Маңызды

Өнерімен өрге жүзген жас талант

Нұр-Сұлтан қаласында Абай күніне байланысты кубик-рубикпен Абай атасының бейнесін сомдаған созақтық жас өрен жайлы қазақстандық телеарналар жарыса жариялап жатты. Бұл туралы әлеуметтік желілерде де шулап кетті. Шындығында да керемет туындының куәсі болдық. Ал сол шедеврді дүниеге әкелген қасиетті теріскей жерінің тумасы, Бөпіштай қарияның немересі Тынысбек деген азамат екенін біреу білсе,біреу білмес.


Тынысбек 1999 жылы Созақ ауданы, Қозмолдақ ауылында дүниеге келіп 7-сыныпқа дейін Ғани Мұратбаев атындағы жалпы орта мектебінде оқыды. Отбасымен Нұр-Сұлтан қаласына қоныс аударып Елордадағы дарынды балаларға арналған №9 мектепті үздік бітіріп шықты. Қазіргі таңда Л.Гумилев атындағы Ұлттық Университетінің 4-ші курс студенті. Мемлекеттік грант иегері.
Мектеп қабырғасында жүрген кезде оның кубик-рубикке деген қызығушылығы ояныпты. Сол кездің өзінде 10 секундта кез-келген қиын түрлерін жинайтындай дәрежеге жеткен екен. Тек жинаумен ғана шектелмей зерттеп, қәзір шаршылармен адам бейнесін салумен айналысып жүрген жайы бар. Оның ең алғаш туындысы өзінің дос қызының бейнесі екен. Одан кейін марқұм, олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың суреті мен өздеріңіз куә болған Абай Құнанбаевтың портреті. Өткен аптада ғана Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне арналған «Қазақстан » телеарнасының «Таңшолпан «бағдарламасына қонақ ретінде барып келді. Аталмыш бағдарламада Шәмші атасының портретін көпшілікке көрсетті. Тынысбек журналистікке баулитын «Болашақ» мектебінің де түлегі. Ауылдағы мектепте оқып жүрген кезде өз сыныбындағы түрлі шараларда жүргізуші болып жүретін. Сол кездің өзінде өнерге деген ықыласы ерекше болатын.
Тынысбектің әпкесі Дәнебаева Ғазиза «Қазспорт» телеарнасында спорт коментаторы болып қызмет атқарады. Теріскей жерінен шыққан тұңғыш коментатор қызымыз десек қателеспейміз.
Осындай өнер киесі дарыған отбасына жақсылықтар тілейміз.

Мақсат Жеңісұлы.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру