КОРОНАВИРУСҚА ҚАРСЫ ЕҢ АЛҒАШҚЫ ЕКПЕ РЕСЕЙДЕ ТІРКЕЛДІ

Өткен аптада Ресей Президенті Владимир Путин ақжолтай жаңалық айтты. Көрші елдің басшысы Ресейде коронавирусқа қарсы әлемдегі бірінші вакцинаның тіркелгенін мәлімдеді. Ол COVID-19 екпесі Мәскеудің Гамалея институтында дайындалғанын айта келе, вакцина толығымен қауіпсіз екенін және оны қыздарының бірі қабылдағанын айтты.
Еліміздің мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 12-тамызда Ресей Президенті Владимир Путинге Сovid-19 коронавирустық инфекциясына қарсы әлемдегі алғашқы вакцинаның тіркелуіне байланысты құттықтау жеделхатын жолдады. Құттықтау жеделхатында «Бұл оқиға Ресей ғылымының жоғары әлеуеті мен беделін нақтылай түсті. Сондай-ақ, Ресейдің осы жаһандық қауіп-қатерге қарсы күрестегі жетекші рөл атқаратынын көрсетті. Әлемде қалыптасқан осынау қиын-қыстау кезеңде Қазақстанға үнемі қолдау көрсетіп, оның ішінде, гуманитарлық көмек беріп және еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуалдың жақсаруына үлкен үлес қосқан дәрігерлер жібергеніңіз үшін Сізге ризашылық білдіреміз», — делінген. Сонымен қатар мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы тамыз айының екінші жартысында үкіметтік делегация Мәскеуге барып, вакцинаны сатып алу мәселесін талқылайтынын ескертті.
Сол күні яғни, 12-тамызда еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов Қазақстан ресейлік екпені әзірге сатып алмайтынын мәлімдеді. Мұны ол екпенің клиникалық зерттеулерден әлі өтпегенімен байланыстыра келе, «Қазіргі уақытта жер жүзінде бір де бір лаборатория халықаралық шарттарға сәйкес келетін вакцинаны әлі ойлап таппады. Ең алдыңғы қатардағы лабораториялар қазіргі уақытта үш клиникалық фазасынан енді өтіп жатыр. Төрт фазасы бар. Соңғы фазадан өткеннен кейін ғана ол вакцина халықаралық сертификациядан өтуге жетеді. Одан кейін ғана оларды елдерге тарату мүмкін»,-деді. Өз кезегінде Бағдат Қожахметов вакцина алу туралы әңгімені қозғау әлі ерте екенін айтты.
Содан бірер күн өткен соң, атап айтқанда 14-тамызда еліміздің бас санитариялық дәрігері Айжан Есмағамбетова денсаулық сақтау министрлігінің басшылығы COVID-19 екпесінің клиникалық сынағына қатыспайтынын хабарлады. Бас санитар екпені сынауға қатысу ерікті түрде жүретінін жеткізді.