Маңызды

ЗАРДАП ШЕККЕН АЛҚАП ҚАЙТА ЖАЙҚАЛДЫ

Мамырда Өзбекстандағы «Сардоба» су қоймасынан асау ағып келген сел Мақтаралдағы бес ауылды су астында қалдырғаны белгілі. Қызыл су салдарынан Мақтаарал және Жетісай аудандарындағы 5,9 мың гектар егістік алқап зардап шеккен болатын.

Су астында қалған егістік алқапта 1031 тауар өндірушінің ерте көктемдегі есіл еңбегі еш кеткен. Сол кезде ауылшаруашылығы саласы мамандарының қатысуымен жасалған есепке сәйкес, апаттан келген жалпы шығын көлемі 1,142 млрд. теңгені құраған. Келтірілген шығын көлемі «Қазақ мақта шаруашылығы ҒЗИ» ЖШС тарапынан ұсынылған технологиялық картасы негізінде 1 га егістің шығыны мен өткен жылы алынған өнімнің 1 кг-на нақтыланған статистикалық бағасы негізінде есептеліп, облыстық ауылшаруашылығы басқармасы тарапынан Үкіметтің қарауына ұсынылған. Сонымен қатар, шығынға ұшыраған тауарөндірушілерге 1,2 млрд.тг. қаржы өтемақы төленген.
Аумақта ветеринариялық қауіпсіздік сақтала отырып, ауыл шаруашылығы аумақтары толығымен залалсыздандырылды. Бұдан бөлек зардап шеккен егістік алқаптарын оңалту жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмысқа Өзбекстан Республикасынан қолдау ретінде 43 ауыл шаруашылығы техникалары мен 243,6 тонна тұқымдық шит жеткізілген. Нәтижесінде Мақтаарал және Жетісай аудандарында 3,4 мың га жер қайта өңделіп, мақта, бақша өнімдері мен жүгері, күріш сынды ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. «Терін төксе жеріне, жер тілеуін береді» деген осы екен ғой.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру