағасы 45%-ға дейін арзандатылады екен.
Министр айтқан бірыңғай цифрлық жүйе арқылы тұтынушылар жылына 60 млрд. теңгеге дейін қаражат үнемдей алады. Сауда және интеграция министрлігінің бұл жоспарының жүзеге асуына теңгенің құнсыздануы, мұнай бағасының күрт төмендеуі сынды кризисті факторлар қаншалықты ырық беретінін уақыттың өзі көрсетеді.

керексіз текетірестен Абай ауданының көшелері қоқысқа қордаланып қалды

Шымкент қаласы, Абай ауданының көшелері қоқысқа қордаланып қалды. Екі жетіден бері аудандағы қоқыстар дер кезінде тазаланбауда. Ал жеке үйлер орналасқан көшелерде  тұрмыстық қалдықтар салынған қапшықтардың төбе болып үйіліп тұрғанына үшінші апта кетіп бара жатыр.

Есесіне тұрғындар қарап отырмай бұл тұрғыдағы шағымдарын  әкімдікке әлеуметтік желі арқылы  жеткізіп,  мәселелерінің тез шешімін табуын билік мінберіндегі азаматтардан талап етуде. Және  оның бірқатары орындалып та жатыр. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде екі алпауыт компанияның  атап айтқанда, «Спецавтотранспорт» пен «ЛТД Тұрмыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қоқыс тазалау қызметі үшін талас-тартысқа түсіп жатқаны туралы әңгімелер де айтылуда.

Өткен аптада Абай ауданындағы бірқатар елді мекендерде  шаһар тіршілігінің осы бағыттағы жұмыстарына жұмылдырылған контролерлері үйді-үйді аралап, ендігі жерде қоқыс шығару қызметі  «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-не жүктелгенін айтып,  тиісті келісім-шартты қолдарына ұстата кеткен.

Абай ауданы бойынша бұл қызметті бүгінге дейін «Спецавтотранспорт» ЖШС орындап келген.  Өз кезегінде біз бұл өзгерістің негізгі себебін анықтау үшін «Спецавтотранспорт» ЖШС-нің директоры Сапаркүл Қуандықоваға хабарласқан едік.

– Сапаркүл Қаниқызы Абай ауданы аумағындағы қоқысты шығару қызметінің Сіздерден өтіп, өзге компанияға жүктелуінің себебі не? Бұл өз қалауыңызбен қабылданған шешім бе?

Бұл өз ықтиярыммен қабылданған шешім. Неге? Соңғы айларда бізде жұмыс күші жетіспеді. Салдарынан бекітілген кестеден қалып отырдық. Яғни, белгілі бір аудандар бойынша сәрсенбі күні шығарылатын қатты тұрмыстық қалдықтарды, бір-екі күн кешігіп, бейсенбіде, жұмада әкеттік.  Бұлай жалғаса берсек, халықтың сенімін жоғалтып алатынымыз анық қой. Сөйтіп осы жағдайымызды баяндап 18-шілдеде Абай ауданы әкімдігіне  хат жолдадым.  Ондағы мақсат әкімдік өз тарапынан халықты сабырға шақырады және қосымша жұмыс күшінің тартылуына жәрдем береді деген үміт еді. Қазіргі таңда жұмыспен қамту орталықтарында қаншама адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Оларға мемлекет есебінен жәрдемақы бере бермей, бізге жолдаса болатын еді. Бірақ әкімдіктен ешқандай қолдау болмады.  Сосын екі апта өткеннен соң, яғни, 3-тамызда Абай ауданы әкімдігіне жұмыс күшінің жетіспеушілігінен «Спецавтотранспорт» Абай ауданында қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметінен бас тартатыны туралы хат жолдадым. 

– Екі компания қоқыс шығару қызметін бөлісе алмай қырық пышақ болып жүр деген сөз қаншалықты рас?

– Енді тыңдаңыз. Біз 3-тамыздан бастап Абай ауданында қызмет көрсетуді тоқтатқанмен, заңға сәйкес компаниямыз ағымдағы жылдың 3-қыркүйегіне дейін жұмыс істеуін жалғастыра беруі қажет еді. Себебі, Абай ауданында қызмет көрсетуге кірісу үшін «ЛТД Тұрмыс» компаниясы төрт сайманын сайлап, қажетті құжаттарын реттеуі қажет қой.  Оның үстіне олардың жұмысқа кірісуіне карт-бланш ретінде уақыт беру  адамгершілік тұрғысынан да аса маңызды іс. Соған орай, 12-тамызда біздің жұмысшылар Абай ауданындағы учаскелерден қоқыстарды шығармақ болады.  Сол кезде «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-нің адамдары жұмысшыларымның  жолын бөгеп, қоқыстарды шығаруға мұрсат бермеген. Олар қоқысты жинап жүрсе мейлі ғой. Жәй ғана менің жұмысшыларымды күзетіп жүр.  Жәй жүрмей  тұрғындарға «Спецавтотранспорт» банкрот болды деп өсек айтқан. Олардың бұл әрекетінің қаншалықты дұрыс не бұрыстығын өздерінің ар-ұятына қалдырдым. Банкрот болмадық. Техникамыз да жеткілікті. Жұмыс күшінің жетіспеушілігінен жұмыс ауқымын азайттық.  Оның үстіне Абай ауданы әкімдігінің де шаш ал десе бас алатын  мамандары да «ол учаске Сіздің  территорияңыз емес. Жұмысшыларыңызды жинап алыңыз» деп дүрсе қойды. Содан соң жұмысшыларымның барлығын жинап алдым. Менің бар мақсатым осындай өзгеріс кезінде халық әбіржіп, күл-қоқысы үйіліп, қолқасын қаппасын деген игі тілек еді. Егер «ЛТД Тұрмыс» мекемесі бізге «Енді жұмысшыларыңызды жібермеңіз, біз жұмысқа кірістік» деп айтса, мен титтей де болса қарсылық танытпас едім… Енді осындай керексіз текетірестің кесірі мыңдаған халыққа қолайсыздық тудырып отыр. Қайта осындай кезде аудан әкімдігі жұмысты үйлестіріп, халық шағымданбайтын жолды іздеу керек еді. Қазір мына кеңседегі телефонға дамыл жоқ. Күні бойы тұрғындар қоқыстың неге шығарылмай жатқаны туралы шағымын айтып шырылдауда.

– Абай ауданы бойынша кейбір тұрғындар қатты тұрмыстық қалдықтар шығару қызметі үшін тиісті ақыны айма-ай емес, жыл аяғына дейін төлеп қойған. Енді ол тұрғындар  төлемдердің есебін мекемеден қалай өндіріп  алады?

– Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметі үшін ай сайынғы төлемді бір немесе бірнеше айға алдын ала төлеп қойған тұрғындардың ақшасы міндетті түрде қайтарылады. Тек төлемақыны айғақтайтын түбіртектері болса болғаны. Түбіртекті біздің кеңсемізге келіп көрсетсе болады. Немесе ватсаппен суретке түсіріп жіберсе де болады.  Шынымен де артығымен толеп қойса, абоненттердің  каспи голд карточкаларына тіркелген телефон нөмірі арқылы тиісті теңгелерін аударып береміз.  Бұл туралы мәселемен тұрғындар біздің мекемедегі  44-26-43 телефон нөміріне қоңырау шалуына болады.

P.S. Енді осы салада 30 жылға жуық уақыт жұмыс істеп келе жатқан «Спецавтотранспорт» мекемесінің міндетіне Шымкенттегі Еңбекші ауданындағы қоқыстарды шығару қызметі қалып отыр. Сонымен қатар серіктестік  Әл-Фараби, Қаратау аудандарының белгілі бір шағын аудандарындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды да шығарады. Жалпы саны  100607 абонентке жұмыс жасайды.

Бүгінге дейін «Спецавтотранспорт» ЖШС Абай ауданы бойынша 164 мыңнан астам абонентке қызмет көрсетіп келген. Енді осыншама халыққа қызмет жасау «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-не жүктеліп отыр. Бірақ «ЛТД-Тұрмыс» мекемесі ә-дегеннен халықтың сеніміне селкеу салуда. Себебі, дәл  қазіргі таңда  Абай ауданындағы азаматтардың көпшілігі қоқыс алаңшаларынан, көшелерінен тұрмыстық қалдықтардың шығарылмай жатқаны туралы шағымдарын қарша боратуда. Бірі әкімдікке айтса, енді бірі желіге жүктеуде. Келесі бір топ iKomek-ке хабарласып, зор көмек күтіп отыр. Біз «ЛТД-Тұрмыс»  ЖШС-не хабарласқан едік.  Жауап беретін жан адам табу қиынға соқты.  «ЛТД Тұрмыс» басшысымен хабарласу тіпті мүмкін болмады. Тек аталған мекеменің диспетчерімен тілдесе алдық.  Өзін Ұлданай Ақдала деп таныстырған   ол «Абай ауданында қоқыстарды тазалау  жұмыстары қашан бір жолға қойылады?» деген сұрағымызға «Қазіргі таңда графикке ілініп қалдық. График бойынша жұмыс істейміз. Мысалы, бүгінге дейін «Спецавтотранспорт» мекемесі  бекіткен кесте бар. Соған сәйкес «Тельман» бөлімшесіндегі белгілі бір көшелердегі қоқыстарды тазалау жұмыстары  дүйсенбіге түседі. Қалғаны сейсенбі шығарылады. Дәл осы сияқты жеті күнген белгіленген учаскелер бар» деп қысқа қайырды.

«Сонда жұма, сенбі күніне түсетін көшелердегі қалдықтар тағы 4-5 күн төбе болып тұра береді ме?» дегенімізде «Иә, біз дүйсенбі, сейсенбі күнгі кестені бұзып, жұма күні тазаланатын көшелерге түсе алмаймыз» деді.

 «ЛТД-Тұрмыс» компаниясы жұмысын бірізге түсіремін дегенше, біраз жұрттың жүйкесі жұқаратын сияқты.

Салтанат ИБРАГИМОВА.

(Материалдағы сурет фейсбук әлеуметтік желісінен алынды).

 

 

 

 

 

Ал, Үкімет өзге елдерге көмек беретін агенттік құруды қолға алды

Қазақстанда қыркүйек айының ортасына дейін кедей елдерге көмек көрсететін агенттік құрылады. Мұндай шешімді Үкімет қабылдаған. «KazAID» атауы берілетін агенттік жұмысын еліміздің Сыртқы істер министрлігі жүргізеді. Бюджет қаржысы есебінен құрылатын бұл агенттік туралы Сыртқы істер министрлігі «Бұл Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлі мен беделін нығайтуға мүмкіндік береді. Бүгінде Қазақстан аймақтық экономикалық көшбасшы ретінде танылған. Сондықтан әлемдік дамуға көмек көрсету күш-жігері сыртқы саясаттың қажетті элементі болып қала береді. «KazAID» халықаралық даму агенттігі Қазақстанға қарағанда дамуы артта қалған елдерге қаржылық, техникалық немесе кез келген басқа да көмек көрсетеді» деп мәлімдеді.

Өз кезегінде жыл басынан бері мұнай бағасының мың құбылуы, теңгенің теңселіп, коронавирусқа байланысты жарияланған төтенше жағдай, карантин талаптары халықтың тұрмыс жағдайына айтарлықтай кері әсерін тигізді. Оның үстіне карантин талаптарын сақтау әлі күнге дейін жалғасып келе жатқанын тағы айтпай кетуге болмас.
Естеріңізде болса, өткен айда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында карантин мен мұнай бағасының арзандауы бюджет түсімін айтарлықтай азайтқанын, алдағы уақытта дағдарыс күшейетінін айтқан. Сонымен қатар Президент биыл мемлекет қазынасы 1,7 трлн. теңге жоғалтқанын, қазіргі таңда бюджетті Ұлттық қордағы трансферттер ғана ұстап отырғанын мәлімдеген.
Дағдарыс ел бюджетінің бүйірін бос қалдырумен қатар, елдегі жұмыссыздық деңгейін де өсіруде. Таяуда еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов коронавирус індетінің кесірінен елдегі жұмыссыздар мен кедейлер саны көбейетінін ескертті. Ол пандемия кезінде жұмыссыздар саны сегіз есе өскенін, сөйтіп 1-тамыздағы жағдай бойынша 219 мың адам жұмыссыздар қатарына қосылғанын жеткізді. Ағымдағы жылдың 1-ақпанында елімізде тіркелген жұмыссыздар саны 26,9 мың адамды құраған.
Ендігі кезекте Үкімет елде әлеуметтік жағдайы әлсеріп жатқан тұрғындар көбейген осындай кезеңде өзге елдерге көмек көрсетуі қаншалықты құптарлық іс? Коронавирус пен пневмания өршіген кезде өз елінің халқын дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз ете алмаған ел өзге мемлекеттің жыртығын жамауы «өзің дуанасың, кімге пір боласың» дегенге келіп саймай ма? Немесе «алмақтың да салмағы бар» демекші, түрлі елдерден жолданған гуманитарлық көмекті алғанда үндемей қарап отыру шынымен де бізге сын ба? «Уақыт» газеті бұл тұрғыда қоға м белсенділері мен мамандардың отандық БАҚ-қа берген пікірлерін іріктеген еді. Оқып көрелік.
Белгілі экономист Мақсат Халық «Адырна» ұлттық порталына берген сұхбатында былай дейді. «…Бай елдер донор ретінде мұқтаж мемлекеттерге көмектеседі. Бұл процесс қалай жүзеге асады? Бірінші кезекте жан басына шаққандағы ЖІӨ есептеледі. Әлемдік стандарт бойынша, осы ЖІӨ егер 10 мың доллардан басталса табысы орташа елдер деп саналады. Ал 10 мың доллардан аз болса кедей ел болып саналады. Ал 2 мың доллардан болса өте кедей ел деп есептеледі. БҰҰ даму бағдарламасының гумандық бағыты бойынша бай елдер кедей елдерге көмектесуі керек. Қазіргі кезде біздің жан басына шаққандағы ЖІӨ 10 мың доллардан төмен, яғни біз кедей елдердің қатарындамыз. Осы тұста «Кедей ел қалайша кедей елдерге көмектеседі?» деген сұрақ қойылуы керек?».
Ал саясаттанушы Досым Сәтпаев «Atameken Business» телеарнасына берген сқхбатында «Коронавирусқа байланысты қалыптасқан қолайсыз эпидахуал біздің шенеуніктерге сабақ болмаған сыңайлы… Біріншіден, дәл қазіргі таңда мұндай ұйым құрудың қажеті қанша? Қайта керісінше біз қиын кезде өзінің тиімсіздігін көрсеткен бюрократиялық орталықтарды қысқартуымыз қажет. Халқы Үкіметтен қолдау мен көмек күтіп отырған Қазақстан өзге елдерге көмектесіндей соншалықты бай ма?» деп пікір білдіреді.
Бұл пікірмен халықтың басым көпшілігі келіскенмен, билік дегенін істеуден тайсалатынға ұқсамайды. Кешегі аптада СІМ-нің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Рәпіл Жошыбаев кедей елдерге көмек көрсететін KazAID агенттігінің жұмысын бастау үшін мемлекеттік бюджет есебінен 1 жылға 138 млн. теңге алынатынын алға тартты. Өз кезегінде ол қосымша қаражат керек болса, Парламент пен Үкіметке ұсыныс жасайтынын айтты. Ведомства өкілі Қазақстан қандай елдерге көмек беретінін нақты айтпады. Бірақ көмек Орталық Азия елдеріне бағытталатынын жеткізді. Көмектің сипаты аурухана, мектеп сынды нысандарды салуға тікелей немесе делдал ретінде жүзеге асырылатынын ескертті.
Жалпы Қазақстан тәуелсіздік алған жылдан бастап бүгінге дейін дамушы елдер сапындағы мемлекеттерге жалпы сомасы 500 млн. доллар көлемінде көмек көрсеткен.

А. САТЫБАЛДЫ.