ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ: «КЕНТАУ ТҮРКІСТАНМЕН ҚАТАР ДАМИДЫ»

 

Апталық мәжіліс отырысында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев осылай деді. Атқарылған жұмыстар жайлы баяндаған Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажанов шаһардың даму жоспарларымен бөлісті.

Кентау қаласы бойынша биыл бірқатар инвестициялық жобалар іске қосылмақ. Атап айтсақ, Кентау қаласы Қотырбұлақ елді-мекенінде салынып жатқан күн сәулесінен қуат алатын электростанция құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. «Hevel Kazahstan» ЖШС жобасының құны 15,9 млрд.теңге мөлшерінде. Сондай-ақ, Кентауда полиэтиленді труба шығару цехы, радиатор істеу цехы және «Темір-бетон бұйымдарын өндіру зауыты» биыл іске қосылады.

«Биыл «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Кентау қаласына қарасты Шаға және Ораңғай ауылдарында 1 мектеп күрделі жөндеуден өтті. 36 жол жөнделіп, жаяу жүргінші жолдары салынды, көшелер жарықтандырылуда. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасымен 1 мектеп күрделі, 35 мектеп ағымдағы жөндеу жұмыстарын аяқтады. Көшелер реттеліп, саябақтар абаттандырылды. 1 көпір және жаяу жүргінші жолдар жөнделуде. Аталған бағдарлама аясында 300-ден астам жұмыс орнын ашу жоспарланған», – деді Кентау қаласының әкімі.

Өмірзақ Естайұлы кезінде өндірісі өркендеген өлке болған 65 жылдық тарихы бар Кентау қаласын Түркістанмен қатар дамытуды мықтап қолға алуды тапсырды. Қала басшысына Кентау қаласына қарасты ауылдық округ халқының әлеуметтік, құрылыс, инфрақұрылымдық мұң-мұқтаждары мен өзекті мәселелерін дер кезінде шешуді жүктеді. Ауылшаруашылығы, кәсіпкерлік және өндірісті дамытып, инновациялық жобаларға басымдық беруді міндеттеді.