Маңызды

БИЫЛ МЕКТЕПТЕРДЕ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ САҒАТ ӨТКІЗІЛЕДІ

Елімізде азаматтардың қоршаған ортаны қорғауы көңіл көншітпейді. Өскелең ұрпақтың арасында да, жастары жер ортадан асқан азаматтардың ішінде де жер, ауа, су сынды экологиялық аспектілерге жанашырлық таныту әрекеті өз деңгейінде емес. Оның үстіне елімізде экологиялық мәселелерді шешу тетіктері дамымаған. Мәселен, жыл сайын еліміздегі полигондарға 5 млн. тонна қоқыс төгіледі. Бірақ олардың тек 15 пайызы ғана өңделеді. Ал ауылды жерлерде стихиялық қоқыс нүктелерінің саны қаншама.

Өткен айда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында осы мәселелерді алға тарта келе, «Бір рет тексеріс жүргізіп, айыппұл салу және экологиялық шараларды өткізу, мәселені толық шешпейді. Бұл орайда экология министрлігі жүйелі түрде жұмыс істеуі керек» деген болатын. Сонымен қатар Президент тығырықтан шығар тағы бір жол ретінде мектептерге экология пәнін енгізу туралы тапсырма берген.
Еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айналасы екі айдың ішінде Президенттің бұл тапсырмасын орындау мүмкін еместігін, оған тыңғылықты дайындық пен жүйелі жұмыс қажеттігін айтты. Бірақ ол биыл жаңа оқу жылынан бастап мектеп оқушыларына экология сағаты өткізілетінін жеткізді. Министр педагогтар мен білім және ғылым саласы қызметкерлерінің республикалық Тамыз кеңесінде «Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев балаларға экологиялық білім беру және тәрбиелеу бойынша тапсырма жүктеді. Қазіргі уақытта сарапшылармен бірлесіп, экологиялық білім беру және тәрбие бойынша толыққанды тұжырымдама дайындаймыз. Салалық министрлікпен бірлесіп (Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі), сарапшылармен бірнеше кездесу өткізіп, талқыладық. Осы жылдан бастап бірыңғай бағдарлама бойынша экологияға қатысты сынып сағаттары басталады және мектеп бағдарламасына экологиялық білім беру мәселесі ықпалдастырылатын болады»,-деді.
Экология сағаты барысында мектеп оқушыларын табиғатты сүюге, қоршаған ортаға қамқор болуға баулитын дәрістер айтылады. Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған мұндай сағаттар 1-сынып оқушыларынан бастап, 11-сыныпты бітіретін түлектерге де өткізіледі. Ведомства басшысы Асхат Аймағамбетов экологиялық сағаттардың тиімділігін арттыру мақсатында экология мәселесіне қатысты олимпиадалар ұйымдастырып, балаларды туристік серуендерге шығарып тұру қарастырылуда екенін мәлімдеді.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі экологиялық білім беру бойынша сынып сағаттарының бағдарламасын әзірлеп қойған. Қазіргі таңда педагогтар мен сарапшылар барлық сыныптарға арналған бағдарламаларды пысықтау үстінде екен.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру