Маңызды

Түркістан облысында «Nur Otan» партиясының кадрлық резервіне жастар мен әйелдер және белсенді азаматтар тартылады. 

Бұл туралы кеше Түркістанда өткен «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалының активінде белгілі болды. Маңызды жиынға облыс әкімі, партия филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеев төрағалық жасап, жүргізіп отырды. Актив отырысында 2019 жылдың 25 қарашасында Елбасы, партия төрағасы Н. Ә. Назарбаевтың төрағалығымен өңірлік партия филиалдарының өкілдерімен кездесу барысында жүктелген міндеттерді орындау және жаңа бастамаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Елбасы қоғамдағы өзекті мәселелерді дөп басып, партияға маңызды тапсырмалар жүктегенін айтты. Өңірде атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, жыл басынан бері барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары – фракция мүшелері түрлі мәселелер бойынша биыл 10 айда 637 жеке қабылдау жүргізіп, 1241 азаматтың мәселелері қаралған. 10 айда партия филиалдарының 17 қоғамдық қабылдау бөлмесіне 7047 арыз түсіп, оның 3297-і (46,7%) оңтайлы шешілген.
«Қабылдауларда басшылар тарапынан көзбояушылық пен сырғытпа жауапқа жол берілмеуі үшін әлеуметтік желіде тікелей эфир арқылы көрсетілуде. Осы жұмыстар нәтижесінде тұрғындардың партияға сенімі арта түсті деуге болады. Партияның кадрлық резервіне үміткерлерді іріктеу пилоттық жобасы бойынша Түлкібас ауданы республикада алдыңғы қатардан көрінді. Бұл жобаны барлық аудан, қалаларда өткізуді жоспарлап отырмыз. Осы арқылы біз қарапайым елдің арасынан мемлекетке шынайы жанашыр, отаншыл, белсенді азаматтарды қатарымызға қосып, мәслихаттарға ұсынамыз. Партия төрағасы осындай міндет жүктеп отыр», – деген ол депутаттар мен басшылардың жауапкершілігін көтеру жөнінде де ұсыныстарын айтты.
Жиында Түркістан облыстық мәслихаттың хатшысы Қайрат Балабиевтің баяндамасы тыңдалды. Сонымен бірге жарыссөзге шыққан «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық мәслихатындағы депутаттық фракция жетекшісі Мұрат Төлтебаев, Түлкібас аудандық үш тілде оқытатын мамандандырылған мектеп-интернатының директоры Фарида Пралиева және «Кентау трансформатор зауыты» бастауыш партия ұйымының төрағасы Хайрулла Қожабаев та пікірлерін айтып, партияны жаңғырту бағытындағы жұмыстарды қолдайтындарын жеткізді.
Актив отырысын облыс әкімі, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеев қорытындылады. Ол Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың аймақтық филиал өкілдерімен кездесуінде берілген тапсырмалары бойынша жұмыс күшейетінін мәлімдеді. Партияны қайта жаңғырту бағытында елге жанашыр, нағыз көшбасшы азаматтарға мүмкіндік берілетінін айтты.
«Партиялық праймеризді түсіндіру және дайындық жұмыстары бойынша семинарлар өткізілсін. Нақты жергілікті мәселелерді есепке ала отырып, сайлауалды бағдарламаның жобасы әзірленуі тиіс. Партия филиалы партиялық кадрлық резерв құрамын жаңа талаптарға сай жасақтап, 2020 жылдың 10 қаңтарына дейін ұсынсын. Жаңа тізімде әйелдердің үлесі 30 пайыздан, 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі 20 пайыздан кем болмауы тиіс. Сонымен қатар қоғамның белсенді өкілдері де резервке алынсын. Партияның жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңестері, бақылау комиисиялары жұмысты ширатсын. Партияны қайта жаңғырту бойынша жұмыстар жалғасады», – деген облыс әкімі Арысты қалпына келтіруде, Түркістанды түлетуде барша аудан, қала әкімдіктері жұмыла жұмыс істегеніне алғыс білдірді. Елбасының Түркістанға деген ықыласы мен қамқорлығы айрықша екеніне тоқталды. Жиын соңында ҚР Тұңғыш Президенті мерекесіне орай, бір топ азаматқа Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғысхатын, ал жаңадан қабылданған 4 азаматқа партия билетін тапсырды.

 

М. ӘБДІРАЙЫМ.

Жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа жаны қас жазушы Жан Ақжанов түркістандық жастармен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің жеке құрамымен жүздесті.

Еліміздің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің бастамасымен өткен рухани кездесудің мақсаты – жас ұрпақтың парасаттылық мәдениеті мен моральдық-этикалық нормаларын қалыптастыру және қоғам арасында адалдық пен тазалықты, әділдік пен әдептілікті әдебиет тілімен дәріптеу болып табылады.
Өз кезегінде қоғамдағы келеңсіз көрініс сыбайлас жемқорлыққа киелі қалам арқылы төтеп беруге ұмтылып жүрген жазушы Жан Ақжанов қатысушыларға адал болмысты қалыптастырудың маңыздылығына басымдық берілген «Сладкий дождь», «Солнце улыбнется тебе», «Сенің түнгі Күнің», «Путь врача», сондай-ақ «Степь и судьба», «Аспаннан құлаған тастар» сынды айтулы еңбектерінің мән-мазмұнымен таныстырды. Сондай-ақ ол, қатысушыларға бірқатар еңбегін табыс етіп, өз қолтаңбасын қалдырды.

М. ӘБДІРАЙЫМ.

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов туған өлкесіне келген Нью-Йорк полицейі Димаш Ниязовты қабылдады. Кездесу барысында Димаш өзінің қызметі туралы әңгіме өрбітті. 

Өз кезегінде ол материалдық-техникалық жабдықталуы жағынан Нью-Йорк полициясы біраз ілгері кеткенін атап өтті. Оның сөзінше Нью-Йорктегі кез келген патрульді полицейде тұрғындардың базасы тіркелген құрылғы болады. Тәртіп сақшысы өздері тоқтатқан адамның саусақ ізін құрылғыға тигізу арқылы оның кім екенін әп-сәтте біле алатын мүмкіндікке ие.
Димаш Ниязов Түркістан облысы, Қазығұрт ауданының тумасы. Америкаға 13 жасында көшіп, сол жерде тұрақтаған. Қала әкімімен кездесу кезінде ол кіндік қаны тамған күнгей өңірі әрқашан ыстық екенін айтты. Сонымен қатар ол, туған өлкеге сапарын «Шымкентке келу себебім осындағы әріптестеріме полицияның ел алдындағы беделін көтеру және құқық қорғау саласын оңтайландыру бойынша өзімнің халықаралық тәжірибиеммен бөлісу. Осылайша, Қазақстан полициясының дамуына өзіндік үлесімді қосқым келеді. Бұл мен үшін үлкен мәртебе»,-деп түсіндірді. Сондай-ақ ол, туған тілін ұмытпағанын, қазақ тіліндегі әдебиеттерді жиі оқитынын да тілге тиек етті.
Қала әкімі Ерлан Қуанышұлы Димаш Ниязовтың өскен өңірге деген ықыласы үшін ризалық білдіріп, оның ниетін құптап алғыс айтты. Және де ол «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бір сөзінде «Адамдар полиция қызметкерлерін өздерінің қорғаушысы ретінде танып, өз қауіпсіздіктерін сезінулері тиіс» деген болатын. Өйткені, еліміз үшін адам өмірінің қауіпсіздігі әрқашан басты назарда. Қырағылық пен білімді талап ететін ауыр салада мұхит асып, жетістікке жетіп жүргеніңе шынайы ризашылығымды білдіремін»,-деп лебіз танытты.
Естеріңізге сала кетсек, қазақтың қара баласы Димаш Ниязов өз ісінің кәсіби маманы. Ол Нью-Йорк қаласында кәсібилігінің арқасында мойындалып, бірнеше марапаттарға ие болған. Нью-Йорктің ең үздік тәртіп сақшысы атағы бар айбынды азамат кәсіби бокста да қарсыластарын тізе бүктіретін былғары қолғап шебері ретінде де биіктерден көрініп келеді.

М. ӘБДІРАЙЫМ.

 

Қазақстанның барлық кинотеатрларында ағымдағы жылдың 21-қарашасынан бастап тәжік-ауған шекарасында бітімгерлік мақсатта қызмет атқару барысында қаза тапқан сарбаздардың құрметіне түсірілген «Казбат» фильмі көрсетілуде. Одан алдын Шымкентте «Казбат» фильмінің жабық көрсетілімі өтті.

Арнайы қонақтар шақыртылған шараға қала әкімінің орынбасары Н. Ергешбек қатысты.
Фильм болған оқиға желісімен түсірілген. 1995 жылдың 7-сәуірі. Пшихарв шатқалында Қазақстан ішкі әскерінің жетінші құрама ротасы содырлардың тұтқиылдан жасаған шабуылынан от пен оқтың ортасында қалады. Жаудың күші басым болған ұрыста 17 әскери қызметшіміз оққа ұшып, 33-і жараланады. Содырларға қарсы ұрыста жігерін құм етпей, барлық күш қуатын сарп етіп, Отан алдындағы міндетін соңғы демі қалғанша орындауға бел буған сарбаздардың ерлігі туралы баяндалған фильм жас ұрпаққа патриоттық рух беріп қана қоймай, оның ел алдындағы азаматтық жауапкершілігін көтере түседі.
Фильмнің идеясын ұсынған – Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов, режиссері Асқар Ұзабаев болса, бас операторы Максим Задарновский болып табылады. Онда Дәурен Серғазин, Ринат Дошибеков, Халық Рахат, Дияс Мырзахмет, Шарифбек Закиров және Индира Шынболатқызы сынды актерлер басты рөлдерді сомдайды.
Фильмде баяндалған оқиға 1995 жылдың 7-сәуірінде орын алғанын жоғарыда айтып кеттік. Осыған орай туындының теледидарға арналған нұсқасы келесі жылдың 7-сәуірінен бастап, аталған қарулы қақтығыстың 25 жылдығына орай «Qazaqstan» телеарнасынан көрсетіледі деп күтілуде.

М. ӘБДІРАЙЫМ.

Ғарифолла Есім, Профессор:

Шымкент – дәстүр. Мұндағы халықтың 80 пайызы қазақ тілінде сөйлейді. Мұндай қала еш жерде жоқ. Бұл өңірдің тұрғыны болғанға қуанып, мақтану керек.

Үшінші мегаполисте өткен «Шырайлы Шымкент: Береке басы – бірлік» атты форумда профессор Ғарифолла Есім осылай деді.
Жазушы, журналист Мархабат Байғұт жүргізген алқалы басқосуда Қазақстанның ұлттық ғылым академиясының академигі, мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Есім, мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, Еуразия ұлттық университетінің профессоры Мырзагелді Кемел, академик Әбдімұса Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Есен Омар секілді ел ағалары Шымкенттің қайырымды қала, мегаполис болуы жайлы тың ойларын ортаға салды.
Жиын барысында Еуразия ұлттық университетінің профессоры Мырзагелді Кемел «Астана қаласының мәртебесі туралы», «Алматы қаласының мәртебесі» туралы деген екі заң бар. «Шымкент қаласының мәртебесі туралы» Заңды қосып Парламентке ұсыныс жасадық», — деді.
Осы форум аясында қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды.

М. ӘБДІРАЙЫМ.

Қайрат Нұртай,Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:

Осы жылды Өзбекстан «Қазақстан жылы» деп жариялағаны белгілі. Осыған орай дүйсенбіде Ташкент шаһарында «Шымкент – шырайлы шаһарым» атты мәдениет күндері өтті. Екі елдің достық қарым-қатынасын одан әрі нығайту мақсатында ұйымдастырылған шараға Шымкенттен арнайы делегат барды. Қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай бастап барған делегат құрамында зиялы қауым өкілдері, өнерпаздар мен журналистер болды.

Мәдени күндер аясында өткен шараның шымылдығы Ташкенттегі
Ә. Науаи атындағы Ұлттық кітапханада ұйымдастырылған көрмеден басталды. Көрмеге күнгей кәсіпкерлері өндіретін өнімдер мен мәдени мұралар көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеге келушілер қазақтың ұлттық тағамдары, салт-дәстүрі және медениеті туралы мол мағлұмат алды. Одан соң екі ел азаматтарының қатысуымен жиын өтті. Онда Қайрат Нұртай Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановтың ыстық ықыласын жеткізе отырып, былтыр Қазақстанда Өзбекстан жылы аясында 200-ге жуық іс-шара болғанын атап өтті. Сонымен қатар ол, екі елді байланыстыратын құндылықтар көп екенін, ортақ тарих, тіліміз, дініміз бен мәдени құндылықтарымыз бауырлас халықты біріктіре түсетінін айтып, қала әкімі Ерлан Қуанышұлының атынан Ташкенттегі орталық кітапханаға 300 дана кітап сыйға тартты. Өз кезегінде Ә. Науаи атындағы Өзбекстан ұлттық кітапханасы директорының орынбасары Насиба Холдорова бұл тосынсыйды зор құрметпен қабыл алып, ташкенттік оқырмандардың қазақ тіліндегі кітаптарға деген сұранысының жоғары екенін айтып, рахметін білдірді. Орталық кітапханаға сыйға берілген кітаптардың арасында қазақ халқының тарихы мен мәдениеті, салт-дәстүрлері мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттің бүгінгі жетістіктері баяндалған туындылары да бар. Осы басқосу кезінде шымкенттік делегат құрамындағы ақындар өлең оқып, айтыскерлер жиналған жұртқа арнауын паш етті.
Ташкентте өткен мәдениет күндері сол күні Достық сарайында өткен «Шымкент – шырайлы шаһарым» атты гала-концертпен қорытындыланды. Аталған концертте Ташкент тұрғындарына арнайы оркестрдің сүйемелдеуімен Шымкенттік өнерпаздар бірнеше әннен шашу шашты. Көрермендер «Қазына» би ансамблінің көрсеткен өнеріне зор қошемет көрсетті.
Гала-концерттен соң көңілдері бір серпіліп қалған ташкенттік қазақтар мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба берсе деген ұсыныс тілектерін де жасырмады.
Қазігі таңда Өзбекстан Республикасында ресми тіркелген қазақтар саны 1,5 миллионнан асып жығылады.

Ж. АРМАНОВА.

Өскелең ұрпақ тәрбиесінде олқы кеткен тұсымыз қандай?
Кеше ғана шаңырақ көтерген екі жастың жолы екіге бөлінуінің себебі не?

Туыстық неке деген түйіткілді болдырмаудың жолын білеміз бе? Өрімдей өрендеріміздің теріс қылыққа барып, өз жолынан жаңылып, шатылмауын қалай алдын аламыз?
Құрылғанына алты жыл толған Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі осы мәселелерге басымдық беріп қана қоймай, сол мақсатта нақты нәтижелерге қол жеткізуге екпін түсіреді.
Таяуда бұл кеңес Шымкенттегі Оқушылар сарайында осы жылдың 10 айында атқарған жұмысын қорытындылып, алдағы жоспарын талқылады. Жиында қалалық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Балқия Көмекбаева баяндама жасады. Өз кезегінде ол жыл басынан бері өзі төрағалық ететін кеңестің ұйымдастыруымен тәрбиелік бағыттағы 134 іс-шара болғанын мәлімдеді. Сонымен қатар ол, Аналар кеңесі құрылғаннан бастап бүгінге дейін отбасындағы ұрпақ тәрбиесі, татулық, мейірімділік пен бірлік секілді елдігіміздің тірегі болған құндылықтарды дамыту бағытында жұмыстар атқарып келе жатқанын айта келе, «Елімізде әйелдер ұйымдарының саны күн санап артқанымен аналардың басты миссиясы — ұрпақ тәрбиелеу екені назардан шықпауы қажет. Ұрпақ тәрбиесі, қоғам тәрбиесі – Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің басты міндеті болуы тиіс»,-деді.
Басқосуда Қаратау аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Зульфия Бекмурзаева мен қалалық Аналар кеңесінің мүшесі Гаухар Төлепованың хабарламалары тыңдалды. Бұдан бөлек, Аналар кеңесінің жұмысына белсене араласып жүрген бірқатар нәзікжандыларға қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс хаты берілді.

Ж. АРМАНОВА.

«Судың да сұрауы бар». Суды барынша үнем жасау ұқыптылықты ғана қамтамасыз етіп қоймайды. Ол көл-көсір пайдаға да кенелтеді. Мұндай талапты шаруа қожалықтарының да ескеруі оларды пайдаға батырады.

Бұл туралы Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасы және «Тұрақты дамуға көмектесу» орталығының ұйымдастыруымен Шымкентте өткен семинар-кеңесте сөз болды. Оған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдерінің өкілдері мен шаруалар қатысты. Жиында егістік алқаптарында ағын судың ысырабын алдын алу шаралары айтылды.
Өз кезегінде сарапшылар шаруа иелеріне суармалы жерлерді пайдалану тиімділігін арттыру жолдарын, тамшылатып суарудың инновациялық жүйелері мен органикалық қалдықтардан биогаз өндіру және оны ауыл шаруашылығында қолдану жолдары жөнінде ақпарат берді. Сонымен қатар жаңа технологиялардың тиімділігін көруге нық сеніммен қадам жасауға шақырды.

Ж. АРМАНОВА.

Төрткүл дүниеде жыл сайын бир миллиардқа жуық адам қан құюға мұқтаж болады. Қан күйікке шалдыққандар мен жарақат алғандарға аса қажет. Сонымен қатар ол, күрделі ота, ауыр босанулар кезінде де адамдар үшін таптырмайтын дүние. Ашық дерек көздердегі статистика әлемдегі әрбір үшінші тұрғын бір рет донорлық қанды қажетсінетінін алға тартады. Бұдан донор болу үлкен сауап іс екенін аңғаруға болады.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының» Шымкент қалалық филиалында «Кеңседен шықпай-ақ донор болу» қайырымдылық акциясы өтті. Акция аясында аталған мекемеге қалалық қан орталығының көшпелі бригадасы келді. Өз кезегінде көшпелі бригадаға жұмылдырылған мамандардың қатысуымен корпорация қызметкерлері жұмыс процесінен алыстамай-ақ қан тапсырды. Игі іске ұжымдағы басшыдан бастап, фронт-офис қызметкерлері, жас мамандар мен тәжірибелі донорлар да қатысты. Қан тапсырған 30 қызметкерден 15 литрге жуық қан алынды. Мамандар бұл жақсы көрсеткіш екенін айтты. Және де олар осы жиналған қан халі ауыр және онкологиялық науқастарды емдеуге жұмсалатынын мәлімдеді.
Ал филиал директоры Данабек Исабеков болса «Жұмысымыздың қатаң тәртібіне қарамастан, донорлық акцияны кеңсемізде ұйымдастыра алғанымызға өте қуаныштымын. Алғаш рет қан тапсырып отырғаным жоқ. Мұны науқасқа көмек көрсету тұрғысынан да, донордың өзі үшін де өте маңызды іс деп санаймын. Қан тапсырғысы келетін әріптестеріміз көп. Өйткені, біздің ортақ құндылықтарымыз бар. Ал өзгелерге көмек көрсетіп, қол ұшын созу бізді тек қана біріктіреді. Біз осындай акцияларды өткізуді міндетті түрде жалғастырамыз. Себебі, үнемі қан тапсырып отыру да маңызды, — деді.

Ж. АРМАНОВА.

Шымкент былтырдан бастап мегаполис атанғаны баршаға аян. Шырайлы қала оған дейін де облыс орталығы ретінде талай қоғамдық-мәдени шаралардың ордасы болған.

Сондай ауқымды жиындарда орыс драма театрына артылған жүк жеңіл болмады. Соған қарамастан іргелі ұжым өзіне жүктелген міндеттерді мерейлі орындап, әрдайым көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп келеді.
Жуырда 1929 жылы ашылған театрдың 90 жылдық мерейтойы салтанатты жағдайда аталып өтті. Театр шаңырағында тойланған шараға Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов арнайы қатысты. Жиынға Қазақстан Республикасы театр одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов пен елімізге танымал өнер тарландары, Таганрог қаласы театрының өкілдері болды. Өз кезегінде шаһар басшысы театр ұжымына ізгі тілектер айта келе «Халық мәдениетін көтеруде Сіздердің қосқан үлестеріңіз сүбелі. Өнер саласындағы орындарыңыз бір төбе. Келесі жылы Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы атанбақ. Осыған орай Сіздерді алдағы маңызды іс-шараларда белсенділік танытып, оның ойдағыдай өтуіне қарқынды атсалысуға шақырамын. Алдағы жыл жауапты. Сол себептен бұдан да артық жұмыс істеуіміз керек», — деді.
Содан соң театр ұжымында есімдері бөлек, еңбектері ерен өнер майталмандарына Алғыс хаттар табыстады.
Бүгінде тоқсан жылды түйіндеген театр репертуарында орыс, шетел, классика және заманауи бағыттағы 70-тен астам қойылым бар.

Ж. АРМАНОВА.