Маңызды

мәселеге салғырттық себеп пе әлде сауат па?

 

Соңғы уақытта көз көріп, құлақ естімеген түрлі қылмыстар жайы бұқаралық ақпарат құралдарынан жиі айтыла бастады. Күш көрсету, ұрып-соғу, тіпті, арты өлімге ұласқан жағдайлар орын алып жатыр. Статистикаға сүйенсек, ағымдағы жылдың қаңтары мен мамыры аралығында Қазақстанда отбасылық-тұрмыстық салада 378 құқық бұзушылық жасалыпты. Ал өткен жылдың сәйкес кезеңінде секторда 395 құқық бұзушылық тіркелген. Биылғы көрсеткіш былтырғыға қарағанда 4,3 пайызға аз. Десе де ең сорақысы бұл емес. 10 отбасылық-тұрмыстық қылмыстың 9-ы қасақана ауыр зиян келтіру немесе орташа ауырлықтағы зиян келтіру мен адам өлтіру екен. Бұл туралы Ranking.kz жазды.

 

Өңірлер бойынша сараласақ, ең көп құқық бұзушылық фактісі Шығыс Қазақстанға тиесілі. Жоғарыда атап өткен уақыт аралығында 47 жағдай тіркелген. Бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 36,5 пайызға артық. Екінші орында 46 құқық бұзушылық жағдайымен Алматы тұр. Аталған өңірде де өсім байқалады. Қостанай мен Павлодар облыстары да бұл көрсеткіштен аса қатты қалып тұрған жоқ. Әрбірінде 36 құқық бұзушылық тіркелген. Төрт өңірді қоса алғанда жалпы елдегі көрсеткіштің 44 пайызын еншілеп тұр. Сәйкесінше, Атырау, Маңғыстау және Қызылордадағы көрсеткіш әлдеқайда төмен. Жасырытыны жоқ, мұның бәрі нақты көрсеткіш емес. Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары жасырын күйінде қалып қояды. Көп жағдайда, отбасы бұзылмасын, бала-шаға толыққанды жанұяда өссін деген сынды себептермен күйеуінен қорлық көрген қыз-келіншектер үнсіз қалады. Мұны психологтар да растайды. «Кейінгі кезде менің қабылдауыма отбасылық жанжалмен келетіндер көбейді. Соның ішінде жақын туыстары жоқ, не жағдайы төмен отбасынан шыққан әйелдер жиі келеді. Түрлеріне қарасаң әбден шаршаған, шарасыз, кімнен араша сұрарын білмей, ішіндегісін айта алмай булығып тұрады. Психолог болған соң, жәймен ішіндегі мұңын шығаруға тырысамыз. Кейбір әйелдер отбасындағы жанжалға өзін кінәлап, бөлімшелерге арыз түсіруден қашады. Ал кейбіреулері туған-туыстары болса да, олардан көмек сұрамай, «Тұрмысқа шықтым ба, тастай батуым керек. Балаларым үшін қандай жағдайға болсын көнуім керек» дейді. Мұндай жағдайдың барлығы отбасындағы ортақ сүйіспеншіліктің жоқтығынан болады. Кейде кейбір ер адамдар дос-жарандарының «әйелжанды» деген сөзінен сақтанып, ақылға салмай, жұдырық ала жүгіретіндері өкінішті. Яғни бұл психологиялық ауытқудан туындайтын нәрсе» дейді психолог Салтанат Серікова. Міне, осындай санаға сіңген түсініктердің салдарынан қылмыс өршіп-ақ тұр.
Ең сорақысы, соңғы уақытта тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша балаларға қысым көрсету жиілеп барады. Зерттеулерге сүйенсек, бала тәрбиесінде ересектердің жартысынан астамы күш қолданады. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар әрбір екінші отбасында немесе балабақшада жәбірленсе, мектеп оқушыларының үштен екісі қатарластарынан немесе мектеп мұғалімдерінен кемсітуге не зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Қош делік, бесіктен белі шықпаған бала да қысым көріп келе жатыр. Жасыратыны жоқ, ата-ананың агрессияға беріліп, баланы ұрып жатқаны турасында да жиі бейнежазбалар тарап тұрады. Ұлын белдікпен сабаған қатігез әкенің жағдайын қоғам болып талқылағанымызбен, шыққан нәтиже көңіл көншітпейтін сыңайлы. Жалпы отбасындағы ер азаматтың немесе әйел адамның агрессияға бейім болуының сыры мен себебі неде?
Әлеуметтанушылардың пікіріне сүйенсек, отбасылық зорлық-зомбылыққа екі фактор әсер етуі мүмкін. Бірі – ішкі фактор болса, екіншісі – сыртқы факторлар. Ішкі факторларға ішімдікке берілу, есірткіге салыну, психологиялық аурулар мен шамадан тыс агрессия жатады. Ал сыртқы факторлар тұрмыстық жағдайдың көңіл көншітпейтінімен, тұрақты табыстың болмауымен, білім сапасының төмендігімен көрініс табады. Мұны еліміздегі төтенше жағдай кезіндегі деректермен түсіндіруге болады. Мәселен, көптің жұмысты қашықтан істеп, ал тұрақты жұмысы жоқтардың пәтерден шыға алмай қалған пандемия кезінде еліміздегі тұрмыстық жанжалдар 41,7 пайызға өскен. Мамандар мұның бір себебін жұмыссыздықпен байланыстырады. Атап айтар болсақ, 2020 жылы елімізде ресми түрде 448 мыңнан аса жұмыссыз тіркелген. Оның 209 мыңнан астамы ер азаматтар болса, 239 мыңға жуығы – әйелдер. Оның ішінде 51 мыңға тарта азамат ұйымның банкроттығына байланысты жұмыстан айырылған немесе штаттық қысқартуға кеткен. 107 мыңнан аса азаматтың жұмыс іздеуге мүмкіндігі болмапты. Сәйкесінше, отбасындағы жанжалдар саны күрт асып отыр. Әлеуметтанушылар жасаған сауалнамаға сенсек, респонденттердің 55,9 пайызы жанжалдың түпкі себебін жұмыссыздықпен байланыстыратын болып шықты. Бұдан бөлек, респонденттер отбасындағы ұрыс-керістің маскүнемдік, нашақорлық, құмар ойындары, моральдық-психологиялық жағдай, стереотиптік көзқарастар мен сенімдер, психологиялық ауытқулар, туыстардың отбасы өміріне араласуы, жұбайына материалдық тұрғыдағы тәуелділік сынды себептерін де келтірген.
Жалпы елімізде қиындыққа тап болған және отбасылық зорлық-зомбылықтың зардабын тартқан әйелдер мен олардың балаларына арналған қолдау орталықтары жұмыс істейді. Аталған бағытта AMANAT партиясы жанындағы отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесі жұмыс істейді. Орталық қызметі турасында аталған кеңестің төрайымы Динара Закиева былай деген еді «Ол орталықта отбасылық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйелдер мен олардың балалары уақытша орналастырылады. 2025 жылға дейін елімізде 234 отбасын қолдау орталығын құру жоспары тұр. Қазіргі елдегі жағдай бұндай орталықтың ауадай керектігін көрсетіп отыр. Орталықты ашудағы мақсат – түрлі қиындыққа тап болған отбасына жан-жақты қолдау көрсету. Оның ішінде құқықтық және психологиялық қолдау да бар. Біздегі ақпаратқа сәйкес бүгінде 1 млн 45 мың отбасы дағдарыс жағдайында. Олар түрлі бағыттағы қолдауды қажет етеді». Мұндай орталықтарды ашу бастамасы әрі қарай да жалғаса бермек. Десе де оның өзі қоғамдағы зорлық-зомбылық фактісінің алдын алуды емес салдарымен күресуді ғана көздейді. Ал мәселелерді түп тамырымен жою үшін әлі де кешенді жұмыс жоспары қажет сыңайлы.
Қорыта келгенде, отбасының шырқын бұзып, баланың психологиясына орны толмас зардап әкелетін отбасылық зорлық-зомбылық фактісі жыл өткен сайын азайып келе жатса да, қылмыстың деңгейі әлі де ауыр. Қарапайым жанжалдың арты өлімге ұласқан оқиғалар оқтын-оқтын шығып та жатыр. Бұл – қоғам болып күресетін түйткілді мәселе. Жазадан қорықпайтын жандар барда мәселе шешіледі деудің өзі қате секілді. Жыл сайын түрлі акциялар ұйымдастырылып жатса да, нәтиже көңілге қонымды емес. Қылмысты жасырып, төрт қабырға ішінде төмпештеліп жата беретін жағдайлар әлі бар, әлі де көп. Мұны салғырттыққа балаймыз ба, сауат қажет пе тағы белгісіз. Әлеуметтік мәселелер де құқық бұзушылыққа дем беріп тұрған тәрізді. Қоғамдық түсінік пен стереотип өзгермейінше, жағдайдың оңалар түрі байқалмайды…

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.