Маңызды

ҚАЙЫРЫМДЫ ЖАНДАР 12 ОТБАСЫҒА БАСПАНА СЫЙЛАДЫ

 

Шардара ауданында қайырымды жандардың демеушілігімен 12 отбасыға баспана тарту етілді.

 

Игі шара «Қамқорлық» бағдарламасы аясында іске асқан. Аталған бағдарламаның мақсаты жылдар бойы баспана тауқыметін тартып жүрген жандарға қайырымды азаматтардың демеушілік етуімен үй табыстау болып табылады. Сол арқылы баспанаға мұқтаж болып жүрген азаматтардың «өз үйі – өлең төсегі» пайда болды.

Шардара ауданы әкімдігінің мәліметінше, ағымдағы жылы аталған бағдарламамен тұрмысы төмен жанұяларға 9 баспана беру жоспарланған. Алайда жаны жомарт жандар мұқтаж азаматтарға 12 баспана алып берді. Тұрғын үйге қол жеткізгендердің қатарында көпбалалы отбасылар, жалғызбасты аналар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көмекке зәру жанұялар бар.

Солардың қатарында 8 баланың анасы Регина Сүйеуова да бар. Ол жылдар бойы Шымкент қаласында пәтер жалдап тіршілік етіп келгенін айтады. Тұңғышы 13-те болса, кенжесі әлі жасына да толмаған. Өзі бала күтімімен үйде отырады. Ал күйеуінің тұрақты жұмысы жоқ. Әр жұмыстың басын бір шалып, табыс табады. Енді олар баспана тауқыметін тартпайды. «Қамқорлық» бағдарламасының арқасында олар Шардара қаласына қарасты «Өтеғұл» елдімекеніне тұрақтады.

Аудан әкімдігінің өкілдері жыл соңына дейін осы бағдарлама аясында тағы да 3 отбасыға тұрғын үй табыстауға мүмкіндік туып отырғанын айтады. Қазіргі таңда ауданда мемлекет тарапынан 4 қабатты 40 пәтерлі 2 тұрғын үй кешенінің құрылысы салынуда. Оның құрылысы аяқталса жыл соңына дейін тұрғын үй кезегінде тұрған 80 отбасы баспанаға қол жеткізетін болады.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру