Жанат ТӘЖИЕВА, Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы: «БІЗ ҮШІН БАЛАЛАРДЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ БӘРІНЕН ДЕ МАҢЫЗДЫ»

Жанат ТӘЖИЕВА, Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы:

Жанат Арысбекқызы, еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жаңа оқу жылы ауылдарда мектепте, қалалық жерде қашықтан қайта жалғасатынын мәлімдеді. Шымкенттегі 172 мектептің барлығы онлайн оқытуға түгел дайын ба?

– Шымкент қаласындағы 172 мектеп биыл жаңа оқу жылын 226 мыңнан астам оқушымен бастағалы отыр. Төтеннен келген пандемия білім саласындағы жүйеге өзгеше серпін беріп, қашықтан оқыту үрдісін алып келді. Шыны керек, осы жүйе арқылы оқушыларға дәріс беру педагогтарға үлкен сынақты сәт болды. Дегенмен де біз сындарлы сәттен сүрінбедік деп ойлаймын. Бір замандарда бұл күндердің де тарихы жазыла жатар…

Иә, өткен төртінші тоқсанда біз ел тарихында алғаш рет жаппай онлайн оқытуды бастадық. Тыңнан түрен салған бұл жүйе бізге осы бағыттағы тәжірибеміздің толысуына оң әсерін тигізді. Жуырда министр қалалық жерлерде білім беру қашықтан болатыны туралы шешімді жеткізді. Тиісінше, ата-аналар өтініш берсе бастауыш сыныптардағы оқушылар үшін кезекші сыныптар ұйымдастырылатынын да айтты.

Соның негізінде Шымкент қалалық білім басқармасы қандай жұмыстарды қолға алды? Өз кезегінде біз жаңа оқу жылында пандемия жағдайын ескере отырып оқушыларды екі нұсқада оқытуды ұйымдастырып, сол бағытта жұмыс жүргізудеміз. Алғашқы нұсқа, толығымен қашықтан оқу жүйесіне көшу. Соның негізінде мектептердегі қашықтан білім беруді «Bilim Media Group» компаниясының «Onlinemektep.orq» цифрлық білім беру платформасында жүзеге асыру туралы келісім-шарт түзілді. Ғаламтордың әлсіздігі қашықтықтан оқыту кезінде кедергі тудырмас үшін интернетке мұқтаж мұғалімдер мен оқушыларға мемлекет бюджеті есебінен «Қазақтелеком» АҚ арқылы арнайы интернет желісін беретін «Әмбебап-нөмірлер» беріледі.

Сондай-ақ, «Қазақтелеком» АҚ тарапынан топтық конференция трансляциясы Шымкент қаласында арнайы сервер орнату арқылы ұйымдастырылады.

 

– Өткен төртінші тоқсанда ғаламтор сигналының әлсіздігі туралы ата-аналар, мұғалімдер білдірген шағымдардың көпшілігі қаланың қай аудандарынан келіп түсті?

– Облыстан Шымкент территориясына қосылған көптеген елді мекендерде ғаламтор сигналы әлсіз. Интернет былай тұрсын инфрақұрылым мәселесі түбегейі шешілмеген ол елді мекендерде интернеттің әлсіздігінен онлайн оқу оңайға соқпай отырғаны туралы мәселелер көтерілгенін жасырып-жауып қайтеміз?! Әлгінде айтып өткен интернет тарататын «Әмбебап нөмірлер» арқылы біз алдағы уақытта мұндай олқылық орын алмайды деп ойлаймыз. Бұдан бөлек, қала әкімі Мұрат Әйтеновте бірер ай бұрын қаладағы шағын аудандарды жоғары сапалы интернетпен қамтамасыз ету жайын баяндаған цифрландыру бас¬қармасына нақты тапсырма берген болатын. Өз кезегінде қала әкімі төртінші тоқсан кезінде ата-аналардан интернет сапасының нашарлығы туралы көптеген шағым келіп түскенін тілге тиек ете отырып, бұл бағыттағы мәселені реттеу үшін байланыс операторларымен бірлесе, байланыс желісінің сапасы төмен жерлерді анықтап, өлшем жұмыстарын жүргізуді және сапасы нашар қамтылған аймақтарда қосымша базалық стансаларды орнату бойынша бірқатар нақты тапсырмалар жүктеген. Жаңа оқу жылында бұл тапсырмалар өз нәтижесін береді деп білемін.

 

– Биыл бастауыш сыныптар үшін кезекші сыныптар жұмыс істейтіні айтылды. Ондағы оқушылардың саны 10-15 балаға дейін болатыны да ескертілді. Жалпы ата-аналарының көпшілігі балаларының мектепке барғанын қош көрсе, кезекші сыныптардың саны артатыны сөзсіз. Мұндай жүктемінің үдесінен шығуға педагогтар дайын деп ойлайсыз ба?

– Жүктеме көбейіп, жұмыста шикілік болады деп ойламаймын. Кезекші сыныптар көбейгенмен, дәріс уақыты бұрынғыдай болмайды. Біз бұл ретте жартылай қашықтықтан оқыту жүйесіне көшеміз. Соған сәйкес, бірінші, екінші сынып оқушылары жартылай штаттық режимде негізгі пәндерді ғана 2 сағат бойы мектеп қабырғасында оқыса, ал қалған 3-11 сыныптар қашықтан оқытылады. Бірақ төмендегідей тәртіптер тас қып ұсталады. Атап айтқанда, білім ұйымдарына санитарлық талаптарды қатаң сақтау (дезинфекциялық өткелдер орнату, тепловизорлар, санитайзерлер, кварцтау және т.б), мектеп ғимаратының іші-сыртында, асханада, сыныптарда ара қашықтықты сақтау сызбалараның болуы, медициналық кабинеттерді дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету, негізгі пәндер үшін үзіліс кезеңі әр сыныпқа бөлек-бөлек арнайы сабақ кестесін түзу, қоңырау кезіндегі санитарлық талаптарды сақтау үшін кезекшілік кестесін құру, мұғалімдерді дайындау шараларын өткізуді жоспарлау.

 

– Жанат Арысбекқызы, Сіздің бастауыш сыныптағы балаларға білім беруде мол тәжірибесі бар маман екеніңіз белгілі. Енді айтыңызшы, мектепке алғаш баратын оқушыларға (1-сынып) онлайн арқылы әріп танытып, жазу, сызу, санауды үйрету мүмкін бе?

– Оларға қашықтан білім беруді елестетудің өзі қиын. Неге? Себебі, олар ең осал буындағы балалар. Бірінші сынып балалары аса үлкен ыждағатты назарды талап етеді. Жазуды, оқуды білмейтін оларды қашықтықтан оқыту мүмкін емес. Кезекші сыныптарды ұйымдастырудың қажеттілігі міне осында. Балалардың кезекші сыныптарда оқуы ата-ананың жазбаша өтініші бойынша жүзеге асады.

Осы ретте мен 5-сынып оқушылары үшін де мектептерде кезекші сыныптарды ұйымдастыру қажет деп санаймын. Бұл менің маман ретіндегі пікірім. Өйткені олар жоғары класстың алғашқы баспалдағына қадам басып отыр. Өзгеше оқулықтар, жаңа дәрістерді көргенде олар үшін оқу күрделене түскендей болып, қиындық тудыруы мүмкін. Егер ата-аналар өтініш берсе, біз 5-сыныптар үшін кезекші сыныптар ұйымдастыруға әзірміз. Бірақ, дәл қазіргі жағдайда бізге балалардың денсаулығы маңызды. Олардың дені сау, дерттен аман болуы үшін біз кез келген жағдайда білім беруді қамтамасыз ететін боламыз.

 

 – Шымкент мектептерінде барлығы қанша компьютер бар? Биыл қанша компьютер алу жоспарлануда?

– Қазіргі таңда бізге аз қамтылған оқушылар үшін 28845, мұғалімдер үшін 1175 барлығы 29 620 дана компьютер қажет. Ал біздегі компьютер саны 20 201-ді құрап отыр. Оның ішінде, ағымдағы жылғы шілде айында 10 975 дана компьютер сатып алынды. Қажеттілікті қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджет арқылы үнемделген қаржы есебінен 4 800 компьютер сатып алу жоспарлануда. Бұдан бөлек республикалық бюджетке 5 000 компьютер алуға сұраныс берілуде.

Нәтижесінде, 1-қыркүйекке дейін қалада жалпы компьютер саны 30 001-ге жетіп қажеттілік толық қамтамасыз етіледі.

 

– Биыл мектеп формасын кию талап етілмейтіні айтылды. Енді осы бағытта әу баста қалалық бюджет есебінен 42 368 баланы мектеп формасымен қамтамасыз ету үшін бөлінген қаржы қайда жұмсалады?

– Иә, жуырда ведомства басшысы мектеп формасы талап етілмейтінін ресми түрде мәлімдеді. Мұндай шешім коронавирустың таралуын барынша шектеу мақсатында ел тұрғындарының екі айға жуық уақыт бойына төтенше жағдай режимінде отыруы, одан кейінгі карантин шараларына орай табыстарының азаюымен байланысты қабылданып отыр. Таразының тілі қай жағына қарай ауатыны белгісіз болып тұрған мынадай эпидемиологиялық кезеңде форма мәселесін айтудың өзі артық сияқты. Сондықтан да министрдің бұл шешімі ата-аналар үшін жағымды жаңалық болды деп есептеймін.

Сонымен қатар жаңа оқу жылы қарсаңында қаламызда көпбалалы, аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі мүшелері бар және АӘК алатын отбасының балаларына 30 мың теңге бірреттік көмек берілетін болады. Бұл көмектен жетім немесе жартылай жетім балалар да шет қалмайды. Оқуға қажетті құралдар алуға берілетін бұл қаржыларды біз тамыз айының 15-25 аралығында толық табыстайтын боламыз. Көмекке ілігу үшін аталған категорияға жататын отбасылар тиісті құжаттарын білім беру ұйымдарына өткізу қажет. Сіз айтып отырған мектеп формасымен қамтамасыз етуге бюджеттен бағытталатын қаржылар енді дәл осы бірреттік көмек беруге жұмсалады.

 

Сұхбаттасқан: С. НҰРАЙ.