Маңызды

САРЫАҒАШТЫҚ ШЕНЕУНІКТІҢ СУДА ЖҮЗГЕН ЖАЙЫНДАЙ ЕРКІН ЖҮРУІНІҢ СЫРЫ НЕДЕ?

Маусым айының басында «С-ИНФОРМ» газетінің редакциясына Түркістан облысы, Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы Бауыржан Майриховтың қолындағы қызметін, отырған орынтағын пайдаланып 1000 АҚШ доллар көлемінде пара алды деген ақпарат келіп түседі. Бұл ақпаратты газет редакторы, қоғам белсендісі, журналист Амангелды Батырбеков ақ-қарасын ажырату үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне хабарлаған.
Бұл туралы ол жуырда өзінің фейсбук парақшасында мәлімдеген.
Өз кезегінде Амангелды Батырбеков содан бері екі ай уақыт өтсе де коррупцияға қарсы қызмет тарапынан оның нәтижесі туралы ақпарат айтылмағанын айта келе, Бауыржан Майриховке мұндай жауапты қызметті тапсыру былай тұрсын, оның маңайына да жолатпау қажеттігін бірнеше негіздерге сүйеніп айтқан.

Тарқатып айтсақ, Бауыржан Майрихов 2017 жылдан бері «С-ИНФОРМ» газетінде негізді деректерге сүйене жазылған бірнеше сыни мақалаларға арқау болған. Газетте жарияланған материалдарға негіз болатын мәліметтер құзырлы орган өкілдерінің назарына іліккен. Бірақ одан Майриховтың мұрты да қисаймаған. Ең сорақысы 2018 жылы Абай ауданында зорланған 7 жасар бала оқиғасынан кейін біраз басшыларға шара көріліп, жұмыстан шығарылғаны, ал оның орнында қалғаны болды. Жұрттың жағасын ұстатқан бұл сорақылық елге енді таралып, іс май шаммен қаралып жатқанда дәл осы Бауыржан Майрихов «Егер 7 жасар баланың зорланғаны расталса, мен өз еркіммен отставкаға кетуге дайынмын» деген. Бірақ оның бұл сөзі құр шөппен ауыз сүрту болғанын төреші уақыт өзі көрсетті.

Былтыр жазда Бауыржан Майриховтың қол астындағы екі бірдей қызметкері парамен ұсталған. Осы жылы көктемде солардың біреуіне қатысты сот үкімі заңды күшіне енген.

Өз кезегінде Амангелды Батырбеков былтыр мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «мемлекеттік орган басшыларының қол астындағы қызметкерлері жемқорлық бойынша кінәлі деп танылса отставкаға кетуі керек» деген пәрменінен Бауыржан Майрихов тарапынан да құзырлы орган өкілдері жағынан да ешқандай әрекеттің болмағанын сын тезіне алады.

Таяуда ғана біз газетімізде Амангелды Батырбековтың Келес ауданында орын алған сыбайлас жемқорлық туралы мақаласында сол ауданның білім бөлімінің басшысы Бахтияр Әбдиевтің жұмысындағы шикілігіне басымызды шайқаған едік. Енді сол ауданмен қойы қоралас болып отырған Сарыағаштың да бас мұғалімі туралы маза кетірер мәлімет алып отырмыз.

Сонда бұл кісілердің суда жүзген жайындай еркін жүруінің сыры неде?

 

Қ. ҚАЛИЕВ.

(Сурет ғаламтордан алынды).

Пікір жоқ

Пікір қалдыру