МИЛЛИОНДЫ ҚАЛАДА МИЛЛИОН  ШАРШЫ МЕТР ҮЙ САЛЫНУДА

 

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қаладағы тұрғын үйлердің құрылыс барысымен танысты. Әкім назары «Асар-2» шағын ауданындағы 10 тұрғын үйдің және «Тұран» шағын ауданындағы екі көп қабатты тұрғын үй құрылысына түсті. Аталған үйлер «7-20-25» бағдарламасы аясында «Shymkent» ӘКК» АҚ қаржыландыруымен бой көтеруде.

Содан соң, Мұрат Дүйсенбекұлы «Шымкент Сити» мен «Тұран» шағын аудандарында мемлекеттік бюджет есебінен салынып жатқан үйлердің құрылысын көрді.

Шаһар басшысы құрылыс жұмыстарының қандай сапада жүргізіліп жатқанын бақылап, мердігерлерге жұмысты жандандыруды және отандық материалдарды пайдалануды міндеттеді. Сондай-ақ, жауапты сала басшыларына инфрақұрылым мәселесін бекітілген кестеден кешіктірмей реттеуді тапсырды.

Биыл үшінші мегаполисте барлық қаржы көздері есебінен 13 636 пәтерлі 252 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Олардың жалпы ауданы бір миллион шаршы метрден асады. Оның ішінде, 78 тұрғын үй бюджет есебінен, 48 үй «Shymkent» ӘКК» АҚ қаржыландыруымен және 126 үй жеке салушылар арқылы жүргізіліп отыр.

Ағымдағы жылы 136 көпқабатты тұрғын үй немесе 7561 пәтер пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Бұған дейін Шымкенттегі ақпараттық- коммуникациялық орталық алаңында қала әкімінң орынбасары Бауыржан Мамыталиев қаладағы тұрғын үй құрылысының негізгі бөлігі «Шымкент Сити», «Әкімшілік іскерлік орталығы» мен «Тұран» шағынаудандарында жүргізіліп жатқанын мәдімдеген. Ол үшінші мегаполисте тұрғын үй құрылысының негізгі даму аумағы «Тұран» шағын ауданы болып белгіленгенін, алдағы уақытта ол жерде 384 тұрғын үйдің бой көтеруі жоспарланғанын жеткізген болатын.