ҮШ МЕГАПОЛИС ПЕН МАҢҒЫСТАУДЫҢ ЖЫЛУҒА ҚАРЫЗЫ КӨП

Қазақстанда жеке және заңды тұлғалардың өткен жылыту маусымында коммуналдық төлемдер үшін монополист  компаниялар алдындағы дебиторлық қарызы 13 миллиард теңгеге жетті.

Бұл санайғақты еліміздің индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлімдеді.

Коммуналдық қызметтер үшін қарызы ең көп өңірлер тізімінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары  мен Маңғыстау облысы көш бастап тұр. Тиісті қаржыны қайтару үшін әкімдіктер борышкерлермен дебиторлық берешекті өтеу және азайту бойынша жүйелі шаралар жүргізіп жатыр.

Ведомства басшысы осы жылғы жылыту маусымында түзілген 13 млрд. теңге дебиторлық қарыз өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 780 миллион теңгеге көп екенін алға тартты.

Сондай-ақ министр, алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары қызу жүріп жатқанын айтты. Министрдің сөзінше қазіргі таңда халыққа арналған көмірлерді дер кезінде сатып алу жұмыстары пысықталуда екен. Жылу беру маусымына  10 мыңға жуық білім беру, 6 мыңға жуық денсаулық сақтау нысаны мен 47 мың тұрғын үй дайындалу үстінде екенін жеткізді.