«КӨШЕМІЗГЕ ЖОЛ ҚАШАН ТҮСЕДІ, СУ ҚАШАН КЕЛЕДІ?» ДЕГЕН БОЛМАЙДЫ…

 

Рашид Аюпов тұрғындарға не деп уәде берді?

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев аймақтағы барлық аудан, қала әкімдеріне жергілікті тұрғындарға коронавируспен күрес және өзге де сұрақтар бойынша ақпарат беру туралы тапсырма берген.

Соған сәйкес, кешегі аптада тікелей эфир арқылы Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов тұрғындармен байланыс орнатты.

Киелі қала әкімі алдағы уақытта қабылдауға жазылып қойған 149 тұрғынмен «ZOOM» бағдарламасы аясында ретімен қабылдау жүргізетінін жеткізді. Жыл басынан бері қала әкімінің жеке қабылдауында 160-қа жуық азамат болған екен. Қала әкімі наурыз айында жарияланған төтенше жағдай мен карантиндік шараларға байланысты қабылдау кілт тоқтағанын алға тартты.

Сонымен қатар ол карантинге байланысты тұрақты жұмысынан айырылып отырған азаматтарды қаланы дамыту бағытында көгалдандыру, абаттандыру мен құрылыс нысандарындағы жұмыстарға қатысып, қаржы табуға шақырды. Ол үшін азаматтар «Халықты жұмыспен қамту орталығына» баруы қажеттігін айтты.

Қазіргі таңда Түркістан қаласында баспанаға мұқтаж жандардың көпшілігі үй кезегінің жылжымай жатқанына наразылықтарын білдіруде. Мұның себебін Рашид Абатұлы құрылыс алаңында жұмысшылардың аздығымен түсіндірді. Оның айтуынша елімізде төтенше жағдай жарияланған кезде жергілікті жердегі жұмысшылардың дені өз өлкелеріне қарай бет алып, салдарынан жұмыс қарқыны саябырсыған. Бірақ алдағы қыркүйек-қазан айларында мемлекеттік бағдарламалар арқылы 1002 пәтер несиеге берілетін болса, 450 пәтер кезекте тұрған азаматтарға табысталатын болады. Сондай-ақ, Түркістан әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан да 4 үй кезектегі адамдарға беріледі деп күтілуде.

Қала басшысы алдағы уақытта тұрғындардың «Көшемізге жол қашан салынады?», «Су қашан келеді?» деген сұрақтармен әкімдік есігін қағып, шағым айтпауы үшін қандай жұмыстардың атқарылып жатқанын да хабардар етті. Өз кезегінде ол ендігі кезекте азаматтарға инженерлік инфрақұрылымдық жұмыстар толық жүргізілген аумақтардан ғана жер телімі берілетінін айтты.

Рашид Аюповтың жолы салынған, суы тартылған, көгілдір отыны келіп, электр желісі жүргізілген аумақтардан ғана жер телімін беру туралы мәселеге білек түріп кіріскені қуантады. Бірақ оның орындалуы қалай болады? Жарты жолда қалып кетуі де бек мүмкін ғой. Себебі, «әкімдер келеді, әкімдер кетеді…» деген қағида бар. Кез келген әкім бұрынғы басшының бастаған жұмысын лайықты түрде жалғастыра бермейді. Не де болса әліптің артын күтелік.

 

А. САТЫБАЛДЫ.