Маңызды

Тек соның үдесінен шығуды ойланса

Оңтүстік – Қазақстандағы аумағы аз, халқы ең мол облыстардың бірі. Сондықтан өңірде атқарылатын тірлік көлемі басқа жаққа қарағанда көптеу болатыны түсінікті.

Әкімдік билік құрылғалы бері 25 жыл уақыт өтті. Бұл аз мерзім емес. Оңтүстік Қазақстан облысын басқаруға Марс Үркімбаевтан бастап талай жақсы мен жайсаң келді. Біреулері қызметтің де, міндеттің де оябасын тауып, абыроймен Астана асып жатса, баз біреулері абыройын ортайтып, төменге сырғанап жатты. Осыған дейінгі әкімдердің екі үлкен мәселе бойынша атқара алмаған тірліктері көпшіліктің көкейінде тұр. Оның бірі – кадрлық орын ауыстырулар сапырылысы болса, екіншісі – мерзімі жетіп, жетпей болып жатқан жергілікті мәслихаттардың депутаттарына байланысты.
Сайлау өту үшін жетекші партия «Нұр Отаннан» бастап бірнеше партия сайлауалды жұмысын атқарады. Арнайы тізімдер жасалынады. Сөйтіп нағыз сайлау додасы басталады. Республикалық деңгейдегі басшы партиялардың көшін бастаушы «Нұр Отанның» ұстанып отырған бағыты мен саяси мүддесі ол төмендеген өңір мен аймақтарда бұзыла бастайды. Бұл – шындық. Өткен жылғы наурыз айында өткізілген сайлау кезінде Елбасы Н.Назарбаев ұстанып отырған бағытқа байланысты берілген тапсырма, артылған міндеттер Оңтүстік өңірінде сыбайластық пен жемқорлыққа тосқауыл қоя алмады. Депутаттыққа «Нұр Отанның» атынан облыс деңгейінде ұсынылған кандидаттардың кім екендігі күні бұрын белгілі болды. Олардың сайланғаннан кейінгі жасаған тірліктері, сыбайластық пен жемқорлықтың өріс алғандығы сонша мәслихат хатшысының өзі қызметтік этикаға кереғар тірлік жасағаны үшін қызметтен кетсе, тағы бірінің үстінен бопсалау әрекетіне байланысты қылмыстық іс қозғалды. Дәл осындай жағдай Шымкент қалалық мәслихатында да орын алып, бір депутат пара алу үстінде ұсталып, депутаттық мандатынан айырылды.
«Нұр Отан» партиясына облыс әкімі басшылық жасап, әрі төраға, әрі өңір басшысы ретіндегі өзінің ұсынған кандидаттары осындай жағдайға барып отырғаннан кейін, «Нұр Отанның» беделі мен абыройы жөнінде не айтуға болады? Тағы да осы партияны ел деңгейінде басқарып отырған Елбасының айтқаны, партияның атынан берілген тапсырманың керісінше орындалуы, немесе келеңсіздіктерге жол берудің үлгісі жергілікті облыс әкімдерінің көз алдында жасалынып отырғандығы шын мәнінде халықтың ашуы мен ызасын тудыратындығы жасырын емес. Олардың ой-санасында сайлауға деген сенімсіздік, енжарлық пайда болғандығын кімнен сұрау керек? Енді бір айта кететін нәрсе елдің Президенті басқарып отырған «Нұр Отан» партиясына кім көрінген мүше болып қабылданып, сол саяси ұйымның атынан халық қалаулысы болып дауысқа түсіп жатқандығы елді кәдімгідей таңдандырады. Сондай сенім артқандардың арасынан жаңағыдай былықтың шығып жатқандығы шындығында да олардың көңілінде кірбің қалдыратындығын неге жасырамыз?
Біз айтылған жағымсыз жәйттерге облыстың бүгінгі әкімі, «Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалының төрағасы Жансейіт Түймебаев мырзаны кінәлаудан аулақпыз. Партия басшысы ретінде басқаны қойып сайланған депутаттардың кімнің жақындары, қандай басшының адамдары, оның кім екендігін, бұрын не істегендігіне тексеру жүргізілсе, талай былықтың беті ашылатын еді. Өткен жылы ғана Шымкент қалалық мәслихатына депутат болып сайланған, өзі үш ай ғана «Нұр Отан» партиясының мүшесі болған ірі кәсіпкердің «Нұр Отанның» атынан сенімге ие болып, тізбеге еніп, халық қалаулысы атанғаны жөнінде біздің қолымызда нақтылы дәлелдер мен дәйектер бар. Ал мұндай белгісіз жағдайлардың қаншалықты шындық екендігін партиялық терең тексеру, зерттеу, електен өткізу болмағандықтан ешқандай ұйым нақтылы айта алмайды. Партиялық тазалық болмаған жерде – әділетсіздіктің болуы жазылмаған заңдылық. Осы мәселені өңір басшысы, партия төрағасы Жансейіт Қансейітұлы тікелей қатаң қадағалауына алатын болса, көп шындықтың беті ашылары сөзсіз.
Бізде ақсап жатқан салалардың көшін – білім ошақтары мен ағарту ісі басшылықтары алып тұр. Кадрлық мәселеде ол көптен бері шешілмейтін түйінге айналған. Бір ғана облыстық білім басқармасы қазір ұзақ уақыттан бері басшысыз тұр. Барған басшының жан-жағын талдап, екшеп, оны таразыға салып, жұмыс істеуіне мүмкіндік болған жоқ. Қалай жылдам барса, қызметтен солай тез кетеді. Қандай да бір басшыны тағайындау кезінде оның барлық деңгейдегі басшылық қасиеті мүмкіндігінше әбден зерттелуі тиіс болса, өкінішке орай ол Оңтүстік өңірінде бірқалыпты арнаға түсе алмай келеді. Түймебаевтің алдында әлі талай тірліктер тұр. Онымен толық танысып, бүгінге дейінгі өзінің алдында болған басшылардың олқы тұстарын ой сарабынан өткізіп, қайткенде де соны қайталамауға тырысқаны өзінің атына ең лайықты дұрыс тірлік болар еді деп ойлаймыз.

А.САТЫБАЛДЫ.
(Сурет А.Дидарбектікі).

 

Мен елімізде әр заң шыққан сайын ойға қаламын, «Сондай заңға сәйкес талаптар мен орындалуы тиіс міндеттемелер басқа елдерде де бар ма екен?» деп. Бірақ бізде қабылданатын кейбір жаңа заңдар әлдебір мемлекеттердің жарғы-талаптарының жабайы көшірмесі екенін де сеземін. Жабайы көшірмесі дегенім – басқа бір елдердің тұрмыстық, болмыстық, ұлттық және өмір сүру салтына орай шығарылған заңдарын біздің білгіштер еліміздің қажеттілігіне қаншалықты сай келетініне ой жібермей, халқымыздың тұрмыстық және өмір сүру нормаларының қандай деңгейде екеніне қарамай, өзгенің «қаңсығын» таңсық етіп қабылдай салатыны. Ол жайында қанша мысал бар. Мәселен, автокөліктерге міндеттелген балалар коляскасы жайындағы заң. Кезінде басталды да, жұртты өлгенше улатып-шулатты, аяғында соны қабылдаған депутаттар беттері былш етпей «ойбай, біздікі қате болыпты» деп бипаздана үн қатты. Ақыры оның соңы сиырқұйымшақтанып, басылып қалды. Өйткені, біздің ел ондай мәдениетке, міндет пен тәртіпке, ақыр соңында қаржылық жағынан да дайын емес болып шықты.

…Мен әр істі дайындықсыз бастайтын үкіметтің осындай шешімдерінен қорқам…

Жақында Мемлекеттік автоинспекцияға қатысты тағы бір заң шықты. Ол —  автоинспекторлардың жол-жолда тұрмауы және қолдарына алатаяқ ұстап, көліктерді тоқтатуға бомайтындығы жайында қабылданды. Бәлкім бұл заңның дұрыс жағы да бар шығар. Бірақ мұнда да елеп-ескерілмеген бірнеше жәйт бар. Мысалыға алсақ, біздің қалалардың көшелері тар. Ауыл-ауылдар мен аудан-аудандарды жалғайтын, тіпті облыстық, республикалық маңызы бар жолдардың да оңып тұрғаны шамалы. Оның үстіне әккі шопырлар инспектордың қолмен тоқта деп жасаған ишарасын өтірік байқамайтыны аян. Осындай әрі тар, болмаса ой-шұқыры көп, одан қалса, сапа талабына сай етіп салынбаған жолдың үстінде ереже бұзған автокөлікті аңдып жүрген инспектор қасынан зуылдап өткен тәртіп бұзушыны қуып берсе, не болатыны белгісіз ғой. Өйткені басқа көліктер сығылысқан тар жолда қашқынды қуып жетуге жын қуғандай асыққан МАИ қызметкері өзі жасамаса да, өзіне сиренасын шыңғыртып, жанамалап келген көк-қызыл шамды машинадан үріккен, болмаса оған жол беруге талпынған өзге шопырлардың апат жасамайтынына кім кепіл? Бұрынғыдай бір жерде тұрып қалталарын толтыратын, «қалғып кетсек, талай пұлдан қағыламыз» деген сөзді қағида қылған «гаишниктер» мұндайда ай-шайға қарай ма? Қазірдің өзінде күнбе-күн көріп жүрміз, инспекторлар онсыз да кептеліс көшелерде әлдеқандай «қашқын көлікті» тура жол ортасына тоқтатып қойып, қозғалысты одан бетер қиындатып жатқанын. Күнде ары-бері жүргендіктен тағы бір байқайтынымыз, қай жолда да МАИ машиналары ары-бері тынымсыз зуылдап жүр. Олардың жанармайына бюджеттің қанша ақшасы кетіп жатыр. Осы заңмен инспекторлардың көлденең жүргізушіден ақша алуын тоқтатамыз деу де әбестік. «Гаишниктер» қандай да бір амалға қарсы айла табуға үйреніп алған.

…Мен еліміздегі әділет органдарының әділетсіз істері еш тыйылмай ма деп қорқам…

Жақында өз үйлерінен безіп, күн көріс нәпақа табу үшін басқа қалаларға барып жұмыс істеулеріне тура келген, одан қалды, пәтер жалдап жүрген азаматтарды тұрғылықты жерлерінде уақытша тіркеу туралы тағы бір заң шықты. Содан бері халыққа қызмет көрсету орталықтары дүрбелеңге толды. Бір аптаның ішінде сығылысқан кезектердің кесірінен екі адам ажал құшты. Осындай келеңсіздіктерді телеарналар күн сайын көрсетіп, аталмыш заңның да осал тұстарын ашып айтып жатыр. Бірақ үкімет селт етер емес. Селт етпегені былай тұрсын, ішкі істер министрі бұл нәрсені қалыпты құбылыстай қабылдайтын сыңайлы, бәрі жөн-жөнімен жүріп жатыр деп сұхбат береді. Сонда оның теледидар көрмейтіні, газет-жорнал оқымайтын болғаны ғой. Айтпақшы, біздің шенеуніктердің қаншасының газет оқып, қаншасының теледидар көретіндері белгісіз. Себебі өз басым кітап түгілі газет бетін ашпайтын талай әкімдер мен депутаттарды білемін. «Газетің, кітабың… не керегі бар маған?» деген сөзді де талайларынан естігем. Қайтеміз енді, осындайлар да ел билеп, халыққа жоғарыдан билік айтып, заң шығарып отыр ғой.

… Мен білімсіздердің таққа жайғасқанынан қорқам…

Тіркеу процестерінің басым үрдісі тек ірі-ірі қалаларда ғана жүріп жатыр. Ондағы тіркеу кезегінде тұрғандардың басым бөлігін, тіпті, түгелге жуығын кезінде ауылдардан қалаға нәпақа іздеп келген қазақтар толтыруда. Біздің үкімет әуелде «Бірте-бірте ауыл мен қала қай жағынан да теңеседі» деген. Бірақ оған негіз, бастапқы қадам жасалынбады. Ауыл адамдарын асырап, жұмыспен қамтып отыратын ауылшаруашылығы құрдымға кетті. Жер жекелер мен кәсіпкерлердің қолына өтті. Бұл да біздің ішкі жағдайымызға, қоғамдық көзқарасымызға тіпті келмейтін жер қатынастары туралы өзіндік заңдары бар әлдеқандай елдерге еліктеудің бір парасы болды. Жерді игеруге халықтың дайындығы да жоқ болатын. Осыған байланысты және үкімет жерге қатысты тиімді бағдарлама жасай алмағандықтан, жаңа жер иелері жерді баяғы колхоз-совхоздардың кезіндегідей игеруге шамалары жетпеді. Бұрын өз халқын өзі асырайтын шаруашылықтар жойылған соң, әрі жерден келетін түсім мен пайдадан қағылған қара халық содан қалаға ағылды. Халықтың белгілі бір бөлігі аштан қалмаудың қамына кірісіп, елде ішкі миграция кеңінен етек алды.
Үкімет бұл құбылысқа тағы назар салмады, яғни ауылдан қалаға көшкендердің хал-ахуалдары мен тұрмыстық жағдайларына байланысты қандайда бір шараны қолға алмады. Соның кесірінен жұмыс іздеп сандалғандар, бір күндік нан үшін қандай тірлікті болса да атқаруға дайын арзанқол жұмысшылар, одан қалса базар жағалап, қолына іліккенді сатумен айналысатын, белгілі кәсібі мен мамандығы жоқ әлеуметтік топ пайда болды. Бұлар үкіметтің қамқорлығынан шет қалып, қазіргі саясаттың «өз күніңді өзің көр» деген қағидасымен күн өткізіп жүргендер. Мұндай топтың қалада үйлері болмайтыны әркімге аян. Міне, ХҚК орталықтарында тіркеуге тұру үшін жанталасып, кезек күткендердің бір бөлігі өз баспаналарына қолдары жетпей, әр пәтерді сағалап жүргендер болса, қалғандары ауылдан қалаға көшкен әлгіндей үйсіз жүрген сормаңдай қазақтары. Қазақ үкіметінің өз халқына қатысты дұрыс жүргізілмеген саясатынан зардап шегіп, қапалықпен өмір сүріп жатқан шерлі де шерменде күйдегі топтар.

…Мен сол шерлі топ бір күні жабыла айқайлап, дүрк көтеріліп кетпесе екен деп қорқам…

Шенеуніктеріміз шикі заңды шығарып алады да, олардың іске асар кездегі олқылықтарын байқап, көріп тұрса да, «сасқан үйрек артымен сүңгидінің» керімен, тағы оны өлгенше қорғап бағады. Ішкі істер министрінің жоғарыдағыдай өзеуреуі осы сөзімізге куә. Жалпы, осы заң не мәжбүрліктен қабылданды деңіз. Терроршылардың жолын кесіп, терактіні болдырмаудың амалы деп ұғындырды оны қабылдағандар. Солай-ақ болсын. Сонда елімізде терроршылардың соншалықты көп болғаны ма, әлде билік өз халқына сенбеуге айналғаны ма? Әлде жауға айналған қазақтарды анықтайын деді ме?
Иә, айтпақшы, Қазақстаннан шет аспаған, тіпті өз ауыл, өз қаласынан басқа жаққа аттап баспаған жас жігіттердің бойына тек өздерінікін ғана жөн, ал басқаларды шайтан жолындағы адасушы кәпірлер деп санайтын сенім қайдан үйір болды? Одан қалса, жаулық ниеттегі пиғыл, жұрт арасына үрей мен дүрбелең туғызуға құштарлық, анығын айтқанда, теракт жасайтын әрекетке құмарлық қайдан пайда бола қалды? Зерделеп қарасақ, бұған – әу баста еліміздегі әр азаматтың дінге қатысты еркіндігіне шек қоймаған заң кінәлі ғой. Сол еркіндіктің арқасында дамыған елдер мен өркениетті мемлекеттер шеттеткен небір діни ағымдар бізге ағылды-ай келіп. Мұсылман мемлекеттерінің ешбірінде бір жерде шоғырланбаған исламның 72 ағымы тек Қазақстанда ғана бас құрады. Ешқандай тыйым болмаған соң сақалдылар мен қысқа балақтылыр өз уағыздарын еркін де ашық жүргізді. Енді біздің шенеуніктер ел арасына әбден сіңісіп, тамыры мен дәнін терең сеуіп әрі оңайшылықпен тазара қойылмайтын кезеңде солармен алыспақшы.

…Мен бір кезде жастарымыз орыстанып еді, енді арабтанып кете ме деп қорқам…

Қазір біз дүниежүзін алаңдатып отырған исламистердің жолында жүрген кері ағымдағы сақалды мұсылмандардан ғана үркудеміз. Ал қоғамымызбен біте қайнасып, жылдан-жылға, жоқ, айдан-ай, күннен-күнге барлық ұлттан катарларын көбейтіп жатқан, алайда дәл қазір селт еткізер бір теріс әрекет танытпай тыныш жүрген христиан бағытындағы «иоговошылдардан», «баптистерден», «евангелистерден», «мормондардан», иә, айта берсек таусылмайтын көптеген секталардың болашақта қандай тірліктер жоспарлап отырғандарынан тіпті хабарсызбыз. Осылардың мүшелері еш жерде тіркеусіз жүр деп кім айта алады? Тіпті теракт жасайды деп қауіптенетін кері ағымдағы азаматтарымыз да мекен-тұрағы белгісіз «бомждардың» қатарында жүрген жоқ. Одан кейін олар бір қалада теракт жасайтын болса, онда айлап жатып жоспар құрмайды. Құдай бетін аулақ қылсын, олардың оны жасауға мың айла табары хақ. Ендеше, уақытша тіркеу деген тек бос сандалыс, халықтың уақытын бекерге алу, әсіресе, қазақты бекер сенделту емес пе.

…Мен көпдінділікті ұстанған елдің ақыр түбінің оңбайтынын аңдамаған, халқын жоқ жерден дүрбелеңге салатын биліктен қорқам

Иә, бұлай деуімізге де негіз бар. Әйтпесе, қараңызшы, жаңа айтқанымыздай, барлық қаладағы халыққа қызмет көрсету орталықтарында тіркеуге тұрып жатқандар ылғи қаракөздер. Араларында бөгде ұлттар болса, олар қалың қазақтың көлеңкесінен аспайды. Одан да осы амалды үйсіз-күйсіз, содан соң әр қалада жұмыс іздеп, қай жерден нан тапсам екен деп сабылған, пәтерден-пәтерге ауысып қаңғыған қазақтардың санын анықтау үшін жасаса, құба-құп болар еді. Сонда «халқының әл-ауқаты артып, керемет дамып жатқан» Қазақстанның өз тұрғылықты жұртының қаншасының қандай бейшара хәлде жүргендігіне биліктегілердің көздері жетер еді.
Біздің заң шығарушы орындар еліміздің тұрғындарының бәрін құдды бір мәдениеті көтеріліп, өркениетке жеткен, қаржылық және тұрмыстық жағдайлары щешілген деп ойлай ма, қайдам, дамыған елдердің ұстанымдарын тықпылай беруден еш қайтар емес. Тіпті дамыған елдердің өзінде жоқ бағдарламаларды қабылдап, халықтың миын ашытуда. Айта берсең, ойымызға дәлел болатын қанша мысал бар. Жер туралы кодекс пен жерді сату жөніндегі жобаның өзі қазақты қандай сергелдеңге салды деңіз. Ал білім туралы бағдарлама оқу орындарын қаншама тығырыққа тіреп отыр.
Әлбетте, білім жүйесіндегі қазіргі тоқырау сырт көзге көп байқалмайды. Бірақ сол жүйенің ішіне үңіліп қарасаң, мамандары дайындалмаған оқу орындарына жоғарыдан берілген нұсқаулардың әзер орындалып жатқанын байқайсың. Ал бұл жүйенің тереңіне одан әрі үңілсең, аталмыш бағдарламаның орындалу барысы – ескі-құсқы вагондарды әлдебір өркениетті елдерге қарай қиқылдап-шиқылап, зорлықпен сүйреп бара жатқан көне паровозды еске түсіреді. Осындай жөн-жосықсыз бағдарламаны ұсынған биліктегілерге салсаң, моторы мен техникалық бөлшектері жарамсыз болса да, сыртқы тұрқы заманға сай етіліп әдемілеп сырланған сол паровозды қолмен итеріп жүргізсе де тоқтамауы тиіс.

…Мен бір күні сыры кеткен сол паровоздың күл-талқаны шығып, бөгдеге күлкі бола ма деп қорқам.

Тағы бір үлкен олқылық – біздің шенеуніктер тәуелсізіктен кейін туылған балалардың барлығын фенемон болып туылған деп есептегелі қашан. Содан ба қайдам, бірінші сыныптың математикасындағы есептердің кейбірін онша-мұнша адам шығара алмайды. Ал ондағы әдебиет, қазақ тілі сабақтарындағы тапсырмаларды көрсеңіз, бірінші сыныптың балалары ес білмей жатып, университеттік біліммен сусындап жатыр ма деген ойға қаласыз. Ең өкініштісі, қазақша «а» әрпін әлі үйренбеген балғынды үш тілді оқыту үрдісі келешек ұрпақты милау ету екені ұраншылдардың миына кіріп-шығар емес. Және бір жүрек ауыртарлық нәрсе – бастауыш сыныптарда оқитын балалардың мектепке апаратын сөмкелерінің салмағын өлшеп көріңізші. Онда салынған керексіз оқулықтар мен дәптер-құралдардың салмағы бес-асты келіден кем болмайды. Әр бала күніне осынша жүкті иығына салып, мектепке тасиды. Мұндай салмақ жас өскіннің бойының өсуіне де кері әсерін тигізері хақ. Алайда бұл жайын ойлайтын басшылар жоқ. Олардың ойынша, мектепке көп кітап тасыған, көп кітап оқыған балалардың білімі жан-жақты арта түспек.

…Мен осыған қарап, келешек ұрпақ бар тараптан майдалана түсе ме деп қорқам…

Үштілділіктің зияны мен кесапаты жайында да өз айтылған жоқ. Бірақ Білім министрі де өзінікін жөн санап, айтқанынан табандап қайтар емес. Ол аз болғандай, мектепке арналған тарих оқулықтарындағы мәліметтер совет заманындағы ғылыми тұжырымдамалардан әлі ажырамаған. Оны оқыған жас өскіннің пайымынша, бізге қарсы патша отаршылдығы болған емес, қазақтар Ресей құрамына өз еркімен қосылған. Бізді бар жаудан орыс батырлары қорғап қалған. Өткен ғасырлардағы ұлт-азаттық көтерілістер мен қазақ тағдыры үш-төрт бет немесе үш-төрт абзацқа ғана сыйып тұр.
Білім министрлігі алдыңғы жылы жоғары оқу орындарындағы техникалық факультеттерден қазақ тарихын алып тастап, тәуелсіздік жылдарындағы тарихты ғана оқыту керек деп ұйғарған. Сөйтіп бізді түпсіз, тексіз, күні кеше ғана жаралған халыққа айналдыра жаздаған. Бірақ бұған қарсы дау айтқан біраз ғалымдардан ықты ма, дереу бұл ұйғарымдарынан қайтып, оларға 1900 жылдан бергі тарихта оқытайық деп шешті. Неге өйтті десек, мұндай бағдарлама Президенттің қайбір жылғы жолдауының басты ұранына айналған «Бір – мақсат, бір – мүдде, бір – болашақ» деген қағида сөзге дөп келеді екен. Тарихты ХХ ғасырдың басынан ғана бастасақ, содан бергі ел басына түскен ауыртпалықтардың бәрін қазіргі Қазақстанда тұрып жатқан халықтардың барлығы бірлесіп бастан өткергенін насихаттайды екенбіз. Сөйтсек, бізде кірме халық жоқ, әмбесі Қазақстанның байырғы тұрғындары әрі болашақта да осындай тату-тәтті тәртіппен бірге өмір сүріп, бірге жүреміз деген тұжырым санамызға сіңеді екен. Айтпақшы, «Бір – Қазақстан, бір – халық» деген ұранды да жиі естиміз. Билік екі сөйлейді, кейде әлгі ұранды көтерсе, екінші кезекте «Қазақстан – көпұлтты, көпдінді мемлекет» деп басқаша сөйлейді. Міне, осындай тосын жоспарларымен біздің билік өз жеріндегі жергілікті ұлтты, яғни қазақты – басқалардан ешқандай артықшылыққа ие емес дегенді меңзеп отыр, онысын іске асыру үшін жанын салып жатыр.

…Мен осыны аңдағанда, келешекте қазақтар тарихы мен тілін ұмытқан дүбәрә ұлт деген атауға ие бола ма деп қорқам…

Иә, мен елде бір жаңа заң шықса, ылғи қорқып отырамын. Расында, қай заң қарапайым қазақтың мүддесі үшін қабылданып жатыр? Елдегі тыныштық, билік жиі қолданатын «ұлттардың өзара татуластығы мен түсіністігі» дегендер білген шенеунікке момын да көнбіс, қонақжай да аңғал қазақтың арқасында іске асып тұр. Енді осындай жуас халықты мезі ете беретін заңдарға қашан тыйым болар екен?

…Мен кейде ондай жағымды заңдар тіпті қабылданбай ма деп тағы қорқам…

Қандай заман болса да, жұрт аштан өлмеудің, ұрпақ өсірудің қамымен қыбырлап тірлік жасайды. Сондай тірлік жолында біреудің байып, біреудің кедейленері хақ. Алайда қай заманда да байлардан кедей-кепшік көп болған. Халық деп аталатын нағыз топ – осы кедейлер. Қазақ кедей болса да, көрген күніне шүкіршілік еткен, әлі де етеді. Бірақ үкімет мынадай заманда олармен де санасып, халыққа тиімді жұмыстар жасауға міндетті ғой.

…Мен шенеуніктердің сондай міндеттерін ұмытқандарынан және қорқам…

Жан-жаққа жіті көз салсаң, бүгінде халық өз пысықтығымен күн көріп жатыр. Ал үкімет сол халықтың күн көріс қамымен жатпай-тұрмай еңбектеніп жатқанынын біздің арқамыз дейді. Байларының бәрі ұрлық-қарлықпен дәулеттеніп жүргенімен шаруасы жоқ. «Қалайда байыңдар!» деген бастаманы алғышарт еткені қашан. Адам жоқ жерден немесе көктен түскен дәулеттен баюшы ма еді? Үкіметтен тендер алып, миллиондаған ақшаны алдымен жұмысқа емес, қара басының қажеттігіне жұмсайтын түрлі компаниялардың басшыларын «бизнесмен» дейді. Дамыған елерде «бизнесмен» деп өз кәсібін нөлден бастап, таза еңбекпен байыған адамды атайды. Ал бізде үкіметтің ақшасын, жұрттың қаржысын қымқырған, тек алыпсатарлықпен, одан қалса, халық игілігін сатқан «алаяқтар» солай аталады. Айлық жалақылары ары кетсе 400-600 мың теңге болатын әкімдер мен түрлі лауазымдағылардың 100-150 мың долларлық машиналары қайдан келіп, қос-қостан тұрғызылған зәулім-зәулім үйлері қалай салынып жатқаны жоғарыдағы ұлықтарымызды еш ойландырмайды. Себебі «қарғаның көзін қарға шұқымайды». Астарын ойлы азамат заматта түсінеді, жоғарыдағылар төмендегі жемқорлар арқылы, болмаса қолындағы билігінің арқасында байитын үрдіс бізде жиырма бес жылдан бері қалыптасқан. Бай болмасаң, әкім де, министр де басшы да бола алмайтының тағы бар. Пара алып, пара беру – қоғамымызға дендеп енгені сондай, бірінші сыныптың балаларына дейін ақшаның құдіретін түсініп алған. Осыдан келіп біздің елдің халқының санасына ақшасы мен байлығы бар адам ғана – ақылды, ал өнер, ілім-білім қуалап, ғылым жолында уақытын сарп етіп, тұрмыстық ахуалы заманға үйлеспей келе жатқан таланттарды – ақымақ санайтын ұғым сіңген. Бүгінде біздегі билік басына ақша табуға ғана таланты мен ебі бар әрі аяқ астынан еңбексіз байыған саудагерлер ғана шыққан. Ал ондайлардың халық мүддесі мен ел мұраты үшін ешқашан жаны ауырып жұмыс істемейтіні, кез келген уақытта барын дүниеге сатып жіберетін сатқын болатыны бесенеден белгілі. Бұл тұрғыда біздің билік дамыған, халқын ауқатты адамдар билейтін елдерге ұқсағысы келеді. Алайда алдымен сол елдер өткен жолдан өтіп, өз халқын өзі асырайтын жағдайға жетіп алу керектігі ойларына кіріп-шықпайды. Шенеуніктеріміздің бәрі біздің аспанда айдың енді туып келе жатқанына қарамай, сол айдың толып, жер бетін айшықты сәулелендіретін мезгілін ерте бастан орнатқысы кеп, аласұрып жүр.
Неден қорықпайын. Бәрінен қорқам. Өйткені дамып жатқан елде тұратын мен үй салсам, құрылыс материалдарының бәрі – Ресей мен қытайдікі. Үстімде түріктің костюмы, аяғымда батыс елінің бірінің аяқ киімі, көйлегім – қырғыздікі, іш киімім – өзбектікі, көлігім де шеттікі… Қайтем енді, жалаңаш әрі жаяу жүрмеймін ғой. Бірақ тілі шұбар, көзқарасы дүбәра, ұлттық намыстан жұрдай билігі бар елдегі түрлі жөнсіз бағдарламалар мен заңдардың кесірінен келешек ұрпақ бар тараптан жалаңаш һәм жаяу қала ма деп қорқам. Ең басты қорқынышым – осы…
Момбек ӘБДӘКІМҰЛЫ,
жазушы.

Үлкен қызметтегі бірінші басшы жаңарған сайын жұрттың аузында алуан түрлі әңгіме айтылады. Долбарлы болжамдар болады. Кейде ғайыптан тайып, соның кейбіреуі шынымен де жүзеге асып жатады.

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігіне Жансейіт Түймебаев келгеннен кейін сондай болжамдардың айтылып жатқандығы рас. Баспасөз беттерінде ел аузындағы әңгімеге өрістеп, оның ішінде Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов турасында оны қызметтегі жылы орнынан жылжытып, басқа жаққа қызмет ауыстыратынын айтқанда, көпшілік кәдімгідей елеңдеп қалған еді. Қала мен облыстың әкімі бір кездері Президент аппаратында қатарлас қызмет атқарған адамдар. Айтылған сөздің қайсысы шындыққа бір табан жақындау екендігін жұртшылықтың түсінбей қалғаны да шындық еді. Арада айлар өтті. Бірақ қала әкімі Әбдірахымов өз қызметін бәз-баяғы, қалыпты жағдайда атқарып жатыр. Тіптен соңғы уақытта Шымкенттің әкімі облыс басшысы Түймебаевтің қасынан көбірек табылып жүр.

Қазір басшылық қызметтен ауысу соншалықты бір күрделі мәселе емес. Әкімдік таққа отырған қандай да бір басшы өз төңірегіне өзіне жақтастау, айтқанынан шықпайтын азаматтарды жинайтындығы өтірік емес. Ол үшін тек қана біраз уақыт керек секілді. Болжалданған елдің әңгімесіне азық болған болжам әзірге орындалып жатқан жоқ. Қазақстанның әне-міне дегенше үшінші шаһарына айналғалы тұрған Шымқалаға қандай әкім келсе де халықтың жағдайын жақсарту, қаланы көркейту үшін жұмыс жасағаны ең жақсы нәрсе-ау, сірә!

Қ.ҚАЛИЕВ.

(Сурет А.Дидарбектікі)

Бірінші орта салмақтағы WBO Intercontinental және WBA Fedelatin тұжырымдарының чемпионы Қанат Ислам ережесіз жекпе-жектен ел намысын қорғап жүрген Арман Оспановқа қолдау білдірді, деп жазады Vesti.kz порталы.

 Еске салайық, кеше ережесіз жекпе-жектен WSOF біріншілігі өзінің 35-ші турнирінде өнер көрсететін спортшылардың тізімін шығарды. Өкінішке қарай, Арман Оспанов пен Стивен Родригез арасындағы жекпе-жек бұл кешке кірген жоқ. Оған Арман Оспановтың қанынан табылған допинг себеп болыпты. WSOF басшысы Рей Сефоның айтуынша, оған Арман Оспановтың Марокко елінде өткен əскери самбодан əлем біріншілігінен кейін біздің спортшының қанынан табылған допинг табылғаны және спортшымыздың 4 жылға спорттан шеттетілгені жетіпті. Сол себепті де оны WSOF ұйымының жекпе-жек кешіне қатыстырмай қойыпты.

Осы мәселеге байланысты бірінші орта салмақтағы WBO Intercontinental және WBA Fedelatin тұжырымдарының чемпионы Қанат Ислам Арман Оспановқа қолдау білдіріп, спортшымызды жігерлерді.

«Арман, сен қазақтың батырысың! Сен чемпионсың! Оны қаншама рет дәлелдедің. Әлемдік додаларда ел намысын қорғадың, көк туды желбіреттің. Қазақтың жұдырығы ауыр, жігері мықты, намысты ұлт екенін мойындатқан жаужүрек спортшысың. Ринг сыртында да күрес бар. Бұл айқаста да жауырының жерге тимейтініне сенемін. Шын мықтыға түрлі сынақтар келеді. Бұл жерде де қасқайып тұрып беру керек. Бұл жерде де еңсені тік ұстау керек. Мойымау керек. Әлемдік аренада әлі де ұлттың абыройын асқақтатып, туын желбірету үшін саған бұл сынақты да жеңу міндет. Өзің үшін емес, артыңнан еріп келе жатқан, еліктеп жүрген інілерің үшін, ұлтыңның келешегі үшін саған тоқтамау керек. Әлсіздер ғана әр сөзге алаңдап, кім не деп жатыр деп жалтақтап жүреді. Сұңқар биікте самғайды. Сен батырсың. Өзіңнің орның бар. Оны ешкімге берме! Мықты екеніңді әлі талай дәлелдейсің. Ол күн де алыс емес! Мен саған сенемін!», — деп жазба қалды Қанат Ислам өзінің Instagram парақшасында.

Қазақстан мен Ресей Президенттері кездесу барысында екіжақты ынтымақтастық мәселелерін және күн тәртібіндегі басты халықаралық тақырыптарды талқылады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

 Мемлекет басшысы Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынасының ерекшелігіне тоқталып, екі ел арасындағы сенім мен түсіністік деңгейі жоғары екенін атап өтті.

– Биыл арамызда дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толады. Тығыз ынтымақтастық арқасында біз Еуразиялық экономикалық одақты құрдық. Бұл оның барлық қатысушылары үшін маңызды әрі перспективалы құрылым деп санаймын. Бүгінде Ресейдің 7 мыңнан астам кәсіпорны Қазақстанда өкілдіктерін ашып, жаңадан қайта өңдеу өнеркәсібін құруға ықпал етуде. Сіздің былтыр күзде Қазақстанға жасаған сапарыңыз бен Еуразиялық экономикалық одақ аясында Санкт-Петербургтегі кездесуіміз құны 3 миллиард АҚШ долларын құрайтын 41 келісімшартқа қол қоюға мүмкіндік берді, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев күн тәртібіндегі халықаралық мәселелерге қатысты Қазақстан мен Ресейдің ұстанымы бірдей екенін және БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі аясында ортақ міндеттерді іске асыру үшін екі ел де бар күш-жігерін жұмсайтынын айтты.

– Ресей халықаралық өзекті мәселелерді шешу, соның ішінде Сирия қақтығысын реттеу жөнінде шаралар қабылдауда. Астанада бірнеше келіссөз өткізу туралы ұсыныс білдірген де Ресей болатын. Үдеріс басталып кетті. Жалпы осы және басқа да мәселелерді шешу үшін жыл бойы бірқатар кездесу өткізу қажет, соның бірі 8 маусымда Астанада өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясындағы басқосу болмақ. Қазіргі барлық мәселелер достық негізінде шешілуде. Бірлескен кәсіпорындар құрып, алға қарай ілгерілейтін боламыз, – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.

В.Путин Нұрсұлтан Назарбаевқа Сириядағы қақтығысты реттеу жөніндегі келіссөздерді Астанада ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді.

– Бұл үдерісте Қазақстан тарапының жай ұйымдастырушы ретінде ғана қатысып қоймай, жалпы жағымды рөл атқарғанын білемін. Сіз кездесу ұйымдастыруға тікелей атсалысып, қатысушылармен және делегаттармен жұмыс жүргіздіңіз. Сіздің арқаңызда ешқашан болмаған нәтижеге қол жеткіздік. Әсіресе, атыстың тоқтатылуына бақылау жасау тетігі табылды, бұл – ең басты мәселе. Енді бұл Женевада жалғасатын келіссөздерге негіз болады, – деді Ресей Президенті.

В.Путин Қазақстанның Ресейдің басты экономикалық серіктесінің бірі ретіндегі маңыздылығын атап өтіп, интеграциялық үдерістер барысында жасалған жағдай арқылы нақты көлемді ұлғайтуға қол жеткізіп, ынтымақтастықты ұдайы арттырып отыру қажеттігін айтты.

Ресей Президенті өз елінің жаһандық мәселелерді шешуде Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі қолдауынан үмітті екенін жеткізді.

Кездесу соңында тараптар Еуразиялық интеграция аспектілерін және экономика саласындағы өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады.

24 ақпанда 11:00-де ҚР ақпарат және коммуникациялар министрі Б.Сұлтановтың қатысуымен өтетін баспасөз конференциясының онлайн трансляциясын көріңіздер.

Елімізде 2015 жылы «Ауыл шаруашылығы коопертивтері туралы» заң қабылданды. Сөйтіп, 2015-2016 жылдары ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен – ірілі-ұсақты шаруашылықтар мен қожалықтардың басын қосқан бір құрылым ауылшаруашылығы копперативтері пайда бола бастады. Қазір олардың саны 600-ден астам. Кооперативтер – ауыл шаруашылығын дамыту саласындағы мемлекеттік саясаттың жарқын көрінісі десек те болады. Осы орайда, ҚР «Атамекен» ҰКП «Агробіліктілік орталығы» ЖШС мал шаруашылығы департаменті директоры Болат Сейсеновті кооперативтердің қазіргі ахуалы мен артықшылықтары туралы әңгімеге тартқан едік.

Ауыл шаруашылығы коопертивтері ауылға қандай өзгеріс әкелді? Олардың болашағы қандай?

Ауылда жұмыс жоқ деп халық қалаға келеді. Алайда,  мұнда оларға екі қолға бір жұмыс табыла қоймайды. Оның үстіне тұратын баспана керек. Екінің бірі тұрақты үй жалдап тұра алмайды. Өмір бойы ауылда тұрып келген халыққа қала тіршілігі қолды емес. Сондықтан да, кооператив құру арқылы жергілікті халықты жұмыспен қамтуға жақсы мүмкіндік бар. Бұл қалаға жаппай көшу –урбанизация процесіне тоқтау салады. Бүгінгі таңда ауыл халқын жұмыспен қамтып отырған коопертивтер соның айғағы.

Кооператив құрудың қыр-сырын, тиімділігін халық енді түсініп келеді. Дегенмен, шалғайдағы аймақтарда әлі де қозғалыс жоқ. Сондықтан да,  біз жер-жерді аралап, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мәселен, бір шаруаның жері, біреуінің тракторы, ендігі бірінің егінге себетін тұқымы, малы бар десек, олар бірігіп, бір шаруа қожалығын құрады. Трактормен жер жыртып, егін салса, одан түскен өнімді өзара бөліседі. Қалдығын малға қысқы азыққа қамдап, малды семіртіп сатып, тағы пайдаға кенеледі. «Көптің күші көлдей» демекші, көп жұмылған еңбекте өнімі де мол. Сондықтан, кооператив құру — ауыл тұрмысын жақсартып, халықты жұмыспен қамту деңгейін арттыруға бағытталған мемлекеттің ауыл шаруашылығын дамыту саясатының бір көрінісі деп айтуға болады.

«Ауыл шаруашылығы коопертивтері туралы» заң қабылданған 2015 жылдан бері кооперативтерге мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы өнімінің түсіміне, өнімділігіне қарай білгілі бір көлемде субсидия қарастырылған. Яғни, мемлекет шығыстың бір бөлігін өзі өтеп, шаруашылықтың әрі қарай дамуына жағдай жасайды. Бұл өз кезегінде шаруаның ісін дөңгелетуге жақсы ынталандыру болатыны сөзсіз.

Кооперативтер құру Қазақстанның экспорттық әлеуетін нығайта ма?

Елбасы биылғы Жолдауында шетелге ет экспорттау бойынша жоспар орындалмағанын айтты. 2011-2016 жылдар аралығында 60 мың тонна ет эспорттауымыз керек болатын. Алайда, шетелге небәрі 17 мың тонна ғана өткізілген. Ет экспортының әлеуеті неге төмен? Өйткені, экспортқа шығарылатын еттің сапасы мен малдың жасы алатын ел талаптарына сәйкес келмейді. Міне, сондықтан да, тауардың көлемі ғана емес, сапасы да жоғары болуы тиіс.

Біз күнделікті тұтынатын ауыл шаруашылығы өнімдерін, яғни ішкі нарықтағы өнімдерді ауылдағы жеке шағын шаруашылық иелері әкеліп сататын базар, дүкендерден аламыз. Шаруалар шамасынша ет, сүт өнімдерін сатып күнелтеді. Ал, сыртқы нарыққа шығуға ондай шағын шаруашылық, қожалықтардың шамасы жетпейді. Сол себепті де, еліміздің экспорттық әлеуеті артпай отыр.

Міне, егер осындай шағын кәсіп иелерінің басын қосса, қуатты бір одақ – кооператив шыға келеді. Онда бірлесіп еңбек ететін адам саны да көбейеді, сәйкесінше өндіретін тауарының көлемі де молаяды. Ал, олар мемлекеттік субсидияға ынталанып жұмыс істейтін болса, тауар сапасы да талапқа сай болады. Қазіргі таңда біздің отандық өнімге қызығушылық танытатын мемлекеттер саны көбейіп келеді. Солар арқылы ауылшаруашылық өнімдерін шетелге экспорттауға әбден болады деп ойлаймын

Қазіргі уақытта жұмысы сәтті жүріп тұрған шаруа қожалықтары бар ма?

Жасыратыны жоқ, 600-ден астам кооперативтің бүгінгі таңда 30 пайызының ғана жұмысы жүріп тұр. Мәселен, табанды еңбектің арқасында кәсібі тасыған, жұмысы сәтті жүріп тұрғандар — «Ертіс Агро», Әділет-Ақтоғай, «Жарма-Агро», «Бозамбай-Агро», «Ай-Асыл», «Мерке өнімдері», «Сәт», «Айыртау-Агро», «Қостанай», «Петропавл», «Павлодар», «Ақмола» АӨК және т.б.. Мұнда әрқайсысында 20-дан астам шағын шаруа қожалығы мен шаруашылық біріккен.  Көкеніс, егін шаруашылығы және мал шаруашылығымен айналысады. Бір айта кетерлігі, кооператив мүшелері бір құрылымда жұмыс істегенімен, бұрынғыша жеке қосалқы шаруашылық, шаруа қожалығы, жауапкершілігі шектеулі серіктестік, акционерлік қоғам ретінде қала береді.