Маңызды

Биыл елімізде қазақ боксының құрылғанына 85 жыл және Созақ ауданына 90 жыл. Осыған орай бокстан әлем чемпионы, Азия ойындарының 2 дүркін күміс жүлдегері, еліміздің еңбек сіңірген спорт шебері Біржан Жақыпұлының жүлдесіне арналған республикалық ашық турнир ұйымдастырылды. Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткен жарыстың ашылу салтанатына Біржан Жақып, әкесі Жақып, кәсіпкер Әбдімажит Сыздықов, ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов қатысты. Біржан Жақып атындағы республикалық жарыстың мақсаты – талантты спортшылардың көзін ашып, спорт дүлдүлдерін жарыққа шығару.


Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімі аппаратының басшысы Қалдыбек Оразов құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ, Біржан Жақыптың жеке бапкері Мырзағали Айтжанов «Осы турнир арқылы келешекте Созақ ауданынан Біржанның ізбасарлары шығарына мен сенімдімін. Көп чемпиондарымыз осындай ауылды жерден шығады. Сол себепті турнирді өте дұрыс ұйымдастырған. Келешекте еліміздің, қазақ боксының дамуына өз үлесін қосады деген ойдамын», — деген жүрекжарды лебізін білдірді.
Жалпы жарысқа еліміздің өзге облыстарымен қатар, Түркістан облысына қарасты аудан қалалардан және Өзбекстан Республикасынан 200-ге тарта балғын боксшылар қатысты. Алғаш рет туын көтерген республикалық жарыста үздік спортшылар мен жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Командалық есепте бас жүлдені Созақ ауданы, екінші орынды Сайрам ауданы, үшінші орынды Өзбекстан Республикасы иеленді. Өз кезегінде әлем чемпионы Біржан Жақып жастарды аянбай еңбек етіп, тәртіпті болып, алға қойған мақсатқа талпыну керектігін жеткізді.
Шаршы алаңның шаңын шығарып, талай байрақты бәсекеде ел намысын абыроймен қорғаған Біржан Жақып Созақ ауданы, Жартытөбе ауылында туып өскен. 14 жасынан боксты серік еткен. 10 жылдан астам уақыт Ұлттық құрамада нөмірі бірінші боксшы болып ел намысын абыроймен қорғады. Былғары қолғапты киіп жүріп Әлем чемпионы, Азия ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері, Халықаралық жарыстардың жеңімпазы болды. Үш бірдей Олипиадаға қатысты. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері атанды.

Нар Болат,
Созақ ауданы.

Алматы қаласында, Жазушылар Одағының Әдебиетшілер үйінде классик жазушы Тәкен Әлімқұловтың 100 жылдық мерейтойына арналған кеш өтті. Жиынға жазушының көзін көрген қаламгерлер, шығармашылығын құрметтейтін көпшілік, Созақ ауданынан бір топ делегация қатысты. Сондай-ақ, кешке жазушының жары Есімкүл Болысбайқызы мен артында қалған ұрпақтары қатысты. Әдебиетшілер үйінің фойесінде «Тәкеннің асыл мұрасы» атты Созақ ауданындағы Тәкен Әлімқұлов атындағы лицей интернаттың ұстаздарымен оқушыларының қолымен жасалған көрме ұйымдастырылды. 

SAMSUNG CSC

Кешті филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Жақып жүргізді.
Жазушының артында қалдырған құнды еңбектері туралы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Абай институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Жанғара Дәдебаев баяндама жасап, қаламгер еңбегіне кеңінен тоқталды. Тәкен Әлімқұловтың кешіне туып өскен жері Созақ ауданынан арнайы келген аудан әкімі Салыхан Сабырұлы Полатов құттықтау сөз сөйлеп, Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың атынан арнайы құттықтауын жеткізіп, сый-сияпат табыс етті. Шолаққорғандағы Тәкен Әлімқұлов атындағы лицей-интернаттың директоры Тұрғанбаев Берік Мыңжанұлы сөз сөйлеп, жазушы атындағы мектепте атқарылып жатқан іс-шаралар жөнінде баяндама жасады. Созақ ауданының мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашса, күйші Саян Ақмолда Тәкен шығармаларында арқау еткен Сүгір күйлерін орындады. Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрының актері Ұлан Болатбек жазушының Махамбет Өтемісұлының өмірінің ақтық сәтін бейнелеген «Қараой» әңгімесінен үзінді оқыды.
Жазушы жайында артынан ерген үзеңгілес інілері, ақын-жазушылар Сейфолла Оспанов, Аян Нысаналин, Рафаэль Ниязбек, Аманхан Әлім, Өтеш Қырғызбаев сахнада естеліктерімен бөлісіп, Тәкен еңбектерінің ерекшеліктеріне тоқталды. Жазушының жары Есімкүл Болысбайқызы Тәкен Әлімқұловтың еңбектерін насихаттауға атсалысып жүрген ақын-жазушылар, әдебиетшілер мен қонақтарға баспадан жарық көрген кітаптарын сыйға тартып, алғыс айтты.
Тәкен Әлімқұлов бітім-болмысы бөлек жазушы болатын. Ол қазақ әдебиетінде шоқтығы биік туындыларды дүниеге әкелді. Талай талантты дүниеге әкелген қасиетті теріскей өңірінде Тәкен Әлімқұловтың есім сойы сонысыменде қадірлі, құрметті. Ол «Ақбозат», «Қараой», «Көкқаршыға», «Телқоңыр» прозалық шығармаларын жазды. Сөз өнерін қадірлеген жазушы, қазақтың көркем тілін әдемі қолданды. Аударма саласында да көп еңбек етті. Жас кезінде поэзия жанрында қалам тербеді. Жалпы, алпыстың үстінде әңгіме, жеті хикаят, екі роман, үш өлеңдер жинағын жазды.
Әзіреті Қаратау, әулиелі Созақта туып өскен Тәкен Әлімқұлов жастайынан қазақы ортада сөздің мәйегін, қазақ тілінің қадір-қасиетін түсініп өсті. «Сөз жасай білмеген адам мүсәпір» деп өзі айтқандай, шығармаларында сөз жасау шеберлігін байқатып, тіл тазалығына ерекше мән берді.
Оның шығармашылығына арқау болған ең үлкен тақырыбы – өнер еді. Қай туындысын алсаңыз да, оның ішінде әйтеуір бір өнер адамы көрініс табатын. Ол кісінің әдебиетке келердегі өзіндік ерекшелігін күйді терең түсіне білуінде деуге болады. Өнерді терең түсінуі оны басқаларға ұқсамайтындай үлкен жазушы етіп қалыптастырды. Ол кісінің «Егер Сүгір болмағанда мен жазушы болмас едім» деген сөзі бар.
Қаламын серік еткен Тәкен Әлімқұлов күй мен күйшіні прозада теңдессіз суреткерлікпен айшықтап, қазақ әдебиетінің алтын қорына өлмейтін, өшпейтін туындылар қоса білді.
Жалпы, жазушылық Жаратушының таңдаулы адамдарға беретін ерекше қасиеті. Ол тәңір берген талантпен қатар тынбай ізденуді, үлкен еңбекті қажет етеді. Осындай сирек қасиеттердің бәрі Тәкен Әлімқұловтың бойынан молынан табылатын.
Туған елі, арда ұлын ардақтап, аудан орталығы – Шолаққорғандағы лицей интернатына Тәкен Әлімқұлов есімін берді. Еңселі ескерткішін орнатты. Бірнеше жылдан бері, Созақ ауданында «Тәкен оқулары» аудандық байқауы өткізіліп келеді. Жазушының 100 жылдық мерейтойына орай облыстың аудан, қалаларында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.
Мұның бәрі, Теріскейдің талантты ұлы Тәкен Әлімқұловтың шығармашылығын ел есінде қалдыру мақсатында өткізіліп келеді.

Нар Болат,
Созақ ауданы.

Үйде – әке, жұмыста –
басшы, мәслихатта –
депутатпын

– Нұрғазы Бақтыбайұлы, Сіз ұзақ жылдан бері депутат болып келесіз. Халық қалаулысы ретінде қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, кез келген мәселеге мәнді мәслихат, шұғылалы пікір білдіріп, тың ойларды ортаға тастайсыз. Шындықты шыңғыртып айтатын қасиетіңіз бар. Ешкімнің алдында бұқпантайламайсыз. Дегенмен, Сіздің депутаттықтан бөлек, негізгі қызметіңіз арагідік белгілі бір деңгейде шындықты айтуыңызға кедергі келтірмейді ме? Себебі, Шымкент зообағы мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны мекемесі ғой.


– Ә-дегеннен ақ ойыңыздың астарын түсіндім. Әр нәрсенің өз орны, жөн-жосығы болатыны сынды әр жұмыстың өзіндік тәртібі мен ережесі бар. Ең бастысы, соларды орындау кезінде өзіңе тиісті міндеттерді дұрыс саралай білген абзал. Мәселен менің жанұям жұмысыма араласпайды. Ал жұмыс орнымда жанұямның жағдайын күйттеп жүрмеймін. Оған жол бермеймін. Егер бұл принцип орындалмаса шала бүлінетінім анық. Сондықтан да өзіме артылған міндеттерді өз деңгейінде орындауға барымды саламын. Бұл бағыттағы ұстанымымды әбден екшелеп алған жанмын. Яғни, зообақ басшысы ретінде қалалық әкімдік тарапынан берілген тапсырмалардың үдесінен шығамын. Ал депутат ретінде сол әкімдік тарапынан атқарылған жұмыстарды сүзгіден өткізіп, белгілі бір мәселелер бойынша көкейде туындаған ойларға депутаттық сауал жолдаймын. Зообақ басшысы қызметі мен мәслихат депутаты ретіндегі міндетімді қоса-қабат атқаруым азаматтық ұстанымыма ешқандай кері әсерін туғызып жатқан жоқ. Ал ұстанымым мынадай. Үйде – әке, жұмыста – басшы, мәслихатта – депутатпын.

– Ал депутаттық сауалдарыңыздың мазмұны, сипаттамасы қалай өрбиді?
– Біз сауалдарды өз деңгейінде қоюымыз қажет. Депутатпыз деп аспандағы айды әпер деуіміз нағыз әпербақандық болады. «Бояушы, бояушы дегенге сақалын бояптының» керін киіп, артық кетіп, асыра сөйлеуге бармауымыз керек. Жалпы депутаттық сауалдарымда шаһар тіршілігін қамтамасыз ететін мекемелердің жұмысын пысықтау, жас ұрпақ тәрбиесі, қала мәдениеті сынды мәселелерді алға тұтамын.

Басшының бәріне бірдей жағуы мүмкін емес

– Елбасы қыркүйекте Шымкентке келген сапарында мегаполис басшысы ретінде Ғабидолла Әбдірахымовқа бірнеше тапсырмалар берді. Қала әкімі сол талаптың үдесінен шыға алып жүр ме?
– Егемендік алған жылдардан бастап Шымкентті оннан астам әкім басқарды. Олардың ішінде тек екі әкім ғана қала басшысы қызметіне екі рет тағайындалды. Оның бірі Анарбек Орман болса, екіншісі Ғабидолла Әбдірахымов. Ғабидолла Рахметоллаұлына Елбасының мегополис болған Шымкентті тізгіндеуді тапсыруының өзі көп жәйттен хабар береді. Бұл мемлекет басшысының Ғ. Әбдірахымовтың іскерлік қырын жоғары бағалағандығының белгісі.

– Әкімнің сол іскерлігін анық көрсететін қадамдарын нақты айтып бере аласыз ба?

– Ауыз толтырып айтар тірлігі Елбасыныың 5 әлеуметтік бастамасы аясында қолға алынған «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспанаға қол жеткізгісі келгендерге баспана құнының бастапқы 20% жарнасының жартысына әкімдік тарапынан қайтарымды негізде субсидия берілуін жолға қойып, үлкен жеңілдік жасап, «7-10-25» етіп жібергені болды. Бұл Қазақстан бойынша алғаш рет біздің Шымкентте қолға алынды. Бұл кез келген басшының қолынан келе бермейді. Әлі талай тың тірліктердің бастамашысы боларына шүбәм жоқ. Бірақ ол кісіге «мегаполис басшысы ретінде не тындырдыңыз?» деп алқымнан алу әлі ерте. Шымкент облыстан бөлініп шыққанына жарты жылдың көлемі де болмады. Облыстан еншімізді алып, бюджетімізді нақтылап, кадрларды тағайындап, қонысымызды реттеп етек-жеңімізді жинап енді болдық. Бұл оңай-оспақ шаруа емес. Мұның барлығы сарбаздың төрт қаруын сайлап алғаны сынды маңызды іс. Қазіргі әкім Ғабидолла Әбдірахымовтың мегаполис ретінде Шымкенттің беделін биіктете түсетініне нық сенімдімін. Ол тек қалада емес Қазақстанның біраз өңіріне әкім ретінде танымал болды. Бұл халықтың шынайы көңілінен шыққандығының нышаны ғой. Алдағы уақытта ол түйіп-түйіп айтар елеулі тірліктер атқаратынына сенімім мол.
– Ол кісінің тірлігі түгел-тұтас халықтың көңілінен шығады деп есептейсіз бе?
– Басшының барлық адамға жағуы тарихта болмаған. Және ол мүмкін емес. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын қаламызда «Сәуле», «Ынтымақ», «Бозарық» аудандары ірге көтергені белгілі. Бірақ әлі күнге дейін ондағы жолдарға түгелдей асфальт төселмеген, жарық сапасыз, су тартылмаған, көгілдір отын келмеген. Қылышын сүйреп қыс келгенде бұл кемшіліктер жергілікті жұрт үшін «жығылғанға жұдырық» болады. Сөйтіп, олар бар мұңын әкімдікке айтады. Әкім әп-сәтте шешіп тастайтын ағыл-тегіл бюджеттің үстінде отырған жоқ. Барлығы тиісті кезеңмен, нақты жоба-жоспармен игеріледі. Оның байыбына барып жатқан бұқара жоқ. Көпшілігі әкімді «не қарап отыр?» деп тілдейді. Мұндай келеңсіздік орын алмас еді. Егер, осыдан он жыл алдын сол кездегі әкімдер жер телімдерін шүлен таратқандай етіп жекеменшікке бермегенде. «Бірдің кесірі мыңға» дегендей, сол кездегі әкімдердің «жеті рет өлшеп, бір рет кеспеуінің» кесірінен қазір қарапайым халық қиналып отыр. Инфрақұрылымның игілігін өз деңгейінде көре алмау былай тұрсын, мектеп пен ауруханаға қол жеткізе алмай жатыр. Себебі ондай әлеуметтік нысандарға арнайы қаралған жер қалмаған. Немкеттіліктің салдарынан осылай сан соғып отырмыз. Жолдың бойы, қызыл сызықта тұрған учаскелер сатылып тынған. Бұл туралы талай шу да болды ғой. Осылайша бұрынғы әкімдердің қателіктері, қазіргі басшының бас ауыртар проблемасына айналып отыр.

– Сіз былтыр 2007 жылы Шымкенттен көлік паркін салу үшін Алматыдағы «Жетісу» сауда орталығы» ЖШС-не 55 млн.нан астам теңге аударылғаны, бірақ нақты жұмыс атқарылмағаны, енді сол есіл ақшалардың қайда кеткені туралы мәселені көтерген едіңіз. Соның аяғы не болды?
– Иә, осы мәселе бойынша сауал жолдадым. Содан кейін тиісті мекемеден Оңтүстік Кореядан алдыртқан құрылыс материалдарының қайда кеткені жөнінде маған жауап келді. Онда ол материалдар жойылып, қоқысқа тасталғаны айтылған. Және олар тиісті құжаттармен дәлелденген. Ал ақшаның қайтарылғаны, қайтарылмағаны жөнінде нақты хабарым жоқ. Оны құзырлы орган анықтау керек деп ойлаймын. Оқалы погон таққан прокурор болмағандықтан, олардың барлығын қазбалап, тінтіп жүрмедім. Оған адам әрнәрсеге килікпей, өз орнын білуі керек деген жоғарыда айтып өткен принципіме сүйенуім себеп болды.

– Осыдан біршама уақыт бұрын Сіз зообақ аумағында кейбір телімдер жекеменшікке беріліп кеткендігін, оны мемлекетке қайтару жөнінде ұсыныс айттыңыз? Мемлекет меншігіндегі кейбір жер бөліктерінің жекеменшікке берілуін қалай түсінуге болады?
– 2007 жылы зообақ территориясының аумағындағы жер телімдеріне 7-8 мемлекеттік акті шыққан. Бұл заңсыздықтан осы күнге дейін хабарсыз жүрдік. Тек біз жуырда алдағы уақытта атқарылатын жобаларды қолға алу үшін зообақтың мемлекеттік актісін электронды базаға өткізбек болдық. Себебі, жобалаушылар жобаны электронды
негізде түсіреді ғой. Сол кезде кадастр мамандары «мына жерде зообақ жері жоқ» деді. Төбемнен жай түскендей болды. Міне сол кезден бастап барлығы анықталды. Бұрынғы әкімдер мемлекеттің ен байлығын өз еншісіндегі мүліктей мұртын байлағандарға бөліп-бөліп бергені. Бұл ұрлық емей не? Осы іс бойынша қадағалаушы орган сотқа шағым түсірген. Бірақ соттың олардың бұл шағымын қанағаттандырусыз қалдырғаны, езуге күлкі үйіреді. Дегенмен де прокуратура апелляциялық шағым түсіретіндіктерін айтты. Бұл дұрыс. Өйткені нақ осы жағдай қолды бір сілтейтін шаруа емес.

– Сізге дейін зообаққа басшы болған азамат бір кездері бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін жинап «Нұрғазы тек осы күнге дейін жұмыс істеп келген қызметкерлерге қырын қарап, туғандарын тартып жатыр» деп біраз жұрттың назарын өзіне аударған еді. Бұл дақпырт па әлде шын дерек пе?
– Иә, бұл мәселе бойынша талай рет тексерулер болды. Соған сәйкес құзырлы орган өкілдері ол кісінің айтқан сөздерінің барлығы бос әңгіме екенін сары майдан қыл суырғандай етіп делелдеп берді.

– «Өзгенің басындағы түймені көріп, өзінің басындағы түйені көрмегендік» деп осыны айтыңыз. Мұндай қаңқу сөздерді тарата беру заңға томпақ емес пе?
– Енді Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексі бойынша ар-намысымды таптағаны үшін, жала жапқаны үшін деген шағыммен сотқа талап-арыз түсіруіме болатын еді. Бірақ оған жұмыстың сабылысымен жүріп, уақыт таппадым.

Ол балалар
темір жолы емес,
апатты жол болып тұр

– Нұрғазы Бақтыбайұлы, қазіргі таңда жұрттың талқысына жиі ұшырап жүрген тақырып – Шымкенттегі балалар темір жолының қыл үстіндегі тағдыры десек асыра сілтеу емес сияқты. Таяуда қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов осы мәселені көптің талқысына саламыз, содан соң барып тиісті шешім шығарамыз дегенді алға тартты. Бұл баянды шешім болады деп ойлайсыз ба?
– Бұл нысан іске қосылғанда Шымкенттегі тұрғындардың саны 300 мыңға жететін. Ал қазір миллионнан асып барады. Бұрындары оның аумағында бос жер көп болатын. Сонда балалар шойын жолмен жүйіткіп бара жатқан шағын ғана жүрдек пойызда отырып егін алқаптарында шөп орып жатқандарды немесе белін бүгіп жерді баптап жатқандарды көріп, өзгеше бір сезімге бөленетін. Құдды бір басқа қалаға саяхаттағандай күйге кенелетін. Пойыз жүрген кезде Шымкенттің көздерінен алыстап бара жатқанын көріп, бейнебір үлкен сапарға аттанғандай мәз-мейрам болатын. Кең даланың самалына шомылып, керемет күй кешетін. Ал қазір ондай екі жақ бос дала емес. Балалар пойызға мінсе ештеңе көрмейді. Тек жеке үйлерді ғана көріп қайтады. Ол бір ерекше көңіл-күй сыйлайтын дүние емес? Көретін, тамашалайтын, таңдай қағатын дәнеңе жоқ. Бұл шындық. Абаттандырылмаған, тар көшенің бойымен өткеннен балалар ешқандай тәрбие алмайды. Яғни, балалар темір жолы бүгінгінің талабына жауап бермейді. Рас, бұрын ол балалар темір жолы деген атқа толық сай келетін. Қазір темір жол емес, апатты жолға айналған. Тозығы жетіп, күйі кеткен. Ертеңгі күні оны қайта қалпына келтірсек миллиардтаған қаржы кетеді. Бірақ ол өзін-өзі ақтайды деп ойламаймын. Оның орнына өзге нысан салған әлдеқайда тиімдірек. Дегенмен де балалар темір жолына қатысты түпкілікті тұжырым қоғамдық кеңестің талқысынан кейін белгілі болатынын баса айтқым келеді..

– Балалар темір жолының орнына веложол салған дұрыс деген пікірге қосыласыз ба?
– Жуырда қалада марафон өтті. Сонда түске дейін жол жабылды. Сол кезде біраз көшелерде көлік кептелісі орын алды. Егер балалар темір жолының орнына веложол салсақ, сондай іс-шараларды жүйелі түрде өткізіп тұруға әбден болады. Бұл өзгелерге жар салып айтатын үлгі. Елбасы өзінің «Қазақстандықтардың әл ауқатының өсуі: тұрмыс пен табыс сапасын арттыру» атты Жолдауында заманға лайық саябақтар, демалыс орындарын салу қажеттігін айтты. Мемлекет басшысының сол талабына сай әрекет етуге осы нысан сұранып тұр емес пе? Біз жаңаға құштар болуымыз қажет.

– Ойыңыз көкейге қонады екен. Бірақ көптеген азаматтар оның бұзылуына қарсы болып жатыр. Сіз оларға не айтасыз?
– Ол кісілер өз ойын фейсбук әлеуметтік желісі арқылы білдіруде. Көрдім. Оқыдым. Бір мұғалім әкімге ақыл айтып жатыр. Бір редактор оны қайта қалпына келтіру керек дейді. Енді бірі А. Асқаровтың әруағынан қорықпайсыздар ма деп көлгірсиді. А. Асқаровтың бастамасымен салынған тек бұл нысан ғана емес. Зообақ, дендробақ нақ сол кісінің ұсынысымен ашылған кезінде. Әкім анық ол кісінің рухына құрмет танытпаса, оларға жаңғырту жұмыстарын жүргізбес еді. Осыны ескермейтіндеріне қарным ашады. Ол кісілер анық қоғамға жаны ашып, қаланың болашағы үшін қатты алаңдайтын болса, неге кезінде сол балалар темір жолының бойындағы жерлер жекеменшікке беріліп жатқанда бас көтермеді? Қайда қарады сол кезде? Ол жерге ат ізін салмады да ғой. Ал қазір қолындағы телефоны арқылы фейсбукта ақылшы болып шыға келді. Солардың түпкі мақсаты өздерін жарнамалауға көп ұқсайды. Егер сол балалар темір жолын қайта қалпына келтірсең, олар одан да шикілік табады. Ешқандай тірлік ондайлардың көңілін тап баспайды. Өйткені оларға «тырнақ астынан кір іздеу» сүйексіңді әдетке айналған.

– Сіз балалар темір жолының орнына веложол салып, марафон өткізетін нысанға айналдыру керек деген шешімге тоқтайсыз ғой…
– Солай істеген дұрыс сияқты. Ал балалар темір жолын он екіде бір нұсақасын қалдырмай көзден құрту қажет деуден аулақпын. Бірақ оның паравозын, вагондарын өзге де жабдықтарын алып, теміржолдың түтіні түзу шыққан кездегі жылнамасынан сыр шертететін, талайлардың балалық шағының белгісі қалған нысан ретінде арнайы мұражай ашуға болады.

– Мәслихат корпусындағы әріптестеріңіз осы ойыңызға қосылады ма?
– Барлығының атынан сөйлей алмаймын. Қолдап жатқандары бар. Өзгелерді де осы ойыма қосылуға шақырамын. Өйткені ол қалада бұқаралық спорттың дамуына кең тыныс береді деп сенемін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан:
Т. ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ.