ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК САЛАСЫНДА КӨҢІЛДІ КҮПТІ ЕТЕР МӘСЕЛЕ НЕГЕ КӨП?

Шымкентте 78 бағыт бойынша жолаушыларды тасымалдайтын 24 компания жұмыс істейді. Онда барлығы 1047 автобус бар. Бірақ күнделікті жолаушылар тасымалы қызметіне олардың барлығы емес, 847-сі шығарылады. Қалған автобустар резервте болады. Егер белгілі бір бағытта қызмет етіп жүрген автобустардың бірінің сайманы істен шығып, жүруге жарамай тұрған кезде сол резервтегі техникалар жолға шығады.

Жуырда Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталық алаңында өткен баспасөз жиынында қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов «Неге қоғамдық көліктердің барлығы жолаушылар тасымалдап жатқан жоқ?» деп мәселе көтерген журналистер сауалына осылай жауап берді.
Аталған жиында Мақсұт Пернебекұлы автомобиль жолдары мен жолаушылар тасымалы қызметіне қатысты жұмыстардың барысын, алдағы жоспарлары туралы бірнеше мәліметтер келтірді. Соларды қаз қалпында жеткізсек.

Автобустардың жүру бағыты
жүз пайыз сақтала бермейді

Шымкентте бір күнде 847 автобус жолаушыларды тасымалдауы қажет. Өкінішке орай кейбір бағыттарда автобустардың жүруі кестеге сай бола бермейді. Яғни, жүру кестесі 100 пайыз сақталмайды. Қазіргі таңда қалада 24 компания бар болса, соның үшеуінде ғана автобустардың жүру кестесі 80-95 пайызға дейін орындалады. Соның бірі 28 бағытта адамдар таситын «Shymkent Bus» компаниясы. Ал қалғандары бекітілген кестені толық сақтай бермейді. Тіпті бағыттар бойынша жүру кестесінің орындалуы 40 пайызға әзер жететін компаниялар бар. Әрине ережені елемеген компанияларға шаралар қолданылады. Неге санаулы компаниялар ғана кестені толық сақтап, қалғандары жұмысты ала-құла орындайды? Себебі, әлгі үш тасымалдаушы компанияға мемлекет есебінен субсидия төленеді. Егер олар бағыттар бойынша жүру кестесін бұзып, жүргізушісі тәртіпті сақтамайтын болса, субсидия бойынша берілетін ақша көлемі азая береді. Сондықтан да олар берілетін субсидияның басы бұзылмай, өздеріне толық көлемде жетуі үшін мінсіз еңбек үлгісін көрсетеді. Ал басқа компаниялар субсидия ала алмайды. Жуырда қоғамдық көліктерде жүру үшін электрондық төлем енгізіледі. Электронды төлем жүйесіне көшкенде автобустардың 90 пайыз үлесі жаңарады.

Шыққан жылы үш жылдан аспайтын ол автобустардың барлығы субсидияланатын болады. Сол кезде мұндай проблема мейлінше азая түседі.
Тасымалдаушы компанияларда мемлекеттің үлесін азайту тиімді. Бұл туралы тапсырма да бар. Мен транспорт саласында біраз жылдан бері жұмыс істеп жүрмін. Дәл осы салада мемлекеттік менеджерден гөрі, жекеменшік менеджердің болғаны он есе тиімді. Егер жолаушылар тасымалымен айналысатан компаниялар мемлекетке қарайтын болса, оның басшысы «ең бастысы еңбекақым жүріп жатыр» дейді де, жеке шаруасына, отбасының мәселесіне көп уақытын арнайды. Ал ол жекеменшік болып, техникаларды лизингпен несиеге алған болса, бірінші кезекті үйін емес, сол теникалардың жай-күйін ойлайды. Жүргізушілерден жауапкершілік талап етіп, жұмысын бақылайды. Дегенмен де, мемлекет субсидия беру керек. Бұл халықаралық тәжірибе. Барлық елдерде қоғамдық көліктер субсидияланады. Шетелде де жолаушыларға мінсіз қызмет көрсететін қоғамдық көліктердің өзі субсидияланады. Өзін өзі ақтайтын қоғамдық көлік ешбір елде жоқ. Өйткені ол әлеуметтік мәселе.
Қоғамдық көлік қызметін жақсарту бағытында кешенді жоспарымыз бар. Соның басты бағыты – қоғамдық көліктердің 90 пайызын жаңалау, электрондық төлем жүйесін енгізу, 78 бағытта қатынайтын автобустардың барлығын субсидиялау.
Жуырда қалаға 590 жаңа автобус келеді. Сол автобустардың барлығын жекеменшік компанияларға үлестіреміз. Жаңадан келетін автобустардың барлығы газ отынымен жүреді. Осы ретте тағы бір мәселенің басы қылтиып шыға келеді. Ол автобустарға автогаз құю бекетінің жетпейтіні. Шымкентте бір ғана автобустарға метан құятын бекет бар. Оның өзі күніне 250 автобусқа қызмет көрсетеді. Осыған орай қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы «ҚазТрансГаз» компаниясымен келіссөздер жүргізді. Сол келіссөздің негізінде компания әкімдік бөліп берген жер теліміне қазанның аяғына дейін екінші газ құю бекетін салып беретіні туралы уәде берді. Аталған компания келесі жылы тағы бір газ құю бекетін салатын болады. Осылайша қалада 3 бекет болса, біз жаңадан келетін 590 автобустың барлығына техникалық жағдай жасай алатын боламыз.

Электронды төлем жүйесіне көшуге не кедергі?

Біз 1-қыркүйеккке дейін қоғамдық көліктерге электронды төлем жүйесін енгізуді жоспарлаған едік. Бірақ пандемия салдарынан жоспарымыз межелі уақытында іске аспай отыр. Бұл жобаны 1-қарашаға дейін енгізуе күш салудамыз. Қоғамдық көліктерде электронды төлем жүйесін енгізу бойынша қажетті құрылғылардың барлығы «Қорғас» кеден бекетіне келіп тұр. Бірақ әлі бізге жеткен жоқ. Кедендік рәсімдеу бойынша бірқатар қиындықтар туындап жатыр. Бірақ мына нәрсені айтпай кетуге тағы болмас. Электронды төлем жүйесі енгізілген соң ол бірден толық қуатта жұмыс істеп кетпейді. Оған кемінде бір ай уақыт керек. Себебі, әрбір қала халқының өзінің ерекшеліктері бар. Мысалы, мен Алматы қаласында жұмыс істеп жүргенімде электронды төлем бойынша «Оңай» жүйесін енгізгенде үш ай уақыт бойына кейбір жерлерде интернет сигналының болмай қалуы, кейбір адамдардың құрылғыларды теуіп, сындырып тастайтыны сынды түрлі жағдайлармен бетпе бет келдік. Тіпті карточкадан ақша алынбайды деп оны қысқа толқынды пешке салып қыздыратындар да кездесті. Осындай келеңсіздіктер, күтпеген жағдайлардан біз өтуіміз керек.

P.S. Естеріңізде болса газетіміздің маусым айындағы сандарының бірінде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исаховтың сәуір айындағы «маусымнан бастап Шымкентте қоғамдық көліктер электронды төлем жүйесіне көшеді» деген мәлімдемесі құрғақ сөз болып қалғанын уақыттың өзі көрсетіп тұрғаны сын тезіне алынып жазылған «АЙТАДЫ ДА ҚОЯДЫ… Билік сөзінің салмағы түсіп, қадірі кетіп бара ма?» атты мақала жариялаған болатынбыз. Одан соң ол бұл жүйеге шілде, кейіннен тамыз айында көшу жоспарланып жатқанын айтты. Бірақ бұл жоспар тағы да орындалмады. Бұл жолғы брифингте ол электронды төлем жүйесіне көшуді қыркүйекте іске асырамыз деп отырғанда пандемия жоспарларын күл талқан еткенін айтып ағынан жарылды. Енді қараша айында міндетті түрде жүзеге асады деп шегелеп отыр. Әйтеуір үздік-создыққа созылып жатқан бұл жоба сиырқұйымшақтанып кетпесін деп тілейік.
Айтпақшы, осы жиында Мақсұт Пернебекұлы қазіргі таңда қаладағы веложолдың ұзындығы 10 шақырым болса, жыл аяғына дейін 19,5 шақырымға дейін жететінін, ал келесі жылы 37 шақырым болатынын айтты. Сондай-ақ ол, «халықтың жаппай велосипед айдауын жолға қою үшін танымал немесе атақты адамның велосипедке отыруы жеткіліксіз. Онымен мәселе шешілмейді. Ең бастысы соған жағдай жасау керек»,- деді. Бұл ретте әкім орынбасарының кімді меңзегені айтпаса да түсінікті сияқты.

(Сурет Мақсұт Исаховтың фейсбук парақшасынан алынды.)