Маңызды

Қазір Оңтүстік өңірінде облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен тікелей қолға алынып жатқан және көзге көрінетін іс – шатқалдар бағдарламасына байланысты болып тұрғандығы баршаға белгілі. Жер – жерлерде елдің ертеңгі игілігі үшін бастау алған шатқалдарға ағаш отырғызу, оны баптау жұмыстары шын мәнінде біршама қарқынды жүргізілуде. Олардың аумағы да, ағаштардың түрлері де әралуан болғанмен, бәрінің мақсаты мен ниеті ортақ. Сарыағаш ауданына жолымыз түскенде біз ауданның басшысы Қайрат Әбдуәлиевті кеңсесінен жолықтыра алмай, оның шатқалдарды көруге кеткендігін естіп, атбасын сол бағытқа қарай бұрдық. Шындығында да, шағын ғана жұмысшы тобының ортасында жүр екен. Келелі кеңес емес, ортақ ой тоғыстыратын мәмілелі әңгімеге кірісіп кетіпті. Шатқал бойында енді ғана бой көтеріп, әлі еңсесін тіктемегенмен, көгеріп тұрған мыңдаған жас өскін көшеттер көкке иек артып келеді. Сарыағашқа сапарымыздың барысында біз өз көзімізбен біраз игі істерді көрдік. Сырттай көңіліміз сүйсінді. Аудан әкімімен осы және өзге де мәселелер төңірегінде пікір алмасып, атқарылған жұмыстар және алдағы міндеттер жөнінде сұхбаттастық.

 

 

 

— Біздің Сарыағаш Оңтүстік өңіріндегі тұрғыны мол, іргелі аудандардың бірі ғана емес, сан алуан саланы қамтыған бірегей өңірлердің санатында. Ауыл шаруашылығы, оның ішінде егін шаруашылығы басқаларға қарағанда біршама дамыған, – деп бастады өз айтарының кіріспесін аудан әкімі Қайрат Әбдуәлиев. — Мен бұған осында басшылыққа келген аз ғана мерзім ішінде толық көз жеткіздім. Менің кеңседе қағаз қарағаннан гөрі, алыс–жақын маңайдағы шаруашылықтарды аралап, жұртпен жүздесіп, елмен етене араласуды қалайтын қызметтік дағдым көп нәрсеге көзімді жеткізді. Айтылған талай мәселелерді өз қолыммен ұстап көргендей болып, оның шешімін табуына жедел түрде бір қайран жасауға тырысамын.

Оңтүстік Қазақстан облысына әкім болып қызметке кіріскенде Жансейіт Түймебаевтың елді елең еткізген бір бастамасы көпшілікке кәдімгідей ой салды. Шатқал деген сөзді ауызекі ұғымнан ары ұғына алмай жүрген жұртшылық жаңа жасалынған бағдарламаның арқасында оның мәніне толыққанды түсінік ала алды. Шатқалдарға алуан түрлі ағаш отырғызып, оны көпшіліктің демалатын орнына айналдыру, әрі табиғатты көркейту, ауаны тазарту мақсатындағы осы жұмыс басқа аймақтардағы секілді Сарыағашта да қолға алыныпты. Ауданның басшысы Қайрат Әбдуәлиев өзі бас болып,  жергілікті мәслихат депутаттары мен орта және шағын кәсіптің өкілдері бұл тың жаңалыққа тосырқай қараған жоқ, қайта оны қолдап, сөзден іске асыруға белсене араласып кетті. Бұл туралы әкім мырза былай дейді:

—Осы бағдарлама шындығында да бұрын үлкен басшылардың қаперіне келмепті. Табиғат аясында күнде жүрген өзіміз де осынау қарапайым мәселеге мән бере қоймаппыз. Қарап отырсаңыз бұл соншалықты бір көп қаражатты, үлкен ауқымдағы іс-қимылды қажет ететін нәрсе емес екен. «Шатқал» бағдарламасына байланысты облыс әкімінің тапсырмасын негізгі бағдар ете отырып, біз де біраз істі қолға алдық. Жергілікті жердегі сая болатын ағаштардан бастап, жеміс ағаштарын отырғызуды жаппай жүргіздік. Мұның үстіне кейбір көшеттер іргеміздегі өзбек ағайындардан келісім-шартпен алдырылды. Олардың бір өзгешелігі суды аз қажет ететіндігі. Отырғызылған көшеттердің 90 пайызы көгеріп шықты. Оның басы-қасында тиісті жауапты мамандар, жұмысшылар іс атқарып жатыр. Көшеттерді суғару барысында біздің ауданның өзгелерден бір ерекшелігі – күннің ыстықтығына байланысты басқалар үш рет суарса, біз бес рет су береміз. Жүйені осы қалыпты қарқынмен жүргізіп, кейбір қиындықтарға мойымай, мәселелерді дер кезінде ырғақты шешіп отырсақ, алдағы екі-үш жылдың көлемінде бүгінгі көшеттеріміз еңсе көтерген, ел демалатын аймаққа айналуы керек.

—Қайреке, осы сіздің мамандығыңыз қателеспесем агроном болар. Сондықтан тәжірибелі маман ретінде сізге бұл сала оншалықты игерілуі қиын жәйттердің қатарына жата қоймас деп ойлаймын, – деп бір сауалдың шетін шығардық. Әкім іркілген жоқ.

—Мен егін шаруашылығының маманымын. Көп жыл сол салада еңбек еттім. Ағаш пен шөптің, кез келген дақылдың тілін білемін десем, ол артық айтпағандығым. Осы бағдарлама аясында атқарып жатқан жұмысымыз өз жемісін беріп, еңбегіміз еш болмаса, біз үшін бұдан артық абырой жоқ. Барлығы болды, толды, бітті деуден аулақпын. Өнбеген он пайыз көшет бар, оның үстіне кейбір көшеттердің жерсінбеуі мүмкін. Сондықтан мұндай шығындардың орнын толтыруды назардан тыс қалдырып отырғанымыз жоқ. Дамыған талай елдер бүгінде жемісін көріп отырған бұл бағдарлама таяу мерзімде біздің де атқарған игілікті істеріміздің қатарынан орын алады деп ойлаймыз.

Қайрат Амангелдіұлы шатқалдарға байланысты жұмыстарды осылайша бір түйіндеп, енді шипалы өңірдің бүгінгі жағдайы, онда алдағы күндері атқарылуға тиісті жоспарлы жұмыстарына қарай  ойысты.

—Сарыағаштың жақын төңіректе атын естімеген адам жоқ шығар. Талайлар дертіне дауа тауып, емін қабылдап біздің елден сауығып шығып, алғысын айтып аттанып жатады. Қазірдің өзінде жиырмадан астам шипажайлар халыққа қызмет көрсетеді. Келушілердің арасында тек Қазақстаннан ғана емес, шет мемлекеттерінен де ем қабылдайтындар аз емес.

—Сарыағаш дегенде осыдан біраз бұрын жұрттың құлағына жеткен кәсіпкерлердің дауы мен шағымы қалай болып жатыр, Қайрат Амангелдіұлы?

—Сондай жағдайдың болғаны рас. Кезінде түсінбестіктен орын алған дау-дамай қазір жөнге келді. Тиісті құжаттар дайындап, оны реттеу, жобалау жұмыстарын жүргізу үшін мемлекет тарапынан 30 миллион теңге қаражат бөлінді. Шипажайға кіріп-шығатын жолдарды жөндеу, көгалдандыру, тазалық, абаттандыру және аркаларды қалпына келтіру үшін қолға алынған біршама жұмыстар қазір аяқталды. Ал кейбірі одан әрі жалғастырылуда. Шипажайдағы лас суларды реттеу жағдайына келгенде біраз сауалды мәселелердің орын алып отырғандығын айтпай кеткенім дұрыс болмас. Пайдаланылған лас суларды жинақтайтын орын бұған дейін үш шипажай мен 150 үйге ғана арналған болатын. Енді мынаған назар аударыңыз, қазір курорт аумағында 20 шипажай халыққа қызмет көрсетеді. Оның үстіне үй саны 2 мыңға жетіп қалды. Түбінде бұл мәселе бізге үлкен қиындықтар тудырып, күрделі жағдайға айналады. Сондықтан кеш те болса олқылықты түзету жолында жоба жасалынып, жаңарту, жаңғырту, ұлғайту мақсатында мемлекеттен 1 миллиард 280 миллион теңге көлемінде қаражат сұралмақ. Барлық құжаттар дайындалғаннан кейін біз өз жобамызды Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихаты депутаттарының және облыс әкімінің алдына қойып, оны жан-жақты қорғап шығуымыз керек. Мәселе оң шешілген жағдайда қазірге дейінгі шипажай, ондағы лас су, кәсіпкерлердің жер учаскесіне байланысты түйіндер түгелдей ретке келтіріледі деп айта аламын. Мұның үстіне қосымша шипажайға кіріп-шығатын жолдарды мемлекет қарауына алу жоспарланып, тиісті жұмыстар атқарылу үстінде,– деп аудан басшысы ешбір мәселені бүкпей, сол қалпында бізге жеткізді.

—Сіздер жанға дәру, тәнге шипа болатын минеральды суларыңыз бола тұра, ауызсуға зәру ауданның қатарынан саналасыздар. Өзге де шешімін таппаған, келер күндерге иек артқан қандай мәселелерді ортаға салар едіңіз?

Біз сауалымызға да нақтылы және тұжырымды жауап қайтарылды.

—Кез келген өңірдің өзіне лайық шешілмеген мәселелері болады. Ол өмірдің заңдылығы, уақыттың талабы. Рас, бізде табиғи ауыз суға тапшылық бар. Негізінен егін шаруашылығымен айналысатын өңірде ағын судың да жетіспеушілігі орын алып отыр. Бұл жасырып-жабатын нәрсе емес. Осы күнге дейін оның нақтылы бір оң шешімін таппай келе жатқаны да шындық. Бұдан басқа мектеп пен балабақшаның жетіспеушілігіне деген сұраныс әлі толық орындалып болған жоқ. Оның үстіне олардың біразы ескірген. Аудан бойынша электр желілерінің әбден тозығы жеткен. Оларды жаңарту керек. Ауданішілік жолдардың 50 пайызы ғана жарамды, қалғандары жөндеуді қажет етеді. Газдандыру да ойдағы көп міндеттер қатарында. Осындай келелі мәселелерді шешу бір күн, бір жылдың еншісіне жатпайтындығы белгілі. Біз де қол қусырып қарап отырғанымыз жоқ. Жоспарлар жасалынуда, тиісті орындарға сұраныс берілуде. Халық үшін қажетті қандай да бір мәселе болмасын күн тәртібінен түскен емес. Мұның бәрі де алдағы күндердің еншісіндегі тірлік. Біз сол мақсатты өзіміздің басты ұстанымымыз етіп, оны шешудің барлық мүмкіндіктерін жасау үстіндеміз.

—Ағын су, ауыз су, мектеп, электр желілері, жол төңірегіндегі түйткілдерге қанықтық. Осы сіздердің ауданда бір кездері жекеменшіктің қолына өтіп кеткен су каналдары аз емес секілді. Солардың қазіргі жағдайы қандай, олар диқандарға қай деңгейде қызмет көрсете алады?

Сауалымыз Қайрат Әбдуәлиевті онша көп ойландырған жоқ. Дағдылы қалпымен оны түсіндіруге кірісті.

—Аумалы-төкпелі кезеңде мемлекеттің көп дүниесі жекеге өтіп кетті. Солардың қатарында аудан басшыларының тарапынан да кемшіліктер болды. Олар халықтың мүддесінен гөрі, жекенің мүддесіне көбірек назар салған секілді. Каналдар да сондай көп құрбандардың қатарында. Жекенің иелігіне берілгеннен кейін оған бақылау азаяды, күтімі төмендейді. Кейбіреулерін қайыр мен шөп басып, суды өз деңгейінде бере алмайтындығы тағы бар. Оның үстіне сол каналдың суларының басым бөлігі көршілес мемлекеттен келеді. Бұл жерде де еларалық мәселелер туындайды. Ал оны шешуге канал қожайынының шамасы жетпеуі мүмкін. Сондықтан да, біз оны жан-жақты сараптап, талдай келе мемлекеттің иелегіне қайтаруды дұрыс санадық. Қазір осы бағытта жұмыстар жүргізіліп, қажетті құжаттар түзілуде. Біздің осы ойымыз жүзеге асатын болса, онда ағын су төңірегіндегі ауқымды олқылықтар ретке келіп, диқандардың талай тосқауылды мәселелері өзінің оң шешімін табады деп ойлаймын.

Сарыағаш ауданының әкімі Қайрат Әбдуәлиев аз ғана жүздесу барысында осылайша біраз мәселелерге байланысты өз ойын ортаға салды, нақтылы пікірін білдірді, түйінді тұжырымын айтты. Ендігі ретте облыс деңгейіндегі тиісті салалық мекемелер бүгінгі алға қойып отырған біршама мәселелердің ертерек шешілуіне, оның халық пайдасына айналуына септігін тигізеді деген сенімдеміз.

Қ.ҚАЛИЕВ

Серікбай Сапарұлы – қазақ баспасөзіндегі танымал тұлғалардың қатарында. Еңбек жолының отыз жылдан астамын тек журналистикаға арнаған. Бірнеше кітаптардың авторы. Біз ол кісімен күні кеше байланыс және ақпарат қызметкерлерлерінің салтанатты басқосуы өтіп жатқан кезде жүздесіп, бірнеше сауалымызға тұщымды жауап алған едік.

 

— Серікбай аға, ең әуелі сізді бүгінгі төл мерекеңізбен құттықтаймыз. Қарымды қаламгерлік үлкен жолдан өтіп, талай басылымдарға басщылық жасадыңыз. Соңғы жылдары өзіңізді баспасөздің басшысы ретінде көре алмай жүрміз…

—Рахмет, ортақ мейрам ғой. Мен журналистикадан, жалпы жазу мен қалам ұстаудан әлі қалғаным жоқ. 1976 жылы аудандық газетте басталған шығармашылық жол бүгінге дейін өзіммен бірге. Шынын айтсам, біз егіздің сыңарындаймыз. Шопандықтың таяғын қаламға айырбастап, бала кезде басталған жазуға деген құмарлық қазір қария атанғанда да менен іргесін аулақ салған емес. Ең төменгі қызметтен газеттің басшылығына дейінгі өткен жолдар санамда сарытап сағыныш болып тұр. Аудан мен облысты айтпағанда қазіргі КИМЭП-тің газетінің редакторы болғандығымды көп адамға айта бермейтін едім. Өткен 18 жылдың ішінде тоғыз газеттің бас редакторы қызметін атқардым. Бәрін де жоқтан құрап, ел танитын ғана емес, іздейтін басылымға айналдырдым. Бұл аса бір мақтаныш та емес, бірақ айтпауға тағы болмайтын нәрсе. Өйткені, оның бәрі менің – өмірім. Қазір көрінбейтін себебім, соңғы бес жылдың аясында денсаулық жағдайыма байланысты бар ауыртпалықты көтере алмайтын кезде, саяси өмірге араласып кеттім. Өзім 1999 жылдан бері алғашқы мүшесі болған «Нұр Отан» партиясының «Бәйтерек» бастауыш ұйымын белгілі кәсіпкер Қайрат Рахымұлы Балабиев деген азаматпен ақылдаса отырып құрып, оған мыңға тарта кәсіпкерлерді мүшелікке қабылдап, төраға деген басшылық лауазымды иемденіп келемін. Айтарымды қағазға түсіріп, облыстық «Оңтүстік Қазақстан», «Южный Казахстан», республикалық «Уақыт» газеттерінде жария етіп, жұрттың назарын аударып, өзімнің бар екендігімді білдіріп қоятын да әдетім бар. Астанадан шығатын «Ел» газетінің үш облыстағы меншікті тілшісімін. Бұдан бөлек, жастайынан тәрбиелеген, журналистикаға баулыған шәкірттерім аз емес. Олар әр басылымда әжептеуір басшылық қызметтерде жүр. Солардың ақылшысы іспетті тірлігіне баға беріп, бағыт сілтеп отыруды да дағдыға айналдырғанмын. Бұдан менің жұмысым ортайып қалған жоқ.

—Бүгінгі журналистиканы өткен күндермен салыстырғанда нені байқадыңыз? Жазбагерлердің ұтқаны мен ұтылғанына қандай баға бересіз?

—Арасы алшақ, аспан мен жердің арасындай. Кейде бүгінгі ұрпақ бізді, біз жас қаламгерлерді түсінбей жатамыз. Өйткені тарих доңғалағы бір орында тұрған жоқ. Заман жаңарып жатыр, бәрі де жаңғыру үстінде. Бұл мені қуантады. Біз бір кездері апта ішінде ауданда үш газет шығарып, таң бозарғанша жұмыс істеп, мақаланың әр жолын қорғасынға құйып қаттап, беттеп газет шығардық. Әр парағын аппаратқа қолмен салып, біртіндеп санап өскен ұрпақтың өкілдеріміз. Бүгінгідей компьютер секілді техника сонау сексенші жылдары өңіміз түгілі түсімізге кірмеген еді. Әзірге бірін-бірі ұтып жатқан ешкім жоқ. Мамандыққа деген құмарлық, іске деген ынтызарлық, жастық қайрат бізге қиындықтарды жеңдірді, ерінбей еңбек етуге тәрбиеледі. Соның өзі қызық еді.

—Қазіргі басылымға, әлеуметтік желілерге, интернет сайттарына қандай көзқарастасыз? Кадрлар, олардың шығармашылық деңгейі туралы пікіріңізді білсек?

—Біз қалам ұстап, редакцияның кеңсесін жағалаған кезде бүкіл Қазақстанда ҚазҰУ-да ғана журналист мамандарын дайындайтын. Қазір олардың санына саусағымыз жетпей қалған секілді. Дәл осы арада сапа жөнінде айтсам, бүгінгі қолына диплом алған жастардың көпшілігі аудитория қабырғасынан шала сауатты болып шығады. Өйткені ондағы дәріс оқитындардың өзі сол шалағайлардың қатарында болған бір кездері. Жанрлық тағылым деген қазір жастардың санасында жоқ. Очерк, репортаж, заметка дегендерді сұрай қалсаң, аспаннан түскендей болады. Олар үшін бәрі мақала. Біз шығармашылық жанрды қолдан құртып алдық. Университеттегі Тауман Амандосов, Темірбек Қожекеев, Намазәлі Омашев секілді журналистиканың нәрін миына құятын, соның том-том кітабын жазған кадрлар қазір жоқ деуге болады. Міне осының барлығы сауатты журналисті, білікті маманды өмірге дайындап беруде кері әсер етеді. Бұл шындық. Ал әлеуметтік желі секілді техниканың күшімен жүріп жатқан компьютерлік байланыс сол саяз ойды одан әрі таяз етеді. Блогер дегендер қазір хабардың шапшаңдығына, қысқалығына көп назар аударғанмен, сол атты иемденгендердің бәрі бірдей нағыз майталман блогер емес, жәй әлеуметтік желінің жандайшаптары. Неге қаттырек баға айттыңыз десең, олар өз жанынан тосын нәрсе шығармайды, біреулердің желідегі айтқан ой-пікіріне селбесіп ғана күн көреді. Сондықтан оны арзанның сорпасы татымайды деуге болады. Желілердегі әдепсіздік, бейауыз пікірлер, бәдік әңгімелер ешкімге тәрбие бермейді. Оны бағалап, тиым салып жатқан ешкім жоқ. Біз осылайша жас өскіннің тәрбиесін жау болып, қолдан құртып жатырмыз. Әлі есімде, Компартияның кезінде есеп беру жиналысынан жазылған мақалада «Сол мәселе биыл тағы болып қаралды» деген бір сөйлемдегі тағы сөзі буынға бөлініп, толық түрінде екінші қатарға тағы түскен оны ешкім байқамаған. Ертеңіне аупарткомда отырған екінші хатшысымыз Оразкүл Асанғазиева мені шақырып, ұрыстың астына алып, артынша бастауыш партия ұйымның жиналысы болып, маған, кезекші редакторға жазбаша сөгіс беріліп, корректор қызметінен кетті. Сол есіме түссе қазіргі желіде жүрген жел сөздерге қарным ашады. Бұл да бір кездері жөнге түсіп, ретке келер деп ойлаймын. Жалпы газет пен журналдың деңгейін, бағасын төмендетуге болмайды. Интернетке арқа сүйеп, оларды жойып жіберсек, біз өткенімізден айырылып, ертеңімізге қолымыз жетпей қалады.

—Сіздің ойыңызша қазіргі журналистерге жетіспейтін нәрсе не?

—Ең бірінші кәсіптік біліктілік, рухани тазалық, білгір сауаттылық және мәдени ұстамдылық. Қарап отырсам адамға қажетті осы төрт нәрсе төмен деңгейде тұр. Мен жоғарыда кәсіптік біліктілікті, оның себебі мен салдарын айтып кеттім. Рухани тазалық бұл әрбір зиялы жанның өмірлік мұратына айналуы тиіс. Кей басылымдардан дау-дамай, арыз-шағым жөнінде жазылған мақалаларды оқығанда кәдімгідей тітіркеніп қаласың. Журналист арыз иесінің айтпағанын айтып, өз жанынан қосып, үстінен шағым айтылған жанды жатып кеп жамандайды. Оның да өзіне лайық ары мен ұяты, намысы мен кісілігі бар екендігін ескермейді. Адамдардың тағдырымен ойнау жақсылыққа апармайды. Осындай рухини жұтаңдық деңгейіндегі қаламгерді сотқа сүйресе, ол әлгі өзі әбден «батпаққа аунатқан» кейіпкерінің күстенген аяғын сүюге әзір тұрған бейшаралығын көргенде көңілің оған емес, сондай адамдарды тәрибелеген қоғамға найырза болады. Сауаттылық пен адами мәдениет рухани жұтамдықтың тасасында қалса одан өткен сорлылық жоқ. Біз қалтасы тоқ, өзгелердің өмірімен санаспайтын, өз сауатсыздығын, мәдениетсіздігін, қатігездігін түсінбейтін байшікеш тобырдың ішінде өмір сүріп отырмыз. Бұл жетіспеушіліктердің бәрін бірден жоя аламаспыз, бірақ күресуді тоқтатпауымыз қажет. Әйтпесе қазақы тәрбиеміз батыстың рухсыз әдебінің жолына түсіп кетеді. Тапсырыспен қолға қалам алудан аулақ болу керек екендігін де сөз реті келгенде айта кеткім келеді. Жастар мұндай тоғышарлық тәрбиеден іргесін аулақ салғаны жөн.

– Жалпы газет пен журналдың таралымы азайып баа жатқандығын білетін боларсыз. Оның себебі неде? Ретке келтірудің жолдары бар ма?

– Бүгінде басылым көбейді. Әсіресе Оңтүстік өңірі соның көшін бастап келеді. Адамға да, қоғамға да пайда әкелмейтін, атақ пен дақпырт үшін бақай есеппен шығатын газеттер сол көптің үлесіне кері үлес қосып келеді. Кейде біреулерді жамандаған, топтастырылған арыздар жазылған басылымды жұрт оқып жатады. Жалпы шағым керек шығар, мынау қоғамның кемшілігін түсіну үшін. Бірақ ылғи сондай жанрды жариялау адамдарды мезі етеді, рухани ауамызды ластайды, адамдарды теріс тәрбиеге қарай жетелейді. Таралымның азаюы әлеуметтік желілердің өмірімізге дендеп енуіне де байланысты. Жұрт соған көбірек көңіл аударып, газет пен кітап оқуды екінші қатарға сырғытып қойғандығы ащы да болса шындық. Көңілді демдейміз – уақытша құбылыс болса екен деп. Мемлекет тарапынан басылымдарға қамқорлықты тұрақты және жоғары деңгейде жүргізудің өзі оның таралымына, өз оқырманына жетуіне көп септігін тигізеді. Газет шығарудың,  оған қаржы табудың, таратудың қандай азап екендігін мен бір кісідей білемін. Сондықтан дәстүрлі БАҚ-ты жоғалтып алмаудың қолдан келер бар амалын қарастырғанымыз тоқтатпағанымыз жөн.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Алдан САТЫБАЛДЫ

Біз газетіміздің өткен санында Шымкент қалалық жергілікті полиция қызметінің басшысы Данияр Мейірхан мен ОҚО прокуратурасының аға прокуроры Нұржан Полатовтың арасындағы сотқа дейін барған іске байланысты «Данияр Мейірхан прокурор Полатов үшін қызметтен кетуі керек пе?» деген тақырыпта мақала жариялаған болатынбыз. Бұл екі ортада облыс әкімі тарапынан Шымкент қалалық мәслихатына арнайы ұсыныс хат түсіп, онда Д.Мейірханды қызметінен босату жөнінде сұраныс болғандығын айтқанбыз.

 

Одан бергі аралықта қалалық мәслихаттың сессиясы өтті, Н.Полатовтың кінәлі, кінәсіздігіне байланысты прокуратура тарапынан берілген талапқа орай сотта іс қаралды. Әзірге бізге мәлім болғаны Шымкент қаласының бас полицейін қызметтен кетіру туралы ұсыныс хат кезекті сессияның күн тәртібіне енгізілген. Бірақ сессия өз жұмысын бастаған сәтте бұл ұсыныс күн тәртібінен алынып тасталған.

Бұның себебін қалалық мәслихат депутаттары облыс әкімінің берген ұсынысын кері қайтарып алғандығымен түсіндіреді. Ал екінші мәрте істі апелляциялық сатыда қараған судья Г.Қыдырбаева Шымкент қаласы әкімшілік сотының судьясы Н.Әлиевтің қабылдаған қаулысының күшін жойған. Тағы бір іс судья С.Ниязбектің өндірісінде қаралып, ол өзінің қаулысымен Н.Полатовты кінәлі деп есептеп, көлік басқару құқығынан үш жылға айырды.

Бұның барлығы ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәмидің облысқа келген сапарында осы іске нүкте қоюға берген тапсырмасына байланысты болып жатқан секілді. Әзірге даудың басты кейіпкерлеріне қатысты нақтылы бір қызметтік шешім қабылданған жоқ.

 

«Уақыт»

Жақында ғана әлеуметтік саладан бөлініп шығып, өз алдына тағы да отау тіккен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бұрынғы сарыннан сырт қалмай, өздеріне қайырлы, халыққа қайырсыз тағы бір реформаның құлағынан ұстап, оны Үкіметтің келісім беруіне ұсынып отыр.

 

Министр Елжан Біртановтың айтуына қарағанда жаңа норматив қаржыны үнемдеп, ол үшін біраз шататты қысқартпақ екен. Яғни, талай дәрігердің көз жасының сорына айналғалы отырған бұл неғылған реформа екендігіне министрдің түсінігі негізінде талдау жасап көрейік. Бұдан былай ел аумағында бір саламен шектелетін, монобейінді ауруханаларды салуға ешқандай жол берілмейді. Тері, жұқпалы, туберкулез ауруларын емдейтін мекемелер ендігі ретте үлкен ауруханалардың бір бөлімшесі болып қала бермек. Ол біреуден біреуге жұға ма, жұқпайды ма, түпкі нәтижесі жақсылық әкеледі ме, немесе жамандықтың апанына апарып кіргізеді ме, ол жағы министрді ойландырмайтын секілді. Министр жергілікті басшылықпен келісе отырып, біріне-бірі жақын тұрған мидециналық мекемелерді қосу арқылы мультибейінді ауруханаларды құруға ерекше басымдық беретіндігін ашық айтып отыр. Елдің нөмірі бірінші бас дәрігері Елжан Амантайұлының ертеңі қандай болары бұлыңғыр, ешкім кепілдік бере алмайтын бастамасын Үкіметтің өзі қуана қоштап, қол шапалақтағанға ұқсайды. Бұл жерде адам тағдыры, науқас жағдай дені сау министр мен «ауырмайтын» үкіметті ешқандай алаңдатпайтын секілді.

Енді артқа сәл шегініс жасап көрейік. Бір кездері бізде есепшілер де денсаулық саласын басқарған кез болған. Сонда арасы 50 шақырымнан аспайтын ауруханаларды жауып, оларды біріктіру жөнінде ұсыныс айтылған. Әл үстіндегі аурудың 100 шақырымға не тірі, не өлі жететін жағдайы сол кезде де ешкімнің қабырғасын қайыстырған жоқ еді. Министрдің ауысуы себеп болды ма, әлде жаны қиналған науқастардың көз жасы көтеріп кеті ме, осынау орынсыз бастама баянсыз болып қалды. Тағы бір екі мәселені де айтып өткеннің артықтығы болмас.

Досқалиев деген минстр «аурулардың дәрігерге тықпалап беретін парасын тоқтатамыз, ондай беретіндерін, парасы мен сыйлығын медициналық мекеменің кассасына құямыз» деп те даурыққан күндер өткен. Ауызынан «пара берілмесін, пара алынбасын» деген сөз шықпаған министрдің ақырының қандай болғандығын ел біледі.

Қазір медициналық сақтандыру қоры жөнінде үлкен әңгіме болып, шешім қабылданып жатыр. Бұл жағдай 1996 жылы да министрлік тарапынан қолға алынып, әр адамға сақтандыру кітапшасы беріліп, соңының немен біткені ешкімге жұмбақ емес. Жақсы бастаманы кім болса да қолдайды. Ал орынсыз, қажетсіз тықпаланған ұсыныстың ғұмыры ұзаққа бармайды.

Министр Е.Біртанов Үкімет отырысында ауруханаларды телігенде әкімшілік аппараты қысқарып, жыл сайын 10,7 миллиард теңге бюджет қаражатының үнемделетіндігін айтқанмен, жанын шүберекке түйген, өмірі қыл үстіндегі науқастарға қандай пайдасы болатындығын айта алмады. Оның үстіне қысқарту есебінен қаншама дәрігерлер мен орта буынды медбикелер, техникалық қызметкерлер жұмыссыз қалып, жұмыссыздардың санын көбейтетіндігіне де жаңа министріміз пысқырып та қарамады. Осыдан кейін Елжанның елге жаны қалай ашитындығын айтқызбай-ақ аңғаруға болады. Ақшаны үнемдеу жақсы, бірақ адамдардың денсаулығын ойлауға болатындығын мүмкін Парламенттің төрінде отырған, халық сайлаған, сол халықтың сенімді өкілдері – депутаттар министрден гөрі сәл дұрысырақ ойланғаны дұрыс болатын шығар.

А.САТЫБАЛДЫ. 

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына жасаған жыл сайынғы Жолдауларында, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттырып, жемқорлыққа қарсы күрестің еліміз үшін маңызы зор екенін үнемі атап көрсетуі тектен тек емес.

Жең ұшынан жалғасқан сыбайластық ел экономикасының көтерілуіне елеулі кедергі келтіретін қауіптің бірі. Сондықтан да оны болдырмау, алдын алу мақсатында барлық жерде пәрменді іс-шаралар жоспарланып, жүзеге асырылуда.
1998 жылдың 2 шілдесінде Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңы қабылданып, онда сыбайлас жемқорлықпен күресу әрбір мемлекеттік органдар басшыларының, ел азаматтарының міндеті екендігі атап көрсетілді. Аталмыш заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлық көріністерінен туындайтын қауіп-қатерден еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған.
ХХІ ғасырдың дертіне айналған сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту мақсатында «Қылмыстық кодекске», «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға және басқа да заңдық нормативтерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын. Олар мүмкіндігінше өз нәтижесін беруде. Қазақстан Республикасының Жемқорлыққа қарсы стратегиясына сәйкес барлық ұйымдарда арнайы жоспар құрылып, түрлі шаралар жүргізілуде. Бұл шаралар мемлекетіміздің жемқорлыққа қарсы саясатының орындалуына өз үлесін тигізіп келеді.
Қоғамымыздың барлық саласында дендеп еніп бара жатқан жемқорлықтың жолына батыл тосқауыл қойып, олардың зардаптарын жою және жемқорларды тауып олардың жауапқа тартылуына ықпал ету әрбір мемлекеттік органдар басшыларының, барлық азаматтардың міндеті.Осы орайда, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, болдырмау және жою, сақтандыру мақсатында облыстық қаржы басқармасында 24-74-53 нөмерлі «Сенім телефоны» орнатылып, Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының талаптарын, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексін және өзге де нормативтік-құқықтық актілерді сақтау жөнінде іс-шаралар жоспары жасалынды. Бұл іс-шара жоспарында Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы», «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңдарында және Елбасы Жарлықтары мен Жолдауларында мемлекеттік қызметшілерге қатысты белгіленген шектеулерді қатаң сақтау міндеттелген. Атап айтқанда: өкілді органдардың депутаты болуға; педагогтік, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметті қоспағанда, басқа да ақылы қызметпен айналысуға; кәсіпкерлік қызметпен айналысуға, соның ішінде, егер коммерциялық ұйымды басқаруға тікелей қатысу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес оның қызметтік міндетіне кірмейтін болса, егер «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарында өзгеше белгіленбесе, ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, коммерциялық ұйымды басқаруға қатысуға; үшінші тұлғалардың істері бойынша өзі қызмет істейтін не өзіне тікелей бағынысты немесе өзінің бақылауындағы мемлекеттік органда өкіл болуға; өзінің қызметтік іс-әрекетін материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз ету құралдарын, басқа да мемлекеттік мүлік пен мемлекеттік ақпаратты қызметтік емес мақсатта пайдалануға; ереуілдерді қоса алғанда, мемлекеттік органдардың қалыпты жұмыс істеуіне және қызметтік міндеттерді орындауға кедергі келтіретін ерекшеліктерге қатысуға; лауазымдық өкілеттігін орындауға байланысты азаматтар мен заңды тұлғалар көрсететін қызметті жеке мақсатына пайдалануға, қаржы бақылау шаралары (барлық материалдық игіліктері бойынша декларация тапсыру); мемлекеттік қызметке кіріскеннен кейін бір ай ішінде, осы адамға заңды түрде тиесілі ақшаны, сондай-ақ мүліктік жалдауға берілген мүлікті қоспағанда, коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталындағы, өзінің меншігіндегі үлестерді, акцияларды (акцияны) және пайдалануы табыс алуға әкелетін өзге де мүлікті мемлекеттік қызметті өткеру уақытына Қазақстан Республикасының заңнамасында берілген тәртіппен сенімгерлік басқаруға беруге; заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік қызметшіге өзінің жақын туыстары ата-аналары, балалары, бала асырап алушылар, асырап алған балалар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері, аталары, әжелері, немерелері) немесе ері (зайыбы) атқаратын қызмеке тікелей бағынысты лауазым атқаруына қатаң шектеу қойылғаны басқарманың барлық қызметкеріне түсіндіріліп, оны сақтау міндеттелді. Бұл бағыттағы талаптардың мүлтіксіз, қатаң жүзеге асырылуын бақылау басқарманың құқықтық және құжаттандыру жөніндегі жұмыс бөлімінің басшысы А. Жұманазаров пен персоналды басқару жөніндегі бас маман А.Атымтаеваға жүктелген.
Сондай-ақ бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, құқықтық сауаттылықты аттыру, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң талаптарын түсіндіру мақсатында басқармада семинар өткізіліп, құқықтық және құжаттандыру жөніндегі жұмыс бөлімі тарапынан кең көлемдегі түсіндіру сабақтары өткізілді.
Басқармада жоғарыда атап өткен іс-шаралар аясында облыс әкімінің көмекшісі-ОҚО жергілікті атқарушы органдарының әдеп жөніндегі өкілі Ә.Әлішевтің қатысуымен өткен «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» «Дөңгелек стөл» басындағы әңгіме де оған қатысушыларға өте пайдалы болды.
Жемқорлықпен күрес бүгінде елімізде мемлекеттік маңызы бар түйткілді мәселеге айналып отыр. Елдің ертеңі үшін, болашақ келер ұрпақ алдында еңсемізді биік көтеріп жүруіміз үшін, жемқорлық індетімен белсене күресіп, түп-тамырымен жою қажет. Өйткені сыбайлас жемқорлық қауіпті індет.Ал оны жою баршамызға міндет.

Кеңесбек МЕНДЕБАЕВ,
ОҚО қаржы басқармасының басшысы.

Жемқорлық – ол қасірет. Осы күнге дейін елімізде көптеген әлеуметтік, экономикалық және басқа да мәселелер өз шешімдерін бірте-бірте тауып келеді. Бірақ бір проблеманы шешу қиын болып тұр, ол – коррупция. Жемқорлыққа қарсы арнайы заңдар да қабылданды, атқарылған жұмыстар да баршылық. Әттең … Бұл мәселені толық шешу мүмкін болмай тұр.

Елбасы Жолдауының сыйбайлас жемқорлықпен күреске бағытталған бесінші басымдығына білім салалары мекемелері белсенді түрде қолдау көрсетіп келеді. Соның бірі 21 сәуір күні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінде «Адал бол» акциясын ұйымдастырды. Аталған жиынға 12 жоғарғы оқу орындары мен Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы және жүзге жуық студенттер қатысты.


Іс-шараны департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Әли Көмекбаев ашып, өз сөзінде академиялық адалдық қағидаты студенттерді білім алу үрдісіндегі тәртіпке қана үйретіп қоймай, білімге деген жеке адалдық пен жауапкершіліктерін арттыратындығын атап өтті.
– Құрметті студенттер, біздің жастармен кездесудегі мақсатымыз, сыйбайлас жемқорлықтың алдын алу. Жастар ең бірінші адал болу керек. «Адал бол» акциясы бүкіл республика бойынша жүріп жатыр, Шымкентте алғаш рет. Сіздер әрқайсыңыз болашақ мамандық иегерісіздер. Сондықтан қазірден бастап сыйбайлас жемқорлықтың қандай кері әсері барын түсініп, оның жұмыстарыңызға қандай кедергі келтіретінін осы сәттен бастап ұғыну қажет. Ол үшін адалдықты ту етіп, өз қызметіңіздің патриоты болып, жемқорлық деген түсінікті мүлдем ойдан шығару керек. Жемқорлықтың түбі, тек темір тормен ғана шектелмейді, болашақ ұрпақтарыңызға да зияны әбден тиюі мүмкін. Сол себепті адал болыңыздар, деді Әли Амантайұлы.
Бұл акцияның тәрбиелік, рухани, кәсіби мәні өте жоғары. ОҚМУ-дің бірінші проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор
Жамбыл Айменов «Адалдық – рухани жаңғырудың басты қағидасы» тақырыбында баяндама жасап, жастарды патриоттық тәрбиелеудің аса маңыздылығына жиналғандардың назарын ерекше аударды. Қаламыздың бас педагогы, білім бөлімінің басшысы Жанат Тажиева «Адал болу – адал ұрпақтан басталады» дей келе:
Өскелең ұрпақты тәрбиелеу алдымен ата-ананың, сосын мұғалімдердің тікелей міндеті. Бүгінгі жиынның маңызы өте зор. Мұнда отырған әрбір жас болашақта бір мекемеге басшы болғысы келеді, немесе білікті дәрігер, жоғары санатты заңгер, құрылыс саласының инженері болып қызмет атқаруы мүмкін. Бірақ, ондай жоғарғы деңгейге жету үшін сіздер алдымен адал болуларыңыз керек. Сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік қасиеті болуы қажет. Жасыратыны жоқ, сыйбайлас жемқорлық түрлі мемлекеттік қызметкерлер арасында, жоғарғы оқу орындарында, мемлекеттік органдарда орын алып жатқан жағдайларды естіп жүрміз. Білім бөлімі және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментімен бірлесе отырып, мектеп оқушылары арасында «Адал ұрпақ» қауымдастығын құрдық. Алғашында оның құрамында бес мың оқушыдан еріктілер клубы құрылды. Мұнда оқушыларға дұрыс түсіндірме, бағыт-бағдар берудің нәтижесінде қазіргі кезде 129 мектептен 45265 оқушы клубқа мүше болды. Негізгі мақсат – оқушыларды рухани, патриоттық, адамгершілік тәрбиеге баулу, мемлекеттік билік институттарына сенімін арттыру, саяси құқықтық білімін қалыптастыру және сыйбайлас жемқорлыққа төзбеушілікке үйрету. Міне, осы аталған бағыттар бойынша білім ошақтары аянбай еңбек етуде, деді Жанат Арысбекқызы.


Шара барысында студенттік және академиялық ортадағы жемқорлық жағдайларын барынша азайтуға және жоюға бағытталған жұмыстарды жоғарғы оқу орындары өздері дайындаған «адалдық» бейнероликтері көрсетті. Акция соңында үшінші курс студенті Н.Жүрсін барлық студенттер атынан жоғарғы оқу орындарындағы ашық және сыбайлас жемқорлықсыз, әділдік, теңдік үстемдік ететіндігін мәлімдеді.
Дастан БАШИРОВ.

Сарыарқа төрінде өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде техника мен техникалық жетістіктер тамашаланып қана қоймай, онда өтетін мәдени іс-шараның ауқымды әрі жан-жақты болатыны белгілі. Маусымның 10-ы мен қырқүйектің 10-ы аралығында өтетін бұл көрмеде қызықты ойын-сауықты бағдарламалар, концерттер, түрлі шоулар көрсетіледі. Сол кезде әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған миллиондаған жұртшылыққа өнерін паш ететін қазақстандықтардың қатарында «Оңтүстік–Цирк» мекемесінің өнерпаздары да болады.

Аталған мекеменің шабандоздықты үйренген өрендері Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесінде өзгеше өнер көрсетпек. Бұған олар әзірден дайындалып жатыр. Үлкен ептілік пен талмас табандылықты талап ететін бұл өнер талай жұрттың көңілінен шығатыны анық. Ең бастысы сенім артқан сайыпқырандар қойылатын нөмірді қысқа мерзім ішінде мінсіз орындап шықса болғаны. Бұл ретте «Оңтүстік – Цирктің» шабандозшыларын сол үлкен додаға дайындап жатқан топ жетекшісі Қалқаман Дүйсеқұловтың да еңбегі зор. Ол:
– Біз ат құлағында ойнаған қазақтың ұрпағымыз ғой. Сондықтан болса керек шабандоздық өнерді (джигитовка) көптеген қазақ жігіттері серік тұтады. Әрине бұл қуанарлық жәйт. Бірақ оның да өз қиындықтары бар. Шабандоздық өнер кезінде ат үстінде тік тұру, секіру, астынан өтуді меңгеру ересен еңбекпен еңсеріледі. Ат құлағында отырып бір мезетте көркем қимыл мен шалт қозғалысты ерекше үйлесіммен көрсету кез келгенге қол емес. Оның әдісін алу үшін сайыпқырандарымыз қаншама сағатын жаттығу залында сарп етеді. Ең бастысы жетістік. Біздің мақсат маңдай термен меңгерген осы өнерімізді Сарыарқа төсінде болатын ЭКСПО-2017 көрмесінде паш ету, — дейді.


«Оңтүстік — Циркте» шабандоздық өнер бөлімі осыдан 7 ай бұрын ашылған болатын. Жұмысын бастағанына жыл толмаса да ондағы шабандоздардың жеткен жетістігі жетерлік. Биыл Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Жансейіт Түймебаев пен халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының ұйымдастыруымен Түркістан төрінде болған Наурыз тойында олардың көрсеткен өнерін жұрт жылы қабылдап, жоғары баға берген болатын. Цирк ұжымы мұның өзін мерейлі мәртебе деп біледі.


«Оңтүстік – Цирк» МКҚК мекемесінің директоры Арман Әлиев алдағы уақытта тың бастаманы қолға алуды жоспарлап жатқанын да жасырмады. Бұл жайында ол:
– Әлемнің бірқатар циркінде ат үстінде өнер көрсететін топтар бар. Келешекте солардың басын қосып, Шымкентте халықаралық фестиваль өткізгім келеді. Әзірге бұл жоспар ғана. Жүзеге асар күні де алыс емес деп сенемін. Негізінде қазақтың жігіттері Қамбар ата төлін ер қанаты деп білетіні белгілі. Сондықтан болса керек біздің облыста ат спортын серік ететін жігіттер жетерлік. Олардың сол шеберлігін шыңдай түссек, әлі талай биіктерге шығамыз. Бұл үшін мемлекет бізге барлық мүмкіндікті жасап жатыр деп айта аламын. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне шақырту алғанымыздың өзі соған нақты дәлел. Бізге артылған үмітті ақтау үшін, барымызды салатын боламыз. Қазіргі таңда өнерін ортаға салатын өнерпаздарымыздың ең үздік деген қойылымдарын іріктеп, оны бір бағдарламаға біріктірудеміз. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне шабандоз жігіттермен қатар, мықты акробаттарымыз бен үйретілген аңдарды да апарамыз, — дейді.
ЭКСПО-2017 көрмесінде «Оңтүстік – Цирк» ұжымының өнерлері Елордада өтетін мерекенің мәнін аша түсетіні айдан анық.

Д.ДҮЙСЕБАЙ.

Бүгінгі қолданыстағы сот жүйесі тақыр жерден пайда болған жоқ. Оның тарихы тым тереңде жатыр. Ол көне заманғы бәтуалы билер сотының  заңды жалғасы. Тәуелсіздіктің ширек ғасыры ішінде  сот жүйесі аяғынан тік тұрды. Бұл жетістікке жетуде сол баяғы қолмен тарқатылмас түйіндерді озық ой, өткір тілмен шешкен билер соты мен кеңестік замандағы  соттардың орны ерекше екенін айтпай кетуге болмас.

Тәуелсіздік алған жылдан бастап Елбасы сот жүйесін дамытуды назарға алып, нақты істерді қолға алып келеді. Мәселен, 1995 жылы бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституция негізінде судьялардың қызметі тұрақты болды. Егемендік алған алғашқы жылдары судьялардың барлығы сайланатын болса, ендігі кезекте бұл үрдіс тоқталылып, тәртіпке келтірілді. Яғни, судьялар
Президент жарлығымен тұрақты түрде қызметіне тағайындалып және Президент жарлығына сәйкес жұмысынан босатылатын болды. Сот жүйесі даму жолына түсті. Талай-талай тірліктердің түзелуіне негіз болған реформалар бастан өтті. Солардың бірі 1998 жылы Конституциямызға қылмыстық сот ісін жүргізуге алқабилердің қатысуы туралы өзгерістің енгізілуі болды. Бірақ еліміздің сол кездегі экономикалық жағдайларына байланысты сот әділдігін атқарудың мұндай тәсілі бірден жүзеге асырылмады. Ол тек 9 жыл өткеннен соң, яғни 2007 жылдан бастап жұмыс істей бастады. Бірақ сол уақыт аралығында біз бұл реформаны қалай жүзеге асырудың нақты идеясын түзіп, тиімді жолдарын зерттеп, зерделеп, оны тәжірибеге енгізудің оңтайлы оябын дайындадық. Соған сәйкес 2007 жылы елімізде «Алқабилер туралы» арнайы заң қабылданып, алқабилер институты жұмыс істей бастады. Заңға сәйкес алқабилер жаза тағайындауға қатыса алады.
Бұл халықтың тікелей сот ісіне араласуын білдіреді. Сот ісінің төрелігіне халықтың қатысуын қамтамасыз еткен бұл реформа демократиялық стандарттарға сай келетін жүйе-тін.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан
Назарбаев Ұлт жоспары бес интитуционалдық реформаның 21-қадамында: Алқа билер соты қолданылатын салаларды кеңейту қажет. Заңды түрде алқа билер соты міндетті түрде қатыстырылатын қылмыстық істердің категорияларын анықтау қажеттігі айтылған болатын. Оңтүстік Қазақстан облыстық соты осы мақсаттағы жұмыстарды жүргізуде межелі көрсеткіштерге қол жеткізіп отырған жағдайы бар. Мысалы, 2016 жылы облыс соттарында 5102 қылмыстық іс қаралған. Алқа билердің қатысуымен қаралған қылмыстық істердің саны 27,2 %-ға көбейген.
Былтыр Қазақстан Республикасы судьяларының VII-съезінде мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев:
– …Оң халықаралық рейтингтерге және сот төрелегін жүзеге асырудың сыртқы жақсы көрсеткіштеріне қарамастан бір шешетін мәселе қалып отыр – ол соттар мен құқық қорғау органдарына жұртшылық сенімі дейгейінің жетімсіздігі. Оған қазақстандықтардың жоғары мемлекеттік инстанцияларға, Президенттің өзіне дейін шағымдануы дәлел, оларда соттар мен құқық қорғау органдарының шешімдеріне арыз-шағымдар бар, кейде тіпті, судьялар корпусы өкілдері мен құқық қорғаушылардың адалдығы мен сатылмайтындығына күмән да келтіріледі, -дей келе, 2016 жылдың 10 айында азаматтар мен ұйымдардан заңдылық пен құқық тәртібі мәселелері бойынша Президент Әкімшілігіне түскен арыз шағымдардың саны 7 мыңға жуықтағанын мәлімдеген болатын. Сөйтіп сот қателіктерімен әділ емес сот шешімдеріне жол бермеу туралы тапсырманы нығырлап айтқан-тын.
Осы ретте облыста 2016 жылы алқа билердің қатысуымен өткен қылмыстық істердің 2015 жылмен салыстырғанда анағұрлым арта түскенін тағы бір тілге тиек ете келе оның азаматтардың сот билігіне деген сенім мен құрметті қалыптастырудың негізгі алғышарттарының бірі екенін баса айтқымыз келеді.

«Уақыт»-ақпарат.

Шымкент қаласы әкімдігінің қадағалаушы орган және жергілікті полиция қызметімен бірлесіп дайындаған «I-mektep» электрондық бақылау жүйесі жемісін берді. Мектеп қабырғасында білім алып жүрген жастардың дәріске қатысуы мен үлгерімін ілгерілету мақсатында қолға алынған бұл пилоттық жоба қаладағы 29-білім ұясына енгізілген болатын. Аз күннің ішінде ол нәтижелі көрсеткіштердің түзілуіне зор септігін тигізді.

 

Жастар саясатының жүзеге асырылуы мен кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесі қаралған мәжілісте Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов осылай деді.
Соңғы кезде оқушылардың сабаққа қатысуы төмендеп кеткен еді. Бұл олардың мектеп бағдарламасын өз деңгейінде меңгеруіне кері әсерін туғызады. Мәселеге мән бермей, бақылауды күшейтпесек өмірде қия басып кететін жастардың саны күрт артатын болады. Осыны терең түсінген басшылар кеңесе келе «I-mektep» электрондық бақылау жүйесін жолға қойды. Нәтижесінде өскелең ұрпақтың сабақ үлгерімі 15 пайызға, ал сабаққа қатысуы 35 пайызға артқан. Шымкент қалалық жергілікті полиция қызметінің басшысы Данияр Мейірхан да бұл жүйенің жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық көрсеткішінің мейлінше төмендеуіне ықпал еткенін алға тартуда. Яғни, жоба төбелесқұмар жастарды тезге келтіріп, ізгілікқұмар өрендер санының өсуіне жол ашуда.
Тәртіпсіздіктің тиылып, тиянақтылықтың орын алуына бастайтын «I-mektep» электрондық бақылау жүйесін ендігі кезекте еліміздің Білім және ғылым министрлігі мен Ішкі істер министрлігі сүзгіден өткізеді. Олардың көңіліне қонса, бұл жүйе Қазақстандағы өзге де білім ұяларына енгізілетін болады.

Қ.ҚАЛИЕВ.

Елордада ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің жалауы желбірейтін тарихи сәтке санаулы күндер қалды. Орталық Азия елдерінде, тіпті ТМД мемлекеттері ішінде ең алғаш рет Қазақстанда өткізілгелі отырған бұл жаһандық шараға Елбасы
Н.Назарбаев «Өзінің ауқымы жөнінен ол Дүниежүзілік экономикалық форум, ал туристерді тарту жағынан Олимпиада ойындары немесе футболдан өтетін әлем чемпионатымен бара-бар» деп баға берген болатын.

Жаһандық шара маусымның 10-мен қыркүйектің 10-ы аралығында самалды Сарыарқа төсінде «Болашақтың энергиясы» деген тақырыппен өтеді. Көрмеге келетін қонақтардың саны 5 млн.-ға жуықтайды деп күтілуде. Олардың 15 пайызын шетелдік туристер құраса, қалған 85 пайызы қазақстандықтар болады деп жоспарлануда. Әлемнің 115 елі мен 18 халықаралық ұйымнан өкілдер қатыспақ. Аталған көрмеде энергия сақтау технологиясы, күн, жел, теңіз, мұхит және термальді су тәрізді баламалы энергия көздерін пайдаланудың дүниежүзілік жаңалықтарын көрсетуге екпін беріледі. Өз кезігінде бұл тәжірибе дамыған 30 елдің қатарына қосылуды межелеп отырған Қазақстанның озық технология арқылы экономикалық өсу мен инфрақұрылымдық дамуды қолға алу тетіктерін жетілдіре түседі.
Қазіргі таңда 7 млрд.тан астам тұрғыны бар төрткүл дүниеде ең өзекті тақырыптың бірі – жаһандық жылыну үрдісінің белең алып, энергетикалық тапшылық мәселесінің күн санап күрделене түсуі болып отыр. Сондықтан да ұрпақ болашағы жаңғырмалы қуат көздеріне тікелей байланысты. Ал ЭКСПО-2017 көрмесінде баламалы қуат көздерін өндіріске енгізудің озық үлгілерін терең меңгерген елдердің тәжірибесі паш етіледі.

«ҚОНАҚ КЕЛСЕ – ҚҰТ»

ЭКСПО-2017 көрме кешеніне әлемнің әр түкпірінен келген жұрттың Қазақстанның өзге де қалаларына ат басын бұруға қызығушылығы зор болатыны сөзсіз. Мамандар көрме кезінде оңтүстікке 150 мың саяхатшы ат шалдыруы мүмкін екенін алға тартуда. «Қонақ келсе құт» деген. Өз кезегінде бұл жергілікті бюджетке қосымша қаржы түсіретін болады. Ең бірінші кезекте саяхатшыларды 45 әулиелі жері бар киелі кент Түркістан қызықтыратыны сөзсіз. Меймандарды көне қаладағы ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі құнды жәдігерлермен қатар, күмбезді құрылыстың жалпы тарихы мен архитектурасы бірден баурап алатыны аян. Сонымен қатар саяхатшыларды тасын түртсең тарих сөйлейтін көне Отырардағы Арыстанбаб кесенесі де ерекше әсерге бөлейтіні белгілі. Киелі Қазығұрт тауына сапарлау саяхатшыларға ұмытылмас естеліктер сыйлайтыны тағы анық. Қонақтар тамашалайтын жерлер мұнымен түгесіліп қалмайды. Келушілер үшін «Ақсу-Жабағылы» қорығы мен «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағындағы таңғажайып табиғаттың керемет көрінісін көрсетудің өзі облыс үшін үлкен мәртебе.
Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысы ЭКСПО-2017 көрмесіне келген саяхаттанушылардың аймақтағы сапарын сәтті етудің дайындығына кірісіп те кетті. Бұл бағыттағы жұмыс жан-жақты қолға алынуда. Мәселен, үш жүздің басы қосылған, қазақ жұрты үшін әрдайым орны бөлек Ордабасы ауданы саяхатшылар үшін туристік бағытқа Қажымұқан атындағы облыстық мұражайды, «Ордабасы» тарихи-өлкетану мұражайын, «Ордабасы» ұлттық тарихи мәдени қорығын енгізіп отыр. Келушілерге барлығы да айдан анық болуы үшін нысандардың төлқұжаты ережеге сай жазылып, тиісті орындарға ілінді. Саяхатшылар жүріп өтетін жолдар түгелімен есепке алынып, онда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ыңғайлылығы үшін пандустар орнатылды. Қазіргі таңда тамақтанатын орындарда санитарлық талаптардың нормаға сәйкес болуы қатаң бақылауға алынған. Бұдан бөлек, 200 қоғамдық автобусқа көрме логотипі жапсырылған. Бұл шарада Арыс қаласы да аянып қалған жоқ. Қаладағы көптеген көліктерге ілінген логотиптер халықаралық көрменің мәнісін аша түсуде.
Емдеу-сауықтыру туризмі ерекше қарқынмен дамып жатқан Сарыағаш ауданы да бұл шараның жоғары деңгейде өтуіне өзіндік үлес қосуда. Жергілікті жердегі автокөліктерге көрме логотиптері орналастырылған. 30-ға жуық ауыл округтерінде көпшілік назары көп түсетін жерлерге билбордтар ілінген. 39-туристік мекеме қызметкерлерінің шет тілінде емен-жарқын сөйлеуін жолға қоюда барлық мүмкіндіктер қарастырылып жатыр. Бұл ондағы емдеу – сауықтыру орталықтары мен қонақүйлерге барған меймандарға сапалы қызмет көрсетудің басты тетігі болатыны белгілі.

ШЫМКЕНТ ҚОНАҚТАРДЫ ШАТТАНДЫРАДЫ

Үшінші мегаполис болуға әбден лайық Шымкент қаласы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің негізгі туристік бағыттарының бірі болып табылатыны белгілі. Шаһарға келген меймандарға тарихи танымдық туристік бағыты бойынша қала территориясындағы орталық мешіт, Ибрагим ата кесенесі, Қарашаш ана кесенесі мен облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайы, «Қылует» этно-мұражайы көрсетілмек. Бұл орындар олардың рухани сусындалуына ерекше серпін бермек. Ал экологиялық бағыт негізінде келушілер Бәйдібек би ескерткіші, «Тәуелсіздік» саябағы, «Абай» саябағы, дендросаябақ, зообақ, «Ордабасы» алаңы, Наурыз алаңы мен әкімшілік іскерлік орталығын аралайтын болады. Қонақтарға мінсіз қызмет түрін көрсету үшін әзірден аудармашы-гидтер дайындықтарын пысықтап жатыр. Қалада көрменің өтетіні туралы баннерлер ілініп, қоғамдық көліктерге көрменің төлтаңбасын жапсыру жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілген. Алыстан ат арылтып келген қонақтардың жайлы жайғасуына «Риксос Хадиша Шымкент», «Қайнар», «Гранд Шымкент», «Алтын қазына», «Канвас» қонақүйлері сапалы сервистік қызмет көрсетуде талап үдесінен табылатыны сөзсіз. Жасыл желекке оранған сәулетті қала – Шымкент қонақтарды ерекше шаттандыратынына сеніміміз зор.
ОҢТҮСТІКТЕН 150 МЫҢ САЯХАТШЫ ЕЛОРДАҒА БАРАДЫ

Оңтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлік, индустриялық-инновациялық даму және туризм басқармасының мәлімдеуі бойынша ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне облыстан 150 мың адам баратын болады. Олардың 3750-і мектеп жасындағы оқушылар болса, 139-ы мүмкіндігі шектеулі жандар мен зейнет жасындағы азаматтар болып табылады. Қазіргі таңда көрмеге баратындардың барыс-келісін реттеу жұмысы мен жатын орындары сайланып жатыр. Аталған басқарма өкілдері көрмеге баратын адамдардың саны белгілі болғанын, ендігі кезекте оларды тасымалдау тетіктері ойластырылып жатқанын алға тартты. Алдын ала тапсырыспен Астанадағы жоғары оқу орындарының жатақханаларынан орын алып жатқанын жеткізді. Оңтүстік Қазақстаннан көрмеге баратын 150 мың адамның 15 пайызы елордаға ұшақ арқылы жетеді. Ал 110 200 азамат пойызбен баратын болады. Билеттер алдын ала брондалып қойылған. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бастығының орынбасары Мақсат Мырзабаев көрмеге баратындар үшін 15-сәуірден бастап пойыз бен ұшақтарға билеттер сатылып жатқанын мәлімдеді.

КӨРМЕ БИЛЕТТЕРІ САТЫЛЫМҒА ШЫҚТЫ

Халықаралық көрмеге билеттер сатылымға шықты. Шымкенттегі «Шымкент плаза» ойын-сауық және сауда үйінде билет сататын арнайы касса 12-наурызда жұмысын бастады. Билет құны 4000, 6000, 8000 теңге. Яғни, ЭКСПО-2017 көрмесіне сатылымға шыққан билеттің үш түрлі бағада болуының өзіндік мәні бар. Егер Сіз белгілі бір мерзімге тіркелген билет алсаңыз ол үшін – 4000 теңгелік, ал белгілі бір мерзімнің демалыс күніне тіркелген билетті алсаңыз ол үшін – 6000 теңгелік, мерзімі нақты көрсетілмеген билетті алсаңыз ол үшін – 8000 теңгелік билет алуыңыз қажет. Ал егер кез келген уақытта, аптаның кез келген күнінде көрмені тамашалауға қол жеткізгіңіз келсе онда кәдесыйлық сипаттағы 20 мың теңгелік билет сатып алуыңызға әбден болады. Көрсетілген шарттарға қарай өзіңіз қалаған билетті сатып аласыз. Сонымен қатар «Жаңа талап» туристік ұйымы мен Шымкенттегі «Қазпочта», «Жолаушылар тасымалы» АҚ кассаларында билеттердің онлайн-сатылымы жүріп жатқанын біле жүргейсіз. Үйде отырып- ақ билетке тапсырыс беруіңізге болады. Бұл туралы толық мәліметті tickets.expo2017astana.com сайтына кіру арқылы біле аласыз.

«ЖАҚСЫНЫ КӨРМЕК ҮШІН»

Жалпы жұртшылыққа жүзден астам мемлекеттің мәдениетін таныстыратын бұл көрмені тамашалау қолжетімді болуы керек. Осы мақсатта Ұлы Отан соғысы ардагеріне және олардың қасында жүрген күтушілеріне билеттер тегін үлестірілмек. ҰОС ардагерлеріне теңестірілген зейнеткерлердің де көрмені тегін тамашалауына болады. Мүгедек жандар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, жетім балалар мен 6 жасқа дейінгі балалардың көрмеге баруы үшін ақша алынбайды. Бірақ 6 жасқа дейінгі баласын көрмеге апара жатқан ата-аналарға билет алу міндеттеледі. Ал кәмелеттік жасқа толмаған төрт баласы бар аналар билетті 50 пайыздық жеңілдікпен сатып алуына болады. Ол үшін билет кассаларында жеке куәлігіңізбен жеңілдік қарастыруды растайтын құжаттарды (яғни, баланың туу туралы куәлігін) көрсетуіңіз керек. Зейнеткерлерге, көп балалы аналарға, студенттер мен оқушыларға да арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Бастысы билет кассаларында жеңілдік жасауға негіз болатын фактілерді растайтын құжаттарды (жеке куәлік, студенттік билет және т.б) көрсетсеңіз болды.

А.САТЫБАЛДЫ.