«FLY ARYSTAN»: АЛЫС ҚАЛАЛАРҒА АРЗАН БАҒАМЕН ЖЕТКІЗЕДІ

«Fly Arystan» лоукост-әуекомпаниясы шымкенттіктерді тағы да қуантып отыр. Ұшу билеттерінің бағасы қолжетімді әуе компаниясы жаңа төрт бағытты жүзеге асыратын болады.

Соған сәйкес 15-шілдеден бастап «Fly Arystan» ұшақтары Шымкенттен Қостанайға аптасына 2 рет, 15-тамыздан бастап Қарағандыға үш рет, Павлодар мен Өскеменге аптасына 2 реттен қатынайтын болады. Бұл бағыттар бойынша билеттер бағасы да тиімді. Мәселен, Қарағандыға бару үшін билеттер бағасы 6999 теңгеден басталса, Қостанай, Павлодар, Өскеменге жеткізетін ұшу билеттері 7999 теңгеден басталады.

Қазіргі таңда «Fly Arystan» лоукост-әуекомпаниясы Шымкенттен бес бағыт бойынша қала тұрғындары мен қонақтарына қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, Атырау, Ақтау (билет бағасы 9999 теңгеден бастап), Ақтөбе (билет бағасы 8999 теңгеден бастап), Алматы (4999 теңгеден бастап) мен Нұр-Сұлтанға (билет бағасы 6999 теңгеден бастап) қарай күнделікті рейстер жасауда.

Қазіргі таңда елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты әуежайларда санитарлық карантин бақылау бөлімінің мамандары жолаушыларды байланыссыз термометр арқылы тексеруден өткізеді. Сондай-ақ, олардың барлығының медициналық қолғап пен маскада болуын бақылайды.