САПАЛЫ ЖАРЫҚ КӨП ҰЗАМАЙ ЖЕТЕДІ

Естеріңізде болса, осы жылдың ақпан айында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов 2019 жылы атқарылған жұмыстар бойынша халық алдына шығып есеп берген болатын.

Есеп беру жиынында шаһардағы 86 елді мекеннің 46-да сапалы электр жеткізілгенін, ал 35-де таратылып жатқан жарықтың сапасы төмен екені мәлімделген. Бұл көрсеткіш әлі күнге дейін өзгерген жоқ. Жергілікті билік «Бозарық» подстанциясының аяқталып, ел игілігіне тапсырылуы аталған санайғақтардың оң бағытта өзгеруіне сеп беретінін алға тартуда.

Қазіргі таңда Шымкентте құрылысы жүріп жатқан «Бозарық» подстанциясының құрылысы қазан айында аяқталады. Өз кезегінде бұл нысан пайдалануға берілсе 250 мың тұрғын сапалы жарыққа қол жеткізетін болады. Құрылысына 7,9 млрд. теңге бағытталған подстанция пайдалануға тапсырылса, Шымкенттегі «Тұран», «Шымкент сити», «Асар-2», «Бозарық», «Бозарық-1,2,3», «Достық», «Солтүстік саяжай», «Ынтымак-2», «Батыс», «Қайнарбұлақ» шағынаудандарында қит етсе жалп етіп сөне қалатын мардымсыз жарық мәселесі біржола шешілетін болады.

Стратегиялық маңызға ие нысан құрылысына «Аврора Констракшен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жауапты болып табылады. Жалпы аумағы 2,01 га жерде орын тепкен подстанцияда 220 кВ автотрансформатор — 2х160 МВА, 220 кВ-ӘЖ ұзындығы — 29,2 км, 220 кВ КРУЭ – 1 және 110 кВ КРУЭ – 1 жинақтары орнатылады.