Маңызды

Шымкентте 126 мектеп бар болса, оның бірқатары апатты жағдайда. Арасында үш ауысымда білім беретіндері де бар. Бұл мәселенің оябын табу мақсатында бүгінгі таңда Шымкентте 10 мектепте құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның төртеуінде күрделі жөндеу болып жатса, қалған алтауы жаңадан бой көтеріп, жыл аяғына дейін пайдалануға берілмек.

Бұл туралы қалалық әкімдікте өткен кезекті мәжілісте айтылды. Онда құрылысы жыл аяғына дейін аяқталады деп жоспарланып отырған жаңадан соғылып жатқан білім ұяларының құрылысы кестеге сай орындалып жатқаны хабарланды. Олар Таскен тұрғын алабындағы 600 оқушыға арналған №103 орта мектептің, Бозарық шағынауданындағы 900 орынды мектептің, Сайрам тұрғын алабындағы №112 орта мектептің 300 орынды оқу блоктарының, Қарабастау тұрғын алабындағы №99 жалпы орта мектептің 300 орынға қосымша және №76 орта мектептің оқу ғимараты, асхана, шеберхана және спортзал құрылысы болып табылады.
Дегенмен, бұл нысандар қаладағы үш ауысымды және апатты күйдегі мектептер мәселесін түбірімен шешпейді. Сондықтан да алдағы уақытта өскелең ұрпақтың зейінін саралап, ой санасын кеңейтетін білім орындарының қатары көбейе бермек.
Бұған дейін Шымкенттегі мектептер үш қабатты етіп салынған болса, алдағы уақытта олар төрт қабатты етіп тұрғызылмақ. Бұған миллионер қалада сыйымдылығы 3000 оқушыға арналған төрт қабатты мектептердің салынуына рұқсат берілгені негіз қалап отыр.
Аталған мәжілісте қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Әбілсейіт Рабаев осы жәйтке арнайы тоқталып өтті. Өз кезегінде ол мектептердің төрт қабатты типте салынуы білім саласындағы үш ауысымды және апатты мектеп мәселесін 2020 жылға дейін шешетінін айтты.

Шымкенттіктердің күн құрғатпай игі істердің куәсі болуы дәстүрге айналғандай.

Жуырда аптада Елордамыз Астана қаласының 20 жылдық мерекесіне орай Шымкентте «Бекет батыр» арбатының ресми түрде ашылуы соның кезекті мысалы. Бұл айтулы шараға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы қатысып, қала қонақтары мен тұрғындарын құттықтады. Өз сөзінде ол:
– «Шымкент – еліміздегі Астана мен Алматыдан кейінгі ең ірі қаланың бірі екені баршаңызға мәлім. Шымкент өз тарихында жасыл қала болып қалыптасқан. Десек те біз қаланы көгалдандыруды, оның көркін ашатын демалыс орындарының санын арттыруды жүйелі түрде жалғастыруымыз қажет. Сол мақсатта бүгін «Бекет батыр» арбаты халықтың игілігі үшін беріліп отыр. Бұл арбат қала тұрғындарының жазда саялайтын, таза ауамен тыныстайтын жайлы демалыс орнына айнала түссін. Баршаңызға сәттілік, шаңырақтарыңызға құт-береке тілеймін, – деді.
«Бекет батыр» арбатының ұзындығы бір шақырымға жуықтайды. Халық игілігіне берілген жаңа нысанда 76 көше шамдары мен 45 кіші торшерлер қойылған. Ондағы 3600 шаршы метр аумақ көгалдандырылған. Аяқ жолдар үшін 2000 шаршы метр жерге тротуар тастары төселген. Бұдан бөлек, ол жерге 700-ге жуық жөке, талшын, аққайың сынды айналаның келбетін аша түсетін ағаш көшеттері егілген.

Осы аптада Астананың 20 жылдық мерейтойына орай Шымкент зообағында «Африка аймағының» салтанатты ашылуы болып өтті. Оған облыс басшысы Жансейіт Түймебаев, қала әкімі Нұрлан Сауранбаев, депутаттар және қала тұрғандары қатысты.

Өз кезегінде хайуанаттар бағы 2010 жылы «EARAZA» Еуроазиялық аймақтық зообақтар мен аквариумдар ассоциясының құрамына кірген болатын. Оған мүше болу зообақтағы тіршіліктің өзгеше өріс алуына кең мүмкіндік туғызды. Соның негізінде – жалпы көлемі 7 гектарды құрайтын «Африка аймағы» жобасы қолға алынды. Аталған жобаны жүзеге асыру 2013 жылдан басталды.
Қазіргі таңда онда африкалық түйеқұс, көгілдір гну, тау зебрасы, нар түйе, кәдімгі орикс пен канна бөкені тіршілік етіп жүр. Сонымен қатар керікте осы жерде тіршілік ететін болады. Зообақта ашылған бұл аумақта сусиыр үшін де арнайы хауыз бен қарау аймағы бар орын белгіленген. Бұлардың барлығы «Африка аймағы» жобасы қолға алынғанға дейін өздеріне арнайы бөлінген вольерлерде мекен етіп келген болатын. Ал қазір ашық аспан астында еркін тіршілік етуде. Табиғаттың бұл төл туындыларының барлығы да Африка құрлығында тіршілік етеді. Жобаның «Африка аймағы» деп аталуының мәнісі міне осында.
Зообақ басшысы ТМД елдері бойынша бірде-бір зообақта дәл осындай «Африка аумағы» жобасының қолға алынбағанын мәлім етті.
1980 жылы құрылған Шымкент зообағында қазіргі таңда 249 түрлі 2478 жануар бар. 2020 жылы Шымкент қаласы ТМД елдерінің мәдени астанасы болатыны белгілі. Жергілікті билік оған дейін зообақтағы жануарлар түрін 1000-ға, ал келушілер қатарын 1 миллионға жеткізуді межелеп отыр.

Оңтүстік Қазақстан облысында дәл осындай атпен арнайы акция қолға алынды. Осы жоба негізінде күнгейде Елорданың айтулы мерекесі қарсаңына орай облыс халқының әлеуметтік-экономикалық өмірінде аса жоғары мәнге ие 20 әлеуметтік нысан мен өндіріс орны ел игілігіне берілетін болады.

Жоба аясында пайдалануға берілетін бірінші нысан – Шымкенттегі «Оңтүстік» индустриалды аймағындағы «Шымкент темір» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі металлургиялық зауыты болмақ. Жалпы жоба құны 4,2 млрд. теңгені құрайтын бұл нысан жылына 240 мың тонна өнім дайындайтын болады. Сондай-ақ, 150 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды деп күтілуде.
Екінші, үшінші, төртінші нысан ол қаладағы ұлттық теннис орталығы, содан соң зообақтың «Африка» бөлігі мен Астана даңғылы бойындағы гүлзары сынды нысандардың салтанатты ашылуы болып табылады. Бұдан кейін тізімге облыс аумағында ашылатын төрт балабақша қосылады.
Ару Астананың дүбірлі тойында Шардара ауданында 10 пәтерлі екі қызметтік үйде қоныстой тойланады. Мұнымен қоса үйлі, күйлі болатын ағайындардың қатары таулы Төлеби ауданында арта түспек. Мерейлі мереке аясында аталған ауданда 20 пәтерлі бес қабатты тұрғын үйдің кілті өз иелеріне салтанатты жағдайда табысталады. Бәйдібек ауданында да 1 пәтерлі 20 коммуналдық тұрғын үйдің құрылысы толық бітіп, тұрғындарға беріледі.
Бас қаламыз Астананың 20 жылдығына орай ашылатын кезекті бір нысан – киелі кент Түркістанда «Яссы құс» шаруақожалығының базасында сыйымдылығы 200 тоннаны құрайтын көкөніс және жеміс-жидек сақтайтын қойма болмақ. Бұдан бөлек осы акция бойынша аймақта халықтың рухани сұранысын қанағаттандыратын 200 орынды мәдениет үйі, 600 орынға лайықталған мектеп, 60 балаға шақталған «Ақкен» емдеу-сауықтыру лагерінің ашылу салтанатының лентасы қиылады.
Әлем назары түскен ару Астананың 20 жылдығына орай облысымызда жоғарыда атап өткендерден бөлек, түрлі демалыс орындары мен спорттық нысандардың ашылу рәсімін өткізу жоспарланып отыр.
С. НҰРАЙ.

КӘСІП АШУҒА
ҚҰЖАТ РӘСІМДЕУ ЖЕҢІЛДЕДІ

Өмірдің барлық саласын цифрландыру өркениетке қол созған елдің барлығына тән құбылыс. Осы бағытта отыздыққа ұмтылған Қазақстанда қарқынды жұмыстар қолға алынып отыр. Баянды бағдарламаның мол мүмкіндігін кәсіп ашуға бел буған азаматтар да қолданатын болады.
Ендігі кезекте елімізде кез келген адам өз бизнесін www.egov.kz арқылы тез әрі оңай аша алады. Электрондық үкімет порталында ел экономикасын көтеруде маңызды рөлге ие кәсіпкерлер үшін «Банктік шот ашуды және қызметкерді еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезінде жазатайым жағдайлардан міндетті сақтандыруды ескере отырып, заңды тұлғаны тіркеу» композиттік қызметі іске қосылды. Аталған композиттік қызмет заңды тұлғаны тіркегеннен кейін банктік шот ашу, ҚҚС бойынша есепке қою үшін салық органына бару, содан соң сақтандыру компаниясына сабылу сынды қызметтердің біріктірілуі болып табылады. Жаңа жүйе нәтижесінде енді өтініш беруші екі күннің ішінде (өтініш берген күнді есептемегенде) заңды тұлғаның мемлекеттік тіркеуге алынғаны туралы куәлікті, банктік шот нөмірін және қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан сақтау туралы қол қойылған келісім-шартты алатын болады. Нәтижесінде белгілі бір кәсіптің тұтқасын мықтап ұстап, өз бизнесін дамытқысы келген азаматтар заңды тұлғаны тіркеу, банктік шот ашу және сақтандыру туралы келісім-шарт жасау сынды қызметтерге бір мезетте қол жеткізеді. Бұл мемлекеттік қызмет көрсету барысында «бір өтініш» қағидатын қолданудың нақты үлгісі болып табылады.
Бұл қағидат Шымкентте бизнес ашу үрдісін айтарлықтай жеңілдете түсетіні сөзсіз. Өз бизнесін бастауға нар тәуекел еткен заңды тұлғаны электрондық тәсілмен тіркеу кезінде әзірше 4 коммерциялық банктен шот ашып, 3 сақтандыру компаниясымен шарт жасасуға болады. Жақын күндері ондағы банкпен, сақтандыру компаниясының саны едәуір арта түспек.
Бүгінгі таңда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы азаматтарға барлық 621 мемлекеттік қызметтердің 83 пайызын халыққа қызмет көрсету орталықтарында көрсетіп келеді.

ЖЕКЕ
МӘЛІМЕТТЕРДІ ЖӨН ЖОСЫҚСЫЗ КӨРУ
ЖОЙЫЛАДЫ

Кез келген азаматтың жеке сәйкестік нөмірі (ЖСН) арқылы ол туралы біраз мәліметтер алуға болатыны белгілі. Мұндай қолжетімділік көптеген адамдарға ұнай бермейтіні анық. Осыған сәйкес «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірлесіп, қазақстандықтарға жеке мәліметтеріне қолжетімділікке тыйым салу мүмкіндігін қамтамасыз етіп отыр. Соның негізінде тіпті халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкері де жеке мәліметтерді көре алмайтын болады.
Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басшысы Абылайхан Оспанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді. Ол:
– Жеке мәліметтердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін біз азаматтардың өзі туралы жеке ақпаратты толықтай бақылай алатын жоба жасадық. Нәтижесінде мамыр айынан бастап электрондық үкімет порталындағы жеке кабинетте мәліметтерге қолжетімділікке тыйым салу функциясы жұмыс істей бастайды. Әрбір портал қолданушылары осы функция арқылы өзінің жеке мәліметтеріне қолжетімділікті қоса алады және жауып тастай алады. Бұл орайда тыйым салу функциясын тек жеке кабинет арқылы ғана жасауға болады. Қолжетімділікті жабу қызметі де азаматтардың смс-рұқсатын алған жағдайда ғана жүзеге аспақ.
Аталған жиында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басшысы Абылайхан Оспанов азаматтардың жеке мәліметтерге қолжетімділікке тыйым салу қызметіне жүгінуі үшін мобильді азаматтар базасына тіркелуі тиістігін, ал ол www.egov.kz порталындағы жеке кабинетте немесе кез келген халыққа қызмет көрсету орталықтарында жасалатынын атап өтті.

ҚИЯНДАҒЫ АУЫЛ
КЕҢ ЖОЛАҚТЫ
ИНТЕРНЕТ ЖЕЛІСІМЕН ҚАМТЫЛАДЫ

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында ауылдық елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтамасыз етудің маңызы зор. Өз кезегінде бұл «алтын бесік ауылдарда» білім, денсаулық, әлеуметтік және өзге де салалардың барынша дамуына серпіліс береді. Осы бағытта еліміздің Ақпарат және коммуникациялар министрлігі алдағы уақытта ауылды жерлерге кең жолақты интернет жеткізуді межелеп отыр.
Соның негізінде бүгінгі таңда мемлекет пен жекеменшік серіктестігі бойынша тиісті жобалар жүзеге асырылып жатыр. Сол жоба негізінде енді 2021 жылға дейін 1249 елді мекен жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтылатын болады. Қазіргі таңда сол жерлерде мекендейтін халық саны 2 миллионнан асып жығылады екен.
Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев өткен жылы атқарған жұмыстары бойынша есебінде осылай деп мәлім етті.
Сонымен қатар ол еліміздің 13 миллион астам тұрғынына жоғары жылдамдықты интернет желісі қолжетімді екенін атап өтті. Бұдан бөлек ол, бас-аяғы 50 мың халық мекендеген аумақтарда 4G үлгісіндегі байланыс бар екенін, ал одан аз тұрғыны бар, дәлірегі 10 мыңнан астам ел бар елді мекендерде 3G үлгісіндегі байланыс орнатылғанын мәлімдеді.

IT-СЫНЫПТАР САНДЫҚ
ЖҮЙЕГЕ СЕРПІЛІС БЕРЕДІ

Еліміздегі жетекші саяси ұйым «Нұр Отан» партиясы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының жан-жақты дамуына өзіндік үн қоспақшы. Яғни, беделі биік партия Қазақстан бойынша 1000 тегін IT-сынып ашу жобасын қолға алып отыр. Осыған орай мемлекетіміздің барлық өңірлерінде IT-сыныптар жұмыс стейтін болады.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев мұндай сыныптар оқушыларға факультативті түрде тереңдетілген білім беретінін алға тартуда. Онда өскелең ұрпақтарға қарапайым алгоритмдерді құру, арнайы бағдарламалар мен веб-сайттар жасау оқытылады. Білім берудің бұл түрі еуропалық стандарттарға сәйкес жүзеге асады. Партия белсенділері бұл бастама бойынша IT-сыныптарда білім алған жас буындар алдағы күндері «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының табысты жүзеге асуына тың серпін беретініне бек сенім артып отыр.
Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясы Үкіметпен, жергілікті әкімдіктермен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе ел аумағында 20 IT-орталық ашуды көздеуде. Онда бірінші кезекте жұмыссыз жүрген азаматтар алты айға жуық уақыт бойына бағдарламалау негіздері бойынша білім алады. Мұның өзі олардың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Елбасы Жолдауы аясындағы басым бағыттар бойынша халықаралық талаптарға сай жұмыс істеуге көшкен өндіріс орындарына жұмысқа орналасуына жол ашатын болады.

С. НҰРАЙ.

Шымкенттің тазалығын сақтау тек қалалық әкімдікке жүктелген жұмыс емес. «Көп түкірсе көл» болатыны сынды, бұл мақсатқа қалың бұқараның атсалысуы да ерекше маңызға ие. 

Осы бағытта Шымкент қаласы әкімдігінің бастамасымен 2013 жылдан бастап «Таза қала!» акциясы ұйымдастырылып келеді. Тұрғындардың өзі мекен ететін төңірегін таза ұстауын мақсат еткен бұл байқау биыл да басталып кетті.
Бұл туралы қалалық әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында «ОҚО Азаматтық Альяны» қауымдастығының төрағасы Шәріпбек Жамалбек мәлімдеді.
Соған сәйкес, 13 адамнан құралған арнайы комиссия шаһардағы таза аулалар мен көшелерді аралайды. Ол үшін олар әр екі апта сайын айналасы реттелген, жасыл желекке көмкерілген, күл қоқыстан тазартылған төңіректерді үш-төрт ай бойына анықтайтын болады. Акцияның нәтижесі жылдағыдай қала күні мерекесі қарсаңында жарияланбақ.
Қоршаған ортаны таза ұстауға үндейтін байқау «Үздік аула» және «Үздік көше» номинациясы бойынша өткізіледі. Жүлделі орын алғандарға сыйлықтар тарту етіледі. Акцияның жалпы жүлде қоры 4 миллион теңге. Олай болса игі іс істеп, лайықты сый-сияпатқа кенелгіңіз келсе, байқауға қатысуға өтінім беріңіз. Өтінімдер қаладағы төрт аудан әкімдерінде құрылған жұмысшы топқа 15 маусымға дейін жеткізілу керек екенін ұмытпағайсыз.

Қ. ҚАЛИЕВ.

Шымкент күн сайын көркейіп келеді. Бірақ оның әлеуметтік-экономикалық жағдайы дами түскенмен қаланың атмосфералық ахуалы мәз болмай тұр. Бұл туралы газетіміздің алдыңғы сандарында мамандардың келтірген дерегіне сүйеніп, кең көлемді мақала жазған болатынбыз.

Онда өткен жылдың қорытындысына сәйкес, Шымкент Қазақстандағы ең лас қалалар қатарына қосылғаны тақырып өзегіне айналған болатын. Соңғы кездері мегаполис ретінде танылған қаламызда топырақ пен су көздерінің ластануы арта түскен. Қалдық сулардың көбеюі жылдағыдан бірнеше есе жоғарылаған. Техникалық және рекреациялық әсердің кесірінен қала маңындағы бағалы ландшафтар құрып барады. Мұның өзі қоршаған ортаны сауықтыру қажеттігін туындатып отырғаны белгілі.
Осыған байланысты Шымкент қалалық әкімдігінің бастамасымен «Жасыл қала» бағдарламасы әзірленді. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Тимур Баймұханов жетекшілік еткен жобалаушы топқа түрлі тиісті саланың майын ішіп, жілігін шағатын мамандар, атап айтқанда сәулетшілер, ғалымдар, биологтар, агрономдар, бағбандар, гидротехниктер, экономистер жұмылдырылған. Жасыл желекті жайқалтуға серпін беретін ондағы сала мамандарының көпшілігі М. Әуезов атындағы ОҚМУ-нен екенін де айта кетейік.
Қаланы өз атына әбден лайық болуын қамтамасыз ететін «Жасыл қала» бағдарламасында Шымкенттің жасыл белдеуін қалыптастырудың, көшелерді көгалдандырып, саябақ аумақтарын дамытудың нақты жобалары қарастырылған. Ол нақты жүзеге асатын болса, Шымкенттің кіреберіс аймақтарында тоғайлар пайда болып, ауыл шаруашылығы жерлерінің маңында талдар алқабы құрылатын болмақ. Ал өзендердің бойынан гүлзарлар салынбақ. Жүзімдіктер мен жеміс баулары бар көшелердің саны артпақ. Жобаны жасау кезінде мамандар қала символы болып табылатын қызғалдаққа да баса мән берген. Яғни, олар «Жасыл қала» бағдарламасы аясында Шымкентте қызғалдақтар қорын құруды көздеген.
Көңілден шыққан бұл бағдарламаның орындалу мерзімі 2030 жылға дейін белгіленген. «Жасыл қала» республикалық, жергілікті бюджеттен және жеке инвестиция тартумен жүзеге асырылатын болады.

Б. СӘДУАҚАСҰЛЫ.

Президенттің «Бес әлеуметтік бастамасына» сәйкес жарияланған «7-20-25» бағдарламасымен үй алуға тек қана басында басыбайлы баспанасы жоқ, бірақ тұрақты табысы бар жандардың қол жеткізетіні белгілі. Жуырда «Қазақстан Ұлттық банкінің» ОҚО филиалы директорының орынбасары Бақыт Әлімбекова журналистерге аталған бағдарлама аясында үйлі болуға ниеттенген азаматтардың ипотекалық қарызды тек Ислам банкінен басқа барлық екінші деңгейлі банктерден алуына болатындығын мәлімдеді.

Өз кезегінде ол екінші деңгейлі банктер бағдарлама қатысушысынан комиссия үшін ешқандай да теңге ұстап қалмайтындығын да шегеледі. Сонымен қатар ол бағдарлама бойынша несие алушыға сыйақы мөлшері 7 пайызды құрайтынын, тиісінше жылдық ипотекалық қарыз да 7 пайыз болатынын айтып өтті. Қаржы маманы «7-20-25» бағдарламасы бойынша үйлі болу үшін берілетін ипотека мөлшері өңірге байланысты белгіленетінін, соған сәйкес, Астана, Алматы, Ақтау мен Атырау үшін максималды мөлшер 25 млн. теңге болса, Шымкент және басқа қалаларда 10 млн. теңге болатынын мәлімдеді.

Д. ДУМАН.

Бұдан былай екі қолға бір күрек таба алмай жүрген қазақстандықтар eGov.kz порталы арқылы жұмыс іздеуші ретінде тіркелуіне болады. Сонымен қатар аталған веб-портал көмегімен жұмыссыз азаматтардың жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына жолдама алуына да қол жеткізе алады.


Жұмыссыздар мен жұмыс іздеушілерге өте тиімді мұндай қызмет тетігі «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мен еліміздің Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің бірлесе ұйымдастыруымен іске асып отыр. Соның негізінде жұмыссыз адамдар eGov.kz веб-порталы арқылы жастар іс тәжірибесіне, қоғамдық жұмыстарға қатысу, әлеуметтік жұмыс орнына жұмысқа тұру туралы жолдама ала алады. Сонымен қатар жұмысқа орналасу туралы бағыт қағазында иемдене алады. Белгілі бір уақыттан соң сандық қызметтің көмегіне жүгінген азамат жұмыс іздеуші тұлға ретінде тіркелгені немесе жұмысқа орналасу туралы жолдамаға ие болады. Жолдама «Халықты жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде электрондық форматта беріледі.
Электрондық қызметтің бұл түрін қолдану кезінде тіркелген тұлға туралы деректер сүзгіден өткізіледі. Міне сол процесте оны пайдаланушының жұмысы мен табыс түсіретін кәсібінің жоқтығы туралы дерек жалған болған болса ол дәлелді бас тартуды алады. Бұл қызмет зейнет жасындағы азаматтар үшін қолжетімсіз екенін де айта кетейік.
Сөз соңында электрондық қызметті пайдалану үшін азаматтардың eGov.kz порталында авторизацияланып, аталған қызметті алуға өтініш беріп электрондық цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) қол қоюы қажет.

Б. СӘДУАҚАСҰЛЫ.

«Көне жетіген сыры» жастардың жігерін
жандырады

2017 жылдың сәуір айында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы шеңберінде еліміздің әр түкпірінде түрлі тың бастамалар қолға алынды. Және ол қазіргі күнге дейін жалғасып келеді. Өз кезегінде күнгейде осы бағытта талай ілкімді істер жүзеге асты. Әсіресе облыстың мәдениет саласында сананы серпілтетін тың бастамалар қолға алынып, ол аз уақыт ішінде өз нәтижесін көрсетті. Биыл рухани жаңғыру бойынша жыл бойына атқарылған жұмыстарды бір қайырып, оған қорытынды жасалғаны да белгілі. Бұл мақсатта облыс әкімінің төрағалық етуімен арнайы есеп жиын өткен болатын. Сонда айналасы бір жылдың ішінде облыста өскелең ұрпақтың патриоттық сезімін оятып, рухын көтеретін, еліміздің мәдениетін мәністеп, тарихынан терең тағылым айтатын «Көне жетігеннің сыры» атты 10 сериялы телехикаяның, «Киелі Қазығұрт», «Отырарды қорғау», «Күш атасы — Қажымұқан» атты анимациялық фильмдер және «Ұлы Жібек Жолындағы ескерткіштер» деректі фильмдері түсірілгені мәлім етілді. Бұл туындылардың барлығы облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың ұйытқылық танытып, қолдау көрсетуімен жүзеге асқан болатын. «Сақ» және «Оңтүстік-фильм» киностудияларының түсіруімен көрерменге жол тартқан бұл туындылардың барлығы дерлік жұрт талғамынан шықты. Оған негіз де жоқ емес-тін. Себебі фильмдердің мағына мазмұны терең, сапасы жоғары. Ендігі кезекте оның әрбіріне тоқтала кетсек.
Мәселен 10 сериялы «Көне жетігеннің сыры» атты киножазбада негізгі оқиға желісі Қазығұрт асуында жол жөндеу жұмысына қатысып жатқан экскаваторшының топырақ арасынан бір қапшық тауып алуымен басталады. Ішін ашып қараса жетіген шығады. Көне заман жәдігері саналатын сол музыкалық аспаптың он екі нұсқасы түгел емес екені анықталады. Ішегі мен асығы жоқ. Бірақ оның сыртқы бетінде ескі көне түркі әріптерімен жазылған жазудың іздері анық байқалады. Бұл тектіліктің белгісі саналатын жетігенің жеті асығының қай жерде жасырылғаны туралы жұмбақталған жазу болатын. Сонау IX ғасырда жазылған ол жазбада Әл Фараби бабамыз осы шумақтың шешімін тапқан мемлекеттің Мәңгілік елге айналатынын таңбалап кеткені айтылады. Фильмнің басты кейіпкерлері Самал, Нұржан, Жандос есімді үш жас сол жұмбақ жазбаның шешімін табады. Сонда жетігеннің жеті асығы облысымыздың Түркістан, Арыстан баб, Отырар, Сауран, сынды киелі жерлерге жасырылғаны белгілі болады.
Өз кезегінде бұл жас ұрпақты білім нәрін қанып ішуге, туған жердің әрбір сайы мен тасын құрметтеуге үндейді. Бойдағы патриоттық сезімді арттыратын бұл фильмде бірлікті ту етіп, досқа берік, махаббатқа адал болу ондағы көріністер арқылы шебер түсіндіріледі.

Туынды «алтын бесік ауылды» аялауға
бастайды

Рухани жаңғыру аясында дайындалған кезекті туынды – «Киелі Қазығұрт» деп аталады. Балалардың ой танымын көтеретін бұл анимациялық туындының желісі былай өріледі. Қаланың сабылған тіршілігінен бір ауық тынығу үшін көлігімен өз ауылына бет алып келе жатқан әке. Ол бір уақытта ауылдың іргесіне жеткен кезде қасындағы баласына осы ауылда туылғанын айтады. Тау етегінде орын тепкен ауыл көрінісіне ерекше таңданған балақай оның ар жағында аспанмен таласып тұрған тау туралы сұрайды. Өз кезегінде әкесі оның киелі Қазығұрт тауы екенін айтады. Өрен таудың неге киелі екеніне таңданыс білдіреді. Сонда әлігі жігіт ағасы Нұх пайғамбардың Алланың әмірімен кеме жасап, оған өзінің ұрпақтары мен жан жануарлардың сыңарын жинағанын, сөйтіп айналаны топан су басқанда жүзіп кете барғанын, ал Құдай қаһарына іліккен адамдардың селдің астында қалғанын айтады. Ал Нұх пайғамбар болса, өзі бірнеше ай бойы жасаған кемеде қалып құтқарылғанын жақсылап әңгімелеп береді. Сөйтіп бірнеше күндерден соң нақ осы Қазығұрт тауына тоқтағанын, сондықтан да оның киелі деп аталатынын түсіндіріп береді. Ата-бабадан қалған бұл аңыз керемет анимациялық көріністер арқылы өте сәтті жеткізіледі.
Балаларға эстетикалық әсер сыйлайтын «Киелі Қазығұрт» аз күннің ішінде бүлдіршіндердің көз алмайтын мультфильміне айналып шыға келді.

«Отырарды қорғау» мультфильмі отты
жастарды тәрбиелеуді

Рухани жаңғыру аясында жарыққа шыққан «Отырарды қорғау» анимациялық фильмінің де көрермендер үшін алар орны алабөтен. Өйткені онда Айбол және Жанай есімді екі баланың тұтас Отырарды жаудан қорғап алуға ықпал еткені суреттеледі. Анимация сюжеті былай өрбиді. Айдарлы бала Айболды әкесі Отырарға білім алуға аттандырады. Сол сапарда ол Жанай есімді өзі құралпы алғыр баланы жолықтырады. Сәйкестік болғанда, ол да киелі кентке біліммен сусындалуға кетіп бара жатқан екен. Жолдары тоқайласқан екеуі Отырарға келіп ат шалдырады. Бір күні қаланың кереметін тамашалауға шыққан екеуі бетін бүркемелеген әлдебіреудің Отырарды басып алу үшін соғыс өнері туралы кітапты өзге азаматқа беріп жатқанының куәсі болады. Бірден әміршіге барып жеткізейін десе бұларды баласынатынын түсініп, барлығын ақылмен шешуге бел буады. Сөйтіп әлгі бет жүзі тұмшаланған адамның кім екенін білуге кіріседі. Аз күнде оның Отырар әміршісінің уәзірі екені анықталады. Қаршадай ғана екі бала әміршіге орынбасарының теріс ниетті адам екенін дәлелдеп, оның шынайы жүзін танытып береді.
«Білектінің бірді, білімдінің мыңды» жығатыны сәтті картинкалар арқылы мәністелген бұл фильм балақайлар бойына білімді болуды, жасы үлкенді сыйлауды, қонақты құрметтеуді және досқа адал болуды санасына сіңдіреді.

Күш атасын көрген бала спортқа ден қояды

Облыс әкімінің тапсырмасымен «Сақ» киностудиясы әзірлеген тағы бір туынды ол «Күш атасы Қажымұқан» фильмі еді. Онда ұлы дала төсінде дүниеге келген бала Мұқанның табиғат берген күштің иесі екені суреттеледі. Бойындағы дарынын ол игі істерге жұмсай білген көңілі таза, кіршіксіз адам екені де керемет әспеттеледі. Оның талай ерлік пен өрлік рухы сыналған күрестерде қарсыласын жер жастандырып, жеңіске жеткен мезеттері өте сәтті шығарылады. Туынды идеясының авторы аталған фильм арқылы өскелең ұрпаққа қазақ тарихында өзіндік із қалдырған тұңғыш кәсіпқой палуанды қазіргі буынға насихаттау арқылы олардың салауатты өмір салтын ұстануға, қазақша күреске, спортқа деген сүйіспеншілігін тудыруға шақырады. Сонымен қатар туындыдағы көріністерде Отан үшін намысты қолдан бермеу жеткізіледі.
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы негізінде дайындалған кезекті телевизиялық дүние – «Ұлы Жібек жолындағы көне қалалар» деп аталады. Онда облыстағы тарихи ескерткіштер, киелі орындар мен Ұлы Жібек Жолы бойында орналасқан Сауран, Отырар, Арыстанбаб, Түркістан, Қараспантөбе, Жуантөбе, Күлтөбе қалашықтарының тарихы баяндалады. Олардың ежелгі замандарда қазақ өркениетінің өзегі болғаны оң мысалдармен келтіріледі. Ұлттық мақтанышымызды көрсету арқылы мәдениетіміз дәріптелетін бұл фильмді жұртшылық жылы қабылдайды.
Көрерменнің оң ықыласын тудырған бұл фильмдердің барлығы да әлі талай буынның рухани жан дүниесін байытып, ұлы істерге ұмсынуына түрткі болатыны анық.

С. НҰРАЙ.