Маңызды

САПАСЫЗ ЖҰМЫС АТҚАРҒАН МЕРДІГЕРЛЕРГЕ БИЛІК НЕГЕ СЕНІМ АРТАДЫ?

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов құрылыс саласына көп көңіл бөліп келеді. Қалаға әкім болып келгеннен бастап осы салаға бел шешіп, білек түріп кірісіп кеткенін бізде қалыспай жарыса жариялап жүрміз. Кезінде осы салаға қатысты жұртқа асыға айтқан жаңалығымыздың бірі «Асар» шағынауданында сыртқы сылағының сапасы сыр беріп, салдарынан көркі қашып тұрған 5 қабатты 30 тұрғын үйдің қасбетінің ретке келтірілетіні болды.

 

Аталған үйлердің құрылысы 2015 жылы басталып, 2017 жылы пайдалануға берілген. 900 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысына кезінде 7 миллиардтан астам қаржы қаралған. Бірақ көп ұзамай сыртқы келбеті сыр берген. Осылайша тұрғындар баспана тауқыметін тартқан қиын күндерін артқа тастап, қуанып жүрген шақта сапасыз жұмыстың салдарынан көңілдері су сепкендей басыла қалады. Сөйтіп, қыруар жұмыс істейміз деп бюджеттің қомақты қаржысын алып талтаң басып жүрген «Корпорация АҚ ордасы» ЖШС мердігер мекемесінің басшысын іздей бастайды. Алайда тұрғындардың оның соңына «шам алып түсіп», шағым айтуынан түк шықпайды. Себебі, нысанның кепілді мерзімі бар болғаны үш жылды қамтыған. Дегенмен де, тұрғындар күн өткен сайын қиқы-жиқы болып бара жатқан үйлерінің сыртына қарап, қалалық әкімдікке қарата шағым жолдаудан шаршамайды. Әйтеуір, Әйтеновтың назарын осы мәселеге аударады.

Оның нәтижесі ақпарат құралдарында «Асар» шағын ауданындағы 30 тұрғын үйдің ірге тасын қалаған «Корпорация АҚ ордасы» құрылыс компаниясы кепілдік мерзімінің өтіп кеткеніне қарамай өз қаражаты есебінен олардың қасбеттерін жөндеу жұмыстарын бастап кетті»,-деп жазылған еді. Тіпті бұл үшін тұрғындар қала әкімі мен мердігер мекемеге алғыс жаудырған-тын. Ол жерде тұрғындардың қала әкімін қайдам, мердігер мекеме басшысы Садулла Қалыбековке алғыс айтуы артық еді. Керісіше мердігер мекеме басшысы жұрт алдына шығып, жұмысшылардың тірлігі «жаны ашымастың қасында басың ауырмасынның» керін кигенге көп ұқсағаны үшін кешірім сұраса ұпайы кеміп қалмайтын еді. Ол басқаратын мекеме жұмысты сапасыз орындағаны үшін көп тұрғынның ашуын тудырғаны жасырын емес. Жұмыс сапасыз атқарылмаса, кепілді мерзім уақыты енді түгесілген шақта тұрғын үйлердің сылағы бірінен соң бірі күпінің битіндей сыпырылып түспес еді ғой.

Айтпақшы сол кезде тілшілер, соның ішінде біздің басылым да «Корпорация АҚ ордасы» қолға алған бұл жұмысты осы жылдың 19-маусым – Қала күні мерекесіне дейін аяқтайтыны туралы тұрғындарға уәде бергенін де түртіп өткен. Алайда бұл мерзімде жұмыс аяқталмаған.

Шымкент қалалық әкімдігінің баспасөз қызметінің 27-шілдедегі «Асар» шағын ауданында 30 көпқабатты үйде сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 18 үйдің құрылысы толық бітіп, 12 үйдің құрылысы бір ай ішінде аяқталады. Көпқабатты үйлердің құрылысына 500 млн. теңгеден астам қаражат жұмсалуда»,-деген мәліметі соның жарқын мысалы.

Сонымен қатар әкімдік таратқан мәліметте «құрылысқа кеткен шығынның барлығын «Корпорация АҚ ордасы» ЖШС көтеріп жатыр» деп, мінсіз жұмыс істей алмайтын мердігер мекеменің мерейі үстем етіліпті.

«Корпорация АҚ ордасы» мердігер мекемесінің жұмысына мін көп екенін әкімдік колмен ұстап, көзбен көріп отыр. Бірақ соған қарамастан оған сенім артуын тияр емес. Мәселен, ағымдағы жылдың сәуір айында қалалық құрылыс басқармасының басшысы Шымкентте құрылыс басқармасы арқылы 104 инвестициялық жобаның құрылысы жүргізіліп жатқанын мәлімдеген болатын. Сонымен қатар ол, аталған жобалардың ішінде 58 жоба 78 тұрғын үйдің құрылысын қамтыса, 20 жоба инженерлік инфрқұрылым жұмыстарын құрайтынын жеткізген. Бұдан бөлек аталған жобалар аясында 13 білім беру нысаны бой көтеріп, 3 нысанда абаттандыру жұмысы қолға алынғанын, 2 мәдениет, 3 спорт нысаны, 1 әкімшілік және 1 өрт сөндіру депосы бойынша да құрылыс қарқын алғанын, ал ауыл шаруашылық бағыты бойынша 3 жоба негізінде құрылыс жұмыстары жүруде екенін хабарлаған.

Одан алдын қала әкімі Мұрат Әйтенов қашықтан өткізілген кезекті мәжілісте жауапты басқарма басшысына аталған жобалар аясында тұрғын үй құрылысының жұмыстарын ширатуды және дер кезінде аяқтауды тапсырған. Соған сәйкес, Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы құрылысқа қандай жұмысшылардың қажеттігі туралы хабарландырулар берілген. Қажетті мамандарды қажет ететін мердігер мекемелердің санатында дәл осы «Корпорация АҚ ордасы» серіктестігі де бар болатын. Сонда аталған мердігер мекемеге әкімдіктің сенім артуының сыры неде?

 

P.S.

Өз кезегінде біз бұл мәселені Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Мамыталиевтің назарына жолдай отырып, аталған мердігер мекеменің «Асарда» атқарған жұмыстарының үш жыл ішінде сыр беруінің себебі неде екенін ашып айтуын сұраймыз. Және аталған мердігер мекемеге қандай нысандардың құрылысы тапсырылғанын тізе кетуін сұранамыз.

 

Қ. ҚАЛИЕВ.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру