Маңызды

ТҮРКІСТАН: АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫ АЛҒА ЖЫЛЖЫП КЕЛЕДІ

 

Еліміз бойынша ауыл шаруашылығы өнімі көлемінің 12 пайызы Түркістан облысына тиесілі.

Бұл туралы Түркісан облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нүрбек Бадырақов мәлімдеді.

Облыс бойынша биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 825,4 мың гектарға егілді. Күнгейде алқап аумағы жыл сайын артып келеді. Мәселен, Түркістан облысы құрылған 2018 жылдан бері аймақтағы егіс көлемі 12 мың гектарға арта түскен. Басқарма басшысы Нүрбек Бақтыбайұлы осы жылы облыста өндірілген ауыл шаруашылық өнімі 706 млрд теңге көлемінде болады деп жоспарланғанын жеткізуде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 77 млрд теңгеге көп. Өз кезегінде ол «2020 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша өңірдегі ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 140 млрд. теңгені құрап, республикадағы үлесі 15%-ға жетіп екінші орынды иемденді»,- дейді.

Ағымдағы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша облыста 2,2 мың тонна бақша, 245,4 мың тонна көкөніс, 22,3 мың тонна картоп жиналған. Одан бөлек 727,2 мың тонна мал азығы дайындалған.

Жалпы биыл масақты дақылдардан 477,4 мың тонна, дәндік жүгеріден 202,8 мың тонна, мақсарыдан 74,4 мың тонна, мақтадан 334,8 мың тонна, көкөніс, бақша, картоптан 2 млн. 760 мың тонна өнім алу жоспарланған.

Ауыл шаруашылығы саласы бойынша өңірдің өрісті көрсеткіштері жыл сайын артып келеді. Мәселен биыл, облыста тамшылатып суғару әдісі қосымша 1,7 мың гектарға ұлғайып, жалпы көлемі 19,3 мың гектарға жеткен. Ал жылыжайлар 55,02 гектарға салынып, жалпы көлемі 1 168 гектарды құраған. Бүгінгі таңда, жылыжайларда жалпы 88,2 мың тонна өнім өндірілген. Оның 32 мың тоннасы қияр, 55,2 тоннасы қызанақ, 130,7 тоннасы қырыққабат, 656,8 тоннасы бұрыш.

Сонымен қатар биыл Түркістан облысында «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы сәтті жүзеге асып келеді. Бүгінде бұл іске облыстағы 127 ауыл округіндегі 1668 агроқұрылым жұмыла кірісіп отыр. Нәтижесінде 4,3 мың гектар егістік алқаптан екінші өнім алу жұмыстары дайындалуда.

Бұдан бөлек, көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 21 мың тонна жанармай шаруаларға берілген. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, сәуір айынан бастап жанармай бағасы литріне 160 теңгеге бекітіліп, нарықтық бағадан 25 теңгеге арзан босатылған.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру