Маңызды

Естеріңізде болса, осы жылдың ақпан айында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов 2019 жылы атқарылған жұмыстар бойынша халық алдына шығып есеп берген болатын.

Есеп беру жиынында шаһардағы 86 елді мекеннің 46-да сапалы электр жеткізілгенін, ал 35-де таратылып жатқан жарықтың сапасы төмен екені мәлімделген. Бұл көрсеткіш әлі күнге дейін өзгерген жоқ. Жергілікті билік «Бозарық» подстанциясының аяқталып, ел игілігіне тапсырылуы аталған санайғақтардың оң бағытта өзгеруіне сеп беретінін алға тартуда.

Қазіргі таңда Шымкентте құрылысы жүріп жатқан «Бозарық» подстанциясының құрылысы қазан айында аяқталады. Өз кезегінде бұл нысан пайдалануға берілсе 250 мың тұрғын сапалы жарыққа қол жеткізетін болады. Құрылысына 7,9 млрд. теңге бағытталған подстанция пайдалануға тапсырылса, Шымкенттегі «Тұран», «Шымкент сити», «Асар-2», «Бозарық», «Бозарық-1,2,3», «Достық», «Солтүстік саяжай», «Ынтымак-2», «Батыс», «Қайнарбұлақ» шағынаудандарында қит етсе жалп етіп сөне қалатын мардымсыз жарық мәселесі біржола шешілетін болады.

Стратегиялық маңызға ие нысан құрылысына «Аврора Констракшен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жауапты болып табылады. Жалпы аумағы 2,01 га жерде орын тепкен подстанцияда 220 кВ автотрансформатор — 2х160 МВА, 220 кВ-ӘЖ ұзындығы — 29,2 км, 220 кВ КРУЭ – 1 және 110 кВ КРУЭ – 1 жинақтары орнатылады.

 

Жүзінен жылылықтың лебі есіп, кездескен жанды өзіне етене тартып тұратын Маруа апайды біршама уақыттан бері білемін. Осы тажал індет басталмай тұрып, Аққолтық ауылында өткен бір іс-шарада апай елді елең еткізіп әсерлі сөз сөйледі. Жиналған қауым ол кісінің әңгімесін ұйып тыңдап, риза болысқаны бар. Көпті көргені кестелі сөз саптасынан-ақ көрініп тұрды.

Шара аяқталған тұста Маруа апайға жақынырақ барып әңгімеге тарттым. Ол кісі 1950 жылы 14 шілдеде Қарағанды облысы, Жаңарқа ауылының С.Сейфуллин ауылында дүниеге келіпті. В.И.Ленин атындағы орыс-қазақ мектебін 1967 жылы бітірген екен. Алғашқы еңбек жолын аталған облыстың Жаңарқа ауылында Алғабас орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып бастаған. Айтпақшы мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінде спорттың жеңіл атлетика, соның ішінде жүгіру түрінен «Спорт шеберлігі» атағын қорғайды.

Мектепте оқып жүрген кезінде Қарағандыға жарыстарға барады. Сол кезде біздің Жартытөбе ауылының жігіті, республика деңгейіндегі белгілі волейболшы, қол добының шебері, аудан спорттының майталманы Құлмаханов Асылхан ағамызбен танысады. Екі жастың арасында әуелі достық, кейін махаббат сезімі бүр жарады. Албырт көңілді жастар алғаш Қарағандыдағы «Шахтер» стадионында кездеседі. Арқаның аруын Асылхан ағамыз 1968 жылы ауылға алып келіп, қарашаңыраққа келін етіп түсіреді. Сол уақытта мұғалімдердің тапшы кезі Мәруа Ш.Уалиханов атындағы орта мектепке бастауыш сынып мұғалімі болып орналасады. Мектепте еңбек ете жүріп Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы педагогикалық университетінің математика факультетін сырттай оқып бітіреді. Педагогика саласындағы озық қызметтері үшін 1993 жылы «Аға мұғалім» атағын алады.

Мұғалімдік қызметі кезеңдерінде Орал қаласында өткен республикалық педагогикалық оқуда «Оқушыларды жекемен және топпен тәрбиелеу» атты баяндама оқып, Ы.Алтынсарин ғылыми зерттеу институтының Грамотасымен марапатталады. Сонымен қатар, облыстық мұғалімдер арасында тәжірибесі плакат түрінде таратылған. Облыстық мұғалімдер слетінің 1 орын иегері. Республикалық мұғалімдер педагогикалық оқуының «Балаларға қазақ үрдісінде сабақ беру» конкурсының жеңімпазы. Кентау қаласында өткен республикалық педагогикалық оқудың жүлдегері атанған. Соған қоса К.Ерешева атындағы республикалық атаулы мектептің мүшесі, Шымкент қаласында өткен облыстық бастауыш мұғалімдер арасында өткен педоқуда «Қазақтың салт-дәстүрлерін оқушыларға үйрету тәжірибесі» атты баяндама оқып, 1 орын иеленген.

Сондай-ақ, 1992 жылы «Жыл мұғалімі» байқауының жеңімпазы ретінде ақбоз ат мініп, Ы.Алтынсарин атындағы медальдің иегері атанады. «Жыл мұғалімі» байқауының, «Жыл кабинеті» аудандық байқауының жеңімпазы атанған. «Инновациялық әлеуметтік педагогикалық жобалар» атты байқауда 1 орын жеңімпазы атанған. Сол уаөыттағы облыс әкімінің орынбасары Дархан Мыңбайдың жетекшілігімен шыққан «Аяулы, ардақты» атты кітапқа енген. 2006 жылы Жартытөбе ауыл әкімшілігіндегі «Жұлдыз» бала бақшасына меңгеруші болып тағайындалады.

Қазір зейнеткерлік демалыста болса да қоғамдық жұмыстардан қол үзбей келеді. 1980-2010 жылдар аралығында Жартытөбе ауыл әкімдігі Әйелдер кеңесінің төрайымы болған. Атқарған қоғамдық жұмыстары орынды бағаланып, облыс әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демография саясаты жөніндегі комиссиясының Алғыс хатымен марапатталған. Қазақстан Шымкент телеарнасы ұйымдастырған «Сыбаға» байқауының 1 орын жеңімпазы атанды. «Нұр Отан» партиясының, ауыл әкімінің Алғыс хаттарын бірнеше мәрте иеленген.

М.Қайыржанова отбасына тағылымы мен тәрбиесін үйретіп, немерелерін әлдилеп отырған өнегелі әже. Спорт майталманы Асылхан Құлмаханов ағамыз (Марқұм) екеуі 2 қыз, 2 ұл өсіріп тәрбиеледі, Барлығы жоғары оқу иегерлері. Әке-шешесінің жолын қуған ұстаздар. Олардан 14 немере, 1 шөбере сүйіп отыр.

Маруа апаймен әңгімелесу барысында ата-анасы жайлы былайша сыр сабақтаған еді:- Әкем арабша хат таныған, сауатты, көзі ашық, білімді кісі болған. Сәкен Сейфуллинмен үзеңгілес, жолдас болып, колхоздастыру кезеңінде бірге жұмыс жасаған. Мақтанышпен айта кетейін ол кісі атақты Балуан Шолақтың қайнысы. Алты алашқа белгілі Ғалия сұлудың немере інісі. Балуан Шолақпен бірге жүріп сөз қағыстырған. Әкем менің Оңтүстікке кететінімді түсінде көрген екен. Ал анам Айша Рақымжанқызы байдың қызы болған екен. Бір өкініштісі кешегі зұлмат ашаршылықтан кейін бір үйлі жаннан жалғыз қалған. Ауыл-аймақ ол кісіні «Ақ Айша», «Балуан Айша» деп еркелеткен. Өзі керемет сұлу, шешен, кез-келген адамды параодия жасай беретін қасиеті бар екен. Сөздері өтімді, адуынды, көпшіл, мейірімді, ақкөңіл жан еді дейді көз көргендер. Әрине мен тағылымды тәрбиені анамнан алдым. Зердеме тоқыдым. Анам жеті перзент сүйіп, барлығын орын-орнына қондырды,-деп толғанды.

— Ал жұбайым Асылханның анасы Батима (Мәпен) апам да керемет кісі болатын, көп сөйлемейтін,сабырлы, шашы тобықтан түсетін, қара торының әдемісі тұғын. Биязы өте ақылды кісі-тін. Мені қызындай жақсы көретін. Үлкен қызым Маржанды өзі бауырына басып, емізіп, өзі өсірді. Инабаттылықты, қарапайымдылықты, ынтымақты болуды үйретті.

Мектептегі жұмысты, қоғамдық істерді алаңсыз атқаруыма көп көмегін тигізді. Мен ол кісілерден алған тәрбиемнің негізінде көп нәрсені ойға түйдім. Әсіресе менің жанымда адамдардың өзін емес, өзгені сынауға жаттыққандығы, істі атқару барысында өз мүмкіндігіне жүгінуден гөрі, сылтауды көбірек айтуға шеберліктері, өзгенің орнын көздеуге машықтанып бара жатқандығы сияқты жәйіттер алдымнан шыққанда, көпті жеңуге менің күшім жетпесі анық. Одан да ұрпақ тәрбиесі арқылы осындай, өзім жаман көретін келеңсіздіктерден аулақтатуды көп ойлаймын. Әрине, осы қасиеттің бәрі маған үлкендерден, қос анамнан қалған деп ойлаймын – деп Мәруа апай анасы мен енесін еске алып, көзіне жас алып қалды.

Мінекей ұрпақтар сабақтастығы дегеніміз осы. Маруа апай өзінің анасы мен енесінен алған тәрбиені келіндеріне үйретуді мақсат тұтыпты. Ол Созақ аудандық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған аудандық әжелер кеңесінің төрайымы. Ұстаз ана, Мәруа Қайыржанқызының ұзақ жылғы еңбегі өз бағасын алып, 2016 жылы Облыс әкімінің «Облысқа сіңген еңбегі үшін» медалімен марапатталды. 2020 жылы Созақ ауданының Құрметті азаматы атағын иеленді. Облыстық ардагерл ұйымының бастамасымен қолға алынған «Аяулы әжелер» атты кітап шығаруға бір кісідей ат салысып, Созақ ауданындағы көптеген ардақты аналардың суреттерін, өмірбаяндарын жинап, игі жұмыс жасағаны өз алдына бір әңгіме.

Тегінде, бала жанын түсініп, оның сеніміне ие болу, сол арқылы білім нәрімен сусындатып, елі ардақ тұтар азаматты қалыптастырып шығару оңай емес. Осы орайда атақты орыс педагогы К.Ушинскийдің: «Білім мен өмір неғұрлым қатар астасса, соғұрлым білім тереңірек беріледі, әрі шәкірттің есінде ұзақ сақталады» деген сөздері ойға оралады. Сол айтпақшы, мектеп бағдарламасы бойынша берілген тақырыпты түсіндірумен шектелмей, әрбір шәкіртімен сабақтан тыс уақытта да сырлас, сыралғы дос бола отырып, олардың бойына ізгілік пен адамгершілік нәрін сіңіре білді.

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демография саясаты жөніндегі комиссиясының, «Нұр Отан» партиясының, ауыл әкімінің бірнеше Алғыс хаттарын иеленді. Қазіргі таңда Созақ аудандық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған әжелер кеңесінің төрайымы қызметінде ұрпақтар сабақтастығын жалғап жүрген ұстаз-ананың әлі де кейінгі жастарға берер тәлімді істері мол. Ұлағатты ұстаздар отбасында перзенттері Бақытжан, Біржан, Маржан, Ақерке келіндері Әсел де ұстаздық қызметте. Құралай аудандық ішкі істер бөлімінде бас маман. Немерелерінің ішінде Дінмұхамед пен Арайлым атасы мен әжесінің жолын қуған спортшылар. Осылайша ұл-қыздарына, немерелеріне тағылымды тәрбие берген, бүгінде немере-шөберелерін әлдилеп отырған өнегелі әжеге елдің айтар алғысы шексіз..

 

Мақсат ЖЕҢІСҰЛЫ.

Шолаққорғандық Нұрланов Базарбай есімді азамат бүгінгідей ел басына түскен нәубеттің зоры-пневманиядан ауа жетпей қиналып жатқан жерлестерімізге тыныс алу аппараттарын сатып алуды ойға алып, ол игі бастаманы аяғына дейін жеткізу үшін. Әлеуметтік желінің көмегімен таныстары арқылы Жетісай қаласынан екі данасына тапсырыс береді. Шебер ұйымдастыру арқасында аппараттар Шымкентке жеткізіледі.

 

Әр аппараттың құны 700 000 теңге тұрады. Базарбай бауырымыз аудан халқы үшін екі данасын сатып алып үлкен азаматтық танытты. Токпен жұмыс атқаратын бұл құрылғыға ешқандай кислород баллонының керегі жоқ. Өзі ауаны жинап арнайы түтікше арқылы науқастарға қызмет көрсетеді. Өзінің жеке басты тірліктерінің барлығын уақытша тоқтатып, халық басына қайғы торлаған, қиын сәтте қасқайып халқына болысып жүрген Базарбай секілді патриот азаматтарға аудан жұртшылығы, жалпы барша жандар атынан шын жүректен алғыс білдіреміз. Шын мәнінде риясыз пейілдері.

Қос аппараттың бірін аудандық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы Қалдыбеков Талғат Әлішерұлы бастаған дәрігерлерге табысталса, екіншісі Таукент ауруханасының аға дәрігері Құрманбекова Алма Мейрамбекқызына тапсырылды. Аппараттарды қабылдап алған дәрігерлер бұл құрылғы талай адамның ауруына шипа болатынына сенім білдіріп аурухана ұжымының атынан Базарбай Нұрлановқа ризашылықтарын білдірді. Тажал індетке байланысты арнайы ұйымдастырылған Таукент кентіндегі ауруханаға жеке азаматтар мен өндіріс орындарынан көмектер көрсетіліп отырылады. «Сауран» өндірістік мекемесі өз тарапынан аурухана ішін ыңғайлап бөлуге көмек көрсетсе, аудандық мәслихат депутаты Әметжанов Байкен мырза кислород баллондарын жеткізіп беріпті. Кент әкімшілігі мен ауыл мешіті тарапынан да көмектер ұйымдастырылған екен. Сонымен қатар, аурухана сыртында кислород баллондары қосылатын арнайы бөлме қарастырылған. Ол бөлмеге тек төрт баллон ғана сияды. Күніне 30-40 баллон пайдаланылып жатыр. Түнгі уақытта өте қиын. Ендігі кезекте кислород толтыратын үлкен резервуар орнатылса құба құп болар еді.

Сонымен қатар, Нұрланов Базарбай бастаған байыпты бастаманы жеке қалталы азаматтар мен аудан көлемінде бірнеше жылдардан бері жұмыс жасап келе жатқан өндіріс ошақтары халыққа қажетті заттар мен дәрілерді сатып алу үшін қолдарын созып жатса, ел айта жүрер игі іс болар еді.

 

М. ҚАРҒАБАЙ.

Кеше яғни, 13-шілде Ұлттық аза тұту күні болғаны белгілі. Бұл датаны қаралы күн деп белгілеу туралы 8-шілдеде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған телевизиялық үндеуі кезінде мәлімдеген болатын. Өз кезегінде ол әлемнің барлық елдерін әлекке түсірген ауру біздің елге де оңай тимей жатқанын айта келе «Әр қазақ — менің жалғызым» дегендей, әр азаматымыздың қазасы жүрегіме қатты батады. Мынау алапат індет арамыздан талай асылдарымызды жұлып әкетіп жатыр. Бүгінде қара жамылып отырған азаматтарымыздың қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Сол үшін 13-шілдені Ұлттық аза тұту күні деп жариялаймын. Бірақ біздің күресіміз жалғаса береді»,-деді.

 

13-шілде Ұлттық аза тұту күніне орай ел аумағында астана уақытымен сағат 12:00-де коронавирус пандемиясынан қайтыс болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алу шаралары өткізілді.

Бұл Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бергі тарихында жарияланып отырған тоғызыншы қаралы күні.

Егемендік алғаннан кейінгі ең алғашқы Жалпыұлттық аза тұту күні 2006 жылы 22-қыркүйекте жарияланды. Сол жылы 20-қыркүйекте Қарағанды облысы, Шахтинск қаласындағы, Ленин атындағы шахтада метан жарылып, 41 кенші қайтыс болып, 7 жұмысшы зардап шеккен. Жарылыс шахтада 368 адам болған кезде орын алған.

Екінші қаралы күн 2008 жылдың 14-16 қаңтарында жарияланды. «Абай» шахтасындағы 400 метр тереңдікте болған метан жарылысы 30 шахтерді ажал жастығына бас қойғызды. Қайғылы оқиғаны қалың жұрт үш күн аза тұтты.

Үшінші қаралы күн Қызылағаштағы су тасқынына байланысты 2010 жылдың 16-наурызына белгіленді. Сол жылдың наурыз айының 11-нен 12-не қараған түні бөгеттің бұзылуынан орын алған сел 45 адамның өмірін қиды. Оның ішінде 8-і бала болған. Ауыл тұрғындарының есін екеу, түсін төртеу еткен бұл апаттан 300 адам түрлі дәрежедегі жарақат алған.

2012 жылдың 28-мамырында қазақ-қытай шекарасындағы «Арқанкерген» шекара бекетінде бір түнде 14 шекарашы мен қорықшы қаза тауып, оған заставада жалғыз тірі қалған Владислав Челах кінәлі деп танылды. Қанды оқиғаға байланысты сол жылдың 5-маусымы қаралы күн болып аталды. Қазіргі таңда Владислав Челах Қостанай облысы, Жітіқара қаласының маңындағы ерекше режимдегі «Қара бүркіт» колониясында жазасын өтеуде. 2012 жылдың желтоқсанында сот В. Челахқа өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы үкім кескен.

Сол жылы 25-желтоқсанда Шымкент маңында бортында 27 адам болған АН-72 әскери ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ ішіндегі адамдардың барлығы қаза болған. Ажал құшқандардың ішінде еліміздің ҰҚК Шекара қызметінің басшысы Тұрғанбек Стамбеков болған. Бұл жағдайға байланысты аза тұту 27-желтоқсанда жарияланды.

2013 жылдың 31-қаңтарында SCAT компаниясының Көкшетау-Алматы бағытындағы әуелайнері Алматы әуежайы маңында апатқа ұшырап, бортта отырған 21 адам (16 жолаушы, 5 адам экипаж мүшесі) жан тәсілім етті. Есік қағып кіргелі тұрған жаңа жыл қарсаңындағы бұл күн Қазақстан тарихындағы алтыншы қаралы күн болды.

2016 жылдың 5-маусымында Ақтөбеде ай-күннің аманында лаңкестік орын алды. Содырлар қаладағы қару-жарақ дүкендері мен әскери бөлімшеге шабуыл жасады. Олардың қолынан 8 бейбіт адам қаза тапты. Адамдардың қаза болуына байланысты 9-маусым аза тұту күні болып жарияланды. Ақтөбедегі лаңкестік оқиға қатысушы азаматтардың барлығы сот үкімімімен бас бостандығынан айырудың әртүрлі мерзіміне сотталды.

Былтыр 27-желтоқсанда таңғы уақытта «Bek Air» әуе компаниясының Fokker-100 ұшағы ұшып үлгермей апатқа ұшырады. Алматыдағы әуежай маңына құлаған ұшақ Нұр-Сұлтан қаласына бет алған еді. 12 адамның өмірін қиған бұл апатқа байланысты 28-желтоқсан қаралы күн болып жарияланды. Бұл Қазақстандағы сегізінші қаралы күн болды.

Жуырда республикалық «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан аса қайғылы жағдайда ғана жарияланатын аза тұту күнінде тәртіп бойынша мемлекеттік мекемелердегі туымыз төмен түсіріліп, руспубликалық арналардағы көңіл көтеретін бағдарламалар эфирден алынып тасталатынын, бірақ қазалы күннің тәлімі осымен шектелмеуі керектігін алға тартады. Ол бұл туралы ойын «Бірінші кезекте әдеттегі саяси науқаншылдықтан ада-күде арылу керек. Осы бір қиын-қыстау күндерде бастарын бәйгеге тігіп жандарын өз еркімен жадыға қойған сұрапыл майданның алдыңғы шебінде жүргендей күй кештірген дәрігерлер қауымына айрықша бас иіп құрмет көрсету керек. Қаншама ақ халат киген аяулы жандар бақилық болды… Сонымен қатар күндіз-түні от басып жүріп шоқ шайнап ақпарат таратып жүрген журналист әріптестеріміздің де еңбегіне ерекше баға беретін мезгіл бұл.

Ішкі істер саласы мен қорғаныс және қауіпсіздік қамында жүрген әскери қызметшілердің де еңбегі ересен. Олардың да жанына үңіліп тағдырлары таразыға салынып түн жамылып түс қашып жүріп атқарған еңбектері ерекше сезілуге тиіс. Отан күзетінде жүргендердің бәрі бірдей опасыз емес қой…» деген жолдармен жеткізеді.

Ой байламы терең азамат «Қысқасы дәл осы Аза тұтқан сәттен кейін күллі Алаш жұрты қайта түлеп ішкі жан дүниесін жаңғыртып мәдениеттіліктің ерен үлгісін ертеңге ұластырсақ жаңа сапалық мінездермен қаруланып бөтен мінезден арылсақ… міне сонда ғана Азалы күннің қазалы сәтінің қайырлы болғаны.

Ойланайық!»,- деп ой тастайды.

Н. ҚАЛДАН.

Биыл елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары жылдағы көрсеткіштен бірнеше есеге өскен. Өткен айда еліміздің ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жыл басынан бергі республикадағы криминогендік ахуал бойынша есеп беру жиыны кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық 25 пайызға өскенін алға тартты. Ведомства басшысы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болғандарға құқықтық, психологиялық көмек көрсететін дағдарыс орталықтарының шұғыл желі нөміріне адамдардың қоңырау шалып, көмек сұрауы төтенше жағдай кезінде күрт көбейгенін мәлімдеді.

Осы жылдың ақпан айының соңында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов соңғы үш жылда 7 мыңнан астам тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегі тіркелгенін мәлімдеген болатын. Бірақ бұл мәлімдемеден соң жағдай жақсара қоймағаны осы санаттағы деректердің арта түскені көрсетіп отыр. Айтпақшы, еліміздің ішкі істер министрі түрмыстық зорлық-зомбылық бойынша ерінің езгісіне тап болған әйелдер еліміздегі дағдарыс орталықтарына шағым түсірген кезде барлығы бірдей полицияға жүгіне бермейтінін, тек 10 адамның 2-уі ғана құқық қорғау органына арыз түсіретінін жеткізді. Мұндай деректер күнгейде көп тіркеледі. Олар күйеуінің үстінен шағым түсірсе, отбасына орала алмай қаламыз деп қорқатынға ұқсайды.

Бұл деректі Шымкенттегі «Сана сезім» әйелдер бастамалары құқықтық орталығы мамандары да қуаттайды. Орталықтың адам саудасының алдын алу бойынша жоба жетекшісі Раушан Худайшукурованың бізге берген мәліметтеріне сүйенсек осы жылдың бес айында орталыққа тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болған 216 адам хабарласқан (Телефон: 8 (7252) 55 12 00). Бұл туралы ол «Мәселен, қаңтарда бізге тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған 20 адам хабарласса, ақпанда -32, наурызда -29, сәуірде-44, мамырда-49, маусымда-42 адам хабарласқан. Бізден қолдау күткен әйелдер Түркістан облысы мен Шымкент қаласының тұрғындары. Өз кезегінде орталықтағы мамандар оларға құқықтық, психологиялық, әлеуметтік бағыттар бойынша көмек көрсетеді»,-дейді. Әдетте тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандары болғандардың басым көпшілігіне құқықтық көмектер көрсетіледі. Мұның өзі отбасында әйелдер қауымы құқының тапталып жатқанынан хабар береді емес пе?

Қазіргі таңда елімізде 22 дағдарыс орталығы бар. Бұл орталықтар тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зәбір көрген әйелдер, балалар мен қариялардың уақытша бас сауғалайтын орны болып табылады. Солардың бірі Шымкенттегі «Самғау сенім» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы. Өкінішке орай, әлімдік пандемияға байланысты аталған орталыққа наурыз айынан бастап отбасындағы зорлық-зомбылықтың құрбандары болған жандар орналастырылмауда. Бірақ мекеменің директоры Айнұр Қарымсақова орталық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қабылдамағанмен ондай жағдайға тап болған барлық қыз-келіншектерге қолдау көрсетіп, бағыт беретіндіктері айтуда. Бұл туралы Айнұр Ахметбайқызы:

– Онлайн түрде психологиялық, құқықтық көмек көрсетіледі. Бұл үшін қызмет алушылар тәуліктің кез келген уақытында 150 ұлттық бірыңғай сенім телефондарына тегін хабарласа алады. Немесе www.telefon150.kz сайтына хабарласуына болады. Ол жерде қызмет алушыларға психологиялық және құқықтық көмекпен қатар, учаскелік инспекторлардың, дағдарыс орталықтарының және басқа да қажетті ұйымдардың байланыс телефондары ұсынылады. Әрбір қоңырау шалған адамға мамандар көмек көрсетеді. Негізінде орталықта 70 адамға арналған жатын орын бар. Бұл жерге көбіне көп әйел адамдар балаларымен орналастырылады. Қазіргі таңда бізде екі әйел балаларымен жатыр. Жуан жұдырығын ала жүгіретін күйеулерінен зорлық көрген. Олардың тамағы, жатын орны барлығы мемлекет есебінен қамтамасыз етіледі,-дейді.

Сонымен қатар ол, тұрмыстық зорлық-зомбылық тек ер адамдар тарапынан бола бермейтінін, әйелдер жағынан да ағаттық кететінін жасырып, жабуға болмайтынын тілгі тиек етті. Ал «тұрмыстық зорлық-зомбылықтың себебі не?» деген сұраққа орталық директоры «Отбасындағы кикілжіңнің ушығуына түрлі жағдайлар түрткі болады. Маскүнемдік, қаржының жетімсіздігі және т.б әлеуметтік проблемалар»,- деп жауап берді.

Орталықта 6 ай тұрақтауға ғана болады. Бірақ ол жерге келген әйелдердің барлығы осыншама уақыт бойына сол жерді пана етіп отыра бермейді. Біршама уақыттан соң отағасымен жарасып, татуласып кететіндері де көп екен. Сүйінерлігі, бұған орталық мамандары да өз үлестерін қосатын көрінеді.

«Орталықты уақытша паналауға келген әйелдерді біз көп ұстамауға тырысамыз. Алты ай деп құр қарап отыра бермейміз. Бірден ажырастырып жіберуге де бел бумаймыз. Мәселен, әйелдер келген кезде онымен біздің психолог, заңгерлер жұмыс істейді. Бірнеш күн әйел тынығып, өз өзіне келгенін күтеміз. Оларды татуластырып, қайта жарастыруға тырысамыз. Бізге келген келіншектердің көпшілігі жолдасымен жарасып кетеді. Бұған өз ықпалымызды тигізіп жатқанымыз бізді қуантады. Кейбір әйелдердің күйеуі, ата-енесі іздеп, кешірім сұрап келеді. Олармен де біздің психологтар жұмыс жасайды. «Самғау сенім» орталығының ең басты мақсаты – бас сауғалап келген жандардың жақынымен бітімгершілікке келіп, тату-тәтті күн кешуіне ықпал ету».

Осылай деген Айнұр Ахметбайқызы тұрмыстық зорлық-зомбылық әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларда ғана болады деген қасаң түсінік екенін, төрт құбыласы тең болып отырған жанұяларда жанжал кездесетінін айтты.

Жуырда Түркістан облысында отағасының үш жыл бойына өгей қызын зорлап келген озбырлық әрекеті әшкере болды. Қатыгез жаннан көрген қорлықты 14 жастағы өрімдей қыз өзі айтқан. Жас өскіннің өмірін ойыншыққа айналдыруды өгей әке 2016 жылдан бастаған. Ол кезде қыз небәрі 6-сыныпта оқып жүрген. Ойламаған жерден өмірі күрт өзгерген оқушы өгей әкесінен қорыққандықтан айтқанына көніп, айдауына жүре берген. Қазір де қорқыныштан арылмаған. Бірақ артынан еріп өсіп келе жатқан сіңлісі де өзінің басынан кешкен тағдырын қайталай ма деп алаңдап, шындықтың бетін ашуға бел буған. Болған жағдай туралы қыздың биологиялық әкесі полицияға арыз түсірген. Қазіргі таңда осы іс бойынша қылмыстық іс қозғалған. Іс бойынша күдікті жәбірленушінің өгей әкесі. Айтпақшы, өгей әкенің «ермегіне» айналған қыз бұл жағдайдан анасының хабардар болғанын да жасырмай жайып салады. Енді ананың осындай озбырлықты ішіне бүгіп жүре берген ақылға сыйымсыз тірлігі де май шаммен қаралатыны анық.

Өгей әке өгейлігін көрсетеді… Елімізде осы сөзді еріксіз тіл ұшына оралтатын оқиғалардың жиі орын алатыны өкінішті.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықты айта келе, сөз арасына осы бір оқиғаны сыйғыза кетуіміздің өз себебі бар. Отбасындағы жанжал, ұрыс-керіс, берекесіз тірлік пен баянсыз оқиғаларға дер кезінде тоқтау болмаса оның соңы шаңырақтың шайқалуына апарады. Екі бөлек кеткеннен ересектер есеміз кетпейді деп ой түюі мүмкін. Ал етектегі бала мен жетектегі жасөспірім тағдыры ше… Тірі жетім болып жүрген жәутең көздерге жұрттың бәрі қамқор әрі тілектес бола қоймасы анық қой. Қатыгездікке бой алдырған бойкүйездер олардың осы бір «панасыздығын» өз пайдасына асыруы әбден мүмкін ғой.

Сондықтан да тұрмыстық зорлық-зомбылықты тудырмаудың жолын табу, оған балта шабуға әрбіріміз үлес қосуымыз керек.

Осы бағытта Түркістан облыстық Полиция департаменті өткен айда «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» атты республикалық акция аясында аудан, қалаларда профилактикалық шаралар өткізді. Үш күнге жалғасқан акция шеңберінде әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыру және зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тәртіп сақшылары кез келген азамат отбасында қысым көрсе ауызша арызбен 102 нөмірі бойынша дереу полицияға хабарласуына немесе qamqor.gov.kz порталы арқылы онлайн-арыз беруіне болатынын, бұдан бөлек әрбір адам құқық бұзушыға шара қолдану үшін полиция қызметкерлерінің тұрмыстық зорлық-зомбылық жасалған жерге келулерін талап етуге құқылы екенін ескертеді.

С. НҰРАЙ.

Қазіргі таңда Түркістан облысында эпидемиологиялық ахуалды жақсарту үшін тиісті шаралар жасалуда. Дей тұрғанмен коронавирус, ЖРВИ мен пневмания дерті асқынып тұрған осы шақта халыққа аса қажетті дәрі-дәрмектердің бағасын қолдан қымбаттатып жатқан түрлі қитұрқылық әрекеттер болып жатқаны белгілі. Билік қарапайым тұрғындардың осындай заңсыздықтардың құрбаны болмас үшін ашық байланыс қызметтерін ұсынып отыр. Ендеше заңсыздыққа дес беретін деректерді біліп, қаперіңізге түйіп жүріңіз. Бұның өзіңіз үшін де, қоғам үшін пайдасы болмаса, зияны тимейтінін ұмытпағайсыз.

– Түркістан облысы аумағындағы дәріханаларда заңсыздықтардың куәсі болсаңыз (бағаны бірнеше есеге қымбат сату) тез арада 109, 102, және агенттіктің 1424 Call-орталығы немесе Whatsapp-қа қосылған +7 776-837-09-00 нөмірге хабарлама қалдыра аласыз;

– Емдеу мекемелерінде дәрі жетіспеушілігі немесе бағалардың негізсіз көтерілуі орын алса, кез-келген азамат Amazing Turkistan электронды қосымшасының «Дәріхана» айдарындағы «Шағымдану» бөлімі арқылы шағым қалдыра аласыз;

Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде ЖРВИ, пневманияға шалдыққанда қандай дәріні ішу керектігі туралы кеңестер көбейіп кетті. Сонымен қатар «емдеу мекемелерінде коронавирус індетіне тойтарыс мынадай дәрілердің көмегімен жүргізілуде» деген сарындағы ақпараттар да көп. Кез келген дәрінің жанама және кері әсері болатынын білетін жұрт ондай ақпараттарға құлақ асып, өз бетінше ем-дом жүргізе бермейді. Бірақ артық сабылғысы келмеген азаматтар оған сеніп, желідегі жазбалар арқылы аурудан жазылудың амалына кірісіп, уақыт жоғалтып алуы мүмкін. Дей тұрғанмен, мамандар өз бетінше ем алу қауіпті екенін ескертеді. Ендеше, адамдар өзін жайсыз сезініп, өне бойында тұмау, пневмания немесе коронавирус белгілеріне ұқсас симптомдарды байқаса ең әуелі не істеу керек? Бұл сұрақтың жауабы түсінікті әрі тұщымды шығуы үшін назарларыңызға Түркістан қалалық ауруханасының бас дәрігері, Жанболат Ділдәбековтың кеңесін ұсынамыз.

 

– Қазіргі таңда Түркістан қаласында пневманияға шалдыққан науқастардың саны көбеюде. Ағзада өкпе қабынуының белгілері байқалғанда адамдар ең әуелі дәрігерге барып көрінуі керек. Мамандардан кеңес алу керек. Пневманияның бастапқы белгілері тұмау ауруының симптомдары сияқты басталуы мүмкін. Болмаса әлсіздіктен немесе толық денесінің қақсауынан басталады. Адамдар ағзасында осындай бір белгілер пайда болғанына көз жеткізсе, өзі танитын кісілердің кеңесіне емес, тіркелген емханасы бойынша дәрігерден кеңес алып, тағайындаған ем бойынша ем қабылдауы керек.

Қандай да бір ауру бойынша мамандар тағайындаған ем барлық азаматтарға бірдей бола бермейді. Әртүрлі болады.

Пневмания – бұл өкпе тіндерінің қабынуы. Оны бактерия немесе вирус туғызуы мүмкін. Бактерия туғызған пневмания емге тез көнеді. Ал вирус тудырған пневмания емге көнуі қиын. Вирустың да түрі көп. Коронавирус тудырған пневмания жұқпалы аурулар госпитальінде мамандандырылған емді талап етеді.

Қазіргі таңда пневманияға қолданылатын дәрілердің тізімінде антибиотиктер бар. Антибиотиктер бактерияларға, жұқпалы ауруларға қарсы қолданылады. Егер науқас пневманияның вирусты түріне шалдықса, оған вирусқа қарсы қолданылатын дәрі-дәрмектер тағайындалады. Сондай-ақ, күннің ыстығына байланысты өкпе қан-тамырларындағы қанның қоюлануын сұйылтататын дәрілер қолданылады. Оны науқас қабылдау үшін міндетті түрде маманның келісімі болуы керек.

Сонымен қатар, қақырықты сұйылтатын да дәрілер бар. Оны рецептсіз іше берсеңіз жүрек, бүйрек, бауырға кері әсерін тигізуі, салдарынан дертке дерт жамап алуыңыз әбден мүмкін.

Қазіргі таңда адамдардың көпшілігі дене қызуы көтерілсе, дәрігерге емес, дәріханаға барып, «тұмаумын» деп қажетті дәрілерді сұрап, сатып алады. Сөйтіп, тұмаудың дәрісін алып өз бетінше емін қабылдайды. Дәріханалардағы провизорлар, фармацевттер өздерінің кеңестерін бере береді. Оларға сөрелердегі дәрілерінің өткені олжа. Ал сіз бармақ тістеп қалуыңыз мүмкін. Сондықтан дәріханаға бармас үшін, алдымен дәрігерге барыңыз.

 

Осылай деген дәрігер бұл ауруды ауыздықтаудың ең бірінші жолы санитарлық-гигиеналық шараларды қатаң сақтау екенін баса айтты. Олар қолды мұқият жуу, антисептиктермен өңдеу, көпшілік жиналған жерлерде медициналық маскаларды қолдану және оны жиі ауыстыру, әлеуметтік ара қашықтықты сақтау болып табылады.

Қ. ҚАЛИЕВ.

«Алтыным! Өмірді сүй! Адамды құрметте! Өзіңе сен! Көңіл отын тұтандыратын жағымды сөз, жақсы ой. Жымия түс, шаттана түс, өзгеге кінә артпай, айналаңа жақсылықпен қара».

Бұл қаратпа сөздермен өрілген жолдардың иесі мектеп мұғалімдері мен оқушылардың қолынан түспейтін «Алтыным» жинағының авторы, өмірлік құндылық тақырыбында онға жуық кітаптар жазған белгілі қаламгер, педагог, сазгер, ақын, қоғам қайраткері, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар Академиясының профессоры Әкім Ысқақ болып табылады.

 

Әкім Әбдіқайымұлы Ысқақ 1960 жылы 3-қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан облысы), Ордабасы ауданы, Бөржар ауылында дүниеге келген. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан соң, Шымкент педагогикалық институтын, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде жоғары білім алған.

Ол республикалық «Жігер» фестивалінің дипломанты (1985 ж), Самарқандта өткен Орта Азия және Қазақстан жастары өнер және поэзия фестивалінің лауреаты (1989 ж), С.Ерубаев атындағы жастар сыйлығының лауреаты (1993 ж.) атанған. Бұдан бөлек ол, 1992 жылы «Лениншіл жаста» жарияланған «Ерте есейген қыз», «Темір табыт», «Генерал Сабыр Рақымов», «Асқаровтың кадры», «Атамекен, елім бармысың?» атты өткір материалдары үшін Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты атанған.

Шындығында Әкім ағамыз ауыз толтырып айтатындай керемет жетістіктерге ие болған тұлға. Қарапайым мұғалім болып жұмыс жасаған ол шығармашылық ізденісінің, өзін өзі тануының, қоғамдағы белсенді жұмысының арқасында отыздың ішіндегі жігіт шағында-ақ депутат болып сайланып, Парламенттің төрінен бірақ шыққан. Оның 1997 жылдың 13- желтоқсанында тұңғыш рет қазақ тілінде дайындаған жобасы қаншама кедергілерге қарамай, бір жылға жуық талқылаудан соң «Қазақстан Республикасының Халықтың көші-қон туралы» заңы ретінде қабылданды. Заңның құқықтық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етуден бөлек ең басты ерекшелегі қазақ тілінде жазылғандығы, төл тілімізде талқыға салынуы еді. Осылайша Әкім ағамыздың арқасында қазақ тілінде заң жазуға болатынына жол ашылды.

Ағамыздың бойындағы өнерге деген сүйіспеншілігіне таңдай қағамын. Жұртшылықтың көңілінен шығып жүрген «Көк тудың желбірегені», «Әдемі-ай», «Соңғы вальс», «Көңіл қымбат», «Іздеймін сені», «Жан әке» және т.б. әндердің авторы болып табылатыны соның жарқын мысалы.

Жуырда мектебімізде өмірі өнегелі ағамызбен кездесу кеші болып өтті. Жалпы Әкім ағамыздың «Жүректегі жазулар», «Адам іздеп жүрмін» атты кітаптары мектеп мұғалімдері үшін бұрыннан таңсық емес. Әсіресе, республика мектептерінде, тәрбие орталықтарында «Өзін-өзі тану» пәнінің оқулығы ретінде қолданылып жүргені белгілі. Кездесу Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты, «Өзін-өзі тану» пәнінің ұстаздарынан құралған шығармашылық топтың және әдіскері Алтынай Кисабекованың ұйымдастыруымен өткізілді. Мақсат – Әкім ағамыздың шығармашылығымен тағы бір жақын таныса отырып, рухани азық алу.

Еркін форматта өткен кездесу барысында ол кісі жиналған қауыммен ашық сырласып, өзінің өмір жолы мен шығармашылығы туралы әсерлі де мәнді әңгіме өрбітті.

Ол диплом алған соң, ауылдағы мектепте 10 жыл бойына физика, астрономия және еңбек пәндерінің мұғалімі болып қызмет еткендегі жинаған тәжірибелері туралы әңгіме тиегін ағытты. Ұстаздық еткен жылдарындағы оқушылар арасындағы тәрбие жұмыстары, психологиялық ауан, әр сыныптағы «ерке баланың» ерекшеліктері туралы тұжырымын ортаға салды.

Оның ұстаз ретіндегі мол мағынаға толы әсерлі әңгімелері біздің ұжымдағы қызметкерлерге бағдар алуға, игі бастама жасауға оң әсерін берері сөзсіз.

Ұстаздық еткен жылдарын еске алған кезде ардақты ағамыздың көзінен балаға деген ерекше мейірім, риясыз сүйіспеншілігін көру қиын емес. Бүгінге дейін ол өзінің шәкірттерімен телефон арқылы сөйлесіп, ғаламтор арқылы байланыста болатыны оның мектептің шамшырағы болған мұғалім екенін аңғартады емес пе?!

Иә, ағамыздың әрбір сөзінен ұлағатты ұстаз деген арда атқа кір келтірмеген абзал азамат болғаны байқалып тұр. Өйткені ұстаздың міндеті балаға бірінші білім беру емес, ең алдымен баланы жақсы көру. Сонда ғана білім жанданады.

Кітаптары адамның санасына сәуле шашатын қазынаға тең Әкім аға республикаға белгілі Ысқақтар ұстаздар әулетінің үшінші ұрпағы екен. Атасы Сұлтан Ысқақ Оңтүстік Қазақстан өлкесінде халық ағарту саласының белсенді ұйымдастырушысы, аймақта бірнеше мектептер ашқан, Қазақстанның еңбегі сіңірген мұғалімі болған. Ал әкесі Әбдіқайым Ысқақ білім саласының қайраткері, білім беру ісінің үздігі, Ордабасы ауданының Құрметті Азаматы атанған елге сыйлы ардагер ұстаз.

Осынау елге сіңірген еселі еңбегі зор адамдардың кіндігінен тараған текті азамат кездесуден соң ұстаздарға ризашылығын білдіріп, бірнеше кітабын қолтаңбамен сыйға тартты. Біздерге жақсы сөз арнап, игі тілек білдірді.

 

Мейрамкүл АХМЕТОВА,

Шымкент қаласындағы №55 жалпы орта мектебінің Өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі.

 

«Мен пайғамбардан бастасам, Әңгімеге кетемін, Едігеден бастасам, Ертегіге кетермін. Келтесінен қайырсам, Сөз түбіне жетермін»,- деп Үмбетәлі жырау айтқандай, әріге бармай-ақ тарихи өлшем тұрғысынан жаңа Қазақстанды сөз еткенді жөн санап отырмын.

 

Біздің халықтың әулеті асып, дәулеті тасыған дәурені де бар, басынан бағы тайып, тар заманға тап болған қилы кезеңі де көп. Сондай қилы замандарда бақыт ұшып, байлық көшкенмен, Сіз бен Біз қалыппыз. Халық қалыпты. Бұл біздің басты бақытымыз.

Біз үлкен істі іске асыруға белді буғалы тұрған жұртпыз. Ұлттық сана-сезіміміз оянып, арғы-бергі тарихымызға көз жібердік. Ешкімге де есе жібермейтін еңселі ел екенімізді, ұйыған ұлт бола алатынымызды бағамдадық. Жоғарыда отырғандардың барлық сөзіне сеніп, дегеніне көніп, құлақты бір қағып қойып, қойымызды қайырып жүре беретін кешегі қор күніміз келмеске кетіп барады. Егеменді ел атандық. Зайырлы мемлекетпіз. Осы тұста болашақпен бірге өткенге үңіліп, келешектің тәуекеліне ұмтылуымыз керек-ақ. Жүрегіміз лүпілдеп, ел болып еміреніп, халық болып тебіренуіміздің терең сыры бар. Заманға сәйкес жаңғыру міндеті барлық мемлекеттердің алдында тұр. Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін процесс.

Тарихсыз халық болмайды. Тарих өздігінен жасалмайды. Қатпарлы тарихты елден ерек туған дара тұлғалар, дана перзенттер жасайды. Қазақ даласы ондай кемел азаматтарға ешқашан кенде болып көрмеген. Осы орайда қазақ тарихының алтын діңгегіндей болған еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай «Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді»,- деп бекер айтпаса керек. Игі бастаманың қымбат мұрасын үкілеп ұстау, қадір-қасиетін өзіміз тану, өзгеге таныту, олардың әрқайсысын ардақтау, қастерлеу, тарихтың шаңында көміліп қалмау үшін рухани жаңғыру – біздің баршамыздың елдік, әрқайсысымыздың перзенттік парызымыз.

Рухани жаңғыруда қойылып отырған маңызды мәселенің бірі «сананың ашықтығы». Жаһандану үрдісіндегі басты талап әлемдік тілдерді игеруге ұмтылу. Бұл біздің ғаламдық үрдіске толыққанды араласуымызға жол ашады. Әлемдік озық тәжірибе мен жетістіктерге қол жеткізуімізге мүмкіндік туғызатыны анық.

Осының бәрін ұраншылдыққа салынбай, даурықпай, салиқалы атқаруымыз керек. Бәрімізді де асылымызды шаша-шаша, елді адыра, жерді тоздыра жаздаған теперішке толы тарихымыздан тағылым алуға, қолда бар қазынамызды қастерлеуге, елім деген ерлерді қырық жілікке бөлмей, рухани жаңғыруға шақырар едім. Ардақтар аңсаған асыл армандарға ұрпақтар жетуі керек. Елге күлкі, есекке таң болмайық. Өзімізді өзіміз жарылқамасақ, сырттан келіп ешкім бізді жарылқамайды.

Ақсұңқар РАЙЫМБЕКҚЫЗЫ.

 

Ағымдағы жылдың 13-наурызында елімізде коронавирустың тырнағына іліккен алғашқы науқас тіркелді. Өзге елдерде асқынып, ауыздықтауға мұрсат бергізбей отырған бұл індет бой бермей кетпес үшін елімізде 16-наурыздан бастап төтенше жағдай жарияланды. Қазақстандықтардың қауіпсіздігі үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен енгізілген төтенше жағдай режимі 15-сәуірге дейін белгіленді. Govid-19 індетінің таралуы шарықтау шегіне жетпегені ескеріліп, төтенше жағдай режимі 1-мамырға дейін, кейіннен 11-мамырға дейін ұзартылған.

11-мамыр күні елімізде төтенше жағдай режимі алынды. Бұл күнді ел халқы көп күтті. Себебі, қазақстандықтар үшін тәуелсіздік алған жылдан бастап карантин құрсауында отыруды алғаш рет бастан өткеру оңайға соқпады. Төтенше жағдай режимі алынған сол күні яғни, 11-мамырдағы жағдай бойынша елімізде коронавирус жұқтырған науқастар саны 5207, емделіп шыққандар 2074 адамды құрады. Сол күнгі статистикада індеттен 32 адамның қайтыс болғаны хабарланды. Одан бұрын сол кездегі денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус шарықтау шегіне жеткенде науқастардың саны 3500 адамнан аспауы тиістігі туралы мәлімдеген болатын. Былайғы жұрт министрдің сол кездегі мәлімдемесін негізге ала отырып, қауіпті кезеңді еңсердік деп арқаны кеңге салды. Алайда…
Маусым айынан бастап еліміздегі эпидемиологиялық ахуал алаңдатарлық халге жетті. Коронавирус індеті күн сайын көбейіп, көз жұмғандардың да қатары арта түсті. Кешегі жағдай бойынша елімізде коронавирусты жұқтырғандар саны 21327-ге жетті. Жазылып шыққандар саны 13008 адамды құраса, көз жұмғандар 183 адам. Бірқатар ақпарат құралдары симптомы жоқ «тасымалдаушыларды» қоса есептегенде елімізде коронавируске 37 966 адам шалдығып отырғанын жазуда.
COVID-19 дертімен қатар қазақстандықтардың ЖРВИ, тұмау, пневмания сырқатына шалдығу көрсеткішінің күрт көбеюі жығылғанға жұдырық болып отыр. Мұндай жағдай байқалған алғашқы өңірлердің бірі Түркістан қаласы еді.
Көп ұзамай Шымкентте де өкпе қабынуы, тұмау дерті дендеп, науқастар саны көбейе түсті. Олармен қоса коронавирусты жұқтырғандардың төмендемеуі де қаладағы эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына апарды. Шымкент билігінің бетпе бет келген қиындықпен күрес жұмыстары кезінде көптеген келеңсіздіктердің беті ашылды. Олар қандай?
Біріншіден, көп жұрт дәріханаларда осы сырқаттарға қарсы дәрілерге қол жеткізуінің қиындап бара жатқанын алға тартуда. Сонымен қатар дәрі бағасының қымбаттап жатқаны туралы да желіде біраз адам жазба қалдыруда. Бұдан бөлек, ЖРВИ, тұмау, пневманияға шалдыққан науқастардың ауруханаға жатқызылуы мұңға айналып, талай адамдардың сабылып жүргені туралы жанайқайлар айтылып, биліктегілерге ренішін жеткізуде. Жедел жәрдемнің жедел болмай жатқаны, тіпті шақыртуларға келмегені жөнінде де шағымдар қарша борады. Ал билік бұл шағымдарға қандай уәж айтты?
Өткен аптаның жұмасында Шымкент қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Ләззат Қашқынбаева журналистерге Шымкентте дәрі қоры жеткілікті екенін айтты. Тіпті «парацетамол жоқ» деген сөзді дақпырт деп, қалада аталған дәрінің жетерлік екенін яғни, 240 мың қаптамасы бар екенін айтып, нақты мәліметті келтірді. Дәрі қоры жеткілікті болса, «дәріханаларда дәрі жоқ» деген сөз қайдан шықты? Ләззат Қашқынбаева мұны қоймадағы тауарлар дәріханаға жеткізілген соң тез таусылып жатқанымен түсіндірді. Және ол дәріханаларда дәрілердің тез таусылуын ЖРВИ, пневмония және тұмау аурулары бойынша рецептсіз босатылатын дәрілерді жұрттың жаппай сатып алуымен байланыстырып, барлық келеңсіздікке халықты кінәлі еткізіп қойды.
Сонымен қатар ол, 2019 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 104-бұйрығымен 6191 дәрілік заттардың түріне шектеулі бағалар белгіленгенін, егер Шымкенттегі 730-ға жуық дәріхананың қайсыбірі осы шектеуді ескермей, дәрілердің бағасын негізсіз көтеретін болса айыппұл салынатынын ескертті. Осы ретте елімізде 7790-нан астам дәрілік зат тіркелгенін, оның ішінде 6033 препарат дәрігердің рецептісі бойынша берілетінін, ал 1759 түрі рецептсіз босатылатынын айта кетейік.
Іле, Шымкент қаласының тұрғындары дәріханалардағы дәрілік заттардың бекітілген шекті бағасынан асып кеткенін байқаған жағдайда 30-03-04, 21-23-37 бірыңғай байланыс нөміріне шағымдана алатыны туралы хабарлама таратылды. Бұл бірыңғай байланыс орталығы дәріханалардағы дәрі тапшылығы мен ондағы бағалардың негізсіз өсуіне қаншалықты тосқауыл қоятыны әзірге белгісіз.
Кешегі аптаның сенбісінде қала әкімі Мұрат Әйтенов Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталық алаңында журналистерге шаһардың эпидемиологиялық ахуалы туралы баспасөз брифингін өткізді.
Шымкент басшысы «қалада инфекциялық -650, провизорлы-1690 төсек орын бар. Бүгін 500 провизорлы орын ашамыз. Ал жексенбі күні 200, дүйсенбі күні 500 провизорлы орын ашылады. Сондай-ақ, 51 мекемеде 628 төсек-орындық күндізгі стационар аштық. Айта кетейін, осы күндізгі стационарларда науқастар тіркелген емханасы бойынша тегін емделеді. Халыққа дер кезінде медициналық көмек көрсету үшін емханалардың жұмысын екі есе күшейтеміз»,- деді. Әкім мәлімдемесінен соң қандай жұмыстар жолға қойылды?
Сол күні біршама уақыттан соң ақпарат құралдары арқылы эпидемиологиялық жағдайға байланысты тұрғындардың енді үйден шықпай-ақ тіркелген мекен-жайы бойынша емханадағы дәрігерлерге хабарласуына болатыны (күнделікті 09:00-20:00 аралығында) мәлімделіп, қаладағы мемлекеттік емханадағы жауапты медицина мамандарының жұмыс және ұялы телефон нөмірлері ұсынылды.

Емханалардан ашылған күндізгі стационарлардың халыққа демалыссыз сағат: 8.00-20.00 дейін жедел медициналық көмектер көрсетіп жатқаны айтылды. Ал оларға қажетті дәрілер өз уақытында жеткізіліп жатқаны нақтыланды. Осы ретте қаладағы 26 мемлекеттік емханада 314 орындық, 25 жекеменшік емдеу орталықтарында 314 орындық күндізгі стационар жұмыс істеп жатқанын айта кетейік.
Сонымен қатар кеше Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың тапсырмасына сәйкес «iKomek» орталығы ашылды. 109 телефон нөміріне қосылған орталық күніне инфекциялық ауруларға қатысты 3000 қоңырау қабылдауға қауқарлы.
Өткен тәулікте Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов қалада науқастарды емдеу үшін 2870 төсек-орын бар екенін, оның 650-і жұқпалы ауруханаларға, 2220-сы провизорлы орынға арналғанын, олардың 447-сі бос екенін мәлімдеп, науқастар үшін төсек-орынның жеткілікті екенін жеткізді. Бірақ алдағы уақытта да провизорлы орталықтар ашылатынын айтты.
Айтпақшы, Шымкенттің әкімі брифинг берген жиын ұйымдастырылған күннен бірер күн бұрын желіде жедел жәрдем қызметкерінің коронавируске шалдыққан науқасты инфекциялық аурухана қабылдамай жатқаны туралы видео түсіріп, оны желіге жүктеп жіберген еді. Содан соң Шымкентте болған бұл жағдай республика көлеміне таралып, жұрттың наразылығын тудырды. Билікке қарата түрлі даттар айтылды. Содан соң, келер күні қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы емдеу мекемелеріне келген науқастарға сапалы ем көрсетілуі үшін барлық жағдайдың жасалатыны жөнінде жоғарыдағыдай мәлімдеме жасады.
Айтпақшы осы брифингте әлгі жедел жәрдеммен жеткізілген науқасты инфекциялық аурухананың қабылдамай жатқаны туралы видеоның авторы Арман Хамзин де қатысты. Жедел жәрдем дәрігері болып табылатын ол желіге жүктелген видео туралы «науқас екі жақты пневмонияның ауыр түрімен ауырған, жағдайы нашар еді. Сол себепті оны ауруханаға жедел орналастыру қажет болатын. Осы уақытта жағдай ушықты. Науқастың халі нашарлай берді. Оның өміріне алаңдап, бейнероликке түсірдім. Содан көп ұзамай, мәселе шешіліп, науқасты қайда орналастыру туралы хабарлама келді»,- деп түсіндірді. Бірақ ол түсірілімнің дәл бұлай әлеуметтік желіде тез тарап, халықтың дүрліккенін қаламағанын айтты. Және де ол алдағы уақытта мұндай әрекеттер қайталанбайтынын жеткізе отырып, кешірім сұрады.
Адам өміріне араша түсуге барын салған Арман Хамзин өз ықтиярымен кешірім сұрап жатыр ма әлде жоқ па? Бұл сұрақтың жауабы бізге белгісіз. Шымкентте 1609 адам СOVID-19 жұқтырғанын, симптомсыз түріне шалдыққандары 1300 адамды құрайтынын, қайтыс болғандар 14-ке жеткенін айта кетейік.

P.S. Кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің таралуына қарсы шаралар қабылдау жөніндегі кеңесте өздеріне жүктелген міндеттерді шала орындаған бірқатар шенеуніктің жұмысын сынға алды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы үш өңірдің әкіміне сөгіс берді. Олардың ішінде үшінші мегаполистің әкімі Мұрат Әйтенов бар. Әйтеновтың сөгіс алуы «халық айтса, қалт айтпайды» деген байламның бекер еместігін, жергілікті жұрттың осындай эпидемиологиялық жағдай кезінде денсаулық сақтау саласына қатысты өкпе реніштері мен уәждерінің шындықтың ауылынан алыс болмағанын білдіреді емес пе? Не де болса, Президенттің сөгіс беруі әкімнің осы саладағы оралымсыз тірліктерді реттеуге оң әсерін тигізеді деп сеніміз. Себебі, дәл қазір әкімнің сөзге шешен, іске мешел болмағаны халыққа да, қалаға да жақсы.

C. НҰРАЙ.

Кешегі сәрсенбіде Қарулы күштер тыл және қару-жарақ басқармасының бастығы Асылбек Сатыбалдинов Арысты оқ-дәріден тазартуға әлі бес жылға жуық уақыт қажет екенін айтты. 

 

Бұл бағыттағы жұмыстар былтыр 24-маусымда болған жарылыстан кейін көп ұзамай қолға алынған еді. Сол уақыттан бастап бүгінге дейін әскери қызметшілер жарылыс болған аумақты ғана  тазартқан. Өз кезегінде Асылбек Сатыбалдинов  «Ең жауапты істер әлі алда. Мақсат – жұмысты тез орындау емес. Ол туралы айтудың өзі әлі ерте. Қаланы оқ-дәріден тазартуды бес жылға дейінгі уақыт ішінде аяқтап қаламыз»,-деді.

Бүгінде Арыста жарылу қаупі бар оқ-дәрі фрагменттерін іздеу, залалсыздандыру, тасымалдау және жою жұмысын жүргізуге екі мыңға жуық әскери қызметші жұмылдырылған. Былтырғы жарылыстан соң билік ондай жағдай қайталанбас үшін әскери базалардың жанында құрылыс салуға қатаң тыйым салатын заң әзірлеген.

Жыл бойына Арыстан оқ-дәрілердің 380 мың фрагменті әкетілген. Оның көп бөлігінің жарылу қаупі бар. Оларды тасымалдау үшін әскери қарауылдың бірге жүруімен 5 мың автокөлік рейсі орындалған.