Дария ҚОЖАМЖАРОВА, М. Әуезов атындағы ОҚМУ-нің ректоры:

«БАСТЫ МИССИЯМЫЗ – ҚҰЗЫРЕТТІ МАМАНДАР ДАЯРЛАУ»

 

– Дария Пернешқызы, қазіргі таңда елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу өтіп жатқаны белгілі. Білім сайысына түсіп жатқан 130 мыңнан астам түлектің біраз бөлігі М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне таңдайтыны сөзсіз. Себебі, оқу ордасында сапалы маман даярлаудың барлық мүмкіндіктері қамтамасыз етілген. Бүгінде оқу орнының еліміздегі жоғары оқу орындарының жалпы рейтингі бойынша үздіктер сапында, және ұтып алатын гранттар саны жағынан да біраз университеттерден алда келеді. Десе де сөзіміздің басын оқу ордасының басты ерекшеліктерін айтудан бастасақ.

 

– М. Әуезов атындағы ОҚМУ Ұлы Отан соғысы кезінде 1943 жылы құрылған. Тарихы қалың оқу орны содан бері дамудың бірнеше сатысын басынан өткеріп, жоғары білімнің қара шаңырағы ретінде қалыптасқан, классикалық үлгідегі көпбейінді университет. Оқу орны алғашында құрылыс және құрылыс материалдарының технологиясын зерттеу мен оқытудан бастау алған болса, дамуының кейінгі сатыларында химиялық технологиялардың, техникалық ғылымдардың қайнаған ортасына айналып, елімізге сан мыңдаған инженер мамандар дайындады.

Гуманитарлық ғылымдарды да қатар ала жүріп, аймақтың руханиятына да сүбелі үлес қосты. Бүгінгі университетті дәстүрлеріне берік, ғылыми мектептері қалыптасқан, әлемдік білім беру кеңістігінің ХХІ ғасырдағы бар озық үлгісін бойына сіңірген, қарқынды даму үстіндегі білім мен ғылымның биік ордасы деуге болады.

Университетіміздің сан қырлы қызметінің бағыттары бойынша жетістіктерін жіпке тізіп айтсақ біраз уақытты жоғалтып аламыз. Сондықтан оқу орнының қазіргі кездегі отандық жоғары оқу орындарының арасындағы немесе әлемдік деңгейдегі орнына баға беру үшін тәуелсіз агенттіктердің сараптамасы нәтижелеріне жүгінуге болады. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті Ұлттық институционалдық рейтингті жүргізетін Білім сапасын қамтамасыз етудің тәуелсіз агенттігінің (НАОКО) жыл сайынғы сараптамасы бойынша қазақстандық көпбейінді университеттер арасында соңғы жылдарда тұрақты түрде алғашқы үштіктің құрамына енеді, әлемдік университеттердің рейтингісін анықтайтын QS World University Rankings агенттігінің кешенді сараптамасы бойынша оқу орнымыз әлемдік көшбасшы 500 университеттің қатарынын орын алып, биылғы жылы 490-орынды иеленді.

Жыл сайын университетімізге 2000-нан астам мемлекеттік білім беру гранттарының иегерлері оқуға түседі. Бұл көрсеткіш бойынша да оқу орнымыз алдыңғы қатарда жүр. Қазіргі кезде оқып жатқан білім алушылардың 35 пайызын грант иегерлері құрайды. Университет бакалавриат бойынша – 132, магистратура бойынша – 142, докторантура бойынша – 12 білім беру бағдарламаларын дайындап, реестрге тіркеді. Біздің барлық деңгейдегі білім беру бағдарламаларымыз Білім сапасын қамтамасыз етудің тәуелсіз агенттігінен (НАОКО), ал 11 бағдарлама Германиялық АСИИН агенттігінен халықаралық аккредиттеуден өткен.

Университет қабырғасында 21-маусымнан бері Шымкент қаласы мектеп бітірушілері Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтуде. Мұндай ұлттық деңгейдегі іс-шары коронаронавирус пандемиясы кезінде өткізу Білім және ғылым министрлігіне де, университетке де үлкен жауапкершілік жүктейді. Бүгінгі күні тестілеуді барлық санитарлық-эпидемиологиялық, академиялық адалдық талаптарын сақтай отырып өткізу – басты міндетіміз. Өткен күндердің нәтижесі осы міндеттер үдесінен шыға алатынымызды айғақтап берді.

– Елбасының әлеуметтік бес бастамасы бойынша елімізде 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арналған кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салу туралы тапсырма берілген. Бұл бағыттағы жұмысты орындауда Сіздің басқаруыңыздағы оқу орнында қандай жұмыстар қолға алынды? Жалпы оқу орнында жатақхана мәселесі толық шешілген бе?

– Елбасының студент жастардың тұрмыстық жағдайын көтеруге, университеттердің инфрақұрылымын дамытуға бағытталған бұл бастамасы стратегиялық маңызға ие. Біздің оқу орнымызда жалпы саны 2200-ден астам төсек-орынды құрайтын 6 жатақхана бар. Соңғы 2 жылда білім алушылар контингентінің күрт өсуі жатақханаға деген сұранысты арттырғаны рас. Сондықтан Елбасының әлеуметтік бастамасын қызу қолдап, инвесторлар тауып, қазіргі кезде мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде «Шарталь» жеке кәсіпкерімен бірлесіп, 400 орындық жатақхананың құрылысын бастадық. Бүгінгі таңда құрылыс нысанының жертөлесі аяқталып, бірінші қабаттың темір-бетон колонналары бой көтерді. Сонымен қатар жеке кәсіпкер Төреайым Сұлтанова мен Қаржы орталығы және ҚР Білім және ғылым министрлігі арасында 1000 төсек-орындық жатақхананың құрылысына байланысты үш тарапты келісім-шарт жасалды.

 

– Осыдан бірнеше жыл бұрын елімізде жас өскіндердің техникалық мамандыққа деген талпынысы тым төмен деңгейде екені мәселе етіп талай рет көтерілді. Мемлекет талапкерлердің техникалық мамандықтарға таңдау жасауы үшін көптеген мүмкіндіктер жасауды қолға алды. Соның нәтижесі қалай болды деп есептейсіз?

– Мұхтар Әуезов «Адам мен адамды теңестіретін білім» деп айтқан болатын. XXI ғасыр білімділер ғасыры. Қазіргі таңда мемлекетіміз талапкерлерге көптеген мүмкіндіктер қарастырған. Қазіргі жастардың болашақ мамандыққа деген көзқарастары жақсы. Өздерінің армандарын айқындап, қадамдарын нық баса алады. Мемлекет техникалық мамандықтарға грант көптеп бөлуде. Соның нәтижесінде бейіндік пән бойынша физика, математика пәндерін таңдайтын талапкерлердің саны күрт өсті. Ер азаматтармен қатар қыз балалар да техникалық мамандықтарға таңдау жасауда. Соңғы жылдары машина жасау, ақпараттық жүйелер, электр энергетикасы, көлік қызметтері, автоматтандыру және басқару секілді мамандықтарға талапкерлерден сұраныс өскен. Бұл да біздің мемлекетіміздің, Білім және ғылым министрлігінің грантты үлестірудегі дұрыс саясаты деп білеміз.

 

– Қазіргі таңда Сіздің басқаруыңыздағы оқу орнында оқитын студенттердің басым көпшілігі қандай мамандықта білім алуда. Тиісінше жастардың тым аз таңдау жасаған мамандықтары қандай?

– Біз өмір сүріп отырған қазіргі кезең білім мен ғылымның дәуірі. Білімді де білікті, жаңаша ойлайтын, ақпараттық технологияны жетік меңгерген, бәсекеге қабілетті, өз мамандығын толық меңгерген құзіретті мамандар даярлау – біздің университетіміздің басты миссиясы. Сондықтан университетімізде жұмыс атқаратын оқытушыларға да үлкен міндет жүктелген. Қазіргі таңда университетімізде қаржы, экономика, заңтану, ақпараттық технологиялар, мұнай газ ісі секілді мамандықтарға, ал педагогикалық бағыт бойынша шетел тілі мұғалімдерін даярлау, дене шынықтыру және спорт, бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі, математика мұғалімдерін даярлау секілді мамандықтарға студенттердің таңдауы көбірек түседі. Сонымен қатар өнер бағытындағы мамандықтарды қалайтын талапкерлер саны да жоғары. Атап айтатын болсақ, продюсер және театр қойылымының технологиясы, мәдени-тынығу жұмысы, дизайн және т.б. мамандықтарына сұраныс жылдан жылға артып келеді.

Жалпы мамандықтың жаманы жоқ. Бастысы шын ниетімен, өз қалауымен таңдап келсе болғаны. Дегенмен, мемлекет тарапынан грант көп бөлінсе де, талапкерлер таңдауы аз болып, грант игерілмей қалатын мамандықтардың да бар екені жасырын емес. Мысалы, агрономия, мал шаруашылығы, жеңіл тамақ өнеркәсібі, металлургия секілді мамандықтармен қатар, ғылыми бағыттағы физика, информатика, математика мамандықтарына талапкерлердің аз келуі бізді, әрине, қатты алаңдатады. Болашақта бұл мамандықтар бойынша кәсіби бағдар жұмыстарын жандандыратын боламыз.

 

– Қазіргі таңда жастардың білім алуына барлық жағдай жасалған. Осы мүмкіндікті бағалап, оның қадірін түсініп, ізденіп, өзін жетілдіріп жүрген жастар көп. Бірақ бар жағдайды бағаламай жатқандары да бар. Жалпы жастардың білім алуы бойынша Сізді не мәселе толғандырады. Және олардың қандай қасиеттері көңіліңізді тоғайтады?

– Ертеңгі болашақ, бүгінгі жастардың қолында. Аллаға шүкір, қазіргі таңда тек Қазақстанды ғана емес, бүкіл әлемді мойындатып, көк туымызды желбіретіп жүрген білімді жастарымыз көп және олар барлық салада кездеседі. Біздің университетімізде де қазақ халқын спорт, өнер, ғылым саласында әлемге танытып жүрген білім алушыларымыз жетерлік. Ал барды бағаламай, өз мүмкіндігін толық қолдана алмай жүрген жастардың басым көпшілігі мамандығын өзі қалап, таңдап келмегендер деп ойлаймын.

Мен жастардың қазіргі заман талаптарына сай білім алғанын қалаймын. Соған орай түлектеріміздің білікті, бәсекеге қабілетті, өз мамандығы бойынша кәсіби құзіреттіліктерін жетік меңгеруіне ерекше көңіл бөлеміз. Сондай-ақ, олар кітапты көбірек оқып, саналарының ашық болуын, шетел әдебиетін, мәдениетін, өнер білімін, ғылымдағы болып жатқан жаңалықтарды түп нұсқасында оқып қабылдап, халықаралық ғылыми жобаларға көптеп араласып, жаңалықтар ашса екен деп ойлаймын. Оқып, білім алған мамандығы бойынша қызмет жасап, теориялық тұрғыдан алған білімдерін тәжірибеде кәсіби құзіреттілік тұрғыдан шебер қолдана білсе, бұны біздің шәкірт тәрбиелеудегі, педагогтік қызметтегі ең үлкен жеңісімізге бағалаймын.

 

– Университеттегі оқытушылар құрамы туралы не айтасыз? Қазіргі таңда оқу орнында тың дүниені зерттеп, зерделеп жүрген ғалымдарыңыздың елең еткізер еңбектерін де айта кетсеңіз…

– Қазіргі таңда ғылымсыз экономикада да, әлеуметтік салада да табысқа жету мүмкін емес. Оның үстіне коронавирус пандемиясы бүкіл әлемде ғалымдардың рөлі қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Бірнеше жыл қатарынан оқу орнымыз халықаралық және қазақстандық деңгейдегі рейтингтерде үздіктер қатарында келеді. Гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурсы нәтижелері бойынша ТОП-10 көрсеткішінде өтінім берушілер арасында 2-орынды, ал жеңіп алған гранттар саны бойынша 3-орынды иемденді. Бұл нәтижеге университет ғалымдарының қосқан үлесі зор.

Үстіміздегі жылы 775 млн. теңгені құрайтын 41 жоба жүзеге асырылуда. Университет ғалымдары жобаларды орындау барысында Германия, Финляндия, Швеция, Дания, Хорватия, Польша, Малайзия, Нидерланды, Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей, Украина, Беларусь, Өзбекстан ғалымдарымен зерттеу жұмыстарын бірлесе жүргізеді.

Бүгінде Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының агроөнеркәсіптік кешен саласындағы инновациялық жобаларды іріктеу конкурсына университет ғалымдарының 6 жобасы ұсынылды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Қоры жариялаған жас ғалымдардың жұмыстарын қаржыландыру гранттарына 12 жас ғалымның жұмысы тапсырылды.

Қазіргі уақытта ғалымдар Ғылым комитеті жариялаған 12 айлық және 27 айлық гранттық қаржыландыру конкурстарына қатысуда.

Ғылыми жобалардың нәтижелерін коммерцияландыру бойынша көлемі 689 млн. теңгені құрайтын 6 жоба коммерцияландырылды. Мысалы, жүгеріден глюкозалы-фруктозалы шәрбат өндіру мақсатында биотехнологиялық кешен құру, жеміс сүйектерінен белсендендірілген көмір мен сүйек майын өндіру, күрделі конфигурациялы металл бұйымдарын өндіру, топырақты сауықтыратын және құнарлылығын арттыратын экологиялық таза биологиялық тыңайтқыш өндіру, шитті мақтаны тасымалдау үшін 2ПТСХ-10-45 модельді өздігінен аударғыш трактор тіркемелерінің ұсақ сериялы өндірісін ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде.

Ғылым комитеті тарапынан өткізілетін жас ғалымдар арасындағы гранттық конкурстар, ғылыми бағдарламаларды гранттық және бағдарламалық-мақсатты қаржыландыруға арналған конкурстарға қатысу мақсатында бірқатар серпінді ғылыми жобалар мен бағдарламалар әзірленуде.

Ғылыми жұмыстың маңызды формаларының бірі ғылыми журналдарда зерттеу нәтижелерінің жариялануы болып табылады. Халықаралық Scopus базасына енетін журналдардағы 137 мақала, Clarivate Analytics базасында 73 мақала жарық көрді. Жобаларды іске асыру барысында 56 қазақстандық патент, 3 халықаралық патент, 136 авторлық куәлік алынды. Қазақстандық және шетелдік баспаларда 57 монография, 268 оқулық пен оқу құралдары шығарылды. 2019 жылы университет ғалымдары өндіріске 975, оқу процесіне 335 ғылыми әзірлемелерді енгізді.

Жалпы, университетте ғылыми қызметтің нәтижелерін белсенді жариялау үшін барлық жағдай жасалған. Университетте 3 ғылыми журнал «Industrial Technology and Engineering», «ОҚМУ ғылыми еңбектері», «Оңтүстік Қазақстан Ғылыми жаршысы» шығарылады.

Университет Силикон алқабы принципі бойынша жұмыс істеуді бастап, өндірушілерге, кәсіпкерлерге және инвесторларға жаңа идеяларды апробациялауға, инновациялық өнімдердің прототипін алуға ашық мүмкіндік беріп отыр. Осының барлығы инновациялық белсенділікті арттыруға қызмет етіп, халықтың әл-ауқатын жақсартады. Оқу орнымыз өңірдің инновациялық дамуына және елдің зияткерлік әлеуетін қалыптастыруда өз миссиясын орындайды.

 

– Әлемді жайлаған коронавирусқа байланысты көктемде жоғары оқу орындарындағы білім беру жаппай онлайн форматта жүргізілді. Төтеннен келген төтенше жағдайдағы тың жүйені Сіздің басқаруыңыздағы оқу орны қалай жүзеге асырды. Онлайн оқытудың ерекшелігі мен кем тұсы қандай?

– Бүкіл әлемді дүр сілкіндірген коронавирус пандемиясы барлық деңгейдегі білім беру мекемелерін осы қашықтықтан оқыту формасына алып келді. Қашықтықтан білім беру ақпараттық және коммуникациялық технологияларды белсенді пайдалануға бағытталып, бейне-конференциялар, электрондық пошта, интернетті немесе телеконференциялар арқылы екі жақты байланысқа негізделді. Біздің университетте де Webexmeeting, ZOOM и Прометей платформаларында жұмыс жасау тәжірибелері қалыптасып, бүкіл оқу процесі қашықтықтан жүргізілді.

Қашықтықтан оқытудың негізгі артықшылығы ретінде әрбір студенттің өзінің білім-білік деңгейіне қарай білім алу мүмкіндігіне ие болуы және қашықтан оқыту жүйесі арқылы бүкіләлемдік білім қорына қолжетімділігін айтар едім. Студент түсінбеген сұрақтарын бейне-дәрістен немесе қосымша ақпарат құралдарынан қайта қарап, өз білімін толықтыра алады. Осы орайда көптеген әлемдік білім қорлары өз контенттерін ашық қолданысқа шығарып, білім алушыларға үлкен мүмкіндіктер жасады.

Ал, қиындығы – сапалы виртуалды коммуникацияға білім алушылардың барлығының бірдей мүмкіндігінің болмауында және шалғай елді мекендерде интернет желісінің дұрыс немесе мүлдем жұмыс істемеуі. Әрине, мұндай қиындықтарға қарамастан, университетте қашықтықтан оқыту мүмкіндіктерін барынша тиімді пайдаланып, қысқа мерзімде толық контент қалыптастыра алдық. Мұндай қиын да күрделі жұмыстарды жүргізуде оқытушылардың алар орны ерекше болмақ. Ұстазға әрі ауыр, әрі жауапты міндет жүктеледі. Қашықтықтан оқыту форматында жұмыс жасайтын оқытушылар оқытудың жаңа технологияларын, оқытудың компьютерлі және тораптық жүйелерін жетік меңгеріп, олармен еркін жұмыс істей алатын дағдысын қалыптастыруы тиіс. Бұл бағытта оқытушыларымыз да жетік тәжірибе жинақтады деп ойлаймын.

– Қашықтықтан оқыту білім сапасына қаншалықты кері әсерін тигізеді деп ойлайсыз?

– Қашықтықтан оқыту жүйесі бүгінгі білім саласында жоғары рөлге ие. Өйткені бұл жүйе арқылы ұстаздарымыз бен студенттеріміз ғаламдық ақпарат көздеріне қол жеткізуге, ғылыми-педагогикалық біліктілігін жетілдіруге, әлемдік тәжірибелерді меңгеруге зор мүмкіндік алады.

Қашықтықтан оқыту студентке өз бетінше қайталанбайтын көпнұсқалы, көпдеңгейлі дидактикалық шарттар негізінде тапсырмалар беру, білім мен дағдыны объективті бағалау, ерекше ақпараттық материалдарды мультимедиялық формада беру, виртуалды өмірге енгізу т.с.с. жаңа да жан-жақты мүмкіндіктерді ұсынады. Осы мүмкіндікті тиімді пайдалана білген студенттің өз білімі мен құзіреттілігін толық қалыптастыра алатынына сенімдімін.

 

– Қазіргі таңда пандемияға байланысты жаңа оқу жылы да онлайн форматта өтуі мүмкін деген болжамдар айтылуда. Бұл қаншалықты мүмкін деп ойлайсыз? Осы бағытта алға қойған жоспарларыңыз қандай?

 

– ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев кеше ғана «Ана тілі» басылымына берген сұхбатында: «Шынында да, бұл індет біздің ғана емес, жалпы әлемдегі адамзаттың бет-бейнесін, тұрмыс-тіршілігін өзгертті. Ауыр дерттің алдында дамыған мемлекеттердің өздері дәрменсіз болып отыр. Оған бәріміз куәміз. Озық деп жүрген Еуропа елдері, азуын айға білеген АҚШ, Азия алыптары – Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, тағы басқа да елдер тығырыққа тірелгендей»,– деп бүгінгі жағдайды анық сипаттап берді. Сондықтан біз жаңа оқу жылының қандай болатынын ашық айта алмаймыз. Егер қашықтықтан оқыту жүйесі әрі қарай жалғасатын болса, біз оған толық дайынбыз. Барлық пәндердің электронды контенттері толықтырылды және бүгінге дейін жинаған тәжірибеміз де жетерлік.

 

– Өз саласының білгірі ретінде университеттегі ғалымдардан қазіргі таңда қоғамда көп талқыланып жүрген 5G немесе қазіргі эпидемиологиялық жағдай туралы пікірлерін білдіңіз бе? Құпия болмаса осы жағдайға қатысты тұжырымды ойларды көпті қызықтыратын мәселе ретінде сұхбатқа сыйғызып жіберсек…

– Бүгінде баспасөз беттерінде, әлеуметтік желілерде, тіпті күнделікті тұрмыстық қатынастарда 5G желісі коронавирус немесе оның симптомдарын тудырады және COVID-19 вирусы жаңа әлемдік державалардың көшбасшылары басқаратын биологиялық қаруға жатады деген сияқты әртүрлі алып қашпа пікірлер көп таралуда. Бұдан халық шынайы ақпарат пен жалған ақпараттарды ажырата алмай, ел арасында түрлі дүрбелең пайда болуда. Әрине, мұндай алып қашпа әңгімелердің ешқандай негізі жоқ екенін еліміздегі бүгінгі ахуал дәлелдеп отыр. COVID-19 вирусы елімізде күннен-күнге кең таралып, онымен ауырғандар саны жиырма мыңға жуықтап, ал қайтыс болғандар саны жүзден асып кетті. Сондықтан Үкімет ұсынып отырған гигиеналық-санитарлық сақтық шараларын толық орындауға тиіспіз. Сонымен қатар, мен тарихшы ретінде ұлттық тағамдарымызды – қазы-қартаны, жал-жаяны, шұбат пен қымызды, айран-сүтті жиі пайдалануды ұсынамын. Түрлі витаминдерге толы бұл ұлттық асымыз адамдардың иммунитетін көтеріп, сан сырқаттан сақтайды.

 

– Мазмұнды мәлімдемеңізге рахмет. Оқу орны ұлылардың ұясы бола берсін!

 

Сұхбаттасқан:

Салтанат ИБРАГИМОВА.