Тәртіпті сақтағанның ұпайы кемімейді

Еліміздің қылмыстық-атқару кодексі жазасын өтеушілердің қоғамға бейімделуін, оларға қоғам тарапынан тәрбиелік жұмыстардың көптеп жүргізілуін қамтамасыз ету секілді баптармен толыққаны белгілі. Мәселен, кодекс жобасына сәйкес, жаза тағайындау тетіктері жетілдірілетін болады. Бұл – бас бостандығынан айырудың прогрессивті жүйе бойынша жүзеге асатынын, ал бұл тетіктің енгізілуіне байланысты жазасын өтеушінің құқығы да өзгеретінін көрсетеді. Демек, жазасын өтеушінің тәртібіне байланысты оның құқығы кеңейеді немесе, шектеледі. Жалпы алғанда, жазасын өтеп жатқан азаматтың тәртібінің деңгейін анықтау оған жаза тағайындау мәселесіне жан-жақты және байыппен келуге мүмкіндік туғызатын болады. Яғни, мұндай үдеріс өз кезегінде сол азаматтың өз мінез-құлқы мен тәртібін түзеуіне септігін тигізуі тиіс. Осылайша, жазасын өтеген жандардың қоғамға толық құқылы азамат ретінде бейімделуіне ықпал етеді. Бұл жүйе сотталғандарды ұстауды кезең-кезеңімен ауыстыру мен оларды құқыққа мойын ұсынушылыққа, тәртіпке бағынған жүріс-тұрысқа ынталандырады. Сотталғандармен арасында жүргізілетін тәрбие жұмысының бірден-бір әдістемесі оларды мадақтау арқылы тәртіп бұзбауға шақыру. Жазасын өтеушілердің тәртібі, еңбекқорлығы, оқуға ұқыптылығы, өз еркімен еңбек етуі және қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысулары ескеріледі. Оларды мадақтау үшін алғыс хат беру, сыйлық ұсыну, қысқа мерзімде туған-туыстарымен кездестіру, бір айлық есептік көрсеткіш көлемінде азық-түлік және мереке күндері қажетті құралдарын алуға рұқсат беріледі. Кесілген жаза мерзімі де тәртібіне байланысты қысқарады. Жазасын өтеушілерді марапаттау және жазалау, мерзімді қысқарту мәселелерін қылмыстық-атқару кодексіне сәйкес мекеменің лауазымды тұлғалары қолданады.

 

Б.АСИЛБЕКОВ,

ИЧ-167/2 мекемесінің бастығы әділет подполковнигі.