ҚАЛЫПТЫ ӨМІРГЕ ҚАЙТА ОРАЛАТЫН КҮН ТУАДЫ

Өткен аптада Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев аймақтағы коронавирустың ағымдағы жағдайы мен онымен күрес бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндау үшін онлайн-брифинг өткізді. Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен жиында аймақ басшысы не деді?

 

Өкпенің қабынуы өршіп тұр…

 

Аймақ басшысы ә-дегеннен сандарды сөйлетті. Ағымдағы жылдың 9-шілдесіндегі жағдай бойынша Түркістан облысында коронавирус жұқтырғандар саны 2079 адамға жетіп, 795 адам емделіп шықты. Ауру жұқтырғандардың көп тіркелуі Түркістан (615), Кентау (400) қалалары мен Сайрам (262) ауданында байқалған. Стационарық бақылауда 1911 адам бар болса, оның 9-ы бала.

Бұдан бөлек облыста 5421 адам пневманияға шалдыққан. Оның ішінде 2933 адам сауығып шыққан. Сол күнгі жағдай бойынша аймақта коронавирустан 11 адам, өкпенің қабынуынан 46 адам қайтыс болса, вирус жұқтырған науқастар өсімі 1,4 пайызды құраған.

Ал кешегі 13-шілдедегі жағдай бойынша облыста КВИ жұқтырғандар 2242, емделіп шыққандар 853, көз жұмғандар 18 адам болған.

Емдеу орындарында төсек-орын тапшылығы жоқ

 

Облыс бойынша коронавирусқа қарсы тиісті шаралар жүйелі түрде қабылдануда. Әлек әкелген аурумен күрес жағдайы тұрақтанып келеді. Жергілікті биліктің күшімен аудан, қалаларда 440 инфекциялық төсек-орын дайындалған. Бүгінде облыста барлығы 1891 провизорлық орын бар. Карантиндік орталықтарда 980 орын бар. Аймақ басшысы бір жетіден бұрын сырқаттанған науқастар үшін емдеу орындарында төсек-орынның жетіспеушілігі болған болса, қазіргі таңда оның 41 пайызы бос екенін мәлімдеді.

 

Дәріге тапшылық болмайды…

 

Жасыратыны жоқ маусым айында коронавирусты жұқтырғандар саны артып, тұмау мен өкпе қабынуына душар болған науқастар күрт өсті. Сөйтіп, дәріханаларда ұзын-сонар кезек пайда болды. Іле дәрілердің тапшылығы сезілді. Сол кезде билік дәріханаларда дәрілердің тапшылығын адамдардың жаппай сатып алуымен байланыстырған еді. Алайда, Президент пәрменінен кейін бұл тапшылық көлеңкелі бизнестің көрігін қыздырғандардың қолдан жасаған әрекеті екені нақты дәлелдермен келтірілді. Өмірзақ Естайұлы бұл туралы деректерге тоқталып кетпесе де, осындай қиын сәтте пайда табуды көздеп, қолында бар дүниесін шарықтаған бағада босатқандар міндетті түрде жазаланатынын айтты.

Брифинг барысында Өмірзақ Естайұлы халықты дәрімен қамту екі бағытта жолға қойылатынын жеткізді. Бұл туралы ол «Стационарлар, емханалар, госпитальдарды дәрімен қамту бюджет есебінен жүргізіледі. Бұл мекемелерде дәріге тапшылық жоқ. Бұл бағыттағы үйлестіру жұмыстарының барлығына тікелей әкімдер жауап береді. Ал дәріханалар жұмысын Денсаулық сақтау министрлігінің Фармация комитеті реттейді. Бүгінде облыста 900-ден астам дәріхана бар. Олардың барлығы жекеменшік. Жекеменшік аптекаларда соңғы екі аптада қиыншылықтар болды. Сондықтан біз Үкіметке, министрлікке шығып, шұғыл арада нақты шаралар қабылдауды ұйғардық. Нәтижесінде облыстық бюджеттен 500 млн. теңге бөлінді. Бұл қаржыға Өзбекстан Республикасынан дәрілер сатып алынады. Одан кейін Түркия мемлекетінен қарқынды ем кезінде қолданылатын күрделі дәрілер келеді. Бұл бағыттағы жұмыстардың барлығы Денсаулық сақтау министрлігінің ықпалымен жүргізіліп отыр. Нәтижесінде облысымызға халыққа қажетті дәрілердің екі айлық қоры түзіледі. Өнімдер барлық емдеу мекемелеріне таратылады»,-деді.

Облыс әкімінің осы мәлімдемесінен кейін екі күннен соң Түркістан қаласына пандемия кезінде науқастарға аса қажетті 136 түрлі 2 тонна дәрі-дәрмек келгені хабарланды. Алматы қаласынан жеткізілген бұл өнімдердің жалпы құны 27 млн. теңге. Облыс әкімінің орынбасары С. Қалқаманов антибиотиктер, антикоагулянттар (қан сұйылтатын) және тыныс алу жолдарына арналған бұл дәрілер облыс орталығындағы дәріханаларға шекті бағамен үлестіріліп, азаматтарға белгіленген бағада сатылымға шығатынын, антибиотиктер тек дәрігерлердің рұқсатымен босатылатынын, және парацетомол, аспирин секілді дәрі-дәрмек бір қолға екі құтыдан сатылатынын жеткізді. Себебі, мұндай шектеу болмаса адамдар көп дәріні алып, «қор» жасап алуы ғажап емес.

Сонымен қатар ол, осы аптада Өзбекстан Республикасы мен Алматы қаласынан тағы да дәрілер жеткізілетінін айтты.

 

Өкпені жасанды желдету аппараты жеткілікті

Қазіргі таңда облыста барлығы 178 өкпені жасанды желдету аппараты (ИВЛ) бар. Бұған тағы кәсіпкерлер есебінен алынған 6 аппаратты қосыңыз. Өмірзақ Естайұлы өкпе қабынуы асқынған кезде адам өміріне араша түсу үшін аса қажетті бұл аппараттың мөлшері жеткілікті екенін нық сеніммен айтты. Қазіргі таңда өңірдегі емдеу орындарында 45 ӨЖЖ аппараты қолданылуда екен.

Сонымен қатар ол, КВИ-мен күрес кезінде медициналық қызметкерлердің тиісті қорғаныш құралдарымен қамтылуы және қауіптілік сипаты бойынша өтемақы алуы бойынша ешқандай шағым жоқ екенін мәлімдеді.

 

Үстемақы төңірігенде шағым жоқ

 

Аймақта бүгінде 17 мыңнан астам дәрігер мен медбикелер күн-түнмен санаспай жұмыс істеуде. Облыс бойынша 132 медицина қызметкері коронавируске шалдыққан. Оның 24-і емделген. Өкінішке орай, 5 дәрігер пневманиядан көз жұмды. Бүгінге дейін індетпен күрес бойынша алдыңғы шепте жүрген медициналық қызметкерлерге қауіптілік санаттары бойынша барлығы 2 млрд. 862 млн. теңгеден астам үстемақы төленген.

Брифинг кезінде Өмірзақ Естайұлы елімізде болып жатқан қиындықтың барлығын еңсеріп, қалыпты өмірге қайта оралатын күн туатынына сенетінін жеткізді.