«СПЕЦАВТОТРАНСПОРТ БАНКРОТ БОЛДЫ» ДЕП ӨСЕК ТАРАТЫП ЖҮР…

керексіз текетірестен Абай ауданының көшелері қоқысқа қордаланып қалды

Шымкент қаласы, Абай ауданының көшелері қоқысқа қордаланып қалды. Екі жетіден бері аудандағы қоқыстар дер кезінде тазаланбауда. Ал жеке үйлер орналасқан көшелерде  тұрмыстық қалдықтар салынған қапшықтардың төбе болып үйіліп тұрғанына үшінші апта кетіп бара жатыр.

Есесіне тұрғындар қарап отырмай бұл тұрғыдағы шағымдарын  әкімдікке әлеуметтік желі арқылы  жеткізіп,  мәселелерінің тез шешімін табуын билік мінберіндегі азаматтардан талап етуде. Және  оның бірқатары орындалып та жатыр. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде екі алпауыт компанияның  атап айтқанда, «Спецавтотранспорт» пен «ЛТД Тұрмыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қоқыс тазалау қызметі үшін талас-тартысқа түсіп жатқаны туралы әңгімелер де айтылуда.

Өткен аптада Абай ауданындағы бірқатар елді мекендерде  шаһар тіршілігінің осы бағыттағы жұмыстарына жұмылдырылған контролерлері үйді-үйді аралап, ендігі жерде қоқыс шығару қызметі  «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-не жүктелгенін айтып,  тиісті келісім-шартты қолдарына ұстата кеткен.

Абай ауданы бойынша бұл қызметті бүгінге дейін «Спецавтотранспорт» ЖШС орындап келген.  Өз кезегінде біз бұл өзгерістің негізгі себебін анықтау үшін «Спецавтотранспорт» ЖШС-нің директоры Сапаркүл Қуандықоваға хабарласқан едік.

– Сапаркүл Қаниқызы Абай ауданы аумағындағы қоқысты шығару қызметінің Сіздерден өтіп, өзге компанияға жүктелуінің себебі не? Бұл өз қалауыңызбен қабылданған шешім бе?

Бұл өз ықтиярыммен қабылданған шешім. Неге? Соңғы айларда бізде жұмыс күші жетіспеді. Салдарынан бекітілген кестеден қалып отырдық. Яғни, белгілі бір аудандар бойынша сәрсенбі күні шығарылатын қатты тұрмыстық қалдықтарды, бір-екі күн кешігіп, бейсенбіде, жұмада әкеттік.  Бұлай жалғаса берсек, халықтың сенімін жоғалтып алатынымыз анық қой. Сөйтіп осы жағдайымызды баяндап 18-шілдеде Абай ауданы әкімдігіне  хат жолдадым.  Ондағы мақсат әкімдік өз тарапынан халықты сабырға шақырады және қосымша жұмыс күшінің тартылуына жәрдем береді деген үміт еді. Қазіргі таңда жұмыспен қамту орталықтарында қаншама адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Оларға мемлекет есебінен жәрдемақы бере бермей, бізге жолдаса болатын еді. Бірақ әкімдіктен ешқандай қолдау болмады.  Сосын екі апта өткеннен соң, яғни, 3-тамызда Абай ауданы әкімдігіне жұмыс күшінің жетіспеушілігінен «Спецавтотранспорт» Абай ауданында қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметінен бас тартатыны туралы хат жолдадым. 

– Екі компания қоқыс шығару қызметін бөлісе алмай қырық пышақ болып жүр деген сөз қаншалықты рас?

– Енді тыңдаңыз. Біз 3-тамыздан бастап Абай ауданында қызмет көрсетуді тоқтатқанмен, заңға сәйкес компаниямыз ағымдағы жылдың 3-қыркүйегіне дейін жұмыс істеуін жалғастыра беруі қажет еді. Себебі, Абай ауданында қызмет көрсетуге кірісу үшін «ЛТД Тұрмыс» компаниясы төрт сайманын сайлап, қажетті құжаттарын реттеуі қажет қой.  Оның үстіне олардың жұмысқа кірісуіне карт-бланш ретінде уақыт беру  адамгершілік тұрғысынан да аса маңызды іс. Соған орай, 12-тамызда біздің жұмысшылар Абай ауданындағы учаскелерден қоқыстарды шығармақ болады.  Сол кезде «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-нің адамдары жұмысшыларымның  жолын бөгеп, қоқыстарды шығаруға мұрсат бермеген. Олар қоқысты жинап жүрсе мейлі ғой. Жәй ғана менің жұмысшыларымды күзетіп жүр.  Жәй жүрмей  тұрғындарға «Спецавтотранспорт» банкрот болды деп өсек айтқан. Олардың бұл әрекетінің қаншалықты дұрыс не бұрыстығын өздерінің ар-ұятына қалдырдым. Банкрот болмадық. Техникамыз да жеткілікті. Жұмыс күшінің жетіспеушілігінен жұмыс ауқымын азайттық.  Оның үстіне Абай ауданы әкімдігінің де шаш ал десе бас алатын  мамандары да «ол учаске Сіздің  территорияңыз емес. Жұмысшыларыңызды жинап алыңыз» деп дүрсе қойды. Содан соң жұмысшыларымның барлығын жинап алдым. Менің бар мақсатым осындай өзгеріс кезінде халық әбіржіп, күл-қоқысы үйіліп, қолқасын қаппасын деген игі тілек еді. Егер «ЛТД Тұрмыс» мекемесі бізге «Енді жұмысшыларыңызды жібермеңіз, біз жұмысқа кірістік» деп айтса, мен титтей де болса қарсылық танытпас едім… Енді осындай керексіз текетірестің кесірі мыңдаған халыққа қолайсыздық тудырып отыр. Қайта осындай кезде аудан әкімдігі жұмысты үйлестіріп, халық шағымданбайтын жолды іздеу керек еді. Қазір мына кеңседегі телефонға дамыл жоқ. Күні бойы тұрғындар қоқыстың неге шығарылмай жатқаны туралы шағымын айтып шырылдауда.

– Абай ауданы бойынша кейбір тұрғындар қатты тұрмыстық қалдықтар шығару қызметі үшін тиісті ақыны айма-ай емес, жыл аяғына дейін төлеп қойған. Енді ол тұрғындар  төлемдердің есебін мекемеден қалай өндіріп  алады?

– Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметі үшін ай сайынғы төлемді бір немесе бірнеше айға алдын ала төлеп қойған тұрғындардың ақшасы міндетті түрде қайтарылады. Тек төлемақыны айғақтайтын түбіртектері болса болғаны. Түбіртекті біздің кеңсемізге келіп көрсетсе болады. Немесе ватсаппен суретке түсіріп жіберсе де болады.  Шынымен де артығымен толеп қойса, абоненттердің  каспи голд карточкаларына тіркелген телефон нөмірі арқылы тиісті теңгелерін аударып береміз.  Бұл туралы мәселемен тұрғындар біздің мекемедегі  44-26-43 телефон нөміріне қоңырау шалуына болады.

P.S. Енді осы салада 30 жылға жуық уақыт жұмыс істеп келе жатқан «Спецавтотранспорт» мекемесінің міндетіне Шымкенттегі Еңбекші ауданындағы қоқыстарды шығару қызметі қалып отыр. Сонымен қатар серіктестік  Әл-Фараби, Қаратау аудандарының белгілі бір шағын аудандарындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды да шығарады. Жалпы саны  100607 абонентке жұмыс жасайды.

Бүгінге дейін «Спецавтотранспорт» ЖШС Абай ауданы бойынша 164 мыңнан астам абонентке қызмет көрсетіп келген. Енді осыншама халыққа қызмет жасау «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-не жүктеліп отыр. Бірақ «ЛТД-Тұрмыс» мекемесі ә-дегеннен халықтың сеніміне селкеу салуда. Себебі, дәл  қазіргі таңда  Абай ауданындағы азаматтардың көпшілігі қоқыс алаңшаларынан, көшелерінен тұрмыстық қалдықтардың шығарылмай жатқаны туралы шағымдарын қарша боратуда. Бірі әкімдікке айтса, енді бірі желіге жүктеуде. Келесі бір топ iKomek-ке хабарласып, зор көмек күтіп отыр. Біз «ЛТД-Тұрмыс»  ЖШС-не хабарласқан едік.  Жауап беретін жан адам табу қиынға соқты.  «ЛТД Тұрмыс» басшысымен хабарласу тіпті мүмкін болмады. Тек аталған мекеменің диспетчерімен тілдесе алдық.  Өзін Ұлданай Ақдала деп таныстырған   ол «Абай ауданында қоқыстарды тазалау  жұмыстары қашан бір жолға қойылады?» деген сұрағымызға «Қазіргі таңда графикке ілініп қалдық. График бойынша жұмыс істейміз. Мысалы, бүгінге дейін «Спецавтотранспорт» мекемесі  бекіткен кесте бар. Соған сәйкес «Тельман» бөлімшесіндегі белгілі бір көшелердегі қоқыстарды тазалау жұмыстары  дүйсенбіге түседі. Қалғаны сейсенбі шығарылады. Дәл осы сияқты жеті күнген белгіленген учаскелер бар» деп қысқа қайырды.

«Сонда жұма, сенбі күніне түсетін көшелердегі қалдықтар тағы 4-5 күн төбе болып тұра береді ме?» дегенімізде «Иә, біз дүйсенбі, сейсенбі күнгі кестені бұзып, жұма күні тазаланатын көшелерге түсе алмаймыз» деді.

 «ЛТД-Тұрмыс» компаниясы жұмысын бірізге түсіремін дегенше, біраз жұрттың жүйкесі жұқаратын сияқты.

Салтанат ИБРАГИМОВА.

(Материалдағы сурет фейсбук әлеуметтік желісінен алынды).