Маңызды

ҚОРШАҒАН ОРТАҒА ҚАМҚОРЛЫҚ – ҚОҚЫСТЫ ҚОҚЫСҚА ТАСТАУДАН БАСТАЛАДЫ

Ауа қабатының тұнық, орман-тоғайларымыздың нулы, арық-жылғалар арнасының таза болуы аса маңызды. Қоршаған ортаның осы компоненттерін қорғамауды қаперден шығарған қаншама ел оның зардабын тартуда. Мұндай түйінді проблеманың негізіне экологиялық мәдениеттің қалыптаспауы да көп зиянын тигізуде. Бұл тұрғыда біз ешбір елге сырт көздің сырттаны ретінде сын айта алмаймыз. Себебі, еліміздің көп өңірінде адамдардың қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті сақтау жағы ақсап тұр. Бұл мәселе Түркістан облысын айналып өтпейді. Эколог мамандар мен биологтар ауа бассейнінің ластануын болдыратын адами факторларды тоқтатудың бір жолы жұртшылықпен ашық сөйлесу қажеттігін алға тартып келеді. Осы бағытта жуырда Түркістан облысы бойынша Экология департаментінің ұйымдастыруымен Арыс, Қарашық, Қарасу, Ақсу өзендері жағасында рейдтік жұмыстар жүргізілді. Шараның мақсаты – шомылуға жиналған адамдарға табиғат аясында жүріп-тұру ережесін түсіндіру. Себебі, қазіргі таңда су көздерінің тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтармен ластануы күн тәртібіндегі негізгі мәселенің біріне айналып отыр. Өз кезегінде біз өңірдегі өзге де экологиялық мәселелер мен оның шешілу жолдары жөнінде білмек үшін облыстық Экология департаменті басшысының орынбасары Қанат Қалмаханмен тілдескен едік.

 

– Қанат Қалмаханұлы, Сіз жуырда Түркістан облысы аумағында ластаушы заттар төгінділерінің массасы көбейіп бара жатқанын ашық айттыңыз. Мұны Сіз өңірдегі түрлі зауыттар мен бірінші санаттағы өндіріс орындарының құлашын кеңге жайып келе жатқанымен байланыстырдыңыз. Бұл мәселе облыстың қай аудан қалаларында өзекті болып тұр?

– Өкінішке орай атмосфера қабатының ластану проблемасы облыстың барлық аудан, қалаларына тән. Мысалы, облыс орталығын алайық. Жылыту маусымы басталған шақтан бастап қала көк түтінге тұншығады. Неге? Себебі, көпқабатты үйлерді жылытатын мекеме қатты отынды пайдаланады. Салдарынан ауа сапасы нашарлайды. Бұдан бөлек, облыс бойынша бей- берекет жатқан 265 қоқыс нүктесі бар болса, соның 67-сі осы қала аумағында анықталып отыр.

Түркістанның түтінге тұмшалануын жою үшін қаланы газдандыру керек. Жылыту маусымы басталған шақтан қаладағы жекеменшік үйлер, кәсіпкерлік нысандар көмір жағады. Көпқабатты үйлерге жылу тарататын «Жылу» орталығы да қатты отынды пайдаланады. Бұл мәселеге нүкте ұоюл мәселеге нүкте үшін, алдағы уақыттан бастап аталған мекеме жылуды көмір жағу арқылы емес, көгілдір отынмен жеткізетіні айтылып жатыр. Сондай-ақ, қаланы жаппай газдандыру жұмыстары да қарқын алуда.

Ауасы тынық әрі тұнық, қоңыр салқын малға жай Төлеби ауданында қатты тұрмыстық қалдықтардың тасталуынан су көздеріне зиян келіп жатқанын жасыруға болмайды. Ордабасыда өндіріс өркен жайғанмен, ауаға төгілетін ластаушы заттар массасы өсуде.

Жабайы қоқыс алаңы Мақтарал, Жетісай, Сарыағаш, Келес аудандарында да өзекті. Олармен күрес жұмыстары бойынша бізде шағымдардан бөлек, жоспарлы іс-шаралар болады. Соған байланысты жергілікті әкімдікпен, полиция қызметімен бірлесіп жұмыс жасаймыз.

 

– Осы жылы атмосфералық ауаға рұқсат етілген ластаушы төгінділердің массасы былтырмен салыстырғанда бірнеше есеге көп. Мұның себебі неде?

– Биыл рұқсат етілген ластаушы заттардың массасы 19117 тоннаны құрап отыр. Бұл былтырмен салыстырғанда 6117 тоннаға көп. Оның көлемін төмендету бағытында тиісті жобалар жасалуда. Ауаға таралатын ластаушы заттар массасының жыл сайын көбеюі құрылыстың дамуының ұлғаюымен тікелей байланысты. Атап айтқанда, өңірде асфальт бетон зауыттары артты. Тас уату қондырғылары көбейді. Міне осындай өндіріс орындарының өсуінен ауаға бөлінетін зиянды қалдықтар артып отыр.

 

 – Ауа сапасын жақсарту үшін Сіз қоғамдық көліктердің жаппай газға көшірілуін жолға қою қажеттігі туралы айттыңыз. Бұл тұрғыдағы ұсыныс-пікірлеріңіз орындалып жатыр ма?

– Ауа тасталатын зиянды қалдықтардың көп бөлігін өндіріс орындарынан шығарылатын қалдықтар түзіп отырғанын айттық. Екінші себебі ол автокөлік санының күрт өсуі болып отыр. Осыған байланысты бізде «Жол картасы» әзірленуде. Аталған бағдарламаға сәйкес қоғамдық көліктерді кезең кезеңімен газға көшіру жолға қойылады. Оның жүзеге асуы 2020-2022 жылды қамтиды. Бұл жұмыстар облыс орталығы Түркістан қаласынан басталады. Қазіргі таңда қалада жолаушылар тасымалдайтын 300-ге жуық қоғамдық көлік бар.

 

– Жыл басынан бері жер қойнауын заңсыз пайдалану облыстың қай аудан, қалаларында жиі тіркелді. Оларға салынған айыппұл мөлшері қандай?

– Жыл басынан бері жер қойнауын заңсыз пайдалану деректері Келес, Сарыағаш, Қазығұрт, Шардара аудандары және Кентау қаласында жиі кездесіп отыр. Бүгінгі таңда 15 жеке тұлғаға 1 243 750 теңге айыппұл салынған. Жер қойнауын заңсыз пайдаланудың алдын алу, анықтау жұмыстарын жандандыру мақсатында облыстық полиция департаментімен «Жол картасы» бекітілген.

 

– Осы жылдың алты айында экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету бағытында жүргізілген тексеру жұмыстары жөнінде нақты мәліметтерді келтіре кетсеңіз…

– Түркістан облысы бойынша экология департаменті 2020 жылдың бірінші жарты жылдығында 11 бірінші санаттағы ірі және орта кәсіпорындарға профилактикалық бақылау жұмыстарын және 3 кәсіпорынға келіп түскен арыз-шағымға байланысты жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жүргізді. Елімізде болып жатқан жағдаймен және Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 26-желтоқсандағы «Қазақстан Республикасы тексерулерге және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы» Жарлығына байланысты тексеру жұмыстары азайып отыр.

 

– Елімізде қатты тұрмыстық қалдықтардың көп бөлігі қайта өңделмейді. Қоқыс полигондарында қордаланып тұрады. Жалпы қазіргі таңда облыста қанша қоқыс полигоны бар? Және олардың қанша пайызы экологияық және санитарлық талаптарға сай келеді? Бұдан бөлек облыста заңсыз қоқыс жинау нысандары анықталған ба?

– Мемлекет 2030 жылға қарай Қазақстандағы қатты тұрмыстық қалдықтардың өңдеу үлесі 40 пайызға, 2050 жылға қарай 50 пайызға дейін жеткізуді мақсат етіп отыр. Бірақ оған жетудегі қазіргі көрсеткіш көңіл тоғайтпайды. Бүгінде елімізде қатты тұрмыстық қалдықтардың 10-11 пайызы ғана қайта өңделуге кетсе, қалған бөлігі өңделмеуде.

Облыс бойынша 167 қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны бар. Оның ішінде 34 полигон экологиялық талапқа сәйкестендірілген. Яғни, ол полигондарда сұрыптау қондырғылары орнатылған. Ал 116 полигон талапқа сай келмейді. Ол барлық аудандарда болады. Сондай-ақ, 11 полигонның жер телімі аудан әкімдерінің қаулысымен қайтарылса, 4 полигон сот шешімімен тоқтатылған, 2 полигон толуына байланысты қалдықтар қабылдамайды.

Қазіргі таңда облыс көлемінде 265 бей-берекет жатқан қоқыс нүктелері анықталып отыр. Жалпы заңсыз қоқыс нүктелері облыстың барлық аудан, қаласында бар. Бірақ оның ең көбі Түркістан қаласында анықталғанын сөз басында айтып өттім. Жабайы қоқыс алаңы мәселесі Жетісай, Мақтаарал, Сарыағаш, Келес аудандарында өзекті. Осы тамыз айында олардың барлығы жойылуы қажет. Былтыр заңсыз қоқыс нүктелері 180 болатын. Жыл сайын көбейіп жатыр. Бұл халықтың айналаны таза ұстау қағидатына бей-жай қарауынан болып отырған жағдай. Оның үстіне осы мәселеге жауапты жергілікті биліктің де бейғамдығы жағдайды ушықтырып тұр.

Кейде таң қаламын, адамдардың өздерін көтеріп жүрген Жер-Ананың жағдайына жанашырлық танытпайтынын. Көмейі қоқысқа толған арықты көрсе де міз бақпайды. Керісінше оның қасынан өтіп бара жатып, қолындағы құтысын тырс етіп тастай салады. Орманның өртенуіне сіріңкенің бір басы жететінін жақсы білсе де темекісін тартып, тұқылын тастап талтаңдап жүре беретіндер көп. Тұрғындар су жағасына барып демалады. Бірақ өзінен қалған қалдықтарын жиып-теріп әкетуді қаперіне де алмайды. Үлкен проблемалар осындай ұсақ-түйек әрекеттерден басталады. «Тасын ала берсең, тау да таусылады» деген. Қоқыс тастау мәдениеті қалыптаспаса экологиялық мәселенің өзегі ешқашан тарқатылмайды.

РЕДАКЦИЯДАН: Департамент өкілінің өз сөзін осындай көңілсіз нотамен аяқтауының жөні де бар.

Әңгімеміздің әлқиссасында департаменттің ұйымдастыруымен жұрт көп шомылып, демалатын су жағаларында рейд жұмыстары жүргізілуде екенін айтып өттік. Соған сәйкес Қарашық өзені жағасында жүргізілген рейдке бізде қатысқан едік. Әдетте жұрт бұл өзеннің Кентау қаласына қарасты Оранғай ауылдық округі ауылынан ағып өтетін аумағында көп жиналады. Құрамында экология департаментінің маманы Дастан Тойметов, Кентау қаласы полиция бөлімі мен қалалық төтенше жағдай қызметінің мамандары жүрген тексеру шарасында суға шомылып жүрген сан жұртқа жағаға тұрмыстық қалдықтарды қалдырмауды, су көздерін ластамауды, оған қоқыс тастамауды түсіндірді. Ал тәртіп сақшылары болса тұрғындарға Кентау су қоймасынан жіберілетін бұл суда шомылу мүлдем болмайтынын айтты. Бұл ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 364-бабындағы Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу болып табылатынын ескертті. Ескерту алған азаматтар бір жыл ішінде бұл әрекеттерін қайта жасайтын болса айыппұл төлейтіні қаперіне салынды. Және бұл жер шомылу үшін емес, ортақ пайдалануға ағып жатқан су екенін шегеледі.

Заңда жазылып, шегеленгенмен жаз айларында бұл су жағасы шомылуға келген кісіге лық толы болады. Кентау қалалық полиция бөлімі басшысының орынбасары Нұралы Көбеев азаматтарға бұл заңға қайшы екені жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілсе де, нәтиже болмайтынын ашық айтты. Сонда орындалмайтын жетім заң не үшін керек?

Ал Қарашық өзенінің жағасы мен сағасының қоқыстан көз ашпай тұруына (суретте) Кентау қаласы әкімдігі қашанғы көз жұма қарап жүре беретіні бір тақырыпқа жүк боларлық мәселе.

 

С. НҰРАЙ.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру