Маңызды

Үнемі көшіп жүруді дағды еткен Азия халықтары оның ішінде біздің ата бабаларымыз түйені өсіруге, оны қолға үйретіп мініс көлігі ретінде пайдалануға, сүтін сауып, шұбатын ішуге ықылым заманнан бері ерекше мән берген. Сол себептен де түйе шаруашылығы – еліміздің шөл және шөлейт аймақтарындағы жұтаң жайылымдарда мал өнімін өндіру мақсатында халқымыздың ғасырлар бойы айналысып келе жатқан негізгі саласының бірі болып есептеледі. Түйені «дала кемесі» деп тегін айтпаса керек. Ата-бабаларымыз еліміздің шығысы Алтайдан, батысы Атырауға дейінгі ұлан байтақ жерімізде мал жайылымын ауыстырып жаз жайлауға шыққанда, күз күземде болып, қыс қыстауға көшкенде ең басты көлігі ретінде түйені пайдалануының басты себебінің өзі оның қолға тез үйренетіндігі мен шөлге төзімділігіне байланысты болса керек. Осы орайда ауданымызда түйе шаруашылыға қатысты атқарылып жатқан, алдағы уақыттарда атқарылатын жұмыстар төңірегінде Созақ ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Сұлтанғазиев Қанат Құтжанұлын әңгімеге тартқан едік.

– Қанат Құтжанұлы, түйе шаруашылығын мал шаруашылығы ішінде ең көне, ежелгі шаруашылықтың бірі. Алайда осы саланы кейде кенжелеп қалған шаруашылық деп атауына не себеп?
– Түйе шаруашылығын кенжелеп қалған шаруашылық деп айтуға ешқандай негізіміз жоқ. Түйе малы санының тұрақты өсіп отыруы өткен ғасырдың 40-шы жылдарынан бастау алған. Әлем мемлекеттеріндегі түйе саны 1939 жылы 7,8 млн. бас болса, 1960 жылы 10,3 млн. бас, 1972 жылы 14,6 млн. бас түйе болған.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы 233,6 мың бас түйе өсіре отырып түйенің етін, сүтін және жүнін мол өндіретін бірден-бір мемлекет болып саналады. Облысымызда 32,2 мың бас түйе өсіріліп отыр. Ауданымыз республикамыздағы түйе түлігін өсіру үшін ең қолайлы аймақтың бірі саналатындықтан түйе саны жыл сайын тұрақты өсіп келеді. 1989 жылдары Кеңестік шаруашылықтар дәуірлеп тұрған шақта ауданымызда 7745 бас түйе болса, бүгінгі таңда ауданда өсіріліп отырған түйе саны 12400 басқа жетіп отыр.
Қазақстанның Оңтүстік-Батыс өңірінде барлық сүттің 85%, түйе етінің 92%, жүннің 93% өндіріледі.
Қос өркешті түйе – ғылыми атауы Бактриан. Айыр өркешті түйенің жабайы түрі «қаптағай» деп аталады. Айыр өркешті түйенің ұрғашысын – «іңген», еркегін – «бура» дейді. Қазақстанда Қос өркешті түйенің Астрахан түйесі, Қазақстан
түйесі, Қалмақ түйесі деп аталатын негізгі үш тұқымы өсіріледі. Ол құрғақ далалы, шөл-шөлейтті жерлердің табиғи жағдайларына жақсы бейімделген. Аңызақ ыстыққа, үскірік аязға төзімді.
Жалғыз өркешті түйе Ғылыми атауы – Дромедар. Еліміздің тек кейбір жерлерінде ғана өсіріледі. Негізгі өсірілетін жері — Қарақұм. Қазіргі кезде қолда аруана деп аталатын қолтұқымы өсіріледі. Жабайы түрі жойылып кеткен. Жалпы аты – «нар». Ұрғашысы – «мая» немесе «аруана», еркегі – «үлек». Сыңар өркешті түйе ыстыққа төзімді, қатты аязға шыдамсыз.
Созақ ауданында өсіріліп отырған түйелермен селекциялық асылдандыру жұмыстарын жүргізу ғылыми негізде жүргізуге қай кезде болмасын үнемі ерекше маңыз беріліп келген. Шымкент қаласындағы үлкен ғылыми орталық болып есептелетін «Оңтүстік Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу орталығы» ЖШС ғалымдары ауданда түйе түлігінің өнімділігін арттыру мен өнім сапасын жақсарту мақсатында селекциялық асылдандыру жұмыстарын кешенді ғылыми зерттеулермен ұштастыра отырып жүргізіп келеді.
– Созақ ауданында түйе түлігімен асылдандыру жұмыстары қандай бағытта қаншалықты қарқынды жүргізілуде?

– Созақ ауданында түйе түлігімен асылдандыру жұмыстары «Оңтүстік Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу орталығы» ЖШС ғалымдары ұсынған мына бағыттар бойынша жүргізілуде. Бірінші бағыт – Қазақтың қос өркешті түйесін өсіру. Түйенің бұл тұқымы жоғары өнімді малдарды іріктеу, сұрыптау жолдарымен халықтық селекция нәтижесінде шығарылған. Қазақстанда түйенің бұл тұқымының 5 типі: орал-бөкей, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Батыс типтері өсіріледі. Осы малдардан Созақ ауданы жағдайына Оңтүстік Қазақстан типі сәйкес келеді. Бұл малдарды одан әрмен еттілігін жетілдіру үшін Қызылорда типімен шағылыстыру арқылы таза қанды өсіру немесе орал-бөкей қос өркешті түйесімен шағылыстырып, аралас ұрпақ түрінде өсіру ұсынылған. Оңтүстік Қазақстан типінің інгенін Қызылорда типінің бурасымен шағылыстырғанда алынған ұрпақтың тірі салмағы 12%-ға, ал орал-бөкей типімен шағылыстырғанда 20%-ға артады және ет шығымдылығы 5-7-%-ға өседі. Қазақтың қос өркешті түйесін өсіргенде оның тұқымын асылдандырудың негізгі бағыты – салмағын көбейту, жүн өнімділігін арттыру және малдың дене тұрқының қажетті ерекшеліктерін жетілдіруге бағытталған.
Екінші бағыт – Қазақы нар түйелерінің бір өркешті тұқымының популяциясын өсіру. Дара өркешті түйелердің қазақы популяциясы – қазақы нар – қазақтың қос өркешті түйесі мен түрікмен аруанасы тұқымдарын шағылыстырып, алынған төлді түрікмен аруанасы тұқымының қанын 87,5%, 93,75% және 96,875% дейін жеткізу жолымен алынған. Қазақы нардың ұрғашыларының тірі салмағы 650 кг, сауын мерзімінде 2200 кг тауарлы сүт береді. Сүттің майлылығы 4,2%, ақуызы 3,8% болады. Созақтың қатал табиғатына бейімделген тұқым болып есептеледі, сыртқы тұрқы түркмен аруанасына ұқсас болып келеді, қысқалау «галифесі» болады, қазақтың қос өркешті түйесіне тән кекіл болмайды. Қазақы нармен жүргізілуге тиісті селекциялық жұмыстар негізінен сүт өнімділігін көтеру, малдың тез жетілгіштігін арттыру мен сойыс салмағын көтеру, сонымен қатар ет-сүт өнімділігі бағытындағы малдардың санын көбейтуге бағыталған.
Үшінші бағыт – Түрікмен аруанасы түйелерінің дара өркешті тұқымын өсіру. Таза қанды түрікмен аруанасының ірілеу келген бір өркеші болады. Түйенің бұл тұқымы негізінен сүт өндіру үшін, кейде ет-сүт бағытында да өсіріледі. Түрікмен аруанасының негізгі белгісі – жауырын тұсында «эполет» деп аталатын шудасы болады, бұндай шуда қос өркешті түйелерде болмайды. Сол сияқты бір өркешті түйелерде кездесетін «кекіл» мен «галифе» де болмайды.
Мал тұқымын асылдандыру жұмысының негізгі бағыты сүттілігін, майлылығын және ақуыз құрамын молайту болып табылады.
Уран өндірумен айналысатын өңірде түйе сүті жоғарғы сұранымға ие. Сондықтан осы өңірде сапалы түйе сүтін өндіру үшін қазақтың бір өркешті түйелерін түрікмен аруанасымен шағылыстыру арқылы алынған будандардың санын көбейтуге бағытталған. Себебі будан түйелер ауданның қатал ауа райына өте төзімді және қатал климатқа бейімделгіш болып келеді.
Соңғы жылдары республикадағы түйе басының 12,5%-ға, асыл тұқымды малдың 2,4%-ға көбейгені байқалады. Қазіргі кезде ғалымдар қазақтың қос өркешті түйесі мен түрікмен аруаналарының жаңа асыл тұқымды типтері мен желілерін шығарумен айналысуда. Ғалымдардың алдында тұрған кезекті мәселердің бірі – асыл тұқымды малдың гендік қорын сақтау және соларды пайдалана отырып түйе шаруашылығын одан әрі дамыта беру болып табылады.

– Қанеке, бұл жұмыстар барысы оң бет алып келеді екен. Ал енді ғылыми жұмыстар жөнінде өз ауданымызға ойыссақ..?
– Ауданда «Қарақұр» өндірістік кооперативі, «Нұрбол», «Маметханов», «Сенім», «Бағдат», шаруа қожалықтары асыл тұқымды түйе өсірумен айналысатын шаруашылықтар тізіміне ендірілген.
«Оңтүстік Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу орталығы» ЖШС ғалымдарының тікелей ғылыми басшылық етуімен қазақтың қос өркешті түйесі мен түрікмен аруаналарының бірнеше зауыттық желілері шығарылды.
Қазақтың қос өркешті түйесі «Ақмоншақ-7» ақ түсті бурасының желісі (2011 ж апробациядан өткен. Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданы «Бағдат» шаруа қожалығы)
Желідегі түйелердің өркеш арасының биіктігі мен тірі салмақтарының орта көрсеткіштері еркектерінікі 197 см, салмағы 950 кг, інгендерінікі 186 см, салмағы 700 кг. Орташа жүн түсімі 5,2-6,0 кг аралығында. Желінің екі жас 8 ай болған төлдерінің ұшалары салмақты болып келеді, сойыс шығымдылығы 55,7-58,4% аралығында. Желідегі малдардың түстері ақ немесе ақбоз болып келеді.
Қазақтың қос өркешті түйесі «Тәліп-1» желісінің бурасы (Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданы «Сенім және Нұрбол» шаруа қожалықтары)
Қазақтың қос өркешті түйесі оңтүстікқазақстан типінің «Тәліп-1» зауыттық желісі. Түркістан облысы, Созақ ауданы «Сенім» және «Нұрбол» шаруашылықтары базасында қазақтың қос өркешті түйесі Оңтүстік Қазақстан типінің «Тәліп-1» зауыттық желісі шығарылды. Желінің бураларының тірілей орта салмағы 780 кг, жүн түсімі 14,5 кг, жүнінің таза шығымы 94,0% болып келеді.
Қазақтың қос өркешті түйесі «Нұрбол-9» желісінің бурасы (Түркістан облысы Созақ ауданы «Сенім және Нұрбол» шаруа қожалықтары)
Қазақтың қос өркешті түйесінің оңтүстікқазақстан типінің «Нұрбол 9» зауыттық желісі. Түркістан облысы, Созақ ауданының «Сенім» және «Нұрбол» шаруа қожалықтары базасында зауыттық «Нұрбол 9» желісі шығарылды. Желідегі буралардың тірілей орта салмағы 760 кг, жүн түсімі 13,2 кг. Інгендерінің тірілей орта салмағы 602 кг, жүн түсімі 6,7 кг, жүнінің таза шығымы 95% болып сипатталады. «Қоңыр інген», «Боз інген» және «Қара інген» аталатын үш аналық желісі бар.
Қазақ аруанасы популяциясының «Кірпік» лөгінің желісі (2011 ж апробациядан өткен. Түркістан облысы Созақ ауданы «Бағдат» шаруа қожалығы)
Аналықтардың желін бездері жақсы дамыған, желіндері тостақ пішінді, бөліктері мен үрпілері бірқалыпты болып келеді. Сауын мерзімінде майлылығы 4,5% 3000 кг сүт береді. Лөктерінің тірі салмағы 800 кг, аналықтарынікі 600 кг.
Сүт бағытындағы «Кірпік» желісінің аналықтарының желіндері көлемдірек, тостақ тәріздес болады. Үрпінің шеңбері 10,5-12,4 см, ара қашықтықтары 14,0-14,9 см. болып келеді.
Қазіргі таңда «Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу Орталығы» ЖШС түйе шаруашылығы бөлімінің ғалымдары Қазақстан Республикасының «Агроөндіріс кешені саласындағы қолданбалы ғылыми зерттеулер» бағдарламасы бойынша қомақты ғылыми жұмыстар жүргізілуде.

– Алдағы уақытта аудандағы түйе шаруашылығын одан әрі жетілдіру үшін қандай да бір бағдарлама, жылдық ауқымды жоспарлар әзірленген болар?
– Созақ ауданында түйе шаруашылығын одан әрі жетілдіру үшін қазақтың қос өркешті түйелері мен түрікмен аруаналарын асылдандырудың селекциялық тәсілдерін жетілдіруге, түйе өнімдерін өндіру, қайта өңдеу, сақтау және сатудың инновациялық технологияларын жасауға, жоғары өнімді будан түйелердің санын көбейтуге, түйелердің гендік мониторинг жүйесін жетілдіруге, түйе өсірілетін аумақтарда туристік кластерлер ұйымдастыруға, түйенің халық қызықтайтын спорттық түрлерін дамытуға да ерекше маңыз берілетін болады.
Ауданда түйе шаруашылығын дамыту үшін жайылымдық жерлерді барынша тиімді әрі ұтымды ұйымдастыру ісіне маңыз беру қажеттілігі туындап отыр. Жазғы кезеңде малды Бетпақ жайылымына шығаруға шаруалар мойын бұрулары қажет. Қысқы кезеңде орман қоры жері болып есептелетін Мойынқұм жайылымы мен шабырдағы жайылымдық жерлерді ұтымды пайдалана алғанда ғана түйе шаруашылығын дамытуға қол жеткізуге болады. Тозығы жеткен жайылымдық жерлерді шөл және шөлейт аймақтарға бейімделген өсімдіктер егу және су көздерін ашу арқылы қайтадан айналымға қосуға маңыз беруіміз керек. Созақ өңірінде бұрын 1600 ден астам құдықтар мен скважиналар болса, қазіргі кезде олардың көбісі уран өндірісіне және басқа да себептерге байланысты пайдалануға жарамсыз деп танылып жабылған және істен шыққан. Бұл бұрын пайдаланылымда болған мал жайылымдарының айналымнан шығып қалуына әкеліп соқтыруда.
Аудан мал шаруашылығы үшін аса маңызды Мойынқұм мен Мойынқұмды Бетпақпен және тау өңіріне дейінгі жазықтықпен жалғайтын шабырдағы жайылымдық жерлердің 1015543 гектарының Созақ ауданы әкімінің 1998-2003-2005-2007-2014-2018 жылдардағы шешімімен Орман қорына берілуі аудан шаруалары үшін біршама қолайсыздықтар тудырып келеді.
Орман қоры жерін пайдалану ҚР «Орман кодексі» мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 01.11.2011 жылғы № 1268 Қаулысымен бекітілген «Мемлекеттiк орман қоры аумағында орманды жанама пайдалану қағидаларына» сәйкес реттеліп отыратындықтан орман қоры жерін пайдалану жөнінде шектеулер қойылған. Шектеуге байланысты белгіленген тапсырыс режимі бойынша «…шайыр мен ағаш шырындарын, қосалқы сүрек ресурстарын дайындауға, шөп шабу мен мал жаюға тыйым салынған».
Осыған байланысты Орман қорына тиесілі аумақты пайдалану үшін аудандағы орман және жануарлар әлемін қорғау мемлекеттік мекемесінен және орман қорына тиесілі жайылымдық жерлерде қандай да болмасын құрылыс объектісін салу үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдарынан арнайы рұқсат алулары керектігі, 2012 жылдан бері облыстық мәслихат шешімімен орман қоры жайылымын пайдалану тарифінің ендіріліп, осыған сәйкес орман қоры жайылымын пайдаланушылардын төлемақы алынуы, 2015 жылдың 9 желтоқсанындағы облыстық мәслихаттың №44/358-V шешімімен орман қоры жайылымдарын пайдаланудың төлемақы ставкалары 2012 жылмен салыстырғанда 9-14 есе жоғары болып белгіленуі агроқұрылымдардың наразылығын тудырып, қолбайлаулар болып отырған жағдайы бар.
Осы жағдайға байланысты аудан әкімдігі тарапынан аудандағы орман қоры жайылымдарын пайдаланудың төлемақы ставкаларын қайта қарау жөнінде облыстық мәслихатқа ұсыныс енгізу туралы 2016 жылы облыс әкімінің орынбасарлары С. Қаныбеков пен Ж. Бөкенбаевтың облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу және жер қатынастары басқармалары басшыларының аттарына, облыс мәслихатының депутаттары
Т. Баймаханов пен М. Тұрысбековтың аттарына хаттар да жолданған.
Алайда бұл мәселелердің бүгінгі күнге дейін нақтылы шешімінің табылмауы бізді қатты қынжылтады. Алдағы кезеңде бұл мәселелер оң шешімін тапса ауданда түйе шаруашылығын дамытуға үлкен мүмкіндіктер туатыны сөзсіз.
Соңғы кезде Түркістан облысының әкімі Ө. Шөкеевтің тікелей тапсыруымен облысымызда түйе шаруашылығын дамыту жөнінде бірқатар шараларды іске асыру жөнінде жұмыстар жүргізілуде. «Ауыл шаруашылығы қолдау қоры» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Максимум» АИО қарасты «ЫРЫС» ШНҰ арқылы жеңілдетілген несие беру жолымен түйе шаруашылығын дамытуды қаржыландырудың іс-шаралар белгіленіп оны іске асыруға байланысты жұмыстар қолға алына бастады. Облыс орталығы Түркістан қаласында жалпы жобалық құны 7,6 млрд. теңге болатын түйе сүтін өңдеу бойынша «GOLDEN CAMEL GROUP» инвестициялық жобасын іске асыру жөнінде ауқымды жұмыстар жүргізіле бастады. Осы жобы бойынша түйенің аналығын сатып аламын деушілер үшін зауыт несиеге алынатын қаржының 70% үшін кепіл болмақшы болып отыр. Бұл Созақ ауданындағы түйе өсірумен және түйе сүтін өндірумен айналысып отырғандар үшін сүтті бағыттағы түйе малы санын арттыруға және түйе сүтін өндіру көлемін ұлғайтуға бірден бір көмек болғалы тұр.
Түйеден өндірілетін ет, сүт және жүн өнімдерінің емдік қасиеттері ата бабаларымыздың және түйе шаруашылығы өнімдерін зерттеумен айналысып жүрген ғалымдар тарапынан жоғары бағаланған.
Түйенің өркеш майы желді айдайтыны, қанды жүргізетіндігі, ісікті қайтаратындығы анықталған. Оны терінің жарылғанында, қиғақта, ішкі ағза әлсізденген жағдайда оны қуаттандыру үшін, қара желге қарсы және жарақат алғанда ем ретінде пайдаланған. Түйе сүтінің азықтық құрамы жоғары болғандықтан оны ішкі ағзаның қызметін реттеу, дене қуатын көтеру, ұйқыны жақсарту үшін емге ішкен. Сол сияқты кеңірдекшелердің созылмалы қабынуын күшәлә (эминиум) қосылған түйе шұбатымен емдеу өте жақсы нәтиже беретіндігі анықталған.
Өткен ғасырдың 80 жылдары Израиль мемлекетінің ғалымдары мен Алматы мал дәрігерлік институтының докторы Қазақ бальзамының авторы З. Сейтов пен ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы профессор А. Омбаев бастаған ғалымдар тобы ауданымызға арнайы іс-сапармен келіп Созақ өндірістік кооперативі мен «Бағдат» шаруа қожалығындағы түйені өсіру, түйе етін, сүтін, жүнін өндіру жағдайымен танысып қайтқан.
Сондай-ақ 2002-2012 жылдар аралығында Әль Фараби атындағы қазақтың мемлекеттік университетінің ғылыми қызметкері ғылым докторы Қоныспаева Гаухар мен француз ғалымдары Конан Гаел мен Бернар Фае бастаған бірқатар ғылыми қызметкерлері түйе шаруашылығы өнімдерінің сапалық құндылықтары мен түйе шаруашылығын Қазақстан Республикасында даму ерекшеліктері тақырыбында түрлі ғылыми зерттеулер жүргізді. Ауданымыздың түлегі Нұрсейтова Мөлдір Айтжанқызы ғылым докторы Г. Қоныспаеваның жетекшілік етуімен түйеден өндірілетін өнімдердің тағамдық құндылықтарын зерттеуде біршама нәтижелі жұмыстар жүргізді.
Ауданда түйе сүтін қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындар желісін дамыту және оның қалыпты жұмысын ұйымдастыру ісі де маңыз беріп жетілдіруді қажет етеді.
Ауданымыздың түйе шаруашылығын дамыту жөніндегі әлеуеті жоғары. Келешекте ауданымызды республикадағы түйе шаруашылығы дамыған ірі аудан ету ісіне үлес қосу мал шаруашылығында жұмыс істеп әрбіріміздің ортақ міндетіміз.

– Қанат Құтжанұлы, бізге арнайы уақыт бөліп сұқбат бергеніңізге ризашылығымызды білдіреміз!

– Сіздерге де рахмет!

Сұқбаттасқан:
Мақсат Қарғабай.

«Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы»
аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы
Берік Бекжановпен сұхбат.

– Берік Айдарбекұлы, осыған дейін бірнеше қызметте болып, абырой биігінде жүріп жұмыс атқарғандыңызға ел куә. Бүгінде өзіңіз басқаратын кәсіподақ ұйымдарының жұмысына да жан бітіп, қан жүгіріп келеді. Сең қозғалды. Ұйым өкілдерінің белсенділігі артып келеді. Дегенмен, халық арасында кәсіподақ ұйымдарының маңыздылығы мен міндеттерін жіті түсіне бермейтіндер жоқ емес. Осы тақырыпқа кеңірек тоқталсаңыз….

– Көп рахмет жылы пікіріңізге. Біз бүгінде кәсіподақтың негізгі мақсаты мен міндетін халыққа етене түсіндіру үшін көптеген жиындар мен іс-шаралардың ұйытқысы болып жүрміз. Бұл ең алдымен қарапайым халыққа, еңбеккер үшін, жұмыс берушіге маңызды екені белгілі. Біздің алдымызда тұрған ең басты міндет-мақсатымыз – қарапайым жұмысшылардың құқын қорғау, еңбек ұжымында еңбек қорғау және еңбек қауіпсіздігін сақтау.
Сондай-ақ, жұмысберушілердің жұмысшыларға жағдай жасау талаптарын енгізу, зейнетақы қорына қаржы аудармай қолма-қол нақты ақша алуды жою немесе көлеңкелі бизнестен ашық бизнеске өтуді қолдау, жұмыс берушілердің жұмысшыларға ай сайын жалақыларын мерзімді төлеуін қамтамасыз ету ең бастысы, жалақы қарыздарын болдырмау, мұның барлығы да біз қамтитын мәселелер. Адам өміріне қауіпті және зиянды жұмыстарда жұмыс істегендері үшін қосымша төлемақы алу талаптары бойынша жұмысшылар құқықтарын қорғау да біздің алдымызға көлденең тартылған мәселе.

– Бұл міндеттердің барлығы да маңызды, оларды орындау да оңай шаруа емес. Ол үшін мықты команда қажет. Өзіңіз басқаратын кәсіподақ ұйымдарының құрамымен таныстырсаңыз…

– Сөзіңізбен келісемін. Ал, кәсіподақ құрамына келер борлсақ, Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігімен байланыста жұмыс жасайтын жалпы 2070 кәсіподақ ұйымдары бар, оның 10-ы Түркістан облыстық және 2-уі Шымкент қалалық салалық кәсіподақтар бірлестіктері мен филиалдары, 44-і аудандық филиалдар, өкілдіктер мен жергілікті кәсіподақтар және 2014-і бастауыш кәсіподақ ұйымдары.

– Өзіңіз атап өткендей, жалақы қарыздарын болдырмау – сіздердің міндеттеріңіздің маңызды бір бөлігі. Бұл еңбеккердің маңдай ақы, табан тері. Оның уақытылы төленіп отыруы жұмыскер үшін ғана емес, оның отбасы үшін де маңызды. Бұл бағытта қандай шаралар атқардыңыздар?
– Алдымен Түркістан облысы бойынша тоқталып өтсек. Үшжақты комиссиямен жалақы қарыздарын шешу бағытында тиісті жұмыстар атқарылып, нәтижесі бойынша 2019 жылдың басынан бері 2 мекеменің 73 жұмыскер алдындағы 43,735 млн. теңге жалақы қарызы болса, 6 айдың қорытындысымен олар толығымен жойылып отыр. Биылғы жылдың 6 айында жалақы қарызы бар мекемелер жоқ. Бұдан бөлек, Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметіне сәйкес, бүгінгі таңда облыс бойынша банкроттыққа ұшырап (оңалтылып, таратылып) отырған 2 кәсіпорында 27 жұмыскер алдында 46,1 млн. теңге өтелмеген жалақыдан қарызы қалып отыр. Бұл жұмыс Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде ҚР «Оңалту және банкроттық туралы» Заңына сәйкес жүргізілуде.
Ал, Шымкент қаласы бойынша үшжақты комиссиямен жалақы қарыздарын шешу бағытында тиісті жұмыстар атқарылып, нәтижесі бойынша 2019 жылдың басынан бері 9 мекеменің 819 жұмыскер алдындағы 121,8 млн. теңге жалақы қарызы болса, 6 айдың қорытындысымен оның саны 3 мекемеге азайды және 740 жұмыскердің 107 млн. теңгеге жалақы қарызы өтелді.
Дегенмен, соңғы 6 айда 6 кәсіпорында 79 жұмыскердің алдында 14,6 млн. теңге жалақы қарызы қалып отыр.
Бұдан бөлек, Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметіне сәйкес, бүгінгі таңда қала бойынша банкроттыққа ұшырап (оңалтылып, таратылып) отырған 3 кәсіпорында 73 жұмыскер алдында 12,20 млн. теңге өтелмеген жалақыдан қарызы қалып отыр.
Қазір бұл олқылықтарды жою бойынша да кешенді шараларды жалғастырып жатырмыз.

– Еңбек қауіпсіздігін сақтау мәселесі де өзекті. Бұл бағыттағы жұмыстарыңыз қалай жалғасып жатыр?
– Алдымен осы орайда, сандарды сөйлетіп, атқарған жұмыстарды соңынан баяндасам.
Оңтүстік өңірі бойынша 2019 жылдың 6 айында өңір бойынша жазатайым оқиғалар саны өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 20 оқиғаға азайды.
Оның ішінде, Түркістан облысы бойынша 7 оқиғаға азайды, ал Шымкент қаласы бойынша 13 оқиғаға азайды.
Сондай-ақ, өңір бойынша зардап шеккен адамдар саны 18-ге, қайтыс болғандар саны 6-ға, ауыр жарақат 11-ге, жеңіл жарақат 1-ге азайды.
Атап айтқанда, Түркістан облысы бойынша 2019 жылдың 6 айында 15 жазатайым окиға орын алып, оның салдарынан 23 адам зардап шеккен, оның ішінде әйелдер саны – 2. Жалпы жазатайым оқиғада зардап шеккендердің ішінен – қайтыс болған адам саны – 2, оның ішінде 1-уі қыш қалаушысы биіктен құласа, екіншісі жол жұмыскері эксковатордың астына бастырып қалған. Ауыр жарақат алған адам саны – 9, оның ішінде әйел саны-2. Жеңіл жарақат алған адам саны – 12, оның ішінде әйелдер жоқ.
Ал, Шымкент қаласы бойынша осы кезеңде 24 жазатайым окиға орын алып, оның салдарынан 24 адам зардап шеккен, оның ішінде әйелдер саны – 13. Жазатайым оқиғаның 9-ы құлау, 5-і жол-көлік салдарынан.
Зардап шеккендердің ішінен қайтыс болған адам саны – 3, оның ішінде әйел саны – 1. Оның 3-уі де жол-көлік оқиғасынан қайтыс болған. Ауыр жарақат алған адам саны – 8, оның ішінде әйел саны-3. Жеңіл жарақат алған адам саны – 13, оның ішінде әйел саны – 9.
Еңбек қорғау және еңбек қауіпсіздігі бойынша кәсіподақ ұйымдарымен атқарылған жұмыстар қыруар.
Бүгінгі күнге кәсіподақ мүшелерінің 9960 адамы немесе 6% оқытудан өтті.
Еңбек қорғау және еңбек қауіпсіздігі бойынша 1364 өндірістік кеңес, оның ішінде 1281-і кәсіподақ бастамасымен құрылған.
Жалпы жұмыс жасайтын 1452 еңбек қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың 1069-сі немесе 74% біліктіліктерін көтерген.
Еңбек қауіпсіздігін сақтау бойынша 586 тексерулер өткізілген. Оның ішінде: өндірістік кеңестің бастамасымен 166 тексеру, жұмыскерлердің бастамасымен 125 тексеру және басқа 36 тексеру жүргізілген.
Нәтижесінде, 477 еңбек заңдылықтарын бұзушылық анықталып, ол ескертпелер түзетілген. Қалған ескертпелер бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.
Ескертпелердің 149-сі еңбек қауіпсіздігі жағдайын қамтамасыз етуге қатысты болса, 75-і еңбек қауіпсіздігі Ережесін және нұсқамаларын бұзған, 56-і оқытудан және нұсқаулықтан өтпеген, 10-і арнайы киіммен және жеке қорғаныс киімімен қамтамасыз етпеген, сондай-ақ 187 еңбек қауіпсіздігі бойынша басқа да ескертпелер берілген.
Кәсіпорындар мен ұйымдарда еңбек қауіпсіздігін сақтау және жұмыс орындарында жұмыскерлерге қолайлы жағдай жасау бойынша 106 ұсыныс берілген.
5 жұмыс орнында жұмыс тоқтатылып, оның кемшілігі ретке келтірілгеннен кейін жұмысқа қосылса, оның 3-і станок, машина және құрал-жабдық, ал 2-і өндірістік цех болған.
Кәсіподақ ұйымдары 55 еңбек дауын шешуге және 5 жазатайым оқиға орын алған жағдайларды зерттеуге қатысқан.
50 жұмыс орны аттестаттаудан өткізіліп, өндірістік кеңес жұмыстарындағы еңбек қорғау және техника қауіпсіздігі бойынша 102 семинарлар өткізілген.
– Еңбек дауының түп-төркіні еңбек шарты мен ұжымдық шарттың жасалмауынан орын алатыны белгілі. Сіздердің бұл бағыттағы еңбектеріңізден хабардармыз. Солардың бір парасын қамтып өтсеңіз…
– Дұрыс айтасыз. Еңбек қатынастарының заңдастырылмауы мен мекеме жанынан кәсіподақ ұйымдарының құрылмауы еңбек дауына әкеліп соғатынына уақыт өткен сайын көз жеткізіп келеміз.
Алдымен ұжымдық шарт жасасуға тоқталсақ.
Түркістан облысы бойынша 2019 жылдың басында жалпы 6939 кәсіпорын (2069 мемлекеттік және 4870 жекеменшік) жұмыс жасап тұрған. 2019 жылғы 6 айдың қорытындысымен 4854 (70,0%) кәсіпорында ұжымдық шарт жасалса (оның ішінде жұмыс жасап тұрған мемлекеттік кәсіпорын 1974 немесе 95,4% және жекеменшік кәсіпорын 2880 немесе 59,1%), ал 2085 мекемеде (30%) ұжымдық шарт жасалмаған.
Шымкент қаласы бойынша 2019 жылдың басында жұмыс жасап тұрған жалпы 21661 кәсіпорынның (592 мемлекеттік және 21069 жекеменшік) 1033 (4,8%) кәсіпорында ұжымдық шарт жасалған (оның ішінде: жұмыс жасап тұрған мемлекеттік кәсіпорын 592 немесе 100% және жекеменшік кәсіпорын 441 немесе 2,1%), ал 20628 (95,2%) мекемеде ұжымдық шарт жасалмаған.
Ал, еңбек шартын жасасу мәселесіне келсек, Еңбек қатынастарын заңдастыру мақсатында «Еңбек шартын жасаңыздар» атты Республикалық акциясы «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және ҚР Кәсіподақтар федерациясымен келісіліп, Қазақстан Республикасы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігімен бекітіліп, іске асырылуда.
Түркістан облысы бойынша осыған байланысты 10 қала, ауданда жұмыс берушілермен және жұмыскерлер арасында 9154 еңбек қатынастары заңдастырылған.
Шымкент қаласы бойынша осыған байланысты 3 мекеменің жұмыс берушілері мен 86 жұмыскерлері арасында еңбек қатынастары заңдастырылған.
– Соңғы кездері халық еңбек дауын шешуде татуласу орталықтарының қызметін де оңтайлы пайдаланып келеді. Мұндай орталықтың бірі былтыр кәсіподақ орталығының жанынан да құрылғанын білеміз. Нәтиже қалай?
– Бұл да болса, кәсіподақ ұйымдарының нәтижелі жұмысы мен халық санасының өсіп келе жатқанын көрсетсе керек. Кәсіподақтар орталығы жанындағы татуласу орталығында ашылғалы жалпы 392 адамға көмек көрсетілген. Оның ішінде, дауларды шешу бойынша 242 адамға және психологиялық көмек көрсету бойынша 150 адамға көмек көрсетілген.
Медиациялық процеспен дауларын шешуге келген азаматтар 242 болса, оның барлық 242-сі бітімгершілікпен сәтті аяқталған. Оның ішінде, еңбек дауы бойынша келгендер 16 болса, оның барлық 16-сы да бітімгершілікпен сәтті аяқталған.

– Әрине, ал кәсіподақтар орталығы жанындағы «Профтур» туризм орталығының да жұмысы жемісті болар?
– Бүгінгі таңға кәсіподақ мүшелері мен өңір тұрғындарының қажеттілігіне сәйкес 13 шипажаймен агенттік келісім жасалған. Бүгінгі күнге жолдама сату жұмыстары басталып, алғашында жалпы 63 жолдама өткізілсе, оның 59-ы шипажайларға және 4-уі балалар жазғы лагеріне берілген.

– Соңғы сауал болсын. Кәсіподақтар бірлестігі соңғы Арыс оқиғасында да белсенділік көрсетті. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, халыққа бар қызметті көрсетіп бақтыңыздар, Берік Айдарбекұлы, жойқын жарылыстан зардап шеккен тұрғындарға қалай қамқор бола білдіңіздер?
– Арыста орын алған оқиға жалпы қоғамды біріктірді деп айтуға болады. Бұл жағдай біздің елдігімізді, көпшілдігімізді көрсете білді. «Әр қазақ менің жалғызым» деп білетін азаматтарымыз барын салып көмек көрсетті.
Кәсіподақтар бірлестігі де қамқорлықтан шет қалмай, көпшілікпен бірге халықтың қиын-қыстау кезеңнен шығуына атсалысты.
Жалпы кәсіподақ өкілдері арыстықтарға 30 млн. теңге көлемінде материалдық көмек көрсетті.
Кәсіподақ бірлестігінің бастауымен Арыста «Бірыңғай қызмет көрсету орталығы» ашылды.
«Келешек» жастар қанатының белсенділері Арыста сенбілік ұйымдастырды.
Төтенше жағдайға байланысты Арыс қаласынан келген азаматтарға кәсіподақ орталығының «Южказпрофсервис» ЖШС-і жалпы сомасы 720,0 мың теңгенің көмегін көрсетті. Оның ішінде азық-түліктер және киім-кешектер, төсек орындары, тазалық заттары, балалар ойыншықтары, және тағы басқа да керекті заттармен қамтамасыз етілді.
Бұдан бөлек, оларға «Южказпрофсервис» ЖШС-нің есебінен 4 мезгіл ыстық тамақ берілді.
– Елге жасаған жақсы істеріңіз өздеріңізге еселене жақсылық болып қайтуды жазсын. Ашық-жарқын сұқбатыңызға алғысымызды білдіреміз!

Сұхбаттасқан:
С. НҰРАЙ.

Рашид АЮПОВ,
Түркістан қаласының
әкімі:

Жуырда ғана Түркістан қаласының әкімі болып тағайындалған Рашид Аюпов қалалық әйелдер кеңесі, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының мүшелерін қабылдады. Жүздесуге әр салада белсенді қызмет етіп жүрген қыз-келіншектер де шақыртылды.
Бұл туралы «Түркістан» қалалық қоғамдық-саяси апталығы жазған.

Еркін форматта өткен кездесуде әйелдер қауымы қала басшысына жұмыс-жоспарларын таныстырып, ұсыныстарын жеткізді. Осы жиында қала әкімі Рашид Аюпов біраз балалар секілді таршылықтың тауқыметін көріп ер жеткенін, ата-анасына жәрдемін тигізу үшін жұмыс істегенін, бұл ол үшін оңай болмағанын айтқан. Еңбекке ерте араласқан ол кейде құдды бір бар қызықтан қалып қойғандай күй кешкенін, сондай кезде оған анасы «Еңсеңді көтеріп жүр» деп жігерін жандырғанын да есіне ала келе,
– Жалпы өне бойыма күш-қайратты көп берген жан – анам болды. Сол кісінің бағыт-бағдарымен, мен қолым қалт етсе кітапханаға барып, кітап оқуды әдетке айналдырдым. Сондықтан әрбір отбасында ананың орны бөлек. Бүгінгі жетістігімнің барлығына анамның арқасында қол жеткіздім. Сондықтан аналарды құрметтеу – пенделік парызым,-деп ағынан жарылды.
Қаладағы белсенді қыз-келіншектердің жұмыстарына сәттілік тіледі.

uakit.kz

Кеше Түркістан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Тарихы терең Түркістан» атты ақпараттық туры басталды. Бұл жобаның мақсаты – өңірдегі киелі орындар тізіміне енген нысандарды таныстыру, насихаттау, танымалдығын арттыру, тарихи сананы жаңғырту және ішкі туризмді дамыту. 6 күндік ақпараттық турды Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасының тапсырысы бойынша «Open Kazakhstan» ЖШС ұйымдастырып отыр.
Аталған жобаның 3 күнге созылатын алғашқы кезеңінің ашылу салтанаты Кентау қаласы аумағындағы Шәммет ишан мешіт-медресісінде өтті. Жиында облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Дамир Жүнісов «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған бұл бастама рухани салаға сілкініс беріп, ішкі туризмнің дамуына да оң әсер ететінін атап өтті. Мұндай жобалар алдағы уақытта да жалғасатынын, осы ретте журналистер мен әлеуметтік желі белсенділері де өлкетануды дәріптеуге үлес қосулары керектігін айтты. «Серпіліс» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бейсенкүл Нарымбетова өңірдің тарихи және киелі орындарын дәріптеу арқылы елдің тарихи санасы қалыптасып, рухы мықты болатынын жеткізді.
Одан кейін ақпараттық турға қатысушылар 13 ғасырдан бері көктеп тұрған тұт ағашына барып, тарихымен танысты.
Алғашқы кезеңде облыстағы білікті БАҚ саласының өкілдері мен әлеуметтік желі белсенділері 2-4 тамыз аралығында облыстағы 15 қасиетті орынға сапарлайтын болады. Шәммет ишан мешіт-медіресесі мен мың жылдық тұт ағашынан бастау алатын баспасөз туры Үкаша ата, Жылаған ата орындары мен Сауран қалашығы, Есім хан кесенесі, Әзірет Сұлтан кешені, Яссы (Күлтөбе, Түркістан), Әлқожа кесенесі, Гауһар ана кесенесі, Арыстан баб кесенесі, Отырар қалашығы, Қажымұқан Мұңайтпасов мазары сынды қасиетті орындарды аралаумен жалғасып, Ордабасы ауданындағы «Бірлік – Ордабасы» мемориалды кешенінде түйінделеді. Журналистер мен желі белсенділері ашық аспан астында арнайы палаткаларда түнейді.
Ал жалпы осы баспасөз туры аясында қатысушылар өңірдегі 40 киелі орынға саяхат жасап, жұртшылыққа насихаттайды.
Түркістан облысынан 20-дан астам нысан республикалық маңызы бар қасиетті, киелі жерлер тізіміне енгізілсе, 60-тан астам тарихи-мәдени ескерткіштер облыстық маңызы бар қасиетті, киелі орындар тізіміне кірген болатын. Осы нысандарға келушілер үшін қолайлы жағдайлар жасалып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағын және Күлтөбе қалашығын қалпына келтіру жұмыстары басталды. Үкаша ата кесенесіне баратын автокөлік жолын салу, автотұрақ және орындықтармен қамту, Аппақ Ишан мешітінің шатырын ретке келтіру жұмыстары да қолға алынған.

Түркістан облысы әкімдігінің
баспасөз қызметі.

Жетісай ауданы, Жаңаауыл округі, Мырзашөл ауылының 78 жастағы тұрғыны Тұрғынбай Ізбасаров 60 жылдан бері тандыр дайындаумен айналысып келеді. Осы жылдар аралығында ол қаншама шәкірт тәрбиелеп, ТМД- елдеріндегі сапалы тандыр жасаушылардың бірі әрі бірегейіне айналып үлгерген. Бүгінде оның қолынан шыққан тандырлар көршілес Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен бөлек, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен Қарағанды, Павлодар, Түркістан облыстарына кеңінен қолданыста жүр. Қазіргі таңда Тұрғынбай ақсақалдың шағын цехында айына 100-ге жуық түрлі көлемдегі тандыр шығарылса, 2 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
«Тандыр дайындау ісін 17 жасымнан үйрене бастадым. Алғашында Ташкент қаласындағы ұсталарға шәкірт болып еңбек еттім. Кейінірек, Атакент кентінде 20 жылдай тұрып, осы кәсіптің берекесін көрдім. Бүгінде өзімнің денсаулығым сыр бере бастағаннан соң, бұл кәсіпті балаларым мен жиендерім мықтап қолға алды», — дейді Тұрғынбай ақсақал.
Қазіргі таңда шағын цехта қызу жұмыс жүріп жатыр. Мұнда тандырдың сан түрін кездестіруге болады. Бағалары да әр түрлі. Ең арзаны яғни шағын тандыр – 3 мың теңге тұрады. Ал адам бойымен бірдей үлкен тандырдың бағасы 30 мың теңгеге дейін барады екен. Сапалы тандырға қажетті ең басты дүние – сары топырақ. Бұл шикізатты ұста көрші Сарыағаш ауданынан сатып алады екен. Ал екінші шикізаттың түрі – кәдімгі ешкі мен қойдың жүні. Қалған тірлік топырақты иіту мен илеуінде дейді ұста.
Тұрғынбай ақсақал шағын кәсіпорынның атын «Тандыр» деп атапты. Мұнда әзірленген тандырдың кемінде 3 жыл толық пайдалануға болады екен. «Ол үшін аз ғана күтім керек. Бастысы – сатып алған адамдардың алғысын алып жүрміз. Тапсырыс берушілердің қатары жыл санап артып отырғанының кепілі біз жасаған тандырлардың сапасында деп ойлаймын» дейді Тұрғынбай Ізтілеуов.
Бір сөзінде ақсақал жұмыс жоқ дегендерді түсінбейтінін айтады. Ебін тауып, іс қылса, ешкім ешкімге алақан жаймайды деп есептейді. Сондықтан 80-ге аяқ басқан ақсақалдың бүгінгі кәсібі талайларға ой салар деген ойдамыз.

Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Суретті түсірген:
Қуаныш Әуелбеков.

Елімізде жаздың алғашқы айынан бастап шомылу маусымы басталған болатын. Содан бері 214 адам суға батып, ажал құшқан. Олардың 75-і балалар болған. Қайғылы оқиғалардың 198 дерегі шомылуға арналмаған жерде орын алған. Сонымен қатар су айдындарында келместің кемесіне мініп кеткендердің 70 пайызы жүзуді жақсы білгені анықталған.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер хабарлады.
Ол осындай оқыс оқиғалардың себебін анықтау бойынша жүргізілген мониторинг жұмыстары кезінде суға батқандардың басым көпшілігінің жүзе алатындықтарына қарамастан, ажал құшуын төмендегіше түсіндірді.
– Бұл тұрғыда «суға батқан адамдардың қаншасы жүзе алды?» деген сауал бойынша талдау жасалды. Нәтижесінде суға кеткен адамдардың 70 пайызының жүзе алғандығы анықталды. Осы жағдайда адамдар өздерінің шамасын дұрыс бағамдай алмайтыны өкінішті.
Осылай деген Владимир Беккер су айдындарында шомылуға бел буған кезде көзсіз батырлықтың қажеті жоқтығын, себебі терең көлдер мен су қоймаларында нақты қатер бар екенін алға тартты.
Қазіргі таңда суға бату туралы қайғылы жағдайлар Түркістан, Алматы, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында көп тіркеліп тұр.

uakit.kz

Жапонияда жаңбыр маусымы аяқталды. Соған орай күн күрт ысыған. Ауа температурасының бірден көтерілуі мыңдаған адамды әбігерге салған. Жапония елінің өрт пен табиғи апатқа қарсы күрес агенттігінің дерегіне сәйкес бір апта ішінде, дәлірегі 22-28 шілде аралығында аптап ыстықтан 11 адам көз жұмып, 5664 тұрғын ауруханаға жеткізілген. Тиісті мамандар мұндай күн райына шыдас бере алмай жатқандардың тең жартысынан астамы егде тартқан азаматтар екенін мәлімдеуде. Өз кезегінде олардың басым көпшілігі артық коммуналдық төлем жасамас үшін үйлерінде ауа баптағыштарын қоспайтыны белгілі болған.
Дәрігерлер ауа температурасының көтерілуінен денсаулықтары сыр берген 100-ден астам адамның кем дегенде үш апта бойына ауруханада ем-дом алу қажеттігі жөнінде кеңес беруде. Сонымен қатар олар, 1792 адамның халі ауыр екенін айтқан. Ал синоптиктер болса алдағы күндерде де Жапонияда ауа температурасы орташа көрсеткіштен жоғары болатынын хабарлауда.

uakit.kz

Ресей Федерациясы иттердің қауіпті тұқымдарының тізімін құрды. Шенеуніктер мен кинолог мамандар бірнеше ай бойы талдап, талқыланған бұл тізімге иттердің 13 тұқымы енгізілген.
Бұл туралы ВВС-дің ресейлік қызметі жазады.

Ресей Үкіметі «ықтимал қауіпті иттердің» тізімін 29-шілдеде бекіткен. Үкімет бұл тізімдегі иттердің генетикасында агрессия мен күш бар екенін алға тартқан. Олардың қатарында питбульмастиф, гуль дог, Американский бандог, бэндог және т, б, ит тұқымдары бар.
Осыған сәйкес енді 2020 жылдың 1-қаңтарынан бастап бекітілген тізімде көрсетілген ит түрлерін көшеде тұмылдырықсыз және шылбырсыз серуендетуге тыйым салынатын болады. Сонымен қатар, тұқымдары қауіпті деп танылған ондай иттердің иелері өз учаскелерінің қоршауына ескерту тақтайшасын іліп қоюға міндеттелмек.

uakit.kz

Ағымдағы жылдың 6 айында Атырау, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары ана өлімін азайту жоспарын көңіл тоғайтарлықтай етіп орындай алмай, төмен нәтижеге қол жеткізген.
Бұл туралы еліміздің Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева мәлімдеді. Сонымен қатар, Алматы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында да ана өлімі азаймаған.
Ведомства өкілі ана өлімін азайтуда ең басты жол – білікті мамандардың жеткілікті болуын алға тартқан. Бірақ, қазіргі таңда Алматы облысында акушер-гинекеологтардың аздығы байқалуда. Вице-министр білікті мамандардың тапшылығы Қарағанды, Ақмола сынды аймақтарда да байқалып жатқанын айтып дабыл қақты.

uakit.kz