ТУҒАН ЖЕРГЕ ТАРТУ ЖАСАЛДЫ

Шілде айының соңын ала облыстағы бірқатар ауруханалар тынысы тарылып, жаны қысылған науқастарға аса қажетті оттегі концентраттарымен толықты. Жергілікті жердегі аурханаларға мұндай аппараттарды сол аудан, қалалардың тумалары табыстады.

Өзге аймақтарға көшіп кетсе де, туған жерін ұмытпай, қиын сәтте қамқорлық жасап жатқан азаматтар қатарында «Жігіттер» квартетінің продюсері Ерғали Әбдірайымов бар. Ол кіндігі кесіліп, кірі жуылған Түлкібас ауданына оттегі концентраторының 5 данасын тарту етті. Дәл осыншама құрылғыны өз ауданына «Nur Max» құрылыс компаниясының директоры Лесалы Абзал да табыстады.
Ал «Bi Group» құрылыс компаниясы Төлеби аудандық ауруханасына 3 дана оттегі концентраторын табыс етті. Аудандағы Ленгір қалалық ауруханасына «Бірлік 2020» қайырымдылық қоры 2, «Айдың нұры» компаниясы 1 оттегі концентратор құрылғысын жеткізіп берді. Аталған ауруханаға аудан азаматы Әли Әмірәлиев 5 дана оттегі концентраторын тарту етті. Және де «Шұғыла» қайырымдылық қоры тарапынан аудандық ауруханаға 5 дана оттегі концентраторын сыйға тартты.
Мұндай игіліктен шардаралықтар да қалыс қалмады. Шардаралық бірнеше кәсіпкерлердің бірігіп, демеушілік жасауының арқасында аудандық орталық аурухана 17 оттегі концентраторымен толықты.
Туған жерге тағзым жасау перзенттік парыз екенін қаперден шығармаған Бәйдібектегі Шаян көпсалалы лицей жалпы орта мектебінің 1999 жылғы түлектері аудандағы орталық ауруханаға 13 оттегі концентратын сыйға тартты. Түлектер оттегі балонынан әлдеқайда тиімді және өнімді бұл аппараттарды ауданға «Шұғыла» қоры арқылы жеткізіп берді. Арнайы поштамен келген 13 жасанды тыныс алу аппаратын аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев қабылдап алып, орталық аурухананың бас дәрігерінің уақытша міндетін атқарушы Батыр Айтуаровқа (суретте) табыс етті
Мұндай кәдеден Кентау қалалық орталық ауруханасы да қалыс қалмады. Мырғалымсай жерінің №1 Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің 1969 жылғы түлектерінің ұйымдастыруымен Кентау қалалық орталық ауруханасындағы емдік құралдар 9 оттегі концентраторымен толықты.